Көкшетауда Кеңес Одағының Батыры, белгілі ғалым, педагог-жазушы және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің рухани мұрасын насихаттауға арналған екі жаңа нысан пайдалануға берілді. Ақмола облысы мәдениет басқармасына қарасты Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамасымен және әскери құрылымдардың қолдауымен Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде Мәлік Ғабдуллин атындағы мәжіліс залы мен ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде батыр есімі берілген дәрісхана ашылды.
Алғашқы салтанатты шара Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өтті. Жиын барысында департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтепов, запастағы полковник Жанат Ережепов және полковник Дуанбай Ыбырай Мәлік Ғабдуллин мұрасының әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызын атап өтті.
Мәжіліс залының ашылу рәсіміне ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов, Жанат Ережепов және Ерболат Өтепов қатысты.

Жаңа нысанда Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Қонқаев батырдың өмір жолы мен ғылыми еңбектері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек оның ұлттық руханият пен ғылым саласына қосқан үлесіне тоқталды.
Сол күні ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Іс-шара барысында әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов пен ІІМ құрметті ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабибулла Ғазизов батыр тұлғасының жастар тәрбиесіндегі орны жөнінде пікір білдірді.
Дәрісхананың ашылу лентасын Хабибулла Ғазизов, әскери бөлім командирі, полковник Берік Қожахметов және генерал-майор Жұмабек Хасенов қиды.

Шара аясында қатысушыларға 1943 жылы Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін түсірілген тарихи деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ Мұхамед Қонқаев, Жұмабек Хасенов және ақын, өлкетанушы Құдайберлі Мырзабек батырдың өмірі мен қоғамдық қызметі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа ашылған мәжіліс залы мен дәрісхананың негізгі мақсаты – Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолы мен ғылыми мұрасын дәріптеу, жастар мен әскери қызметшілер арасында отансүйгіштік құндылықтарды нығайту.
Көкшетауда іске қосылған бұл тағылым ордалары батыр мұрасын насихаттауға және ұлттық рухты қалыптастыруға қызмет ететін маңызды рухани орталықтардың біріне айналмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы


