12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӘСІБІНЕ АДАЛ АЗАМАТ

Қазақ журналистикасында ерекше еңбекқорлығымен, өткір ойымен, азаматтық ұстанымымен дараланған Ғалымжан Елшібай өзге әріптестері секілді Алматы, Астанаға ұмтылмады. Қарым-қабілетін, журналистикаға адалдығын туған өңірінде жүріп-ақ дәлелдеді. Ғалымжанды танығаныма отыз жылдан асыпты. Осы жылдар ішінде өмір өзгерді, бірақ Ғалекең өзгермеді. Студент кезінен байқалған көпшілдігі, қарапайымдылығы мен қонақжайлылығы әлі баяғыдай.

Біз əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыдық. Тобымыздың көшін түзеп, барша жақсы істің басында жүретін əріптесіміздің даралығы сол кезден-ақ байқалатын. Ол қолға алған істің орта жолда қалғаны болмайтын. Ол айтқан ұсыныс іске асатын, ол араласқан жұмыс міндетті түрде жақсы нəтиже беретін. Табанды курстасымның оқуды қызыл дипломмен аяқтауы да сол ізденісі мен өзіне деген талапшылдығының жемісі. Ғалымжанның осы қасиеттерін байқаған марқұм ұстазымыз Темірбек Қожакеев шəкіртін ғылым саласынан көргісі келіп, аспирантураға қалуға ұсыныс тастағаны есімізде. Бірақ, еліне еңбек еткісі келген Ғалекең туын туған жерге тікті. Алматы мен Астанадан алыстағысы келмейтін группаластарымыздан оның ерекшелігі де осында. Ең бастысы, Елшібайдың немересі ауылына барып үлкен істер атқарды. Елдік, ұлттық мəселелерде үндемей қалмады. Оның қаламынан шыққан сындарлы, салиқалы мақалалары «Жас алаш», «Егемен Қазақстан» сынды іргелі газеттерде үздіксіз жарияланып жатты. Ғалымжан туабітті журналист. Ол журфакта оқымаса да журналист болар еді. Оқуды сырттай бітірді. Университет партасында бес-ақ ай отырды. Бірақ, оның үздіксіз ізденетіні, білім-білігі сессияда айқын білінетін. Аты аңызға айналған ұстаз, қатаң талап иесі Темірбек Қожакеев Ғалымжанның білімге деген құштарлығын жоғары бағалады. Бұл бағалаудың шапағаты бізге де тиді. Басқа кафедрадағылар қаталдығын айтып, қорқып жүргенде, Қожакеевтің кафедрасына бөлінген 7-8 студент сабақта еркін отыратынбыз. Курстас дос жайлы айтқанда, курс жайлы сөз қозғамау əбестік болар. Университетке жылына бір рет келеміз. Сол бір айда оқып та, емтихан тапсырып та, қыдырып та, отырыс жасап та, бəріне үлгеретінбіз. Былайғы уақытта біртоға көрінетін Ғалекеңнің поэзия десе жанып түсетінін өзгелер білмесе де, біз жақсы білеміз. Ол тек журналист емес, мықты ақын. Жалпы біздің курс өлеңге, əн-жырға жақын болды. Басқосуда өлең оқып, əн салудан бір-біріне дес бермеу бізде бірінші курстан қалыптасқан үрдіс. Курстың ұйымшылдығы керемет. Соның арқасында сыйластығымыз əлі үзілмей келеді. Ал сол достықтың алтын арқауының аласармауына Ғалекеңдей азаматтардың үлесі көп. ҚазҰУ-дың сырттай бөлімін 1998 жылы бітірген түлектер ішінде айтулы журналистер мен танымал қыз-жігіттер жетерлік. Қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тек курсымыздың ғана емес, елдің мақтаныштары болған Ассы Байбатша, Сəуле Маралова, Бейсен Құранбек, өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті (жатқан жерлері жайлы болсын). Сонымен қатар журналистикада айқын қолтаңбасымен көрініп жүрген Айгүл Қапбарова, Ғалымжан Елшібай, Гүлжайнар Сүлейменова, Махмұд Қосмамбетов, Жайнагүл Шойғараева, Шынберген Сүлейменов, Бибігүл Дондағұлова, Алмагүл Серікқали, Мейрамгүл Нығметова, Бақытжан Шымырбаев, Асқар Исақ, Қаншайым Байдəулетова, т.б. бар. 20, 25 жылдық сынды кездесулерді сырттай бітіргендер арасында ҚазҰУ тарихында алғаш рет біздің курс жасады. Мұндай игі істерді 33 жылдан бері журналистика факультетінде еңбек етіп келе жатқан курс тасымыз Махаббат Альмухаметова бастап, қалғандары қостап, ұстаздар, студенттермен есте қаларлықтай кештер ұйымдастырылды.

20 жылдық кездесуде Ғалымжанның жеке демеушілігімен журналистика факультетінің үздік студенттеріне Темірбек Қожакеев атындағы, ал 25 жылдық басқосуда Бейсен Құранбек атындағы бір реттік стипендия берілді. «Жақсының жақсылығын айт» демей ме дана халқымыз, Ғалекең курстастардың қызық-қуанышынан қалмайды. Уақытының жоқтығын сылтау етпей, екі-үш сағатқа болсын келіп, қайта ұшып кеткен кездері аз емес. Тіпті, болмай бара жатса туған күн, той иелерін алдын ала келіп құттықтап кететін əдеті бар. Ғалымжан Елшібай елдік мүддені бəрінен жоғары қояды. Қашан көрсең халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жүреді. Тыңдап қана қоймай, олардың орындалуына, мəселенің шешілуіне бар күш-жігерін салу Ғалымжанның азаматтық ұстанымы. Кезекті бір қоғамдық бақылауда оның Төле би ауданындағы мүгедектігі бар азаматтардың Түркістанды бір көрсек деген өтінішін ескерусіз қалдырмай, армандарын орындағанын басылым бетінен оқып, сүйсіндік. Өз ісінің хас шебері Ғалымжан Түркістан өңірінде жас тілшілерге бағыт-бағдар беріп, олардың шыңдалуына көмектесіп жүрген қамқор аға. Оңтүстікке меншікті тілшілер клубын құрған да осы Ғалекең. Облыстағы Журналистер одағын да басқарды. Оқуға түспей тұрып телеарна тірлігіне араласқан курстасымыз Гүлжайнар Сүлейменованың диплом алу сəтінен жасаған репортажы əлі есімізде. Осы хабарында деканымыз Намазəлі Омашев, өзге де ұстаздармен қатар курстың үздігі Ғалымжанды да сөзге тартқан еді. Сонда Ғалекеңнің қып-қызыл дипломын ұстап тұрып: «Қызыл дипломды алдық, енді оны қып-қызыл еңбекке жұмсайық» дегені есімізде. Оның корректорлықтан басталған еңбек жолы бүгінде облыстық мəслихат депутаттығына жалғасты. Осы екі аралықта Ғалымжан Елшібай қыруар шаруа атқарды, əр уақытта қайнаған тірліктің ортасында жүрді. Көпшілік алдында берген уəдесін орындап, қызыл дипломды ақтады. Біздің қай-қайсысымызды да он орайтын, қып-қызыл еңбек етті. Бəрінен бұрын ол отбасын қадірлеген өнегелі əке, адал жар. «Рау» деп үнемі еркелететін Раушанға қарап, «Əрбір мықты ердің артында ақылды əйел тұрады» деген тұжырымның растығына көз жеткізесің. Қос 25 – Ғалымжан үшін тек бір кезеңнің аяқталып, жаңа асуларға бастайтын баспалдақ қана. Алда талай шығармашылық табыс, биік жетістіктер күтіп тұрғаны анық. Ердің жасы 50-дің белесіне шыққан мерейлі тойың құтты болсын, əріптес! «Заң газеті» ұжымының атынан өзіңе мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз. Қазақ журналистикасының көшін алға жетелеп жүре бер!

Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Сот жүйесінің маңызы

Сот жүйесі – мемлекеттің әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ететін...

Наурыз мейрамының дәстүрлері

Наурыз мерекесі халқымыздың салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Бұл күні көптеген...

Кибербуллинг және жастар арасындағы агрессивті мінез құлық

Кибербуллинг деген не? Ол туралы қандай пікірлер бар? Кибербуллингпен...

Подписан трехсторонний меморандум

Заместитель руководителя департамента Судебной Администрации по ЗападноКазахстанской области Қ....

Новая страница великой истории

Аким Туркестанской области Нуралхан Кушеров обратился к жителям региона,...