12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!»

Журналистер Ақмола облысындағы заманауи технологиялармен жабдықталған мектептер мен білім кешендерін аралап қайтты. Мемлекет болашағының баянды болуы, бірінші кезекте, ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына тікелей байланысты. Бұл орайда өңірдің бірқатар мектептері өзгеге үлгі боларлық тың жобаларымен, тәрбие мен тәлім берудің ерекше тәсілін қолдануымен жақсы танымал. Облыстың бірнеше елді мекеніндегі білім ордаларына ұйымдастырылған баспасөз туры аясында заманауи технологиялар мен тәрбиелеудің ерекше түрлерін қолданатын, жабдықталуы да өзгеше мектептер мен білім кешендерін аралап қайтудың сәті түсті. Ең алдымен тілшілер Бурабай ауданындағы №7 мектеп-лицейіне арнайы атбасын тіреді.

Оқу ордасының даму болашағы мен жалпы білім берудегі жаңашылдықтарымен танысты. Бүгінде бәсекеге қабілетті білім ошағының қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мектептің кіре берісінен сезілетін жайлы атмосфера, тазалық пен тәртіп оқушылардың жайлы білім алуына мүмкіндік берген. Мұндайда, Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» – деп құшағын айқара ашып, адамзатты оқу-білімге шақырып тұрған болмысы еске түсетіндей . Бірден көзге түскен бір ерекшелігі – үш қабатты мектептің әр қабаты 6 қанатты түрлі тақырыптарға сай жабдықталған. Әр ай сайын қанаттар тарих, ұлттық салт-дәстүр, «Наурыз» деген сияқты тақырыпта жаңартылып отырады екен. Ұлттық тәрбиеге баса мән берген мектепте ай сайын «Жауапкершілік», «Наурыз», «Құрмет» сияқты түрлі айлықтар ұйымдастырылады. Мектеп директоры Дамир Сұрағановпен тілдесу барысында білім берудегі жоспарланған барлық шаралардан күтілетін нәтижені де аңғару қиын болмады.

Мектептің жылдық жоспарына сәйкес әрбір атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында оқушылардың белсенділігі мен ынтасы артып, олар өз бетімен білім алудың жолдарын меңгеріп, сапалы білімге қол жеткізе отырып, функционалдық сауаттылықтарын арттыра түскен.

«Әкелер клубының» әлеуеті кең

Білім ордасында мұғалімдердің кәсіби дамуына да барынша жағдай жасалынып, үздіксіз білім жетілдірудің жүйесі қалыптасқан. Ұжымның шығармашылық ахуалы артып, «Мектеп мәдениетін» қалыптастыру арқылы «Жоғары нәтижеге бағытталған мектеп» болудың алғышарттары жүзеге асырылғаны байқалады. – Мәселен, атап айтатын болсам, былтырғы жылы өз күшімен алтыншы сыныптан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне 22 оқушымыз түсіп кетті. Бұл мектебіміздің білім сапасының жоғары деңгейін көрсетеді. Әрине, бұл жақсы. Өкініштісі сол, біздің кіл мықтыларымыз, яғни, дайындаған сүт бетіндегі қаймақтарымыз өз білімін басқа мектепте жалғастырады, – дейді Дамир Шоқанұлы. Білім ордасының тағы бір ерекшелігі ата-аналармен байланыс тәжірибесі ерекше әдістермен дұрыс жолға қойылғаны болды. Лицей қабырғасында «Асқар тау» әкелер клубы және «Аялы алақан» атты аналар клубы ашылған. Клуб жетекшісі болып дәрігер ата-ана Мұратбек Салықов тағайындалған. Әкелер клубының орынбасары кәсіпкер Әуелбек Бекішов клуб жұмысының жүргізілуі ата-ананы мектеп өміріне белсене араластырудың ең тиімді жолы екенін айтады. Бұл бала тәрбиесіне, білім сапасына бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді ол. Ал Мұратбек Салықов клубтың құрылуы мектептің өміріне оң нәтижесін әкелгеніне сенімді. – Бұл клубтар құрылған сәттен бастап мектеп-лицей өміріне оң нәтижелер мен өзгерістер алып келді. Әкелер клубына директор да және бірқатар ер мұғалімдер де, әр сыныптардан ата-аналар да сайланған. Олардың арасында түрлі сала өкілдері, дәрігерлер, кәсіпкерлер де бар. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі балалардың жақсы тәлім-тәрбие алуына, сонымен қатар мектеп пен ата-аналардың ортақ істе бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік туғызды, – дейді Мұратбек Салықов. Қазіргі таңда мектепте барлығы 850- ден астам оқушы білім алуда. 95 пайыз қазақ балалары оқитын оқу ордасы аудан бойынша ең үздік мектептердің бірі және бірегейі. Былтыр аудан бойынша «Үздік мектеп» атанғаны бұл сөзімізге айқын дәлел. Бүгінде оқу орнында 64 мұғалім, 2 кітапханашы, 2 психолог, 1 әлеуметтік педагог қызмет етеді екен. Педагогтар өздерінің біліктілігін арттыру мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісуде. Кәсіби байқауларда, пән олимпиадаларында топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мектеп басшысы білім ордасының жеткен жетістіктерін жіпке тізді. – «Ұстаз – шеберліктің қайнар бұлағы» деген нақыл бүгінгі күннің жаңашыл мұғалімдерінің бет-бейнесін ашады. Атап айтқанда, республикалық «Үздік дене шынықтыру мұғалімі – 2018» байқауына бірінші санатты дене шынықтыру пәні мұғалімі А.Жаркеев қатысып, «Ең үздік авторлық бағдарлама» аталымын жеңіп алды. Аудандық «Үздік педагог – 2018» байқауының гран-при иегері бастауыш сынып мұғалімі – А.Сейфулина облыстық кезеңде де жаңашыл, педагогикалық әдіс-тәсілдердің тың түрлерін шебер меңгерген білікті маман екендігін көрсете білді. «Үздік педагог – 2019» байқауының бірінші орын иегері бастауыш сынып мұғалімі А.Молдабаева да барлық талаптардан сүрінбей өтті. Негізінен, білім ордасында жаратылыстану, математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бұл ретте білім ошағындағы «Жас биолог», «Математика патшалығы» үйірмелерінің маңызы зор. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімдері мен оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі конкурстар, конференциялар мен жәрмеңкелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып отыр, – деп атап өтті мектеп директоры Дамир Сұрағанов.

Оқушы жетістігі – ұстаз мерейі

Білім ордасындағы оқушылардың жетістіктері де баршылық. «Тіл дарыны» облыстық олимпиадасында Ахметжан Шыңғыс бір мәрте 2-орын, ал келесі қатысқанында 1-орынды жеңіп алса, «Менің сүйікті ағылшын тілі оқулығым Exel 7 for Kazakhstan» республикалық сайысынан Азамат Серіков 3-дәрежелі Дипломмен марапатталды. «Абай – дара, Абай – дана әлемінде» атты республикалық мәнерлеп оқу сайысынан 9-сынып оқушысы Сарманова Аделя 1-дәрежелі Дипломға қолжеткізіп, мектеп рейтингісін көтерген. – Сонымен қатар, мектепте пән апталықтары өткізіліп, әр аптаның сәрсенбісі мектепте «Ашық есік» күні болып жарияланады. Онда ата-аналар мектепке келіп, балаларының сабақтарына қатысып, мұғалімдермен пікірлесіп, баланың жан-жақты білім алуына ықпал етеді және ата-ана – мұғалім – оқушы үштік бірлігінің артуына өз үлестерін қосады. Лицей қабарғасында түрлі үйірме секция бағыттар бойынша ұжымдар жұмыс істейді. Көркем-эстетикалық домбыра, хореография және «қызықты ноталар», «жас суретші» үйірмелері де бар. Робототехникаға «Жас эколог», «Шебер қолдар», «Өлкетану» үйірмелеріне де оқушылар қызыға қатысады. Сонымен қатар қоғамдық-гуманитарлық «Парасат» пікірсайыс клубы, «Жарқын болашақ», «Лицей медиаорталығы», «Арлан» патриот клубтарының қатысушылары мектептің барлық іс-шараларына белсене қатысады, – деп толықтырды мектеп басшысы. Бұл жетістіктердің болуына мектепте 40 бағытты түрлі үйірмелер мен секциялардың жұмыс істеуі де ықпал еткен. Білім ордасы білім инновация мектебімен, сондай-ақ «Қазақ драма театрымен» меморандум жасасып, балаларды жақсы сөйлеу мен өзін ұстауға үйретуде. Балалар күн сайын 20 минут уақытын кітап оқуға арнайтын болған. Драма театр әртістері келіп жоғары сынып оқушыларымен шағын қойылымдар қойылады.

Ұлттық дәстүрді ұлықтайтын балабақша

Одан әрі тілшілер сапары Бұланды ауданында жалғасты. Макинск қаласында орналасқан «Балдырған» бөбекжайына барған БАҚ өкілдері мекеменің тәрбие жұмысымен танысты. «Балдырған» бөбекжайы 2010 жылы салынып, пайдалануға берілген. 320 баланы қамтитын балабақшада 16 топ пен 4 мектепалды тобы жұмыс істейді. Бөбекжай меңгерушісі Райхан Акпентаеваның айтуынша, кәсіпорынның оқу-тәрбие барысындағы негізгі басым бағыты – «Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ этнопедагогикасы негізінде ұлттық тәрбие беру» болыпбекітілген. Білім мен тәрбиені ұлттық бағытта беру әдісінің қолға алынуы бізді елең еткізбей қоймады. Өйткені бүгінгі жаһандану заманында бүлдіршін жастың ұлттық қасиетті бойға сіңіруі еліміздегі аса маңызды бағыттардың бірі екені рас. «Балдырған» бөбекжайы бұл бағытта өз жұмысын да, жолын да айқындап, нақты нәтижеге көшкен. Бұл әрине, қуантарлық жайт! – Бөбекжайда арнайы жарғы бекітіліп, оған сәйкес жұмыс жоспары енгізілген. Этнопедагогика кабинеті ашылды, топтарда бұрыштар жасалды. Оқу-тәрбие жұмыстарында қазақ этнопедагогикасын қолдану негізінде балалардың бойына өз ұлтына деген саналы тәрбиені қалыптастыру біздің негізгі жұмысымыз. «Біз қазақша сөйлейміз» үйірмесі, 60 баладан құралған балалар хоры, «Қарлығаш» би тобы, жүзу, «Асық ату», «Бестемше» және қолөнер үйірмелерінің жұмысы нақты нәтижесін беріп отыр, – дейді Райхан Зейнуллақызы. Бөбекжайда сауықтыру-тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, дене шынықтыру алаңы, 4 балалар ойын кешені, 16 серуендеу учаскесі бар. Онда дәліздер, балалардың алаңсыз ойын ойнап, қозғалыс жасауы үшін және сюжеттік-рөлдік ойындарына, құммен ойнауға арналған жабдықтар орналасыпты. Бұлардың барлығы тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған. Бөбекжайда арнайы жабдықталған әдістемелік кабинет, психолог кабинеті, логопедтік пункт, музыка залы, спорт залы, һауыз, қысқы бақ, медицина бөлмесі, изолятор, директор, бухгалтерия, шаруашылық меңгерушісі кабинеттері талапқа сай жабдықталған. – Бөбекжайда барлығы – 33 педагог тәрбие мен оқыту үрдісін жүргізеді. Жоғары білімді 21, орта арнаулы білімді 12 педагог жұмыс істейді. Олардың ішінде жоғары санатты 6 педагог бар. Педагогтар мен тәрбиеленушілер түрлі халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүр, – деп толықтырды балабақша меңгерушісі.

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Бұдан әрі тілшілер қауымы Бұланды ауданы орталығы – Макинск қаласында орналасқан Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейіне ат басын бұрды. Қазығы сонау 1955 жылы қағылып тарихы тереңге кеткен білім ордасында ұқыптылық пен жинақылық байқалады. Таза мемлекеттік тілде білім беретін 360 орындық бұл мектепте қазіргі уақытта 588 оқушы білім алып жатыр. Білім ордасының заманға сай кабинеттермен жабдықталуы оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік берген. «Қазақстан халқына» қорының көмегімен білім ордасына 250 миллион теңге сомасына 22 кабинет арнайы жасақталып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалған. Өңірдегі тың жаңалықтары мен ерекше технологиялары бар білім ордаларына арналған баспасөз туры бұдан әрі Ақкөл ауданында жалғасты. «Ақылды қалада» тілшілер қауымы алдымен Жайық Бектұров атындағы №3 орта мектепке атбасын бұрды. 1987 жылы пайдалануға берілген бұл мектеп толықтай таза мемлекеттік тілде білім береді. 2021 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен мектептің дәлізінен бастап жайлылық пен заманға сай жаңа технологиялардың кеңінен қолданылатыны сезіледі. Бұл мектепке де «Қазақстан халқына» қорынан 250 миллион теңге сомасында қаражат бөлініп 35 кабинет заманға сай жабдықталған. Кабинеттер толықтай жаңа құрал-жабдықтармен қамтылыпты. Биыл мектебімізге 250 миллион теңге сомасында «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінуінің арқасында 35 кабинетіміз заманға сай жабдықталды. Барлық парталар мен орындықтар, шкафтар, құрал-жабдықтар жаңартылды. Сонымен қатар, барлық бағыттар бойынша кабинеттер заманға сай интерактивті тақталар, көрнекілік құралдары, зертханалық жұмыстар жүргізетін жабдықтармен толықтырылды. Мұнымен қоса жаңадан ағаш шеберханасы, тамақтану және тігін шеберханалары, ART студия, Телестудия, STEM лабораториясы толығымен жабдықталып ашылды. Мұның бәрі оқушыларымыздың сапалы білім алуына мол мүмкіндік береді деген сенімдеміз, – дейді мектеп басшылығы.

Батыр атына лайық болу – міндет

Сапар Ақкөл ауданына қарасты Еңбек ауылында Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектепте жалғасты. Батырдың есімі бұл мектепке осыдан үш жыл бұрын 2021 жылы беріліпті. Анадайдан мен мұндалап көрінген ақшаңқан мектеп үйіне 2020 жылы «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен 180 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл білім ордасы «Starlink» компаниясының көмегімен жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамтамасыз етіліпті. Мектеп басшысы Ерқанат Мейрамбектен бастап білім ордасындағы ұстаздардың 50 пайызы осы жергілікті ауылдың тұрғындары әрі осы мектептің түлектері екен. Шалғайда жатқан ауыл мектебі болса да, мектеп бөлмелеріндегі сынып кабинеттері де заманға сай жабдықталғаны көзге бірден түсті. Білім ордасы «Қазақстан халқына» республикалық қорынан ұсынылған «Робот техникасы» үйірмесіне арналған 10 робот үлгісімен, сондай-ақ «ІТ сынып» кабинеті, химия пәні кабинеттерімен жабдықталыпты. Батыр Сағадат Нұрмағамбетовтың атын иеленген мектептің ауыз толтырып айтарлық басқа да жетістіктері мол болып шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сағадат сарбаздары» атты әскери-патриоттық клуб құрылған. Балаларға әскери рух пен ұлттық патриоттықты насихаттауға бағытталған бұл клуб жергілікті әскери бөліммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мектептің клубқа мүшелікке 5 сыныптан бастап қабылданған оқушылары әскери бөлімге барып, әскерилердің өмірі мен қызметтерімен тереңірек танысады. Ал жоғары сынып оқушылары бірнеше күн бойы сабақтарын әскери бөлімде өткізеді. Дәл біз барған күні де мектепте әскери бөлім қызметкерлерінің қатысуымен сабақ өткізіліп жатқанының үстінен түстік. Мектеп басшысының айтуынша «Сағадат сарбаздары» атты бұл әскери-патриоттық клубының жұмыс істеуі балалардың патриоттық қасиеттерін дамытуға зор мүмкіндік берген.

Білім ордалары – патриоттық тәрбиенің бесігі

Мектепте мұнымен қоса «Әділет» пікірсайыс клубы, сонымен қатар, ауыл әжелерінің көмегімен қолөнершілікке баулитын «Әжелер клубы» бар екен. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты балалардың бойына сіңіруді мақсат еткен клубта ұлттық құндылықтарды игеруге баса көңіл бөлінген. Мұнда балалардың ұлттық тағамдар мен сусындар дайындау, киіз үй жабдықтарын жасау, ұршық иіру, кесте тігу, ою-өрнектер қию және домбырада ойнау сияқты қабілетін шыңдайды. Бүгінде клубта 60-80 жас аралығындағы 15 әже балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беруге белсене кіріскен. Мектеп директоры Мейрамбек Ерқанаттың айтуынша Әжелер клубының басты мақсаты отбасылық қатынасты нығайтып, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың маңыздылығын оқушылардың бойына сіңіруге бағытталған. – Әжелеріміз оқушылар үшін таңсық әрі қызықты боларлық танымдық дүниелермен білім беруде. Қазіргі балалардың, жалпы барлық жас ұрпақтың ғаламтор арқылы тәрбиеленіп жатқаны жасырын емес. Біз педагогтар ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы балаларды тәрбиелеуді жөн деп таптық. Біздің ерекше клубта балалар өз әжелерімен бірге ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарды бойына сіңіреді. Әрі отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға мол септігін тигізіп отыр, – дейді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектептің директоры Мейрамбек Ерқанат. Әжелер клубында балалар тоқыма тоқып, кесте тігумен қатар ән айтып, домбыра шертіп те үйренеді. Сондай-ақ әжелер балалармен қатар мектеп ұстаздарына да құнды ақыл-кеңестерін айтып отырады. Тіпті, бірқатар әжелер немерелері әлдеқашан мектепті аяқтаса да мектептің «Әжелер клубында» әлі де белсенді қызметтерін жалғастырып келетінін айтады. Бүгінде әжелерсіз мектепте бірде-бір шара өтпейтін деңгейге жеткен. – Біздің мақсатымыз балаларымыз бен немерелерімізге жақын болу. Осы клубтың арқасында біз немерелерімізбен жақын қарым-қатынас орнатып, қызықты уақыт өткізіп отырмыз. Кейде көңіл-күйіміз болмай жатқанда, осында келсек, реніштің бәрі де бір сәтте ұмыт болады. Қан қысымымыз қалпына келіп, ауруларымыздан айыққандай боламыз. Мұнымен қоса балапандарымызға отбасылық құндылықтар мен әдет-ғұрыптарды үйретуге мүмкіндік алдық, – дейді «Әжелер клубының» белсенді мүшелерінің бірі Күлбағира Бекболатова. Білім мен тәрбие беруде бір жағынан заманға сай әрі ұлттық және патриоттық бағытқа негіздеген білім ордаларының тыныс-тіршілігі көңіл қуантарлық.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам»...

Полицейлер дүкен кассасынан ақша ұрлығын тергеуде

Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бөтеннің...

Жалған хабарлама: полиция жарылғыш зат туралы хабарлаған кәмелетке толмаған баланы тапты

Түркістан облысында полицияға белгісіз адамнан қоңырау келіп түсті. Онда...

В Алматинской области врачи из Турции провели мастер-класс

В Алматинской региональной многопрофильной клинике прошел мастер-класс, во время...