Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енгізілуі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі бетбұрыс. Жаңа құжаттың қолданысқа енгізілгеніне де жылға жуықтады. 2021 жылдың 1 шілдесінен бері ел өміріне етене енген бұл кодекстің құқықтық алаңдағы алғашқы нәтижелерінің өзі көпшілік көңілінен шығып отыр.
Бұлай болатын жөні де бар. Мәселен, әкімшілік әділет институты енгізілгенге дейін мемлекеттік органдармен дауласқан жеке және заңды тұлғалардың 85 пайызға жуығы сотта жеңіліс табатын. Бұл жағдай азаматтардың өз құқығын қорғауға деген ынтасын азайтып, шарасыздық ахуалында қалдырғаны рас. Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов көрсеткендей Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс тәжірибеге енгізілген алғашқы 5 айда орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың 49 пайызы сотта ұтылған. Басқаша айтсақ, сотқа жүгінген барлық адамдар мен кәсіпкерлердің жартысынан астамы өз талаптарының дұрыстығын дәлелдеп, мемлекеттік органдар актілерінің заңсыз шығарылғанына соттың көзін жеткізе білген.
Кодекс азаматтар құқығын қорғауда әлі де нәтижелі, барынша пайдалы болу үшін құжаттың артықшылықтарын таныстыру, түсіндіру керек. Себебі, азаматтардың барлығы бірдей құқықтық тұрғыдан сауатты емес. Осы мақсатта судьялар қауымы кодекстің негізгі басымдықтарын үнемі насихаттап келеді. Бұл халықтың бұрыннан қалыптасқан жағымсыз пікірлерден арылып, құқықтық қоғамға, сот төрелігіне деген сенімін арттырады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешуге негізделген. Ал енді әкімшілік рәсім қалай тоқтатылады? Бұл мәселе кодекстің 70-бабында егжей-жегжейлі дәйектелген. Яғни, егер әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты шешімі бар болса әкімшілік рәсім тоқтатылады. Сондай-ақ, осы адамға қатысты сол нысана туралы шығарылған заңды күшіне енген сот актісі болуы да рәсімді тоқтатуға негіз. Әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса; не олар арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады. Әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылады. Ең бастысы бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарлануы тиіс. Ал онымен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге шағым берілуі мүмкін.
Әкімшілік істі қараудың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл кодекстің 71-бабында көрсетілген. Соған сай әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды. Әсіресе, әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге ерекше ден қойылған. Оның тәртібі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 72-бабында санамалап көрсетілген. Соған орай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті. Сот төрелігінің тазалығына деген сенім нығая түсуі үшін әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеу тәртібі мен шектерін әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушылардың пікірлерін ескере отырып айқындайды. Кодекстің 72-бабының 5 бөлімін негіз ете отырып әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істің нақты мән-жайларын белгілеу мақсатында өз бастамасы бойынша дәлелдемелерді жинауға құқылы. Кодекстегі негізгі жаңалықтың бірі де осы. Бұл судьяларды жиналған дерек-дәйектер ретімен шектелмей, ақ пен қараны анықтау үшін өз бетінде ізденіп, сараптама жүргізуге итермелейді.
Әкімшілік әділет қарапайым халықты тыңдауға, мүддесін қорғауға бағытталған. Оны осы құжаттың 73-бабынан да аңғаруға болады. 73-баптың 1-бөілігінде көрсетілгендей, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл бап тараптардың теңқұқылығын қалыптастырып, мемлекеттік мекемелердің әрекеті мен әрекетсіздігіне қатысты уәждерін, наразылықтарын ашық көрсетуіне, оны сот алаңында тиімді шешуге көмектеседі.
Гүлім Мұқанова,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы