spot_img
spot_img

КЕЗДЕСУ

– Ағай, сіз маған көмектесемін деп едіңіз.

Арт жақтан шыққан дауысқа жалт қараған ағайы Сабинаны көріп:

– А-а-а-а, деп мүдіріп қалды да: – Қай сабақты дұрыс түсінбедің? – деп сұрады.

– Жо-о-о-оқ-қ, ағай.

Ағайы оқушының не айтып тұрғанын түсінбей бетіне қарап қалды.

5-сыныптағы жақсы оқитын оқушылардың бірі Сабинаның көңілі сынық көрінді. Ағайына бірдеңе айта алмай күмілжіп тұрды.

– Сабина, айта ғой, қандай көмек керек?

– Ағай, сабаққа көмек керек емес.

– Сабаққа емес пе? А-а-а. Қандай көмек? Айта ғо. Қолымнан келсе көмектесемін.

– Ағай, менің тәтем бар. К-ө-ө-п-п жылдан бері ауруханада. Сол тәтеме барсақ бізге көрсетпеді. 

– Кім-кім барып едіңдер?

– Мамам екеуміз.

– Мамаңа да көрсетпеді ме?

– Иә.

– Мамаңа не үшін көрсетпеді? Мамаңа көрсетуі керек қо. Тәтең қандай ауруханада?

– Психбольницада.

– А-а-а-а, деген ағай ойланып қалды.

– Көрсетпеуінің бір себебі бар шығар? Сендер барғанда тәтең ауырып қалды ма екен?

– Ауырған жоқ. Кезінде мамам отказ жазған. Сол үшін көрсетпеді.

Ағайдың көз алдына Сабинаның соңғы кезде қатты көңілсіз жүргені келе қалды.

– Соны уайымдап жүрсің бе?

– Иә, тәтемді көргім келеді.

Ағай Сабинаға не деп жауап берерін білмей ойланып қалды. Сабина да сізден басқа көмек сұрар адамым жоқ дегендей үнсіз тұрып алды. Бір уақытта ағайы:

– Сабина, қазір сабағыңа бар. Мен бір адамдармен сөйлесіп көрейін, тәтеңмен жолығудың бір жолын айтар. Жарай ма?

– Жарайды, ағай, – деген Сабина басын көтермеген күйі жайлап басып сыныбына кіріп кетті.

Сабинаның артынан қарап, ойланып қалған ағайы ұзын дәлізде біраз тұрып қалды.

***

– Ареке, ассалаумағалейкүм! Үй-іші, бала-шаға аман ба?

– Аман, аман, өздерің қалайсыңдар?

– Шүкір, бәрі жақсы. Маған бір ақыл-кеңес керек болып тұр.

– Қандай?

– Оқушыларға сабақты түсінбесеңдер көмек сұраңдар, кез-келген уақытта көмектесемін дегем ғо. Соны 5-сыныптың бір оқушысы басқаша түсінген-ау, жаңа келіп көмек сұрады. Тәтесі біраз уақыттан бері психбольницада екен. Мамасы екеуі барса кіргізбепті. Тәтеммен кездесуге көмектесіңізші деп жалынып тұр. Не айтарымды білмей қалдым. Қалай көмектесуге болады?

– Мамасы кезінде отказ жазған ғо.

– Иә, иә отказ жазған деді.

– Көрейік, ойланып.

– Иә, көрші, көп созбайсың ғо.

– Жақсы.

***

Әзімбек Есімов Тәуелсіздік аудандық АІІБ-де тергеуші. Жаңа Базармен сөйлесіп тұрғанда осыдан бірнеше күн бұрын бастығы берген психбольницаға қатысты бір іс есіне түсе кетті. Негізі кез-келген тергеуші біреудің бастап аяқтамай тастап кеткен ісімен айналысқысы келмейді. Бұл финполдан келген сондай бір іс еді. Заң өзгеріп кетіп, осыған дейін финпол қараған істер аудандық АІІБ келіп түскен. Ол іспен басқа тергеуші айналысып, ол жұмыстан шығып кеткеннен кейін Әзімбекке берген. Бастығы:

– Әзеке, сотқа жіберетінін сотқа, архивке жіберетінін архивке жібер, – деген еді. Енді, міне, Базар үшін сол істі дұрыстап қарамақ.

Психбольница түрмеден де қатал мекеме. Онда туабіткен аурулар да, кейін ауырғандар да жатады. Олардың ішінде кәмілет жасына жетпеген балалар да бар. Сол балалардың көбінен ата-анасы бас тартқан. Ата-анасы бас тартқан балалар үкіметтің қарауында болады. Ішіп-жейтіні, киетін киімі, жуынатын заттары бәрі-бәрі мемлекеттің мойнында. Одан бөлек ай сайын пенсия беріледі. Ол пенсиясы көп болмаса да, жиналып-жиналып 18 жасқа толғанда біраз болады. Оны тек 18 жасқа толғанда алады. Ақыл-есінде ауытқу бар балалар пенсияның не екенін білмейді. Балалардың кемістігін пайдаланып, екі ортада сол пенсияны алып кететін адамдар болады. Финпол осы істі қарайды да, пошта қызметкерін қылмыскер етіп шығарады, бірақ істі сотқа жібермейді. Іс осы жерге келгенде тоқтап, әрі қарай аудандық АІІБ-ге беріледі. Аудандық АІІБ-нің тергеушісі істі қайта қозғайды, бірақ соңына дейін жеткізбей жұмысын ауыстырып кетеді. Әзімбек іспен толық танысып шығады. Бұл істі қараған тергеуші өзінің группаласы. Ол бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын табанды тергеуші еді, істі аяқтамай тастап кеткені қалай деп ойлады. Дереу телефонын алып қоңырау соға бастады. Группаласы да ұзақ күттірмеді бірден көтерді:

– Досым, қалайсың? Жұмыс қалай?

– О-о-о, Әзеке, бәрі жақсы. Сол дисертация жазып жүрмін. 

– Молодецц! Қандай тақырыпта?

– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы ұйым қандай болуы керек? деген тақырып.

– Тамаша! Тамаша! Досым, давай, бірге отырып түскі ас ішейік.

– Давай, давай. “Парадисте” кездесеміз бе?

– Иә, соған барайық. Іші тыныш.

… “Парадистің” іші қара көлеңке. Тып-тыныш. Екі достың кездесіп түскі ас ішіп отырғанына бір сағаттан асты.

– Досым, сен бастаған бір істі маған берді. Істі жаппай тастап кеткеніңе қарағанда бұл жерде бір гәп бар сияқты?

– Психбольницаға қатысты істі айтасың ба?

– Тағы басқа іс бар ма еді жабылмаған?

– Жоқ. Тек сол.

– Не болды? Неге сотқа жібермедің? Дайын тұр ғо.

– Балалардың жиналып қалған пенсиясын психбольницаның бастығы алып келген. Болды. Әлеуметтік қызметкерге жапқысы келіп әрі-бері сүйрегенін көрген шығарсың. О, бейшараның қатысы жоқ.

– Көрдім.

– Біздің үлкендердің де қатысы бар.

– Өзім де солай ойлағанмын.

– Сонымен кетуге тура келді. Сен не істейсің, әрі қарай қозғайсың ба?

– Мен басқа қырынан келуге тырысамын.

– Көр енді.

Түскі астан кейін Әзімбек Есімов осы іске қатысы бар деп тергелген психбольницаның әлеуметтік қызметкеріне қоңырау соқты. 

– Алло, сәлеметсіз бе, бұл Әбішева Әсел ме екен?

– Иә, – деді ар жағындағы қыз жәй ғана.

– Бұл Тәуелсіздік аудандық АІІБ-дан хабарласып тұрған тергеуші Әзімбек Есімов. Психбольницаға қатысты істе куәгер болған екенсіз. Бұл іс финполдан бізге келіп түсті. Іс қайта қаралып жатыр. Сізден жауап алуымыз керек.

– Мен қазір психбольницада істемеймін. Жұмыстан шығып кеткенмін. Менің бұл іске қатысым жоқ, – деді Әсел. Дауысы дірілдеп кетті. 

– Жұмыстан шығып кетсеңіз де, бұл іс сіз жұмыс істеп жүрген кезде қозғалған, сондықтан ертең келіп, жауап беруіңіз керек. 

– Жақсы, ертең барамын.

Ертеңінде Әсел әкесімен бірге келді. Амандасып, ішке кіріп отырғаннан кейін сөзді әкесі бастап кетті:

– Балам, екі-үш жыл болды қызымның түк қатысы жоқ іске қатысың бар деп сүйреп жүргеніне.

– Жақсы, аға! Бірақ бәрін қызыңыздың өзі айтып беруі керек. Сіз тыңдап отырыңыз. Барлығы камераға жазылады. Ал егер жауап бергіңіз келмесе, оны да айтыңыз. Бірақ өз-өзіңізді ақтап шығу үшін жауап бергеніңіз дұрыс, – деді Әзімбек Әселге қарап.

– Жақсы, жауап беремін, – деді Әсел.

Әсел өз-өзін таныстырып болғаннан кейін Әзімбек:

– Жалпы, осы оқиға қалай болды. Асықпай, бәрін ойыңа түсіріп, рет-ретімен жауап берші.

– Мен Алматы қаласы, Қожанов көшесіндегі балалар психбольницасына 2007 жылы әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Психбольницадағы балалардың жағдайы әртүрлі. Бірі тыныш, бірі анау-мынау адамға ие бермейтіндей жынды. Әр баланың денсаулығына байланысты әртүрлі палатада ұстайды. Ер балалар бөлек, қыз балалар бөлек. Былайынша айтқанда түрме сияқты қамауда болады. Әр бөлімде бір-бір пост бар. Мен 10–15 жас арасындағы қыздардың постына жауаптымын. Бір күні мені психбольницаның бастығы Людмила Викторовна шақырып алып, биыл 18-ге толған, басқа постың қызын халық банкіне апарып алып кел деп тапсырды. Қыздың қасында менен басқа тәрбиешісі де болды. Бастық айтқан соң иә деп келісесің. Артық сұрақ қоймайсың. Мен тек постты тастап кетемін бе деп едім, ол жерге біреу тұра тұрады деген соң кете бердім.

– Банкке барғанда не істедіңіздер?

– Тәрбиешінің қолында қыздың куәлігі болды. Бірақ куәлікті толық көрмедім. Шет-жағасын көзім шалып қалды. Біз алып бара жатқан қыз куәліктегі қызға ұқсағанымен, ол қыз емес. Менің куәлікке мойнымды созып қарағанымды көрген директор барыңдар, барыңдар, түскі асқа дейін үлгеріп келіңдер деп ештеңе сұратпай итергендей, кабинетінен шығарып жіберді.

– Тәрбиешіге мынау басқа қыздың куәлігі сияқты деп айтпадыңыз ба?

– Айттым. Тәрбиеші мені жақтырмай, бұл сол қыз деді де сөйлеспей қойды.

– Қызды қалай алып бардыңдар?

– Ол қыз тыныш қыз екен. Анадай ие бермейтін қыз емес. Қасымызда күліп отырды. Бірақ бүкір екен.

– Банкке екеуіңіз де кірдіңіздер ме?

– Иә, екеуіміз де кірдік, бірақ тәрбиеші кабинкаға мені кіргізбеді. Сыртта тұра тұр деп қыз екеуі кіріп кетті.

– Тып-тыныш барып келдіңдер.

– Иә, түскі асқа дейін тып-тыныш барып келдік. Ол жерде мен тек еріп бардым. Басқа ештеңеге араласқан жоқпын. 

– Бірақ ана қыз, яғни Динара Жолдасова мені ертіп барған деп тек сізді айтыпты. Тәрбиешіні мүлдем айтып тұрған жоқ.

– Иә, ол балалар солай, бірін есіне сақтап қалады да, екіншісін ұмытып қалады.

– Сізді неге есінде сақтап қалған? Сіз онымен бірге кабинкаға да кірген жоқсыз.

Осы кезде Әселдің әкесі шыдай алмай сөзге араласып кетті.

– Ең соңында қызды банкке апарып алып келгеннен кейін Әсел мен сол қыз отырып торт жеген. Психбольницадағы балалар да кішкентай бала сияқты. Жақсы нәрсені өмірі ұмытпайды. Әсел солай есінде қалып қойған деп ойлаймын. Психбольницаның басшылары бәле ғой. Тортты әдейі Әселге бергізген. 

– Екеуіңіз бірге отырып торт жедіңіздер ме?

– Мен жеген жоқпын. Бірақ ана қыз тортты жеп болғанша қасында отырдым.

– Ол тортты кім берді?

– Біз келгенде өздері дайындап қойыпты. Людмила Викторовна тәрбиешіге балаларыңа бара бер деді де, маған ас үйге барыңдар торт береді, соны Динараға бер деді. Мен апарып тортын жегізіп, тәрбиешісіне апарып тапсырдым.

– Жақсы. Басқа сұрақ туындаса қайта шақырамын.

– Жақсы, – деп Әсел мен әкесі Әзімбекпен қоштасып шығып кетті.

Әзімбек Людмила Викторовнаны тергеуге шақырғысы келді. “Қандай мәселе бойынша шақыруға болады?” деп ойланып отырғанда есік қағып, кешірім сұрап Әсел мен әкесі қайта кірді де:

– Естуім бойынша Людмила Викторовнаның психбольницада жұмыс істейтіндей дипломы жоқ.

– Оны қайдан білесіз?

– Кезінде Людмиланың оң қолы болған қыз айтты. Екеуі бір нәрсеге келіспей қалды да ол қызды жұмыстан шығарып жіберді. Сол кетерінде айтып кетті.

– Ол қыздың аты-жөнін білесіз бе?

– Білемін, ол қыз қазір шетел азаматына күйеуге шығып Қазақстаннан кетіп қалды.

– А-а-а, – деді Әзімбек. 

***

Әзімбек дереу мұғалім досына хабарласты.

– Өткендегі көмек сұраған оқушының ата-анасы ертіп кел. Арыз жаздырып аламын. Сол арыз бойынша психбольницаға барамын.

– Жақсы.

Ал өзі халық банкке барып жауап алды. Сонда анықтағаны психбольница тәрбиешілеріне тек бір касса қызмет етеді екен.  

Қызмет көрсеткен кассир:

– Қожанов көшесі бізге жақын болғандықтан психбольницаның балалары тәрбиешілерімен бірге келіп пенсияларын алып тұрады.

– Пенсиясын алу үшін кезек алмай ма? Неге үнемі сіз қызмет көрсеткенсіз?

– Өзіңіз білесіз, психбольницаның балалары ауру. Олар көпшілік ортада тыныш тұрмайды. Сондықтан басшылықтың тапсырмасымен психбольница қызметкерлеріне кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Мен есікке жақын кассада жұмыс істегендіктен, тез ақшасын беріп, шығарып саламын.

– Куәлік сол баланың куәлігі ме, жоқ па тексересіз бе?

– Әрине, мұқият тексеремін.

– Алина Сабыр есіңізде ме?

– Есімде жоқ. Бірақ көрсем танимын.

– Көрсеңіз танисыз, иә.

– Иә.

Банктен шыққан Әзімбек Сабинаның анасымен кездесіп, оған: “Қызыммен кездесуге рұқсат бермей отыр. Иә, кезінде ақылға салмай қызымнан бас тартып едім, қазір соған өкінемін. Қызымды қолыма алмасам да, барып, көріп тұруға рұқсат алып берулеріңізді сұраймын. Одан кейін Людмила Викторовна менің қызым секілді балаларды тәрбиелеуге құқы жоқ адам, оның мамандығы жоқ. Осы жағын тергеп-тексерулеріңізді сұраймын. Себебі ол мен секілді талай ата-анаға кесірін тигізіп келеді” деп жаздырып алды.

Осы арыз бойынша психбольницаға тексеруге барған Әзімбек Людмилаға күтпеген сұрақ қойды.

– Людмила Викторвна, сіздің мамандығыңыз кім?

– Психиатр.

– Дипломыңызды көрсем бола ма?

Людмила қызарақтап, қипақтап қалды. Бірақ тез ес жиып:

– Қазір алып келейін деп шығып кетті де, біраздан кейін қайтып келіп:

– Отдел кадр ауырып, бүгіннен бастап демалыс алыпты. Кабинеті жабық. Кілті тек өзінде. Келгеннен кейін көрсетейін, – деді.

– Отдел кадрдың ауырып қалғанын сіз естіген жоқсыз ба?

– Жаңа хабарлап ескертті.

– Бізге сіздердің ауруханада ем алушы Алина Сабырдың анасы арыз жазды. Қызыммен кездесе алмай жүрмін деді. Не себепті қызды ата-анасына көрсетпей жүрсіздер?

– Алина Сабырдың анасы кезінде баласынан толық бас тартқан адам. Қазір қызымен кездестіре алмаймыз. Себебі қызы қатты елеріп ауырады. Анасын көрсе мүлдем ие бола алмай қаламыз.

– Алинаның жасы нешеде?

– 21-ге толды.

– Сіз барлық науқыстың нешеге толғанын жатқа білесіз бе?

– Бұл не сұрақ? Сіз мені сынап тұрсыз ба?

– Бұлар ерекше науқас балалар. Олардың денсаулығы, қазіргі жағдайы туралы күнде есеп алып отырамын.

– Алина 18-ге толғанда пенсиясын алды ма?

– Алды.

– Қалай алды?

– Алина толық мемлекеттің қарауында болғандықтан тәрбиешісімен бірге барып алып тұрады. Ол қаражатты Алинаның керек-жарағына жұмсайды.

– Қандай керек-жарағына жұмсайды?

– Мемлекеттің төлейтін қаражаты аз, басқасын айтпағанда, ай сайынғы жеке гигиенасына қажет заттың өзінен ауыспайды.

– Түсінікті.

– Сізге келер алдында халық банктің кассирінен де жауап алғанбыз. Ол Алина Сабырды көрсем танимын деді. Алина Сабырдың диагнозы бойынша оны жұрт көзінше алып жүру мүмкін емес. Ол пенсиясын қалай алып жүр?

– Балаларды сабырға келтіретін дәрі-дәрмектер бар. Соның күшімен алып барады.

– Ай сайын барып ала ма?

– Жоқ. Жылына бір рет алады.

– Алина пенсиясын соңғы рет қашан алды?

– Екі ай бұрын.

– Менің қолымда Алина Сабырды бүгін банкке алып барып, кассирмен беттестіругк рұқсат қағаз бар. Алинаны дайындап алып шығыңыздар, кассирмен беттестіреміз.

– Жоқ. Болмайды. Оған бір күн дайындық керек.

– Екпе салуға бір күн дайындық керек пе? Болмаса банк қызметкерін алып келеміз.

– Қазір дайындаймыз, – деген Людмила Викторовна отырғанын орнынан ұшып түрегеліп, бөлмеден жүгіріп шығып кетті.

Алина өте арық, бетінің қан-сөлі жоқ сұп-сұр қыз екен. Уколдан ес жия алмаған қыздың екі қолтығынан екі адам демеп көлікке мінгізді. Алинаны көрген кассир:

– Бұл қызды бірінші рет көріп тұрмын, – деді.

Тәрбиеші:

– Қалай бірінші рет көріп тұрмын деп айтасың? Ең болмаса түрі есімде жоқ деп айтпайсың ба? – деп кассирге тап-тап берді. 

Әзімбек прокурордан санкция алып, халық банктің соңғы үш айдағы видео жазбасын алды. Больница тәрбиешісі алып барған балалардың бәрін тексеріп Алинаның атынан пенсия алған қызды тапты. Бет-аузы Алинаға ұқсағанымен бүкір екен. Дереу Әселдің берген жауабын қарап шықты. Ол да өзі ертіп барған қызды бүкір деп суреттеген.

Психбольницаға келіп бүкір қыздан жауап алды. Ол отырған орнынан атып тұрып, сау адам секілді:

– Иә, мен банкке бардым. Содан кейін маған торт берді! – деп тақ-тақ етті.

– Үнемі торт бере ме?

– Үнемі береді.

– Сенің атың Алина ма?

– Жоқ. Менің атым – Сафура.

– Жасың нешеде?

– Жасым он жетіде.

– Жасы он жетіде ме? – деп сұрады Әзімбек тәрбиешісінен.

– Иә, он жетіде, – деді Сафураның қасында тұрған тәрбиешісі.

– Сен әлі он жетіде болсаң банкке неге бардың? Банкке тек он сегізге толған балалар барады ғо?

Сафура білмеймін дегендей күліп, иығын көтеріп тәрбиешісіне қарады…

Алинаны анасына көрсетпеудің себебі – пенсия екен. Алинаның ай сайын мемлекеттен алатын азан-аулақ теңгесі. Осы оқиғадан кейін ана мен қыз, бауыр мен бауыр қалаған күнінде кездесіп тұратын болды.

Мектептің қоңырқай ұзын залы. Ішке кіруге қоңырау соғылғанда оқушылар сыныпқа кіре бастады. “Күнделік кз” толтырып болған ағай кабинетінен шықты. Арт жақтан біреу:

– Ағай, рақмет! – деді.

Қараса Сабина екен. Ағайы жымиып күлді.

– Сабақ басталды, Сабина, – деді басқа не айтарын білмей.

– Иә, – деген Сабина сыныбына қарай кетіп бара жатты.

Өткен жолғыдай емес, басы тіп-тік, аяғы нық. Сыныпқа кіріп бара жатып, артынан қарап қалған ағайға қолын бұлғады.

Ағай басын изеді.

Берікбай МАМЫРОВ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...