Ашық Үкімет порталында «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы» құжатының жобасы жарияланды. Құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалып, оларды қалай жариялап отыру керектігі, халықпен жергілікті басшылар қанша уақыт аралығында кездесіп тұруы керектігі, есеп беру жиындарында неше уақыт сөйлеп, не мәселелерді талқыға салу керектігі айтылған. Ашық Үкімет порталында жарияланған жоба 16 ақпанға дейін қоғамдық жария талқыға шығарылған.
Мұндай құжат бұған дейін де болған. Атқарушы билік өкілдері бұған дейін сол нұсқаулықтар негізінде жұмыс істеп келді. Алайда, қаңтардағы жағдай бұндай шоу сипатындағы есеп берулердің заманы өткенін, әкімдердің тек сандарға ғана сүйенетін сала құлаш баяндамаларын оқып кететін кезеңдерінің келмеске кеткенін көрсетті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі айда жарияланған құжатта қандай мәселелер айтылады, оның бұрынғы нұсқаулықтардан айырмасы қандай? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен тұрақты кездесуін ұйымдастыру және өткізу туралы» құжат барлық деңгейлі әкімдер жұмысын жыл бойы халықпен тұрақты көшпелі кездесу өткізу керектігінен басталады.
Қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін арттыруды мақсат ететін құжатта «Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын және нақты мерзімдерін көрсете отырып, өзекті проблемаларды шешудің жолдарын түсіндіру» міндеті жайлы айтады. Және бұл міндетті онлайн платформалар арқылы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ, әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында және әкімдердің жеке аккаунттарында» әкімдер мен әкімдік қызметкерлері атқаруы керектігі нақтыланған.
Бұл құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атқарылуы тиіс іс шаралар мерзімінің белгіленіп, регламенттелуін және нақты нәтижеге жұмыс істеу тапсырылғанын айтуға болады. Талап көпке ортақ. Жергілікті басқару органдары ісінің нәтижелі болуы қоғамдық сенімге ие болудың төте жолы. Бұл ретте жобадағы мынадай талаптардың орындалуы маңызды:
- «Тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-і күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты (проблемалық мәселе, орындалу барысы) ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.
- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде өңірдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып мыналарды көздейтін әкімдердің шығулары мен халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлесін және оны мәслихатпен келісу бойынша бекітсін:
– жарты жылда бір рет облыс әкімдерінің әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің қаланың әр ауданына (шағын ауданына) кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын аудан әкімдерінің әр ауылға, кентке, ауылдық округке, аудандық маңызы бар қалаға кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ әкімдерінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданға (шағын ауданға), ауылға, кентке кемінде бір көшпелі кездесу;
– ай сайын ауылдар, кенттер, қаладағы аудандар әкімдерінің кемінде бір кездесу өткізуін.
Қажет болған жағдайда мәслихатпен келісім бойынша күнтізбені түзетуге жол беріледі:
2) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесулер өткізсін;
3) жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бекітілген күнтізбені Үкіметке ұсынсын: - Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, сарапшылардың, заңгерлердің, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясын тартатын болсын.
- Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар:
республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына);
облыстардың мәслихаттарының депутаттарын нақты аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға;
аудандар мәслихаттарының депутаттарын нақты ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге және аудандық маңызы бар қалаларға;
облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына), сондай-ақ, қаланың құрамына кіретін ауылдарға, кенттерге бекітуді қамтамасыз етсін. - Жарты жылда бір рет тиісті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сессиясында ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімдерін қоспағанда, әкімдердің күнтізбеге сәйкес өткізілген кездесулерінің қорытындылары және халық көтеретін проблемалық мәселелерді шешу үшін іс-шараларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар бойынша есептері тыңдалады» – делінген жобада. Сарапшы мамандар «егер бұл әдеттегі науқандық сипатын жойып, осы нұсқау реті бойынша жүзеге асатын болса әкімдердің жұмысынан нәтижелі іс күтуге болады» – дейді.
Бұдан бөлек, жобада әкімдердің жергілікті оппозиция өкілдерін де тыңдау қажеттігі, олардың да талабын зерделеу керектігі айтылған.
Бұған дейінгі әкімдердің есеп беру жиынының көп бөлігін олардың баяндамалары алатын. Аталмыш жобада осы мәселеге өзгеріс енгізіліп, «әкімнің есеп беру жиынындағы баяндамасы жиын уақытының төрттен бірін» ғана қамту қажеттігі айтылады. Қалған уақыт тұрғындармен тікелей сұрақ жауап форматын қамтуға тиіс. Егер осы ұстаным шын мәнінде жүзеге асатын болса, атқарушы билік ісінде сәл де болса жергілікті халыққа жақындау, халықтық диалогқа бет бұру қолға алынғаны көрінер ме еді?!
Біз осы ретте қоғам белсендісі мен саясаттанушы, депутатқа: «Қаңтар оқиғасынан кейінгі әкімдердің (барлық деңгейлі) есеп беру жиындары қалай өтуге тиіс?» – деген сауалымызды қойған едік.
Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты:
«Барлық салаға түбегейлі модернизация керек»
Әрине, осы кезеңге дейінгі түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі қалай ұйымдастырылатыны баршамызға мәлім. Баяндама. Алдын ала сөйлейтін адамдарды дайындау. Мақтау-мадақ, сықиған цифрлар, халықтың көзі де, көңілі де сенбейтін мәліметтер, ду қол шапалақ. Және бұл тәсілдер, сөз жоқ, бүгінгі күн тәртібіне жауап бере алмайды. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріміз өзгеріске, жаңғыруға қадам бассын десек, барлық салаға түбегейлі модернизация қажет. Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру форматы өзгеру керек. Барлық сала мамандары жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша баяндаманы ел-халықтың алдында оқымастан бұрын аудандық, облыстық ақпарат құралдарында, интернет порталдарда халыққа қолжетімді етіп жариялау керек. Халық әкімнің есепті баяндамасымен толық танысып болған соң, әр сала бойынша (қаржы, ішкі істер қызметі, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім, экономика, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, спорт, мәдениет, т.б.) қоғам өкілдерінен ары да, алақаны да таза азаматтардан (ауыл ақсақалдары, сала-сала бойынша белсенді һәм сауатты азаматтар) фокус топтар құрылу керек деп есептеймін. Бұл топтардың негізгі үйлестіру жауапкершілігі өңірден сайланған мәслихат депутаттарына жүктеліп, баяндама бойынша атқарылған жұмыстар толық сарапталып, сараланып, әкімнің жыл бойы атқарылған қызметіне нақты баға берілгені жөн. Бұл қадам ең әуелі қоғамдық өміріміздің ашықтығын, әкімнің бюрократиялық барьерлерден аулақ болуын, халықпен етене жұмыс істеуін қамтамасыз етер еді. Және тек есеп беретін белгілі бір кезеңде ғана емес, жыл бойы атқаруы тиіс міндеттерді ұдайы назарда ұстауға жол ашады. Сосын өңірлердегі қордаланған мәселелер бойынша әкімдер әр фокус топтың мәжілісіне жеке-жеке қатысып, халықтың талап-тілектеріне байланысты нақты мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шешу жолдарын қоғам өкілдерімен бірге қарастырса сыбайлас жемқорлықтың, таныс-тамырдың, түрлі саладағы ұйыған әлеуметтік тауқыметтердің тамырына балта шабар еді…
Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы:
«Бұл жиын есеп беру үшін өтетін есеп беру»
Менің ойымша, қазір әкімдердің барлығы Президент әкімшілігінен алдағы есеп беру кездерін қалай өткізу керек, соның жаңа бір өңделген инструкциясын күтіп отырған секілді. Бірақ қанша дегенмен бұл жыл сайынғы қайталанатын практика. Есеп беру үшін өтетін есеп беру деуге болады. Яғни, Ақорданың жоғарыдан қойған талаптарын орындау. Шын мәнісінде, бұл халықтың алдында емес, облыс әкімдерінің, қала әкімдерінің Президент әкімшілігі алдында есеп беруі, ал одан төменде тұрған әкімдердің жоғарыда тұрғандарға есеп беруі деп бағалауға болады. Яғни, Қазақстанда әкімдердерді (барлық деңгейдегі әкімдерді) ашық, әділ сайламай олардың ашық есеп беруіне қол жеткізу мүмкін емес. Және қазіргі жасалып жатқан әрекеттердің барлығы өкінішке қарай, уақытты созу, саяси реформаның имитациясы ғана. Енді мүмкін мынау қаңтар оқиғасынан кейін Президент әкімшілігі бұл есеп берулерге жаңалықтар енгізуге тырысатын шығар. Бірақ ол шын мәнінде азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың құқықтарын толық пайдалануға, саяси еркіндіктерін кеңейтуге әсер ете қоймайды. Сол себепті, бүкіл ауылдардан бастап ірі қалаларға дейін әкімдерді тікелей сайлауға көшу керек. Сонда ғана әкімдер өзінің сайлаушылары үшін бірінші кезекте жұмыс істеуге талпынатын болады. Сондықтан бұл есеп беру кештерінен өзім ешқандай бір маңыз көріп тұрған жоқпын.
Бэлла Орынбетова, қоғам белсендісі:
«Қазіргі әкімнен күтетінім – ашықтық»
Әдетте қала әкімінің есеп беруі халықпен коммуникациядан гөрі өз пиары үшін қолданатындай әсер қалыптасады. Әлеуметтік желіде оның есебінен айтқан әр сөзін дабыра қылып коммуникациялық командасы бөлісіп жатады. Дәл Президент жолдауындай. Ал қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беру шындап келгенде тек көрініс үшін.
Әкім есебі кезінде 1308 және жарияланған басқа да телефондарына хабарласып көрдіңіз бе? Әлеуметтік желі арқылы сұрақтар модераторға жіберіледі. Бірақ модератордың сұрақтарды іріктеуі түсініксіз. Мәселен, былтыр ҚазҰУ қалашығындағы жерлердің жеке компанияларға өтіп кетуі, жемқорлық фактілері туралы сұрақтарды бірнеше белсенді көтерді. Алайда, ол сұрақтар модераторларға өтпеді. Есесіне, жекелеген үй ауласындағы мәселелер, КСК аумағында шешілетін сұрақтарға қала әкімі жауап беріп, халықтың проблемасын шешіп жатқан образ жасады. Шын мәнісінде бұл да көрсеткіш. Егер қала әкімшілігі дұрыс жұмыс істесе, жылдық есеп беру кезінде мұндай ұсақ-түйектер емес, келелі мәселелер талқыланар еді. Қала тұрғындарының қарапайым ғана мәселелерді шешудің өзге мүмкіндігі де жоқ сияқты. Алматы қаласының проблемалары Қазақстанның кіші моделіндей. Жылдар бойы проблемалар жинақталып қалған. Экология, жол кептелістері, жыл сайын халық саны өсіп келе жатқан қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың тапшылығы, қаладағы саяси, мәдени жағдайлардың ушығуы. Түптеп келгенде, әкімнің жылдық есебіне қатысу, митингтерге сұрану халықтың шешілмеген мәселелерін айтуға тырысуы, билік өкілдері жиі айтатын диалогқа жасаған қадамы. Алайда не кездесу не митингтерде атқарушы билік тарапынан құлақ салу, диалогқа ұмтылысты байқамаймын. Қазіргі әкімнен күтетінім – ашықтық. Алматының барлық топтарының үніне құлақ салу. Мейлі үндеулер, петициялар, митингілер, кездесулер болсын.
Жадыра Құдайберген