12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Кеңсе қызметкерлері — саланың тірегі

Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіз елмен бірге жасасып, бірге қалыптасып, бірге түлеген сот жүйесі бүгінде материалдық-техникалық жақтан толық қамтамасыз етілген, рухани жақтан жан-жақты қолдау тапқан мықты құрылымға айналды. Сот жүйесінің ескі қағидалармен өмір сүрмей, жаңаша тыныстауына бар мүмкіндік жасалды. Осы орайда Ұлт Жоспарының қадамын, тәуелсіз сот жүйе­сін қалыптастыру мен жетілдіру бағытында қолға алынған игі бас­тамалардың орындалуы жайында Қарағанды облысы, Шет аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Жағыпарова Сәуле Қанатқызы айтып берген еді.

– Сәуле Қанатқызы, сот саласында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп келесіз.Сот жүйесіне қалай келдіңіз?
– Мен Нұр-Сұлтан (бұрынғы Целиноград) қаласында өмірге келдім, ата-анам Қанат Жағыпаров пен Өрік Төлегенова Шет ауданының тумалары. Ауданымызда қара шаңырақ Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген соң, Арқалық есептік экономикалық техникумында, бухгалтер мамандығын алдым. 1991 жылы 21 жасымда Шет аудандық халық сотында еңбек ете жүріп, Қарағанды қаржы институтында қаржы мамандығын, кейін «Болашақ» университетін «Құқықтану» мамандығы бо­йынша бітіріп диплом алдым. Міне, содан бері 30 жылдан астам уақыт сот саласында, сот отырысының хатшысы, бас маман-сот отырысының хатшысы, одан кейін Қарағанды облысы Соттар әкімшісі бұйрығымен Шет аудандық сотының кеңсе меңгерушісі лауазымына 2018 жылғы 24 қыркүйектен бастап тағайындалдым. Содан бері аудандық соттың кеңсе меңгерушісі болып қызмет етіп келемін.
– Кеңсе қызметін сот жұмысының тылы деп жатамыз. Тылдағы жаңашылдықтарды халық қалай қабылдап жатыр?
– Шет аудандық сотында қызмет еткеніме 30 жылдан асты. Сот – ақ пен қара таразыланатын, ақиқат айтылатын, тура төрелік жасалатын орын. Сот төрелігін атқаруда сот кеңсесінің алатын орны ерекше. Ол сот табалдыры­ғын аттаған азаматтарды ілтипатпен қабылдап, ізетпен қызмет көрсетуден басталады.
Осы салаға жаңа техноло­гиялардың енгізілуі кеңсе жұ­мысын адам танымастай өзгертті. Айналамдағы әріптестерімді айтсам жасы да, үлкені де өз ісінің маманы. Уақытпен санаспай күн демей, түн демей жұмыстамыз. Әлемді дүрлік­тірген коронавирус індеті кезінде карантин шектеулеріне қарамастан қызметімізді тоқтатқан емеспіз. Себебі, адамдар сотқа үмітпен қарайды. Еліміздің сот жүйесінде осы саланың беделін арттырып, қарапайым халықтың үдесінен шығу мақсатында қыруар жұмыстар атқарылғанына куәмін. Өз жұмысымды сү­йемін.
Әрине, сот саласында едәуір қиындықтардың болғаны жасырын емес. Ескі ғимарат, құрал-жабдық­тар талапқа сай болмаған кез де сот отырысының хаттамалары қолмен жазылатын, бір сотта бір машинка, соттың барлық құжаттары сонымен басылатын, жеке кабинет деген болмайтын, бір кабинетте бірнеше маман жұмыс жасап отыратынбыз. Бір сот отырысына қатысу үшін қанша тарап жол жүріп келетін немесе апталап іссапарға шығатынбыз.
Қазір Аллаға шүкір жағдайымыз жақсарды. Заманауи талаптарға сай компьютермен және басқа да құралдармен жабдықталған, жұмыс жасауға толық мүмкіншілік жасалып отыр. Бұл орайда басшылық тарапынан қолдау жоғары. Жаңа технология бұл бағыттағы біраз жұмысты ілгерілетуге септігін тигізді. Соның ішінде, сот отырысы залдарының дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен қамтамасыз етілуі сот хатшыларының жұмысын едәуір жеңілдетті, қағазбастылықтан арылтты. Судьяның таспаны тоқтатуға, редакция­лауға мүмкіндігі жоқ. Бұл судьяларға қатысты негізсіз шағымдардың да жолын кесті. Таспаны кез келген уақытта алып, қайта көруге болатындықтан тараптардың құрылымға деген күмәні сейілді. Қазіргі кезде өзін-өзі толық ақтаған бейнеконференц байланыстың соңы онлайн сот отырысына ұласты.
Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде көптеген салалар қауіпсіздік үшін жұмысын тоқтатқаны белгілі. Осы сындарлы сәтте еліміздің соттары қашықтан іс қарап, қызметтерін бір сәтте кешеуілдетпегеніне халық куә.
Ашық және қолжетімді сот қалыптастырамыз дегенді жиі айтамыз, бұл жолда кеңсе қызметкерлерінің рөлі қандай? Үнемі жергілікті баспасөзбен тығыз жұмыс жасайсыз, өзіңіз қызмет етіп отырған Шет аудандық сотының қызметі туралы да білсек дейміз?
– Сотқа келген азаматтарды бірінші қабылдап, жол көрсететін – кеңсе қызметкерлері. Сондықтан, алғашқы әсер жағымсыз пікір қалыптастыруға негіз болмауы үшін кеңсе мамандары мінсіз жұмыс істеуге міндеттеледі. Сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы – мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талап. Бұл бағыттағы жұмыстар бір мезетке де тоқтаған емес. Сот үрдісіне жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілуі әділ сот пен ел азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуының негізгі кепілі.
Сонымен қатар, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарымен етене жұмыс жасаймыз. Шет аудандық сотының судьялары мен сот қызметкерлерінің журналистер қауымымен байланысы жоғары дер едім.
Қазір сот органдарына талап арыз­дар мен шағымдар, сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мемлекеттік органдардан «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы түсіп, «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеледі. Кіріс-шығыс хат-хабарларды тіркеуден бөлек, сот ісінің қозғалысы, оның рәсімделуі, іс жүргізудің процессуалдық мерзімі, статистикасы, сот мұрағатын қалыптас­тыру, Жоғарғы Соттан келіп түсетін бақылау тапсырмалардың уақытында және сапалы орындалуын қамтамасыз ету секілді уақытпен қатар біліктілікті және ұқыптылық пен өз ісіне деген жауапкершілікті талап ететін жұмысты ұйымдастыру сот кеңсесінің міндеті болып табылады. Осы ретте сот кеңсесі жұмысын өз дәрежесінде ұтымды ұйымдастыра білу – сотқа жүгінушілердің әділ сот төрелігіне деген сенімін қалыптастыратынын ұмытпауымыз керек.
– Азаматтардың заманауи технологияларға үйрене бастағаны рас, осы жаңа өзгерістерді енгізу қиындық келтірген жоқ па?
– Жалпы, кез келген бастаманың бірден жылы қабылданбайтыны белгілі. Жаңалық тиімді, пайдалы екеніне көз жеткенде ғана тұтынушылар саны өседі. Бүгінде «Сот кабинеті» арқылы арыз-шағымын жолдайтындар қатары артып отыр. Ал, мұндай нәтижеге бірден қол жеткізген жоқпыз. Қазіргі таңда сот жүйесінде ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып, арызды беру және тіркеу сатысынан бастап заңды күшіне енген сот актісін орындауға жолдауға дейінгі істердің бәрі электронды форматта орындалатынына назар аударғым келеді. Бұл қағазбастылықтан арылып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кез келген азамат сот қарауының қай сатыда екенін «Сот кабинеті» сервисі арқылы бақылап, сотқа шақырту хабарламарын электронды түрде алып отырады. Электронды сот өндірісін іске қосудың негізгі мақсаты – тұрғындардың сотпен байланысын жеңілдету, олардың өздеріне қолайлы кез келген уақытта сот төрелігіне жүгінуіне жағдай туғызу, сот үрдісінің ашық, айқын жүзеге асып, заң үстемдігін орнату. «Сот кабинетінің» не үшін керектігін, ұтымды жақтарын айтып, пайдалану жолдарын түсіндіру мақсатында біраз жұмыс жүргізілді.
Бүгінде аталмыш жүйе сот органдарының онлайн сервистеріне және көрсететін қызметтеріне қол жеткізетін жалғыз терезе деуге болады. Осы арқылы азамат, оның өкілі немесе адвокаты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден, кеңседен шықпай-ақ, ғаламтор желісі арқылы өтініш пен арызды электрондық түрде жібере алады, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеп, сот құжатын, сондай-ақ, істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығара алады және аталған істің процессуалдық мерзімдерін де қарай алады. Бұл жалпы ауыл тұрғындарының уақытын үнемдеп қана қоймай, ақпаратқа қолжетімділікке де жол ашуда. Осылайша, онлайн сервистерді жаңғырту және сот ісін жүргізуді жеңілдету мәселелері біздің Шет аудандық сотында шешімін табуда. Сот жұмысын сапалы ұйымдастыру – біздің басты мақсатымыз. Бірігіп жасалған жұмыста береке барлығын осыдан-ақ көруге болады.
Осы тұрғыда Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшылығына және Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшылығына алғысымды айтқым келеді. Сот жүйесіне жаңа келген жас мамандарға барлық жағдай жасалып, заман талабына сай жабдықтармен толық қамтылған, тек бірлесіп заң тұрғысында қызмет жасау керек.
Әңгімемнің соңында барлық әріптестерімді «Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен» құттықтай отырып, күн сайын жақындарының назарына, қамқорлығына және сүйіспеншілігіне бөлене берулеріне тілектеспін. Мамандықтарыңыздың нағыз майталманы деген атқа лайық болып, еліміздің сот жүйесін дамытуға белсене атсалысып, ерекше жігермен алға қадам басып, сот төрелігін жүзеге асыруда абырой мен сенімнің биігінен көріне беріңіздер!
– Әңгімеңізге рақмет.

С. Зеберхан

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...