Бүгінде цифрлық технологиялардың күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны жасырын емес. Мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, банк операцияларын жасау, білім алу, жұмыс істеу және ақпарат алмасу сияқты көптеген үдеріс ендігі кезекте цифрлық орта арқылы көзді ашып-жұмғанша жүзеге асырылатын болды.
Осыған байланысты ақпараттық қауіпсіздік талаптарын білу жəне кибергигиена қағидаларын сақтау əр азамат үшін аса маңызды қажеттілікке айналды десек артық айтпаспыз. Бұл орайда киберқауіпсіздік мəдениетіне де баса назар аудару күн тəртібіндегі маңызды мəселелердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта шаһардың жоғары оқу орындары, мектептері мен колледждерінде түсіндіру жəне ақпараттандыру бағытындағы іс-шаралар өткізілуде. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сəйкес, қыркүйек айы «Кибермəдениет айы» деп белгіленген. Осы бағытта азаматтардың кибергигиенасы мен ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда. Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы мұрындық болған осындай іргелі шаралардың бірі Өзбекəлі Жəнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткізілді. Жоғары оқу орнының білім алушылары, оқытушылары мен қызметкерлері қатысқан шара барысында цифрлық ортадағы қауіпсіздік, киберқауіптердің алдын алу жəне интернетті қауіпсіз пайдалану мəселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуде дербес деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану, күмəнді сілтемелер мен файлдарды ашпау, күрделі құпиясөздерді пайдалану, аккаунттарды қорғау жəне цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық сақтау жөнінде нақты түсіндірмелер берілді. Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев ақпараттық қауіпсіздік тек IT мамандарының міндеті емес екенін атап өтті. Бүгінде жұмысымыздың да, күнделікті өміріміздің де басым бөлігі цифрлық ортаға ауысты. Сондықтан ақпараттық жүйелерді, дербес жəне қызметтік ақпаратты қорғау əрқайсысымыз үшін аса маңызды. Кибергигиена талаптарын бір реттік əрекет ретінде емес, күнделікті əдетке айналдыруымыз қажет, – дейді басқарма басшысының орынбасары Ернұр Серперұлы. Іс-шара барысында кибергигиенаның негізгі талаптарына да кеңінен тоқталды. Мамандар əр аккаунтқа жеке əрі күрделі құпиясөз қолдануға, парольді кемінде 12 таңбадан құрастыруға, үлкен жəне кіші əріптерді, сандар мен арнайы белгілерді пайдалануға, сондай-ақ мүмкіндігінше екі факторлы аутентификацияны қосуға кеңес берді. Сонымен қатар бейтаныс адамдардан келген хаттар мен хабарламаларды ашпау, күмəнді сілтемелерге өтпеу жəне белгісіз файлдарды жүктемеу қажеттігі түсіндірілді. Антивирустық бағдарламалар мен операциялық жүйені уақытылы жаңартып отырудың да маңызы айтылды. Киберқауіптердің ішінде фишингке ерекше назар аудару қажет. Алаяқтар жалған хат, хабарлама немесе сайт арқылы азаматтардың парольдерін, банк деректерін жəне басқа да құпия ақпаратын алуға тырысады. Сондықтан кез келген күмəнді хабарламаны асықпай тексеріп, жіберушінің мекенжайына жəне сілтеменің дұрыстығына назар аудару қажет, – дейді Ернұр Қырғызбаев. Оқу орнында өткізілген ақпараттық-түсіндіру барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезіндегі қауіптер де сөз болды. Қатысушыларға deepfake, жасанды интеллект көмегімен жасалған фишинг жəне жалған ақпарат тарату сияқты қауіптер түсіндірілді. «Жасанды интеллект – үлкен мүмкіндік. Бірақ оны қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын ұмытпауымыз керек. Қызметтік, құпия немесе дербес ақпаратты ашық жасанды интеллект сервистеріне жүктеуге болмайды. Сонымен қатар жасанды интеллект ұсынған ақпараттың дұрыстығын міндетті түрде қайта тексеру қажет», – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. Жалпы, интернет-алаяқтықтың алдын алу мəселесінің өзектілігін қаладағы нақты статистика да айқын көрсетеді. Жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Шымкентте интернет-алаяқтыққа қатысты 363 қылмыс тық іс тіркелген. Оның 155-і ашылып, 219 қылмыстық іс ашылмаған. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 41,6 пайызды құрап отыр. Бұл цифрлардың өзі интернет кеңістігіндегі қауіп-қатердің ауқымын аңғартып, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен киберқауіпсіздік мəдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру барысында интернет желісінде жиі кездесетін киберқауіптерді дер кезінде анықтау жəне олардан қорғану бойынша практикалық ұсынымдарға ерекше мəн берілді. Əсіресе жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, банк картасының мəліметтері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге айтпау қажеттігі ескертілді. «Кибермəдениет айы» аясында өткізілген мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарға қауіптің түрлерін айтып қана қою емес, оны алдын ала танып, дұрыс əрекет ету дағдысын қалыптастыру. Сондықтан кибермəдениет – бір айға ғана арналған науқан емес, ол күнделікті өмірде қалыптасатын қауіпсіздік дағдысына айналуы тиіс. Дербес деректерді қорғау, күрделі құпиясөз қолдану, күмəнді сілтемелерден бас тарту, бөгде адамдарға SMS-кодтар мен банк мəліметтерін бермеу жəне алынған ақпаратты тексеру əр адамның тұрақты əдетіне айналуы қажет. Қауіпсіз цифрлық орта – заманауи технологиядан ғана емес, сол технологияны сауатты əрі жауапкершілікпен пайдаланатын азаматтан басталатынын ескерген жөн.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ


