12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Кәмшат САДУАҚАСОВА, Қызылорда облысы, Арал аудандық сотының төрағасы: «ЖҰМЫСТЫҢ АЛҒА БАСУЫ ҰЖЫМНЫҢ БІРЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

– Аудандық соттардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Үлкен мінберлерде айтылып, көрсетілетін заманауи игіліктерден шет қалған жоқ па?

– Еліміздің сот жүйесі үшін соңғы жылдар тынымсыз ізденістер мен батыл бетбұрыстарға толы болды. Сот жұмысын ілгерілету мақсатында түрлі пилоттық жобалар, заңнамалық жаңашылдықтар, сондай-ақ, заманауи электронды технологиялық жаңалықтар енгізілді. Барлық сотқа қойылатын талап – бір, мақсат – ортақ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», алға қойған міндеттерді ынтымақ, бірлікпен атқарып отырған отындық соттың жеткен жетістіктері көпшіліктің көз алдында. Оны айқайлап айтып, жарқыратып жарнамасын жасамай-ақ сотқа келген азаматтардың өзі де көріп, біліп отыр. «Көрініп тұрған істі сөзбен суреттеудің керегі жоқ» дейді әйгілі философ Цицерон. Сол айтпақшы, сот саласындағы жүргізілген реформаларға баға беру үшін сот жұмысын көру жеткілікті. Бүгінде сот қызметін ашық, жедел, қолжетімді ету мақсатында енгізілген заманауи технологиялар, сонымен қатар, сот жүктемесін оңтайландыру мен дауларды соттан тыс реттеуді жетілдіруге бағытталған жобалар республика соттарында жүйелі жүзеге асып, халық игілігіне қызмет көрсетуде. Сот жүйесіндегі әрбір жаңашыл бастама ел соттарында ортақ жүзеге асырылатындықтан, үлкен мінберлерде айтылып жүрген жетістіктер мен заманауи игіліктерден аймақтағы соттардың шет қалуы мүмкін емес дер едім.

– Әлемдік пандемия кезінде өзге салалар жұмысы тығырыққа тіреліп, біршама ақсап қалды. Бірақ, жаңа технология жетістіктерінің арқасында отандық соттар жұмыс ырғағынан жаңылған жоқ. Жалпы, аудан халқы сот істерінің қашықтан қаралуын қалай қабылдады?

– Иә, дұрыс айтасыз, жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия кезінде ел басына ауыр күн туды. Қаншама жерлесімізден, жақындарымыз бен туыстарымыздан айырылдық. Дейтұрғанмен, қауіпті дерттің кең тараған кезінде де, ел ішінде дау-дамай тоқтаған жоқ. Сондықтан, мұндай ел басына күн туған кезде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы сот төрелігін қашықтан атқаруға көшу болды. Ежелгі грек ойшылы Платон айтпақшы «Жақсы бастама – жарты жұмыс». Сындарлы сәттен сүрінбей өтуіміз осы жақсы бастамалардың жемісі. Негізінен, жұмысты қашықтан жүргізуге көшу судьялар үшін аса таңсық дүние болған жоқ. Себебі, бұған дейін де «Е-СОТ» жобасы аясында сот отырыстарына сырттай қатысуға мүмкіндік берілген болатын. Соған орай жаңашылдықты тәжірибеге қосу мақсатында «TrueConf» мобильді қосымшасының көмегімен біршама істерді онлайн режимде қарап келгенбіз. Пандемия кезінде осы жаңашылдық ерттеулі тұлпардай уақыт үдесінен шыға білді. Сондықтан, істерді қашықтықтан жүргізуге машықтанған сот қызметкерлері үшін жаңа өзгеріске бейімделу үлкен қиындық туғызбады. Әрине, заманауи технология жетістіктерінен хабары жоқ, сот түгілі, жақындарымен онлайн сөйлесіп көрмеген азаматтарға жаңа өзгеріске бейімделуі оңай болды дей алмаймыз. Басында интернет жылдамдығының төмендігін, байланыстың нашарлығын айтып, онлайн сотқа қатысуды қолдан қиындатқандар да жоқ емес. Бірақ, қашықтан іс жүргізу сот пен судьяның игілігінен бұрын, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынғанына көзі жеткен соң халық бастаманы толық қолдады. Аудан тұрғындарына онлайн сот барынша тиімді. Себебі, халық сот отырысына қатысамын деп аудан орталығына келмегендіктен ақшасын да, уақытын да үнемдейді. Әуре-сарсаңды азайтып, көпшіліктің көңілінен шыққан соң жобаның да өміршең болары күмәнсіз.

– Арал аудандық сотының көптеген игі шараларға мұрындық болғанын көріп, сүйсініп отырамыз. Аталған өңірде заңның сақталуы қалай? Қандай істер көп қаралады?

– Әрбір жаңашылдық, заңнамадағы өзгерістер, жобалар көпшілікке түсіндіріліп, назарларына жеткізілгеннен кейін барып жүзеге асатындығы белгілі. Осыған орай, жаңашылдықтарды тиімді жүзеге асыру бағыттарын, оның халыққа берері мен нәтижесін барынша жеткізуге тырысамыз. Сол секілді белгілі бір қылмыстарға, әкімшілік құқық бұзушылықтарға заңнамалық жауапкершіліктің қатаңдатылғаны жайында да ақпараттандыру шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. Өйткені, елдегі қауіпсіздікті сақтап, қылмыстың алдын алу осы түсіндіру жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуіне тікелей байланысты. Азаматтар құқықтық сауатының төмендігінен сергелдеңге түсіп, сан соғып қалып жатады. Тұрғындармен жиі қабылдаулар өткізіп, құзырлы орындармен бірігіп кездесулер ұйымдастыру, сұрақтарға жедел, бүкпесіз жауап беру – халық пен сот арасындағы байланысты нығайтады. Осы арқылы қарапайым халық өз дауысын, өз базынасын соттың еститінін біледі. Бұл сенімді нығайтудың басты критерийі. Үнді елінің қоғам қайраткері Махатма Гандидің «Шын жүректен жасалмаған жұмыс қызмет көрсетушіге де, қызмет алушыға да қуаныш сыйламайды» деген тағылымды сөзі бар. Қызмет көптің көңілінен шықсын десек, оны жүрекпен, шын ниетпен атқару маңызды. Сүйсініп, құлшынып жасалған жұмыс қашан да жұрттың жоғары бағасын алады. Оған іс барысында үнемі көз жеткізіп жүрміз. Енді қандай істер көп қаралады деген сауалға келер болсақ, жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – көлікті мас күйінде басқару жағдайларының тыйылмауы дер едім. Бұл өте алаңдатарлық мәселе. 2020 жылы кейбір қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жаза күшейтілді. Солардың қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (көлікті масаң күйде басқарғандарға жауаптылықты көздейтін) 608-бабы. Оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жауаптылық түрлері қатаңдатылды. Бұған дейін жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқарғандар жүргізуші куәлігінен үшжыл мерзімге айыруға әкеп соқса, бүгінде он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Мас күйінде рульге отырған жүргізушіге тағайындалатын жаза қатаң болғанына қарамастан, өкінішке қарай, әлі күнге дейін ішімдік ішіп көлік жүргізетіндер саны азаймай отыр. Мәселен, Арал аудандық сотында өткен жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 68 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, осы жылдың 6 айында 43 азамат осындай жауапкершілік арқалады. Сотта қаралатын азаматтық істер жайлы да айтып өтсек, олардың басым көпшілігін келісімшарт қатынастарынан туындайтын және некені бұзу туралы отбасылық даулар құрайды. Заман дамыған сайын дау-жанжалдардың да түрі көбеюде. Соның ішінде қарыз беріп, өз ақшасын ала алмай жүргендерді көп кездестіруге болады. Қарызға ақша немесе басқалай зат алған адамға оны қайтару туралы белгілі бір міндеттеменің жүктелетіні белгілі. Алайда, мұндай даулардың артуы азаматтардың тиісті міндеттемені орындауға немқұрайлы қарауынан және де оны орындауға асықпайтындарынан, айналып келгенде жауапкершіліктің жоқтығынан деп санаймын. Некені бұзуға арызданатындардың көбісі жастар, солардың 80-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше балалары бар. Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін, енді бірі әйелін кінәлап жатады. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де жетерлік. Енді бірі күйеуінің ішімдікке әуестігін, тұрақты жұмыс істемейтінін алға тартады. Соттасудың оңай болып кеткені соншалық, тіпті, «күйеуімді қорқытып алайын деп едім», – деп талап қоятындар да кездеседі. Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше, татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ерлі-зайыптылар ашу үстінде асығыс шешім қабылдамас үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Райынан қайтпауға бел буып келген кейбір жандар судьяның шеберлігі мен парасаттылығының арқасында бейбіт шешімге келіп, табысып та жататындар баршылық. Мұндай шаралар, әрине, бізді қуантады. «Отан отбасынан басталады» десек, әрбір жанұяның жарасымды тірлігі, мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі деуге толық негіз бар. Бұл мәселеде соттардың еңбегі ерен екенін айтқан жөн.

– Жұмыстың алға басуы ұжымның бірлігіне, әр қызметкердің біліміне тікелей байланысты. Судьялардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, мамандардың жұмысын жандандыруға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Дұрыс айтасыз, «Бірлігі мықты ел бұзылмас» демекші, ұжымның бірлігі, татулығы, ауызбіршілігі ең басты мәселе. Онсыз жұмыстың алға баспайтыны, қарапайым тілмен айтқанда, көштің ұзаққа бармасы анық. Осы орайда, біздің Арал аудандық соты ұжымының бірлігі мен татулығы, кәсібилігі ауыз толтыра айтарлық. Сот қызметкерлерінің басым көпшілігі көп жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибелі, білікті мамандардан құралған. Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік қызметші заман ағымынан қалмауға, тіпті, озық жүруге ынталы, кәсіби біліктілігі өте жоғары, өз ісін жетік білетін бәсекеге қабілетті маман болуы шарт. Сондықтан да, мамандардың жұмысын жандандыру, судьялардың кәсіби шеберлігін шыңдау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Судьялардың, сонымен бірге, сот қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында облыстық соттың оқу орталығында жұмыс жоспарына сай, ұдайы түрде семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, қызметкерлер біліктілігін арттыру курстарынан, тағылымдамалардан өтеді. Ал тәжірибені шыңдаудағы, біліктілікті көтерудегі ең мықты мектеп – өзінің ортасы, ұжымы. Соған орай, аудандық сотта жиын, басқосулар жиі ұйымдастырылып, шеберлік сағаттары тұрақты өтіп тұрады. Ардагер судьялармен арадағы байланысымыз да жақсы. Өмірден көрген, түйгені мол ардагер аға, апаларымыздан үйренгеніміз аз емес. Белгілі жазушы Н.Гоголь: «Өзгелерді оқыта жүріп, өзің де көп үйренесің» деген екен. Сол айтпақшы, мұндай шеберлік сыныптарының пайдасы орасан.

– Қазақылықтың қаймағы саналатын ауданда даукестікті төмендету үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Жалпы, аудан халқының ақсақалдар сөзіне көзқарасы қалай, көпшілік бітімге келуге бейіл ме?

– Бабаларымыздың игі дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында еліміздің әр өңірінде Билер кеңесі құрылғаны белгілі. Арал ауданы да мұндай игі шарадан қалыс қалған жоқ. Қара қылды қақ жарған бабаларымыздың жолын ұстанатын Билер кеңесіне осы өңірдің сөздері өтімді, білімді, көпке сыйлы ардагер-ақсақалдары сайланды. Бүгінде өмірлік тәжірибесі мол Билер кеңесінің мүшелері тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерімен даулардың ымырамен шешілуіне себепші болып келеді. Дау-дамайды соттан тыс шешуге машықтанған медиаторлардың да жұмысы бір жүйеге түсіп, ел арасында сот шешімінсіз шешілген дау-жанжалдардың көрсеткіші артып келеді. Аудандық сотта дауларды соттан тыс реттеу тәсілдерін жетілдіре түсу мақсатында медиаторлардың, Билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел, семинарлар өткізіледі. Жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде Билер кеңесі, медиация тақырыптарында түсіндірме мақала, сондай-ақ, бітіммен аяқталған істер туралы ақпараттар ұдайы жарияланып келеді. Сөз орайы келгенде айтып өтейін, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөз құдіретімен жүз бен ру арасындағы алауыздықты жойып, парасаттылық пен ынтымақ-бірлікке ұйыстыра білгені тарихымыздан белгілі. Жақында аудандық сот ғимаратының алдынан осы үш ұлы биімізге арналған еңселі ескерткіш қойылды. Ондағы мақсат – тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірлерін өскелең ұрпаққа үлгі ету болды.

– Халықпен жиі кездесіп, үнемі қоғамдық қабылдаулар өткізетініңізді көріп жүрміз. Сондай кездесулерде азаматтар қандай мәселеге көп шағымданады, жұртшылық тарапынан ұсыныс, пікірлер түсе ме?

– Халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау секілді шаралар құқықтық көмек көрсету, сот жүйесіне сенім деңгейін көтеру, қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ, сала жұмысындағы жаңашылдықтарды жеткізу мақсатын көздейді. Азаматтар бұзылған құқықтары, толғандырып жүрген мәселелері жайында сауалдарын қойып, заң тұрғысынан берілген жауаптарын алып жатады. Даулы істер бойынша cот шешімімен келіспейтін немесе шығарылған шешімді әділ емес деп санайтын жағдайлардың болатыны жасырын емес. Осындай мәселемен келген азаматтарға, сот актісіне өз келіспеушіліктерін заңмен белгіленген тәртіп бойынша шағымдану арқылы білдіру керектігін барынша түсіндіруге тырысамыз. «Сырт көз сыншы» дегендей, жақсыға да, жаманға да баға беретін – халық. Осындай кездесулер кезінде, аудандық сотта қызмет атқарып жатқан судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысына оң бағасын беретіндер көп. Мұндай мақтау сөздерді естігенде қуанып қалатынымыз жасырын емес.

– Әкімшілік әділеттің бүгінгі жағдайына тоқталсаңыз, жарияқұқықтық дауларда азаматтар өз мүддесін қорғай алып жүр ме?

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жұмыс істейді. Жария-құқықтық саладағы даулар осы жаңа заңнама аясында қаралып келеді. Заңдағы әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу. Бұрындары мұндай даулар тараптардың тең құқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралатын. Содан да болар, азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болатын. Ал, жаңа заңнама жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуына барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Олай дейтінім, жария-құқықтық дауларды қараудағы соттың белсенді рөлі қағидаты судьяға бұл салада істі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, даудың мән-жайын анықтауға мол мүмкіндік берсе, заңмен мемлекеттік органдарға өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беру міндетінің жүктелуі азаматтардың теңсіздік ахуалында қалып қоюының алдын алып, қабылданған әкімшілік актінің негізділігін айқындауға сеп болып отыр. Заңнамадағы процестік мәжбүрлеу шаралары болса, процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Ондағы процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтындарға белгілі бір мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану, процеске қатысушыларды процестік міндеттерді дәлме-дәл сақтауына итермелейді. Ал, дауларды шешудің тиімді құралына айналған татуластыру рәсімдері дау тараптарына дауды келісім арқылы реттеуге мүмкіндік береді. Арал аудандық сотында жыл басынан бері жария-құқықтық даулардан туындаған 8 әкімшілік іс қаралса, соның барлығы тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуларымен аяқталды. Сcоттың белсенді рөлі, процестік мәжбүрлеу шаралары, дәлелдеу міндеті, сот бақылауы, татуластыру рәсімдері сынды жаңа заңнаманың жаңашыл қағидаттары әділдік іздеп сотқа жүгінген азаматтарға да, әкімшілік істі қарайтын судьяға да осы аз ғана уақыт ішінде өз тиімділігін көрсетіп үлгерді.

– Президенттің биылғы жолдауында сот саласына айрықша назар аударылды. Осы тапсырма, міндеттерге байланысты ойыңызды білсек.

– Мемлекет басшысы кешегі жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажеттігін, осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеу, олардың жоғары білікті, жемқорлықтан таза болуын қатаң айтты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида қазының ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керектігін білдіреді. Сондықтан, Президентіміздің қойып отырған міндеттерін толықтай қолдаймын. Судьялардың қайтадан жасақталып, солардың ішінен тек өз саласын жетік білетіндер, сыбайлас жемқорлыққа төзбейтіндер сұрыпталып жатса, заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылатыны сөзсіз.

– Сіздің ойыңызша, сот корпусына мықты мамандарды тарту үшін не істеу керек?

– Мемлекет басшысы жолдауында осы мәселеге баса назар аударып, сот саласына мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдайды жақсартуды тапсырды. Расымен де, салаға мықты мамандарды тарту үшін тиісті ынталандырулар мен жағдайлар жасалуы қажет. Лайықты еңбекақы, соттардың жұмысын талапқа сай материалдық-техникалық жарақтандыру, сондай-ақ, судьяларға түсетін жүктемені біртіндеп азайту және олардың тәуелсіздігін арттыру кезек күттірмейді. Мемлекет басшысының мұндай ұсынысы сот жүйесінің жаңаша бағытта қалыптасуына, әділдік жолының жаңғыруына ықпал етері анық. – Жолдауда судьяларды теңестіру, кейбір соттардан төраға лауазымын алып тастау туралы айтылды. Жалпы, төрағасыз сот жұмысын жүргізу, ұжымды басқару мүмкін бе? – Судьяларды теңестіру туралы шешімді өз басым толық құптаймын. Сот төрелігінің әділдігі кез келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады. Ал, оны жүзеге асыратын басты тұлға – судья. Судья сот төрелігін жүзеге асыруда ешкімге жалтақтамай, тәуелсіз болуы шарт. Сондықтан, судья осы жолда тәуелді болуы мүмкін деген көмескіліктер толық жойылғаны дұрыс. Төрағасыз сот жұмысын жүргізу, ұжымды басқару мүмкін бе деген сауалыңызға келсем, оның да жаңаша заңнамалық бағыты белгіленетін болады деп ойлаймын.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге үлкен рақмет.

А.САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: қанша отбасы жаңа баспанаға ие болды?

Су тасқынынан кейін 202 қазақстандық отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтер алды.

Әділет вице-министрі Бишімбаевты мерзімінен бұрын босату шарттарын атады

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін тойлаудан тағы бас тартты

17 мамыр – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы бұл күнді қалай өткізуді жоспарлап отыр?

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы әкімі қызметінен босатылды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды.

ҰБТ-ға қанша қазақстандық қатысады?

Бүгін Қазақстанда 2024 жылғы негізгі ҰБТ басталды. 180 мыңнан аса түлек тестілеуге қатысуға ниет білдірген, әрқайсында екі мүмкіндік болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасилов мәлімдеді.