spot_img
spot_img

Көлеңке

 Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

  • Нариман, маған келіп кетші, — деген генерал Досов ағамның телефондағы дауысын естігенде ұшып кете жаздадым. Бұл кісі жай анау-мынау генерал емес МВД деп қысқартып айтатын Ішкі істер министрі. Ал, мен болсам көкбазардың түбіндегі тоғыз қабат көк әйнекті үйдегі көп журналистің бірімін. Министр отыратын Дзержинский көшесіндегі сұр үйге әп-сәтте жетіп бардым.

Бұл министр – менің әкемнің соғыста қайтыс болған Дос бауырының жалғыз ұлы. Интернатта, Ресейдегі әскери училищеде, институтта оқып, шетте өсті. Иығына пагон тағып, өмір бойы осы салада істеп, міне министр болғалы үшінші жылға ауды, атағы дүркіреп тұр.

Қабылдау бөлмесіндегі төзіммен кезек күткен сандаған генерал, полковниктерді бір-бірлеп тез қабылдап, шығарып жіберді.

  • Әкең-шешең қалай, барып тұрасың ба? Алматыға көшіп келмей ме? – деп министр ағам жаймашуақ қарсы алды. – Көкеме барып сәлем беріп қайтайық бір жексенбіде – деп, алдындағы күнтізбесін ақтарып күнін белгілеп те қойды. Үні біртүрлі мәнерлі, мағыналы естіледі.
  • Нариман, бізге қызметке екі мәрте шақырып едім, ат тоныңды ала қашып келмедің. Бүгін сенің қайта-қайта сұрап қоймаған өтінішіңді орындайын деп отырмын. Бірақ сен мұны жазып жүрме, тіс жарып жан баласына айтушы болма. Түсіндің бе! Кәне, уәдеңді бер. Дұрыс. Бізде тәртіп қатал өзің білесің. Жаналғыш дегендердің қандай болатынын көзіңмен көресің. Шыңғысхан кінәліні бүктеп, беломыртқасын күтірлетіп сындырып жіберетін болған. Иван Грозный деген патша мұзға ойық жасаттырып, соған қол-аяғын байлап тірідей тастатып отырған. Гитлер қанышер тұтқындарды топ-тобымен кремоторийге айдап апарып, өртеткен. Ресейде ауыр қылмыскерлерді  бүкіл елдің алдында дарға асқан. Ал, бізде басқаша. Қорықпай-ақ қой, көзің бағжиып кетті. Жүр, қане, қазір көрсетейін, — деп орнынан жеңіл көтеріліп, мені бастап алға түсті.

Сарт-сұрт ертіп жүрген кезінде жаяу адам ілесе алмайды, бөкеңдеп желіп отырасың. Өзі де көркем, сымбатты. Әсіресе толқын-толқын шаштары көзге қандай әсем шалынады.  Орысша, қазақша мүдірмей сөйлегендегі шешендігін айтыңыз. Көп оқыған-тоқыған тұңғиық терең білімдарлығы қандай десеңізші! Мекеме үйінің іші ұзын, бұлың-бұлың.

Лифтімен төмен сырғып келеміз. Бес қабат жер астына түстік-ау. Бұл сұр үйдің үсті алты қабат.

Ауыр қара шойын қақпа ашылып, темір торланған сол дарбаза алдында тұрған екі қарауыл милиционер қолдарын сарт-сұрт шекелеріне апарып, сіресіп, естері шықты.

Шені үлкені бізді бастап шамдары күңгірт жанған ұзын дәлізбен алып жүрді.

Шылдыр-шылдыр еткізіп тағы бір есікті кілтпен ашып, кең залға кіргізді.

Бүйірдегі есіктен ұзын бойлы сержант сарт-сұрт шығып:

  • Жолдас генерал! Тапсырманы орындауға рұқсат етіңіз, — деп рапорт берді.
  • Орындаңыз!

Ағамның даусы гүрілдеп, күркіреп шығады. Жалпы генерал біткеннің дауыстары  қаһарлы әрі жуан, салмақты.

  • Құп болады! – деп сержант қалт бұрылып, жаңағы өзі шыққан кабинетке кіріп кетті.

Біз келген есіктен тағы үшеу кірді де, министрді көре сала сымдай тартылып тұра қалды. Шені үлкені:

  • Жолдас генерал, бүгінгі операцияны атқаруға прокурор, дәрігер толық дайын. Операцияны өткізу бастығы капитан Мелдешов – деді орысшалап.
  • Дәрігер халатыңыз қайда?
  • Міне, жолдас генерал, сөмкемде – деп көзілдірікті дәрігер дереу қолындағы үлкен портфелінен ақ халатын алып киді.

Анадай жердегі қабырғаға ілінген үлкен сағат тілі 11-00-ді көрсеткенде зіңгіттей ірі екі сақшы қолдары артына қайырылып, кісенделген қылмыскерді дедектетіп әкелді.

Ату жазасына кесілген ауыр қылмыскер дегенде көз алдымда бет-аузы тыртық-тыртық, көзі заһар отын шашқан, аузынан ақ көбік атқан құбыжық бейнелі албасты, қорқынышты біреу тұратын.

Мына тұтқын отыздан жаңа асқан, аяқ-қолы келсаптай, палуан тұлғалы сабырлы жан. Тыпыршып, тықыршымайды бәріне жайбарақат. Анандай жердегі темір креслоға отырғызып, қол-аяқтарын құрсаулап бекітті, кеудесін шандып шырмап байлап тастады. Қыңқ деген дыбыс шықпады.

Ұзынтұра прокурор жіңішке дауысымен қандаладай қадалып үкімін оқи бастады. Қылмыскер оны әрбір әріп, нүкте, үтіріне дейін сан қайтара оқып, бір жыл ішінде жаттап алса керек, былқ етпеді. Тек ұялы алақандай бақшиған көзінің асты ғана жыбыр-жыбыр еткенін ғана байқадым. Прокурор мұндайға еті үйреніп кеткен бе, түк болмағандай:

  • … Ату жазасына үкім етілді! – деп будыраған қағазын жинап, қасымызға келіп тұрды.

Тым-тырыс өлі тыныштық орнады.

  • Қылмыскер не дейсің? – деді генерал әлгіге оқты көздерін қадап.
  • Камерамда балаларыма жазылған хатым қалды. Соны қолдарына тапсырыңызшы, начальник генерал! Осы аманатым, соңғы тілегімді орындаңыздаршы, өтінемін! Жалынып сұраймын!..

Үні майда жұғымды, жалынышты. Алақандай қайретті көздерімен маған шаншыла, қадала қарағанда денем түршікті. Заң адамдарына ілесіп жазғыра қарайтындай нем бар, дәтім шыдамай жанарымды бұра бердім.

Сол жақтағы есіктен басына қара маска-бетперде  киген қолында мылтығы бар бағанағы сержант шыға келіп:

  • Рұқсат етіңіз! – деп екі аяғын бір-біріне сарт-сарт ұрып, қолын шекесіне апара қаздиып тұра қалды.
  • Рұқсат! – деп генерал күркірей гүрілдеген дауысымен бұйрық берді.

Қылмыскердің екі көзі менде жазықсыз екеніме сеніп дос тартып тұр.  Осы бір баданадай бақшиған жанарларында не ой, не сезім жоқ десеңші!.. Өкініш пен өтініш, жалыну мен жауығу. Жалбарынған қос жанары кейде жәудіреп мұңая ма, тұнық көлдей бола қалады да, артынша-ақ тез бүлініп шатынап, жарылатын бомбадай өзгереді. Дәл сол кездегі үрке,  шошына қарағаны: өкпеңді суырып алғандай оқ боп тиеді. Жаралы құсқа тас атып нем бар, көңілмен қараған болдым. Олда соңғы тірлік үстінде соны сезіп тұр. Зіңгіттей екі жағындағы милиционерлер қара шүберекпен көздерін бастыра байлап тастады да, біздің артымызға келіп тұрды.

Екі сұқ көздің түпсіз қасіретіне, жүрегім суылдап тұрған мен сонда барып «уһ» деп есімді жидым… Көрген жаман түс құйынынан ояна кетіп өзіме келген адам сияқтымын. Генерал бізді шетке бұрып оңаша тұрғызды.

Маска киген сержант бірден алға он қадамдай барып, мылтығын кезеніп тұра қалған. Мылтық үні ақырын ғана шырт етті.

Темір креслода тіп-тік отырған бейбақ жан  басы сылқ етіп, қылжиды да қалды.

Ақ халат киген дәрігер барып, тамырын ұстап көріп:

  • Тапсырма орындалды – деді.

Прокурорға ілесіп бізде жанына бардық.

Қылмыскердің дәл маңдайынан бармақтай жер қызылдақтанып тұрды да, содан екі-үш түйір қан төмен сырғып аға жөнелді…

Дәрігер көзін байлаған қара шүберекті шешті. Екі көзі ұясынан шығатындай бажырайып, ағы молайып, жанары сөніп, бақшиып тұр. Қолына резеңке қолғап киген дәрігер екі көзін жұмдырды.

  • Нөмірі қандай?
  • №31 – деді генерал сұрағына капитан тақылдай жауап беріп.
  • Солай деп моласының үстіне темір қалақшаға жаздыртып қойыңдар. Мынаның камерасындағы хатын дезенфекциялап, тексеруден өткізген соң, маған әкеп беріңдер, — деді де министр маған «кеттік» дегендей ишараттап, сыртқа беттеді.

Кабинетіне келген соң, демалыс бөлмесіне кіріп ұзақ жуынып:

  • Сен де беті-қолыңды жуып ал! – деді. – Осындай операциялардан кейін кірлеп кеткендей боласың. Кешке үйде тағы шомыламын, – деді ағам көлдей орамалымен сүртініп жатып.
  • Сен бұл көрген-білгеніңді жан адамға айтушы болма! – деп министр көкем тағы ескертті.

Үш күннен кейін бұл кісі мені тағы шақырды.

  • Ана көмекшім отыратын кабинетті іштен жауып ал да, мынаны оқып көр, — деп көк дәптер ұсынды.

Шақпақ жол дәптердің жартысын толтыра жазған әнеукүнгі қылмыскердің жазып қалдырған хатын екі қайтара оқып шықтым.

Хатты Арман, Асқар атты екі ұлына арнап жазыпты. Ешбір қылмысы жоқ, жаланың құрбаны болғанын, кездейсоқ оқиғадан жазым болғандар үшін мұны кінәлағанын тәптіштеп айтыпты. Арақ, наша деген қызылкөз пәле шықты, содан аулақ болыңдар. Сендер ұзақ, бақуатты жасайсыңдар. Әкеміз осындай адам шошырлық қылмыс жасады деген қарғыс жала беттеріңе таңба болып, сеніп қалмаңдар. Кейін, көп кейін көресіңдер, сенесіңдер сонда ақ адал екеніме. О дүниеде де тек сендердің тілеулеріңді тілеймін, — деген сарында төгіліп, егіліпті. Хатты бірнеше мәрте көшіргенін айтып, егер бұл жазбаға жүректері сезсе әйтеуір марқұм әкелерін кешіргенін қалайды.

  • Хатты оқып қатты толқып, таңқалдым. Жан сырын ақтарып, ақ қағазға өмірін өрнектеп қалдырып кетіпті – дедім министр ағама.
  • Сен сол антұрғанның жазғандарына шынымен сеніп отырсың ба? Бәрі шылғи өтірік. Бұл малғұндарға ату жазасы үкім шыққаннан кейін бірден орындалмайды. Ол облыс, республика, Мәскеуге барып бекіп келгенше бір жыл өтеді. Жан беру оңай емес сүйкетіп, өтірікті судай сапырып, тап-тазамын, жалақорлар түбіме жетті деп сықпыратып арызды үсті-үстіне айдайды. Заң бойынша ол тексеріліп, бәрі бітіп келгенше, уақыт созылып, бір-екі жылдан да асып кетеді. Міне, осы кезде олар қиялиланып, әйеліне, баларына хат жазуға кіріседі. Неше түрлі қитұрқы ақталу жолдарын айтып, онысын мың көшіріп, аманаттап жеткізуге тырысады. Ақын боп кететіндері де, алдап жынданатындары да, тіпті өз-өзіне қол жұмсайтындары, өзінің аяқ-қолын сындырып, мүгедек болып қалатын неше түрлі сұмырайлар толып жатыр. Мына хат жазғыш салмақты көрінді, ешбір бақырып-шақырмады. Үкім орындауға әкелерде кейбірі тырысып, жүрмей, сүйреп әуреге түсіреді. Көбісі жылап бақырып, аузына не келсе соны оттап, лағнеттеп кетеді. Кейбірі адам таңылатын темір креслоны көргенде жүрегі тарс жарылып, жүріп кетеді. Әнеукүнгі албасты бәле басқалардан титтей рақым болмасын сезіп, көзбен ішіп-жеп, соңғы сөзін саған арнады, байқадың ба? Бұлар – әбден  сары аяқ қу мүйіз психолог болып  алған сұмдар ғой. Сенің түріңе қарап бірден бұл органның милиция адамы емес екендігіңді таныды. Өзін саған аманаттап кеткендей болды. Іштей табыстады. Қылмысына қарай олар жазасын алу керек! – деп министр орнынан түрегеп графиннен су құйып ішті.
  • Аға, мына хатты балаларына тапсырыңызшы. Кейін өскенде ең болмаса көңілдеріне демеу болсын. Соңғы аманаты ғой.
  • Бұл қанышерлерге ешуақта сенуге болмайды, екі адамды өлтірген қанышер ол. Жарайды, көрерміз. Тек әнеукүнгі көргеніңді, мына хат жайында бір адамға айтушы болма, — деп министр толқын-толқын шашын қолымен қайырып қойып, алтын жалатқан көзілдірігін киіп, әңгіменің біткендігін аңғартты.

…Кейде сол бір пақыр пенде түсіме кіріп жүрді. Жалғанда атылар алдында көз алдыңда болған адамнан жаман нәрсе жоқ екен. Алақандай қос жанарынан жас төгіліп:  жалынышты, жалбарынады-ау, кейде сөніп шақшиған екі көзі жыпылықтап бір өліп, бір тірілеме-ау! Түсіме көпке дейін кіріп, шошынып жүрдім…

 

 

***

 

Алматыдай ғажап, көркем қала әлемде жоқ-ау. Жылдағы демалысымды осы көкке шаншылған Алатау баурайында аунап-қунап өткізіп, рахаттана демаламын.

Медеуге бара жатқан жол бойында көкорай шалғын, қалың ағаш көмкерілген МВД санаториінде жеке ақсарай люкске орналастым.  Енді жаңа кітабымның қолжазбасын қарап шықпақпын.

Түскі асқа барғанда асханада Досов ағамды кездестіріп, мәре-сәре болып қалдым. Мақсат Досов министрліктен түсіп қалып, МВД училищесі бастығы болып жүріп, зейнетке шыққан.  Жанындағы жеңгем – баяғыдағы  әңгелектей дөңгеленген сұлу келіншек бұл күндері тым толық, ыңқыл-сыңқылы көп, әзер жүріп-тұратын кәужіреген кемпірге айналыпты. Ағамның көмірдей тұнық қара шаштары сиреп, Алатаудың құз-шатқалдарындай ағарып, көзілдірігінің астындағы екі көзінің жиектері қызарып, жиі жаусарай беретін болыпты.  Бірақ қырым ет жимаған сыптығырдай тіп-тік қалпы, жүрісі ширақ, тек құлағы сәл-пәл тосаң тартқан.

  • Біз үш күннен кейін шығамыз. Осыған тегін жолдама берген соң келіп қалдық. Бәйбішенің қан қысымы көтеріліп, жүре алмай қиналып жүр. Министр болып тұрғанда осы санторийді Үлкен кісіге кіріп жүріп, өзім сұрап салдырған едім. Қарашы, қандай керемет жерге орналасқан, тау жақ, арқыраған өзен мынау. Онда Абай көшесінен жоғарғы жақ қалың тоғай, ну орман болатын. Сонда осы жерді таңдап, мына нән қарағай, шыршаларды кестірмей өзім қатаң бақылап жүріп бітірткен едім. МВД қызметкерлерінде жүйкеден жүйке жоқ, күндіз-түн шапқылап жүрген асыл азаматтар ғой. Солар рахаттанып демалсын дедім. Айтпақшы, бүгін ораза басталыпты. Кешкі асты ішпей біздің палатаға кел, ауызашар беремін, — деді көкем жанындағы столға отырғызып.

Қырғауылдыда тұратын күйеубаласы мен медик қызы мол дастархан жасапты. Жасы келген бір кісі мақамдап құран оқыды.

Сылқия тойған астан кейін аға екеуміз сейілдеуге далаға шықтық. Кешке қарай Алматының тау жағы таңғажайып қой, шіркін! Алатауымнан аңқылдақ ақ самал ақтарылады, тұла бойыңды ұлпадай сылап, жұпардай сипап, жандүниеңді анау жарқыраған жұлдыздардан да жоғарылатып жіберетін қасиеті-ай!  Шайыры аңқыған нән ағаштар жол беріп, тротурардың екі шетінде сақшылардай тізіліп қалыпты. Кәусар ауасы кеуде сарайыңды ашып  жіберетін тымық іңірде ары-бері көп жүрдік.

  • Жаңағы құран оқыған кісіні таныдың ба? — деп сұрады генерал көкем.
  • Жоқ, көрмеген адамым сияқты.
  • Сен оны көргенсің… Ол сені бірден таныды. «Баяғыда енесінің жанында құлағы едірендеген құлындай тыпыршып тұрған мұны сол кезде кім десем, Сіздің туысыңыз екен ғой» деді. Есіңде ме, баяғыда мен министр болып тұрғанда әлгі аса қауіпті қанышерді атқан азамат. Онда сержант болатын, қазір отставкідегі майор. Бұларды сыртынан – жендет, палачь деп те атайды. Жоқ, бұлар тапсырманы мүлтікіз орындаушы МВД қызметшісі. Мына жігіт құралайды көзге атқан мерген, бірден көздеген жеріне дәл тигізеді де, сеспей қатырады. Сабырлы, қан қысымы бір өзгермейді, бұлар дәрігердің үнемі бақылауында болады ғой. Ерекше тапсырма орындайтын бұл бөлімнің қызметкерлері елмен араласпайды, қатаң сұрыптау, іріктеуден өтеді, сырт бейнесі, бет-аузында есте қалатын ерекшеліктері болмауы тиіс. Бұлар төменде – подвалда отырады, сонда жаттығатындықтан подвальниктер-көртышқандар деп те атайды, жалпы сапқа тұрғызбаймыз. Мәскеуден өте құпия тапсырма түседі, Совет Одағының бір жерінде мемлекетке аса қауіпті мынандай жанды сездірмей жою керек! Дереу жаңағы подвалдағы сарбаздың біреуіне ерекше тапсырма беріп сапарға жіберсің. Бәленбай күннен кейін жай киіммен кеткен ол «Тапсырма орындалды!» – деп келіп тұрғанда, он күн, кейде жиырма күн демалыс береміз, шенін жоғарлатып, сыйақы жазамыз. Міне, мына жігіт те сондай мықты азаматтың бірі, білімі – колледж ғана бітірген, бірақ тындырымды. Жан баласымен араласпайды, дос-жараны жоқ, тұйық, бұйығы. Майор шеніне дейін көтердім. Бес баласы бар екен, бір ұлы үйленгенде отставкіге шыққан кезінде шақырды. Туған-туыстарының көзінше әбден мақтадым, қатты риза болды. Меккеге барып, қажы болып келді.  Міне, бүкіл санаторийде демалушылардан сол ғана ораза ұстапты. Егінді жегідей жеп құртатын арам шөпті жұлып тастайды ғой, сол сияқты елге зор зиян, орасан қауіп келтіретіндерді білдірмей көзін жою осындай мықты жігіттерге сеніп тапсырылатын. Нариман сен де ана баяғы сержант, бағанағы майорды танымапсың, ғой, — деді генерал ағам күбір-күбір сөйлеп, нән ағаштардың көлеңкесінде арлы-берлі жүріп, серуендегенімізде.

Ертесіне кешке мен ауызашар бердім. Келінім  балам  екеуі қой сойып, пісіріп әкепті. Бабымен сылынып піскен басты Мақсат көкеме, жамбасты құран оқыған кісінің  алдына қойдым. Майор құйқылжыта әуеніне келтіре құран оқыды да, тамақ ішіп бітпестен жатып бір шаруам болып тұр деп, кетіп қалды. Генерал екеуміз терренкурде бір сағаттан аса жүрдік. Аңқылдаған самал өзеннің сылқ-сылқ күлкісіне көміліп, құлдилай соғады. Жазғы ымыртта жалбыздың, қара бүлдіргеннің ашқылтым иісі бұрқырайды.

Медеу сайы көркем ғажаптығын көрсетуге қызғанғандай,  қара-көлеңкемен қымтана бастапты. Аспанға ақ маржандай жарқырап шыға келген сан миллион жұлдыздар жерге тамып-тамып түсердей мың-мың жерден жымыңдап еркелейді.

Көптен көкейімде жүрген нәрсені сұрап қалғым келді:

  • Аға, баяғы хатты бердіңіз бе?
  • Қай хатты? Е-е, анау жетпіс бесінші жылғы қылмыскердің көк дәптері ме? Жоқ, бермедім. – Бұл кісінің есте сақтау қабілеті сұмдық, ештеңені ешуақытта ұмытпайтынына таңқаламын.
  • Неге, бермедіңіз аға? Онда ешқандай криминал, құпия нәрсе жоқ еді ғой.
  • Беруге болмайды. Заң солай. Заңнан аттауға болмайды. Ол көк дәптерді құжаттарына тіркеп, архивке өткіздік. Біреу-міреу іздесе содан табар.

Екеуміз де үндемей өзен жағасына келіп тұрдық. Су шолп-шолп сылқылдап аққан үнімен сезіміңді  қытықтап ойнағандай. Бұрқаған тамшылардан шашуын шашып, ақкүмістене асыға жүйткіп ағады. Алыстан қырғауыл қоразының құрқұлы естіледі. Өзен аңғарында әредікте салқын жел желпіп өтеді.

  • Қалам ұстаған інімсің ғой. Саған бір көлеңкемдей ойымнан шықпай қойған құпия жағдайды айтайын. Онда мен бір облыстың милиция бастығымын. Облыстың прокуроры, соты үшеумізге түрмеге баруға Мәскеуден тапсырма келіп түсті. Бір азамат кісі өлтірді деген үкіммен жиырма бір жылға сотталып, тоғыз жылын отырғанда, шын басқа қылмыскер табылып, бәрін мойындаған. Сағат онда түрме бастығының кеңсесінде отырдық. Быршып толып кеткен подполковник сұраған құжаттарды алдыртып, терлеп-тепшіп есі шықты. Алғашында өзін тергей ме, қамауға ала ма деп зәресі ұшыпты. Құм жоталардың арасына салынған бұл ескі түрме қаладан тым алшақ, басшылар көп келе бермейтін көптің көзінен жыраққа орналасыпты. Бұл облысқа менің ауысып келгеніме екі-ақ ай, прокурорға бір жыл, ал сот төрағасы бес жылдан бері сонда істеп келеді. Кабинетке сотталған жанды алдырттық.

Бас киімін шешіп, босағада тұра қалған оның кейпін көріп қырық жаста деп ойламас едім, шашы түп-түгел ағарған, екі ұрты солған, күрек тісі жоқ бейне кәужіреген шал тұрғандай көрінді. Прокурор, одан кейін сот төрағасы сөйлеп, бұл кісінің еш жазығы жоқ, толық ақталғаны жөнінде үкімді оқып, қолына берді. Анау екі парақ қағазды ары-бері аударыстырып тұрып-тұрып: «Менің тоғыз жылғы уақытымды кім қайтарып береді?» — дегені. Ол жылар, айқайлар, балағаттар деп, біз бәріне іштей дайындалып келгенбіз. Бір қарасақ үшеуміз әлгіні қаумалап, кешірім сұрап жатырмыз. Шашы аппақ қудай құр сүйек оны алып шығып, енді ауылына үйіне тарттық.

Үш-төрт машина сау етіп, есігінің алдына жетіп барғанда үйден қолында ожауы бар әйел, үйелмелі-сүйелмелі үш ер бала шығып, таңдана қарасып қалды.

Егде сот төрағасы:

  • Осы үйдің отағасы жаламен сотталыпты, сол кісі толық ақталды. Міне, облыстық сот, прокурор, милиция бастықтары бәріміз Сіздерден кешірім сұрап келдік,- деп артқы машинадан түсірілген отағасын қаумалап әкеп табыс еттік. Қолында ожауы бар әйел селк етіп талып түсті, су шашып әзер есін жиғыздық. Үш ұл әкесіне жабысып еңіреп, жылап жүр, әкесі байқұс оларды қапсыра құшақтап алған. Әйел есін жия салып күйеуіне асылып ойбайды салды дейсің кеп… — Баяғыда сот болғанда «Егер мен қылмысты болсам, бірден атып тастаңдар еш қылмысым жоқ» — дегеніне сенбей мұны соттап жіберіп едіңдер. Сормаңдайлым, асылым-ай» — деп көз жасын көл қылып, еңірей боздап  жылағанын айтпа. Озандаған қалпы қолындағы ожауын тастауға шамасы келмей  айқайды салып, гөй-гөйге басқанын естіп, көршілер жиналып қалды. Сол кезде күміс сақалы кеудесін жапқан сұлу кескінді ақ қалпақ киген бір қария: — «Сендер начальник болсаңдар, клубқа бүкіл елді жинап, солардың  көзінше ақталғанын айтып, кешірім сұраңдар. Екі парақ қағаздарыңды не қылайын» — дегені. Ертесінде ауданға айтып, клубқа ел жинап, бәрінің көзінше түрмеде жазықсыз отырған мүсәпірден кешірім сұрадық. Ел бірінен кейін бірі сөйлеп әлгіні мақтап ала жөнелді, совхоз директоры жаңа трактор беретінін, звено жетекшісі болатынын да айтты. Жазықсыз жапа шеккен ол туралы, оның адами қасиеті жөнінде, заң орындарының осыншама жауапсыздығын бетімізге басып кінәлап сөйлеушілер көп болды. Әсіресе, алдын әппақ күміс сақал көмген ақ қалпағын шешпей трибунаға шыққан ақсақал қолындағы таяғымен сахнада отырған біздерді көрсетіп: — «Мына жаламен сотталған баурымыздың барлық шығынын орнына келтіресіңдер. Үшеуіңнен осыны ар сотына саламын. Болмаса Мәскеуге аттарыңды атап жазамыз да отырамыз. Бұл – бір. Екінші осында жазықсыз тоғыз жыл адам көрмеске барып келген інімнің үйіндегі келінім отыр. Міне, нағыз адал жар, ардақты ана осы келінімдей-ақ болар! Тұра қойшы қарағым.  Тоғыз жыл бойы күйеуін күтіп, ақ екенін құдайдай зарлап айтудан танбады. Жиырма бір жылда кім бар, кім жоқ демеді, жарының ақ төсегін ардақтап, балаларын бағып-қағып, ас суын, ішер тамақ, киер киімін қамдап, жұмысын істеп, түрмедегі күйеуіне жыл құрғатпай барып тұрды. Міне, нағыз ана! Нағыз адам! Киелі жердің қызы еді, біздің елдің қасиетті келіні екеніңді баршаға үлгі еттің қарағым! Саған Алланың нұры жаусын!» — дегенде зал толы халық ду қол шапалақтап жіберді. Көңілі бостары жылап та отырды.

Қара жерге кіруге тесік таппай әбден қиналып, біз үшеуміз де жер болып шықтық. Москва арқылы ізденіп тоғыз жылғы жазықсыз тартқан жәбір-жапасының төлемін дұрыстап алып беруге заң жолымен уәде еттік.

Облыс орталығына түнде жеттік. Қалаға кіре беріске тоқтап, машиналарымызды қаңтарып қойып, жол бойынан әрірек барып үшеуіміз ақылдаса бастадық.

Ақыры мынандай келісімге келдік.

Прокурор осы бүгінгі істі былықтырғандарды түгел тергеуші, соттан бастап жауапқа тартады. Сот төрағасы жазықсыз сотталған жанның тоғыз жылға еңбекақысын қосымша өндіріп беретін болады. Ал, мен оның бір ұлын оқуға түсіріп, дипломын алып беруге, қамқорлық жасауға келістім. Ана екеуі бір жылға жетпей-ақ уәдесінде тұрды. Істі жүргізген тергеушілер мен судьялар түгел қызметінен босатылып, тергеуге алынды. Сот бізбен бірге қосылып Мәскеуден қуып жүріп өтемақысын өндіріп, мол қаржыны аударып беріп, оған  жәбірленуші жанұя өзге қажеттерімен бірге  жаңа үй салып алды. Мұнда менікі қиынға соқты, тұңғышы аттестат алысымен қай оқуға баратынын біліп, ректормен сөйлестім. Жатақханаға орналастырып, бар жағдайын бес жыл бойы сыртынан қадағалап жүрдім. Ақыры диплом алып, еліне мұғалім болып оралды. Кейін министр болғанда облыс басшысына айтып әлгіні мектеп директорлығына тағайындаттым. Мұның бәрін өзіне, үйіне сездірмей, білдірмей сыртынан істеп, «уһ» дедім ғой. Әкесі байғұс кейін-кейін мұнда қайтыс болғанын естідім. Сол шашы әппақ қудай ағарып кеткен жанның «тоғыз жылғы уақытымды кім қайтарып береді?» — деген міскін бейнесі көкірегімнен кетпей, түсіме де кіріп жүрді. Қаншама қылмыскер, сотталушы, небір қилы-қилы оқиғаларды көрдік қой. Бірақ осы бір жайт көлеңкемдей қыр соңымнан қалмай еш ұмыта алмай-ақ қойдым. Бұл бүкіл өміріме сабақ болды, әр нәрсенің ақ, қарасын ажыратып алуға тырысатын болдым.

Біздерде жүрек жоқ, мейірім-шапағаттан жұрдай деп ел өсектейді. Жоқ, олай емес. Жаңағы құран оқыған майор айтады: «Соңымнан әлдекімдер тысырлап аңдып жүрген сияқты, көлеңкем болып баяғылар кезектесіп күзететін секілді алағызып, жүрегім байыз таппайтын жайға душар болдым. Меккеге де бардым, ораза-намазды да қаза қылмаймын. Соңымда қалбақтап ілесіп сыбыр-күбір етіп аңдып жүргендердің үнін бұлдыр  естимін, қарасам сұлбасы жалт етіп көрінбей кетеді. Невропотолог, психолог дәрігердің талайына көрініп, қаралдым, — «Әлі жиырма бестегі жігіттей дыңдайсыз, ешқандай ауытқу, ауру-сырқау түк жоқ» — деп шығарып салады», — деп сырын айтты.

Нариман, сені қасыма жұмысқа шақырғанымда келмегенің дұрыс болыпты. Сенің мінез-құлқың судай тұнық, адал қалпың бізге жарамайды екен. Әлі көк дәптерді сұрай бересің. Оның әйелі, балалары фамилия, аты-жөндерін ауыстырып, намысқа шыдамай басқа облысқа көшіп кетті. Ал, сен ол қанышердің сухитына сенесің.

Сыр ашып, біраз нәрсені ақтарып салдым. Қой қайтайық, жеңгең жатып қалған да шығар, — деп генерал ағам өздері жеке жатқан аппартамент үйге беттеді.

Алматының қара барқыт мақпал түнінде санаторийде ой қаумалаған мен денем тоңазығанша ары-бері кезіп жүріп алдым.

 

***

 

Келер жылы жазғытұрым Досов көкем аяқ астынан қайтыс болды. Иықтары жарқыраған генералдар мен шенділер қарақұрым қаптап Офицерлер үйіне симай салтанат өткізіп, оркестрмен қаралы марш ойнап, Алматының көшесімен алып жүрді. Кеңсайға апара жатқанда шұбырған машина нөпірі бүкіл жолды жауып тастады.

Ел жапатармағай жерлеп, әп-сәтте жас топырақ басқан бейіт төңірегіне қаралы қауым  самсап отыра қалып, қала имамы құран оқыды.

Жұрт тарай бастағанда өмірі көзіне жас алмайтын емендей тіп-тік әкем бүгіліп, «Бауыр-е-ем! Бауырым!»- деп қарлыға дауыс сап жылап жібергені. Мақсат көкемнің небір шуақты мінездері есіме түсіп, енді сол бір жан мәңгілікке кеткені ме деп мен де көзіме еріксіз жас алдым. Сары топырағы дегдіп кеппеген мүрде басында жақын туған-туыстары ғана қалдық.

  • Ел қырық қадам ұзап кетті ме? Енді бұл кісі о дүниелік. Бұл аруақ көкеміз тірілерден тек құран дәметеді, — деп көнетоз курта-шапанды біреу күнқағарын баса киіп, көк шөпке отыра қалып, тағы да құран оқи бастады.

Таныс дауыс, мақамына шейін білетін бұл кім екен деп бұрылып қарасам – былтырғы санаторийдегі майор. «Иә, Алла, Досұлы Мақсат пендеңізді біліп істеген, білмей істеген күнәләры болса кешіре гөр» — деп құранды мәнерлеп оқып бітіріп, бір шөкім топырақты іліп алып, бейіт үстіне себезгілеп тастады да, бұрылып жүріп кетті.

Мені анық көрсе де көрмегенсіген кейіп танытты… Баяғы ел көзінен таса жүруге тырысатын қалпы әлі бар.

Сол бір жанның бет-бейнесін көз алдыма нақты елестете алмаймын. Бұлдыр-бұлдыр көптің бірі, көлеңке іспетті бұл адамды кейін, содан қайтып кездестірмедім.

Өмірде өткізіп алған кешірілмес күнәң – көлеңкеңдей екен-ау…

 

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...