Қазақтың бұрынғы заңдарының қай-қайсысын қарасаңыз да тамырын ізгіліктен алған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысында кез-келген даудың түйіні татуласу арқылы, келісімге келіп қол алысу арқылы түйінделген. Мұның астарында ел ынтымағын сақтау, ағайынның арасына іріткі салмау мақсаты жатқаны түсінікті. Өйткені, дауласқан тараптардың сөзге келетіні, бет жыртысатыны, араздасатыны белгілі. Ұрысқан ортадан ырыс қашады, татулық болмайды. Дала заңы сан ғасыр бойы тыныштықтың шырақшысы болып келді. Ал 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң осы дала заңының жалғасы іспеттес.
Бұл заң алғаш қолданысқа енгізілгенде оның маңызын, мақсатын түсінгендер аз болды. Содан болар, медиатордың қызметіне, медиацияның маңызына қатысты сауалдар жиі қойылатын. Бірақ, жаңа бастаманы таныстыру, жолға қою бойынша жүргізілген кең ауқымды шаралардың нәтижесінде медиацияның тиімділігіне көпшіліктің көзі жете бастады. Бүгінде тараптар дауды сотқа жеткізбей шешудің ыңғайлы, пайдалы екенін өз тәжірибесінде көріп жүр.
Медиацияны дамыту, ілгерілету мақсатында қолға алынған жұмыстар нәтижесіз емес. Дауды сотқа дейін және сотта татуластыру арқылы шешу тәртібі заңмен бекітіліп, медиацияны жүзеге асырушылар қатары артты. Тараптарды татуластырып, дауды ортақ мәмілемен реттеуге енді медиаторлардан бөлек, ауыл ақсақалдары, Билер кеңесі, адвокаттар, татуластырушы-судьялар да араласа бастады. Жоғарғы Сот тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалардың, меморандумдардың да медиацияның дамуына тигізер ықпалы зор.
Десек те, медиацияның пайдасын, дауды сотқа жеткізбей шешудің тиімділігін насихаттау бір сәт те тоқтамауы керек. Ең алдымен бұл байырғы бабаларымыз жол көрсетіп кеткендей елдегі даукестікті жою үшін, халықтың ауызбіршілігін сақтау үшін керек. Екіншіден, дауды медиациямен шешу тараптардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді. Азаматтардың бел шешіп жұмыс істеп, табыс табар тұста соттасып, жүйкесін тоздырып жүруі жақсылықтың нышаны емес. Үшіншіден, медиация сот жүктемесін төмендетуге, судьялардың зейінін күрделі істерге аударуына көмектеседі.
Әрине, медиацияның маңызын түсінбейтін азаматтардың дауды тек сот қарауына ұсынуы қалыпты жағдай. Халықтың мәселені жұдырықпен шешпей, заңды жолмен шешуге талпынуы қоғамда құқықтық сауаттың өскенін білдіреді. Дегенмен, мәселені мәмілемен бітіруге кепіл болар медиацияның артықшылықтарын әрқашан айтып отыру парыз. Соның ішінде медиацияның негізгі басымдықтарына тоқталмай кету мүмкін емес. Біріншіден — еріктілік. Медиацияға тараптар өз еркімен барады, медиаторды да өз қалауымен таңдайды. Сәйкесінше екі жақ медиациядан кез келген кезеңде бас тартуға құқылы.
Екінші басымдық — медиация тараптарының тең құқылығы. Медиациялық келісім жасағанда екі жақтың құқығы бірдей. Олар медиаторды, медиация тәртібін, ондағы өз ұстанымын, оны қорғаудың әдістері мен құралдарын таңдауда, ақпаратты алуда теңдей құзыретке ие. Бұл да медиацияны таңдауға түрткі болар басты себеп.
Үшінші басымдық — дауды қарайтын медиатор тәуелсіз және екі тарапқа да бейтарап тұлға болады. Медиацияны жүргізу барысында медиатор тараптарға, мемлекеттік органдарға, басқа заңды, лауазымды және жеке тұлғаларға тәуелді болмайды. Екі жаққа да бейтарап болғандықтан медиатор екі жақты тең тыңдап, екі тараптың да мүддесін ескеріп, олардың келісімге тең қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Медиациядағы бір бір артықшылық — құпияның сақталуында.
Медиация қатысушыларының дауды қарау барысында өздеріне мәлім болған мәліметтерді жариялауға құқысы жоқ. Ол тек ақпарат берген адамның жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады. Құпияны сақтамағандарға әкімшілік жауаптылық көзделген. Сондай-ақ, медиаторды да өзіне мәлім болған мәліметтер бойынша куәгерлікке тартуға, тергеуге алуға болмайды.
Осындай басымдыққа ие болғандықтан, кейінгі кезде дауласып келген азаматтардың татуласу арқылы тарқасатыны жиі байқалады. Бұл құптарлық жағдай. Бейбітшіліктің бесігі болған елімізде келіспеушіліктің бәрі бітіммен бітсе нұр үстіне нұр болмақ.
Жанар Есембаева,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы