Елді өркендеудің өрісті жолына бастау, халықтың әл-ауқатын қамдау – қай уақытта да мемлекеттің өзекті мәселесі, басты бағыты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында мемлекеттің қауқарлы болуы халық пен билік арасындағы алтын көпірдің беріктігінде екенін екшеп, осы орайдағы жұмыстың тиімділігін арттыруға басымдық берді.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Қазақстан халқына жолдауында:
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті» деді.
Мемлекеттік қызметтің зор жауапкершілігін мойнына алып, өзінің білімі мен білігін халыққа қызмет етуге арнаймын деп бел буып келген әр маман таза кабинеттегі қызметін мақтаныш көрмей, мансабының жоғарылауын ғана көксемей, алдымен халыққа қандай пайдам тиді, қандай нәтижелі іс тындырдым деп өз-өзіне есеп беруі қажет. Жергілікті билік органдары жұмысының сапасы құрғақ цифрлардан емес, тұрғындардың тұрмыс жағдайы, олардың мемлекетке қалтқысыз сенімінен көрінеді.
Жекелеген қызметшілердің жұмыс сапасы, ар-абыройы, жауапкершілігі құрала келіп, мемлекеттік қызметтің жалпы келбетін сипаттайды. Сондықтан бұған сарабдал көзқарас, сұңғыла шешіммен жөн сілтеген дұрыс.
Заң мен талаптардың, халық сенімінің үдесінен, сауаттылық пен сапалылықтың сүзбесінен өте алмай қалған қызметші өзіне қолайлы басқа орынды іздегені абзал. Ал ел игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мемлекеттік қызметшінің маңдай терінің өтемі материалдық тұрғыдан қомақты болатыны құптарлық.
Мәселен, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы 35 жергілікті мемлекеттік органда 1218 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр. Бос орындарға маман тартудағы конкурстар ашық түрде, заң талаптарына сай өтеді. Меритократиялық қоғам орнатудағы жемісті қадамдар баршылық.
Меритократия ұғымы латын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «лайықтылар билігі» деген мағынаны береді. Демек, ешқандай тамыр-таныссыз, бармақ басты, көз қыстыдан ада, тек білімі мен тәжірибесі үйлескен, еңбекқор, адал жандар еркін бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстай алады деген сөз.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс өтілін қатардағы маманнан бастап, біртіндеп сатылай көтерілу арқылы үлкен лауазымдарға қол жеткізе алады. Әрине, бұл жерде жеке адамның қарым-қабілеті, ынтасы, алыстағыны көздеп, қолдағы барды ұқсата білетін іскерлігі басты орында.
Мемлекеттік қызметке білімді, отаншыл, жаңашыл жастардың көптеп тартылуы жұмыс барысын барынша оңтайландырып, халық сенімін еселей түсері сөзсіз.
Туған халқына қызмет ету, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың асыл мұраты екенінде дау жоқ. Ал мемлекеттік қызметші деген мәртебелі міндетті арқалаған маманның жауапкершілігі тіпті зор. Ісіне ыждаһатпен, жанашырлықпен, тереңдікпен қараған қызметші әрдайым ел-жұрттың ризашылығын алып, атақты емес, абыройлы болуды ойласа, тұтас жүйенің беделі биіктейді. Елге қызмет етіп, еңбектің жемісін халықтың жайдары жүзінен көру бақыты, пайымдай білгенге мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосылған үлес екені анық.
Реформалардың табысты болуы және соның нәтижесінде халықтың игілігінің өсуі оларды іске асыратындарға және олардың орындалу барысын бақылайтындарға тікелей байланысты.
Қазіргі жағдайда мемлекеттік қызметшілерге тиімділік, бейімділік, нәтижеге бағдарлану және қоғамның сұраныстарына жедел ден қою бөлігінде қойылатын талаптар арттырылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің
2021 жылғы 26 ақпандағы № 522 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы: «Ең алдымен адамдар» — «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыруды іске асыру да мемлекеттік қызметшілердің құзырет деңгейіне аса талапшылдық танытып отыр.
Мемлекеттік қызметке қажетті құзыреті бар адамдарды тарту үшін меритократия қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің «позициялық» моделін енгізу ұсынылды.
Іріктеу рәсімдерін одан әрі жетілдіру кезінде, оның ішінде жұртшылық пен сарапшыларды тарта отырып, кандидаттарды бағалаудың озық әдістерін енгізу есебінен кандидаттардың кәсіби және жеке бас құзыреттеріне баса назар аудару қажет.
Іріктеу рәсімінің ашықтығы пен объективтілігі оны цифрландыру арқылы, ал әңгімелесу кезеңі сұхбатты комиссияның тәуелсіз мүшелерінің қатысуымен онлайн-режимде ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа құндылықтары мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару процестерін мемлекеттік қызметшілерді іріктеу кезеңінде ғана емес, олардың жұмысының тиімділігін бағалау кезінде де одан әрі жетілдіру үшін толассыз бағдарға айналуға тиіс. Бағалау жүйесі жаңа құндылық тұғырларына сай келетін қызметкерлерді анықтауға, ұстауға және көтермелеуге бағытталуы тиіс.
Мемлекеттік аппаратта жұмыс істеудің тартымдылығы әлеуметтік пакетті қайта қарау есебінен де артады.
Мемлекеттік органдардың қажеттіліктеріне озара тығыз байланыста білімін, дағдылары мен икемділігін үздіксіз арттыру мемлекеттік қызметшілер үшін негізгі қағидат болуға тиіс.
Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдетуге, бюрократияны қысқартуға және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізуге бағытталған жаңашылдықтар енгізілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығына сәйкес 2024 жылғы 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде алғаш рет кадрлық резервтерге іріктеу жүргізілді. Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.
Алматы қаласының өңірлік резервіне іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, цифрландыру және экология салалық бағыттары аясында жүзеге асырылды. Іріктеу қорытындысы бойынша Алматы қаласының өңірлік кадр резервіне 30 адам қабылданды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия бекіткен іріктеу жүргізілмей, өңірлік резервтерге алынуға жататын кандидаттардың тізіміне енгізілген Президенттік жастар кадр резервіндегі 6 кандидат өңірлік резервке алу туралы өтініштері негізінде іріктеу жүргізілмей Алматы қаласының өңірлік резервіне алынған санына қосымша алынды. Қазіргі уақытта, Алматы қаласының өңірлік кадр резервінде 36 резервші бар. Өңірлік кадрлық резервіне алынған адамдардың үшеуі Алматы қаласының, ал біреуі Түркістан обласының жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналасты, осы бағыт бойынша іс-шаралар жалғасуда.
Сонымен қатар, Президенттік жастар кадр резервін құру дарынды жастарға әлеуметтік лифт қамтамасыз ете отырып, таланттарды басқарудағы негізгі бағыттардың біріне айналды.
Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру тәжірибесін одан әрі жалғастыруға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Агенттікпен резервшілерді жұмысқа орналастыру тиімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
Аталған жұмыстың аясында резервшілерді жұмысқа тартумен қоса, оларды қызметінен мансаптық ілгерілетуінің маңыздылығы ескеріледі.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша 4 адам мемлекетік лауазымдарға тағайындалған, 2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласынан Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 20 резервші басқа салаларда қызмет атқаруда.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Мемлекеттік қызметтің жаңа миссиясы ел азаматтарының қажеттіліктеріне назар аудара отырып, мемлекеттік қызметшінің келбетіне қойылатын талаптарды қалыптастырады». Бұл — өз Отанына деген адалдық, ел мүддесі үшін құрбандық пен батылдыққа дайын болу. Демек мектепте, жастар ортасында мемлекеттік қызметті атқару қандай екенін насихаттау шаралары жалпы қоғамда патриоттық тәрбиеге ықпал етеді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы қаласы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет басқармасының
бас маманы Ж. Кульбаева