КИІКТІҢ КӨБЕЙГЕНІ КІМГЕ ЗИЯН?

Құзырлы орындардың киіктерді ату жөніндегі шешімі қоғамда қызу талқылануда. Ұсынысты құптаушылар да, қарсы келушілер баршылық. Киіктің киелі аң екенін алға тартушылар бұл шараның табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, зұлматқа алып келер қате қадам екенінін айтып, сақтандыруда.

Алайда, биліктегі бастама көтерушілердің өз уәжі бар. Ондағылардың пайымынша, саны бір жарым миллионға жетіп қалған киіктер жайылымды жалаңаштап, фермерлерге орасан зор зиян келтіруде. Бүгінде осы жағдайдан шеккен зардаптың құны 78 млрд теңгеге пара-пар. Бұл жөнінде өткен аптада елордада өткен «Киік популяциясы санын реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтылды. Жалпы, қазіргі таңда киіктердің таралу кеңістігі Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Моғолия елін қамтиды. Әлемдегі киіктер түрі Қазақстан аумағын мекен етеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес киік – аулауға жататын бағалы аңдардың тізіміне енгізілген. Бүгінде Қазақстандағы киіктердің 801 мыңы Оралда, 489 мыңы Бетпақдалада, 28 мыңы Үстіртте өмір сүруде. Олардың өсу қарқыны өте жоғары болып, орташа есеппен жылына 40 пайызға жетіп отыр. 1999 жылы Қазақстанда сайғақ өнеркәсібіне, одан табыс табатын өзге де кәсіптерге тыйым салынып, ол тек ғылыми мақсатқа ғана пайдаланылатын болды. Бұл шара 6 рет ұзартылды. Қолда бар жем-азық ресурсының киіктердің өсу қарқынына сәйкес келмеуі, ауылшаруашылығы өндірушілерімен текетірестің туындап, экономикаға залалдың келтірілуі, киіктер санының тым көбеюі салдарынан эпизотияның туындау қаупіне орай түз тағысын қолдан азайту қажет болып отыр. Осыған орай жиында сөз алған ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, бүгінде Зоология институтының ұсынысын ескере отырып, киік аулау тетіктерін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылып жатыр. Бұл орайда қоғам алаңдаушылық танытқандай халықты киік санын реттеуге немесе атуға араластыру туралы мәселе көзделіп отырған жоқ. Реттеу шарасы браконьерліктің, бақылаусыз аңшылықтың артып кету тәуекелін болдырмау мақсатында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, Зоология институтының ұсынысына сәйкес, киік аулауға мораторий мерзімін ұзарту да ұсынылды. Отырыс барысында Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев киіктерді аулауға қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігін айтты. Ол да киіктер санын реттеуді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына жүктеу қажет екендігін құптады. Бұл шара ғылыми қорытындыға сәйкес оның биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен жүргізілмек. Осыған орай жиын барысында киік санын реттеу нәтижесінде алынған, табиғи жолмен өлгендерінен жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген мүйіздерді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына оларды міндетті түрде түгендеу және таңбалай отырып жинауға мүмкіндік беру қажеттігі айтылды. Бүгінде құзырлы орын киік санын реттеуді бастағанға дейін оларды бақылауға жататын жабайы аң түрлері тізбесіне қосуды жоспарлап отыр. – Біз киіктердің санын «Охотзоопром» мамандандырылған ұйымының күшімен реттеуді ұсынамыз. Олар – киік дағысы мен миграция жолын білетін жоғары деңгейдегі мамандар. Сонымен қатар, «Охотзоопромның» ғана емес, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциялардың, табиғатты қорғау полициясының да бақылауында болуын ұсынамыз, – деді осы ретте Нұрлан Қылышбаев. Жалпы Қазақстанда киік санын реттеу 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін жүргізілуі мүмкін. Бүгінде Зоология институты 2022 жылға арналған киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін ұсынды. Оған сәйкес биыл Оралдағы киіктің 10 пайызы азайтылуы керек. Ал Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы бетпақдала популиясы үшін 2022 жылы есепке алынған санның 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Қазақстанда көші-қон заңын бұзған 1 200 адам елден шығарылады 

Қазақстанда көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін 

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр – негізгі күдікті Сұлтан Сарсемалиевке тағылған айыптар кеңейтілді.

Солтүстік Корея АҚШ аумағына жететін зымыран әзірлеп жатқанын мәлімдеді – БАҚ 

Солтүстік Кореяның мемлекеттік БАҚ-тары АҚШ аумағындағы нысандарды соққыға алуға қабілетті деп мәлімделген зымырандарға арналған жаңартылған реактивті қозғалтқыштың сынақтан өткенін хабарлады

ҚҚС 16%: Жаңа Салық кодексі кімге қалай әсер етеді? 

Қазақстанда Салық кодексін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде Үкімет жанынан құрылған арнайы жобалық кеңсе аясында мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен сарапшылардан түскен ұсыныстар қаралып, қолданыстағы нормаларды жетілдіруге бағытталған 60-тан астам мәселе талқыланған.

Қазақстандықтар сәуір айында неше күн демалады? 

Биыл сәуір айы «ұзақ демалыссыз» өтеді. Бұл айда ешқандай мемлекеттік мереке болмағандықтан, қазақстандықтар тек сенбі және жексенбі күндері демалады.