12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Кек семсері

Қаланың драма театры ғимаратының электронды таблосында пайда болған жаңа жазу ары-бері өтіп жатқан кісілерді бір сәтке болса да алаңдатпай қоймады. Жарқ-жұрқ еткен әріптерден театр труппасының жоспарлы гастролін аяқтап, қалаға оралып, жаңа маусымды Шекспирдің Гамлетімен бастайтыны аңғарылды. Жылдан-жылға театр, жалпы өнерсүйер халықтың саны ұлғайып бара жатқан қала, сүйікті әртістерінің оралуынан жанданып, жарқыраған сыңайлы. Ал классика туындысына қызығушылар қатарының көбейгені билеттердің толық сатылғанынан білінді.

Сахна сыртында
Айдың бірінші уик-эндінен бастап спектакльдер енді үлкен де, кіші де сахналарда әр жұма мен сенбі күндері қойылатынын театр кассасынан не театр сайтынан анықтап алған көрермендер әр көрсетілім сайын, кешкі 7-ге жарты сағат қалғанда, өнер ғибадатханасының вестибюлінде залға кіруге шақыратын қоңырауларды асыға күтетін. Олардың киім үлгісінен, өздерін ұстау мәнерінен, бір-бірімен әңгімелескенде әдеби, сыпайы сөздерді қолдануларынан, мәдениетке қатысты тақырыптарды талқылауынан қоғамның бұл ең парасатты әрі өркениетті бөлшегі екені байқалады.
– Өз басым Пастернактың аудармасын ұнатсам да, Лозинскийдің эквилинеарлық жүйені сақтап, мағынасын да бұлжытпай бере алғаны оның жоғары кәсібилігін көрсетеді.
– Ісіне жан-тәнімен берілген кісі әрқашан өз жұмысын шедевр дәрежесінде атқарады.
– Сіз Аникстың Гамлет туралы талдауын оқып па едіңіз? Оқылған дүниенің ішінде бұл барлық аспекті жан-жақты, толық қамтыған мінсіз еңбек.
– Әлбетте оқыдым. Оның шетел шекспиртанушылардың ғылыми зерттеулерімен таныстығы, саралау қабілеті мен сыни көзқарасының жетілгені таңдай қақтырады.
Әдетте осындай қызу пікірталас театр холының әр түкпірінен бірінші қоңырауға шейін жүріп жататын. Залға кірер алдында тамақты, сусынды, сырт­қы киімді қалдыру керектігін ескерте­тін таспаға жазылған жағымды әйел даусымен бірге орындарына жайғасып жатқан көрермендер әңгімелерін лезде ұмытқандай сезілді. Екінші қоңыраумен ұялы телефондарын сөндіру қажеттілігі айтылса, соңғы үшінші қоңыраудан жұрт жым-жырт болып, спектакльдің басталуын үнсіз ғана күте бастады.
Бірер минут өтіп, сахна пердесі де ашылды. Барша жиналған көрермен алдына шығып жатқан актерлер танымал еді. Анау шашы бурыл, қаба сақалды Болат Қасенов деген тәжірибелі, майталман өнерпаз, мынау Жәдігер Омарұлы, Алматыдағы өнер академиясын былтыр ғана бітіріп, қосалқы құрамға енді ғана қосылған жас, бірақ жігерлі, көркем жігіт, ал Гамлеттің анасы Гертруданы сомдайтын актриса, осы өңірдің кезінде бірінші сұлуы есептелген Гүлзада Үәлиева ханым. Отырған еркектердің көбісінің әйелдерінен жасырып ұстаған құпия махаббаты, арманы. Король Клавдидің рөлінде, театрда көп жыл жұмыс істеген тағы бір өнер тарланы Тұрсын Ақжанов, ал ханзада Гамлетті басты құрамға соңғы жылдары ғана кірген Ришат Талап орындайды. Режиссер мырза басты рөлге Ришатты тағайындағанда бірнеше принципті ұстанды. Актердің жасы, сезімталдығы, туа біткен кербездігі және дисциплинасы. Осы соңғы қасиетті режиссер дарыннан да жоғары бағалайтын.

Дуэль
«Гамлет» Шекспирдың ең әйгілі, ең терең, ең күрделі драмасы ғана емес, ол әрі ең ұзақ пьесасы. Кейіндері актіге бөлгенде, ол бес актілі боп шықты. Оны қойғанда міндетті түрде бір үзіліс жасайды, бірақ кейде екінші үзілісті қосады. Бүгін сахна пердесі екі рет жабылды. Шай, кофе, десерттің үстінде әңгімелер қойылымның өткен маусымнан өзгешелігі, актер құрамының жаңаруының пайдасы иә зияны жайлы өрбіді. Драманың трагедиямен аяқталарын жүз рет көрсе де, осы жолы кульминацияның қалай боларын аңсаған қонақтар шайларын асыға ішіп, орындарына қайтты.
Гамлет пен Лаэрттың дуэлі. Екі актер семсерлерін айқастырады. Дуэльдің соңына таман у қосылған шарапты ханша ішіп құлайды.
Гамлет:
– Арамызда сатқын бар! Кім айыпкер? Табыңдаршы!
Лаэрт:
– Алдыңда тұр айғағың: …Король, король күллісіне күнәкар!
Гамлет:
– Тоқта, мынау улы ма? Мә, ендеше, улы болат иесін тапсын өзінің.
Корольді түйрейді.
Тұрсын жан түршігерлік дыбыс шығарып, жерге сылқ ете құлайды. Ришаттың қолындағы семсердің сынық екені енді ғана байқалды. Оның ұшынан қан тамшылап сахнаның еденін қызыл түске бояй бастады. Алғашқы сәтте бұны қолдан жасалған қызыл сұйықтық деп назар аудармаған көрермен, сахнада қалт етпей сасқалақтап қалған актерлердің бозарған қалпынан бір пәленің болғанын аңғара бастады. Олар да бір орында құйып тастағандай отыра берді. Үнсіздік қойылымды ең соңғы қатарда тамашалап отырған режиссердің дереу жедел жәрдемді шақыр деген айғайымен лезде барлық адамның абыр-дабырына ұласты.
Ришаттан басқасы Тұрсын ағаға жүгірді, көрермендердің кейбірі мұнда қалғысы келмей сыртқа асықты, кейбірі полиция келіп осында түн жарымға дейін тергеу басталатынын қаламай үйлеріне зытты. Театр директоры болған жайтты біле сала шұғыл түрде есіктерді жабуға бұйрық беріп, сытылып шығуға үлгермегендер сөйтіп іште қалуға мәжбүр болды.

Алғашқы қадам
Шын трагедияға айналған жерге қаланың жедел жәрдем қызметі келіп Тұрсын Ақжановтың өлімін хабарлады. Ол алғашқы жәрдем көрсетілгенге дейін жан тәсілім еткен. Тез арада полиция да жетті. Бұл күні кезекшілікте тергеу бөліміне жақында қосылған Оңтүстік Қазақстан университеті заң факультетінің түлегі Гүлнәр Ырысова болатын. Толықша келген, ақсары жүзді жас бикеш кабинетте отыра бергендіктен іші пысып жүретін. Адамның ажалы, әрине, әрқашанда қасірет, бірақ қағаз ақтарудан гөрі, нағыз қылмыстарды ашу, тергеу жүргізуге асыққан, жастық энергиясы ағылып-төгіліп жатқан Гүлнәрға бөлімше бастығының театрға бару бұйрығы көптен күткен қызық тапсырмадай естілді. Әрі бұл кезде жас маман театр сахнасында адамның өлгенін әлі білген де жоқ еді.
Аға жедел уәкіл, криминалистпен бірге жеңіл көлікке жайғасқан Гүлнәр өзінің тұңғыш ісіне қадам басты. Жедел тергеу тобы ішке кіргенде, оларды бөлімшелік полиция қызметкері қарсы алып, барлық мән-жайды түсіндірді.
Көрермендерді тезірек босату үшін бәрінен жылдам, қысқаша куәгерлік жауаптар алынды. Сахна түгел фото, видеоға түсірілді, семсерлер пакетке оралды. Марқұмның денесі жедел жәрдем көлігіне апарылып, моргқа медициналық сараптамаға жөнелтілді. Аға уәкіл басшылыққа жұбату сөздерін айтып, мұндай шоктан стресс алған театр қызметкерлеріне психологиялық көмек алуға кеңес берді. Енді ғана естерін жия бастаған марқұмның сахналастары су сұрап, көздерінен аққан жастарын тыя алмай, отырған жерінен тұрмай күйзеліс, күңіренуге ұласты. Болат аға тіпті костюмерден гримеркасындағы ілулі тұрған пиджагының қалтасынан қысым түсіретін дәрісін алғызып ішті. Ришат үндемей ғана, басын қолымен ұстап, бетін алақанымен жауып, еміс-еміс ыңырси берді.
Қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілген Ришат пен театр директоры түсініктемелерін асықпай баяндап берді. Олардың айтуынша реквизитке жауапты адам ауырып, үйде жатқанына екі жетідей болып қалды. Бұрындары спектакльдерде тек бутафорлық пластикалық қылыштарды ғана пайдаланған екен. Өткен айда гастрольде жүрген сол жасанды қаруы сынып, бұларға шұғыл семсер табу керек болғандықтан, жергілікті мәдениет үйінен екі шпага алғызып, қайтаруды ұмытқан. Енді міне селқостықтың ащы зәрінен зардап шегіп отырған күйі осы.
Ешқандай қасақана мақсат тұтпаған Ришатқа ҚР Қылмыстық кодексінің 23-бабына сәйкес жаза қолданбайтыны айтылды. Одан барлық деректер алынған соң Ришат үйге жеткізілді. Ал театр басшысына, бірден-бір жауапты лауазымды тұлға ретінде, кодекстің 21-бабы бойынша, яғни абайсызда жасалған қылмыс деп алдын-ала кінә тағылатынын, тегін қорғаушыға хақысы бар екені ескертілді. Қаланың құрметті азаматы, мәдениет қайраткері, өмірінде бұрын ешқашан жауапқа тартылмағандығы әрі орасан зор психикалық күйзелісті басынан өткергендігі ескеріліп, театр директоры Жәнібек Төрежан да қаладан кетпеу тілхатын қалдырған соң үйіне жіберілді.
Күдік
Бұл оқиға келесі күні қала, облыс деңгейінде телеарналарда, басылымдарда баяндалып, елді дүр сілкіндірді. Сүйікті актерлерінің денесі мәйітханада медициналық сараптамадан өтіп, туыстарына қайтарылғанда, халық онымен қоштасуға, театрға лек-легімен ағылды. Араларында Гүлнәр да болды. Көптің арасында Ришаттан көзін үзбей, соның әр қимылын аңдып тұрды. Орташа бойлы, қой көзді, қолаң қара шашты, толық жүзді отыздар шамасындағы көркем жігіттің оғаш жүрісінен, ажарынан секем алған Гүлнәр бөлімшеге қайтқанда бірден сараптамаға үңілді. Онда семсердің ағзаның ішіне 15 см-дей өтіп, өлімнің қан кетуі мен маңызды органдардың зақымдануынан болғаны жазылған. Семсерлердің сараптамасында олардың дюралиминийден жасалғанын, екеуінен де клейдің ізі табылғаны айтылған. Гүлнәр лезде Жәнібек Төрежанның түсініктемесін алды да, семсерлерді сұрап алған мекеменің атын қарап, анықтамалықтан нөмірді тауып терді.
Байланысқа шақырылған мәдениет үйінің басшысы, семсерлердің жаңа болғанын, ешқашан сынбағанын және сол жаңа қалпында берілгендігін жүз қайталап, құдай атымен ант ішті. Күдігі өсе бастаған тергеуші Ришаттың үйіне барып қосымша тергеу жасауды ұйғарды. Бөлім бастығынан рұқсат сұрап, актердің пәтеріне тартты. Ол егде анасымен екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Ришаттың келуін күтіп, Гүлнәр үй ішін көзбен шолды, шкафтың әйнек есігінен бір фото назарына ілінді. Жанына тақап, анасынан бұл Ришаттың әпкесі Рита мен ұлы Ринат екенін біліп алды. Ұлдың бет-әлпеті бұл отбасыға қарағанда, о дүниелік болған Тұрсынға келетінін байқап, іштегі туындаған күдігі ұлғая түсті.
Ришат үйге оралғанда, Гүлнәр өзінің біраз сұрақтарын қойып, нақты жауап алуға тырысты. Актердің айтқандарын жазып алып, шешесінің төлқұжатын қарап көрді. Ол кісі баяғыда өмірден озған жұбайының тегін алмай, өзінің фамилиясында қалған екен. Арнайы уақыт бөлгені үшін рақметін айтып Гүлнәр қаланың шалғай ауданындағы Ританың үйіне аттанды. Жолда папкасындағы файлдардың бірінен, қазаға ұшыраған Тұрсынның суреттерін мұқият қарап шықты.
Рита жұмыстан келгенше подъезде күтіп тұрған ол үйге беттеген ұл баланы жазбай таныды. Жаңағы өзі көрген суреттегі Ританың баласы. Ішінен «бұл айнымаған Тұрсын ғой» деген жас тер­геуші күдікпен балаға тесіле қарай берді. Біраздан соң Рита да кеп қалды. Үйге кіріп, қойылған сұрақтарға қысқа жауап қайтарған ол үнемі інісінің мейірімділігін, адалдығын қоса айта берді.
Рита ханым, куәлігіңізді беріңізші, хаттама үшін мәліметтеріңізді жазып алайын!
Қолына құжаты тиген соң, назарына тегі ілінді.
– Есқараева? Бұл жолдасыңыздың фамилиясы ма?
– Жоқ. Әкемнің фамилиясы.
– Ал бауырыңыздың тегі неге Талап?
– Бір атамыздың есімі әрі лақап аты. Артистерді білесіз ғой.
– Туғанда ол Есқараев болды ма?
– Иә!
Ританың пәтерінен Гүлнәр ары қарай бастарына қасірет түскен қаралы Ақжановтар әулетіне жылжыды.
Қаралы әулет
Үйге толастамай ағылып жатқан көңіл айтушылардан жесірін, бала-шағасын жарты сағатқа жырып алып, олармен ең түпкі бөлмеге беттеді. Алдымен көңіл айтып, ағаның талай спектакльдерін тамашалағанын шын жүректен бөліскен ол, марқұмның әріптестерімен, әсіресе, Ришат Талап мырзамен қарым-қатынасын сұрады. Ешқандай араздықтың, еске аларлықтай дау-жанжалдың өмірі болмағанын, қайта марқұмды барлығы сыйлап, құрметтегені, жастардың оған тек ізет көрсетіп жүргені айтылды. Ришаттың осы үйге келіп, еңіреп, ағам-ау деп зар жылағанын, бүкіл өмір бойы өзін қарыздар, күнәһәр ғып санайтынын, бұлардың оған кешіріммен қарайтындарын да Гүлнәрмен жасырмай бөлісті.
Түнде Гүлнәр, өлім болған жерден алынған куәгерлердің жауаптарын қайта оқып шықты. Олар да екі актердің арасында үлкен ұрыстың, кикілжіңнің ешқашан болмағанын айғақтады. «Сонда егер ол шынымен де қасақана өлтірсе, оның бір-ақ мотиві бар, ол туысы үшін өшін алу» – деп Гүлнәр ішінен байлам жасады. Ал енді бұған дәлелдер керек. Ең басты дәлел генетикалық сараптама жүргізу.

Сараптама
Ертесінде бастығымен гипотезасын бөліскен ол, прокурордан днК-сараптама жасауға рұқсат алуды сұрады.
– Бізде қасақана қылмыс жасал­ғанды дәлелдейтін зат бар, клейленген семсерлер, енді мотивін дәлелдеуге тек днК анализі жетпей жатыр, сонда Ришаттың да тегін ауыстыруының шын себебі анықталады. Ол әпкесінің арын таптап, өз баласын мойындамаған Тұрсыннан кек алуды ойлауы әбден мүмкін. Тіпті секем тудырмас үшін фамилиясын өзгерткен, актер болған соң да Алматыға кетпей, жергілікті театрда қалған. Міне, мен Алматыдағы театрлардан оған шақыру жіберілгендігін ресми сұраныс арқылы білдім.
– Түсініп тұрмын ғой, Гүлнәржан, мен де жазықсыз Жәнібектің сотталып, екі жылға бостандығынан айырылғанын қаламаймын. Бірақ прокурордан днК анализ жасауға рұқсат алу үшін сенің ішкі күмәнің жеткіліксіз. Тек екі адам бір-біріне неге ұқсас деп сұрау салу жара­майды, – деп сөзін кесті бөлімше бас­шысы. – Ал, бірақ саған отбасының көр­шілерінен, таныстарынан, достарынан баланың әкесі туралы мәліметтерді жинастыруға рұқсат бере аламын, сосын соттың мұрағатына кіріп Есқараеваның Ақжановтан әкелікті растауды не алимент төлеуді талап ететін арыздарды іздеп көр.
Ақ батадай қабылданған насихат сөздермен қаруланған жігерлі тергеуші сот мұрағатына соғып, Есқараеваның атынан түскен барлық арыздарды табуға сұраныс берді де, Ришат тұрған үйге барып, көршілерін аралауға кірісті. Ұлдың әкесін білмесе де, көрші-қолаң Ританың тұрмысқа шықпағанынан хабардар екен. Тынымсыз Гүлнәр Ришаттың пәтеріне қайта кіріп, анасынан немересінің әкесі жайлы сұрады. Басында жауаптан жалтаруға тырысқан ол, Гүлнәрдің днК сараптама жүргізетінін естіп, болған жайды енді жасырмады. Шынымен де опат болған Ақжанов қызымен кездесіп тұрған, Рита одан жүкті болғанда оның үйленгенін білмесе керек, ол кезде Тұрсын аса танымал актер да емес-тұғын. Театрдағы қайғылы оқиғада Тұрсынның Ришаттың қолынан мерт болғанын естігенде қартаң әйел шидің неден шыққанын іштей пайымдаған. Баласының қылмысының астарында әпкесі мен жиені үшін кек алу жатқанын да аңғарған, баласына білдіртпесе де, ұлы мен анасы сөзсіз бір-бірін ұғысқан.
Кенжесінің сотталатынына көзі жеткенде байқұс анасы Гүлнәрдің алдында өзін ұстай алмай, жылап жіберді. Тағдырына налып, қылмыскер ұлына аяушылықпен қарауды сұрады. Гүлнәр апаны аяп, жұбатып, ұлына құқық қорғаушы органдарына өз қалауымен келіп, қылмысын мойындауға кеңес берді. Кешке қарай мұрағатқа соққан Гүлнәрға сұранысы өңделгені және Есқараеваның атынан осыдан он төрт жыл бұрын бір арыз түскені айтылды. Ол арыздың көшірмесі қолына берілді. Онда Рита азамат Ақжановты баласының әкесі ретінде танытуын талап еткен.
Келесі күні анасының тілін алған Ришат Талап құзырлы органға өз қалауымен берілді. Ол уақытша қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 24 және 20-баптары бойынша қылмысқа дайындалу және қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деген айып тағылып, іс ашылды. Қылмысын мойындаған ол, бұл әрекетін әулеттің арын таптаған адамға әділетті жаза беру ниетінен туындады деп ақталды.
Бұл іс өш алу құралына айналған семсер атымен, кек семсері деп аталып кетті.

Нұржан Түменов

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...