Кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІН, ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫН, ЯҒНИ, ТАБЫСТЫ ДАМУЫН ЕҢБЕК АДАМДАРЫНАН БӨЛІП ҚАРАЙ АЛМАЙМЫЗ. ОСЫ СЕБЕПТІ, КАДРЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ДАМЫТУ, ӘР АЗАМАТТЫҢ ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕК ЕТУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ӘРІ ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІ АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАРЛЫҚ УАҚЫТТА ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙДЫ. МҰНЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «КӘСІБИЛІК ПЕН ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ҚОҒАМЫМЫЗДА ЕҢ ЖОҒАРЫ ОРЫНДА ТҰРУЫ ҚАЖЕТ. ЕЛІМІЗДЕ ЕҢБЕКҚОР КӘСІБИ МАМАН ЕҢ СЫЙЛЫ АДАМ БОЛУҒА ТИІС. ОСЫНДАЙ АЗАМАТТАР МЕМЛЕКЕТІМІЗДІ ДАМЫТАДЫ. БІЗ ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУІМІЗ КЕРЕК. ҚАНДАЙ КӘСІППЕН АЙНАЛЫССАҢ ДА, ОНЫ САПАЛЫ АТҚАРУ МАҢЫЗДЫ» ДЕГЕН СӨЗІ ДЕ БАЙҚАТАДЫ.

Осы мақсатта елімізде еңбек қауіпсіздігін күшейту, сол арқылы өндірістік жазатайым оқиғаларды азайту міндеттеріне басымдық беріліп, кəсіптік білім мен тəжірибе басты құндылықтар ретінде насихатталуда. Мысалы, мемлекеттік саясатқа сай, биылғы оқу жылында жұмысшы жəне техникалық мамандықтар бойынша колледждерге 140 мың мемлекеттік грант бөлінді. Тағы бір шара «Еңбек жолы» байқауы республикалық жəне өңірлік деңгейде жыл сайын өтеді. Сонымен қатар, 2025 жыл Президент тапсырмасымен «Жұмысшы жылы» болып жарияланды. Бұл шара өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының беделін көтерді. Əр саланың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сондықтан, өз ісінің шебері болу – əрбір маманның өз ісіне деген жауапкершілікке тікелей байланысты. Өз кəсібін терең меңгерген, яғни, жұмысын жанын салып істейтіндер – еңбек адамы саналады. Бұл қатарда дəрігер, мұғалім, баспагер, инженер, шығармашылық, өнер адамдары, кəсіпкер, т.б. бар. Бұлардың барлығын маңдай термен келген адал еңбек біріктіреді Еңбек адамдары өз ісімен қатар елдік істерге де адалдық танытады. Олар уақытпен санаспайды, өз ісім немесе қоғамдық жұмыс деп бөлмейді. Əрбір ісін кəсіби деңгейде меңгеріп, кəсібін шығармашылық тұрғыда дамытады. Сол арқылы ел игілігіне еңбегін сіңіріп, қоғамның дамуына үлесін қосады. «Еңбек – бейнет емес зейнет» немесе «Бақыт кілті – еңбекте» демей ме дана халқымыз. Арамызда бақытын еңбектен тауып, зейнет жасына абыроймен жеткен замандастарымыз жетерлік. Олардың қатарында өз əріптестеріміз де бар. Мақаламызға арқау еткелі отырған кейіпкерлеріміздің екеуі де қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа ісінің дамуына 43 жыл еңбек сіңірді. Бұл біле-білгенге аз уақыт емес, таза еңбектің айқын көрінісі, нағыз еңбекқорлықтың үлгісі. Екі кейіпкеріміз де еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Мысалы, «Ақпарат саласының үздігі» жəне «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері, белгілі журналист Айша Тұрмағамбетова жақында құрметті еңбек демалысына шықты. Айша Құрманғалиқызы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі, дінтану ғылымының магистрі. Жезқазған облысының «Жезді өңірі» газетінде бөлім редакторы, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде журналист, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында корреспондент, Республикалық «Алтын-Орда» газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, «Қазақстан» телеарнасының əлеу меттік-саяси бөлімінің сарапшы-редакторы, «Заң газетінің» Астанадағы тілшісі болды. Əрқашан да оқу мен жұмысты қатар алып жүрді. Көптеген шығармашылық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Жан-жақты, ізденімпаз маман. Қаламының ұшымен талай еңбек адамының елге танылуына, еңбегі еленуіне ықпал етті. Халықтың құқықтық сауатын арттыруға зор үлес қосты. Осындай тынымсыз еңбегімен 43 жылдық бейнетінің жемісін көретін кезге де жетті. Ал Шолпан Наурызбаева баспа ісінің маманы. 1983 жылы Жамбыл облысының қазіргі Байзақ ауданына қарасты «Дихан» ора мектебін бітіріп, Алматыға келді. Ол кезде «Дəуір» дəуірлеп тұрған Қазақстандағы ең ірі полиграфиялық баспа кешендерінің бірі болатын. Республикамыздың бүкіл газет-журналы «Дəуірден» басылып шығатын. Шолпан Махатқызының алғашқы еңбек жолы осы баспадан басталды. Баспада жұмыс істей жүріп, №5 полиграфиялық училищеде (Алматы полиграфиялық колледжі) білім алды. Баспа ісінің маманы атанған Шолпан Наурызбаева ЭВМ машинасында жұмыс істеп, газет-журналдарды безендіру процесімен айналысты. Бұдан кейін «Дəуір» мен «Кітап» фабрикасы бірігіп, Гагарин көшесіне көшті. Осы жерде үш жыл еңбек етті. Қиын əрі күрделі жұмысты жиырма екі жылдан аса уақыт абыроймен атқарды. Өткенге көз салған Шолпан Махатқызы: «Баспада жұмыс қайнап жататын. Техникалық редакторлар материалдарды түрлі тақырыптармен түрлендірсе, жауапты хатшылар макет жасайтын. Фотонабормен терілген əріптер перпелентада жасалып код шығаратын. Барлық материал пленкада болатын. Пленканы қиып газеттерге орналастырасың. Қазіргідей бір ғана газетті жасамайсың, барлық басылымға атсалысасың. Мысалы, «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ əдебиеті», «На страже», «Қазақстан пионері», т.б. басылымдар қолымыздан өтті» деді. Баспаханадағы жұмыс белгілі бір уақытқа бағынбайтын. Таңертең басталған жұмыс газет-журнал дайын болғанша түннің жарымына дейін жүре беретін. Кейде оның үйіне таңғы алтыда бір-ақ қайтатын кездері де болатын. Ол заманда комьпютер, интернет жоқ. Қазіргі күні осының бəрі ертегі іспетті. Шолпан Наурызбаева 2005 жылдан бері «Заң газетінде» беттеуші. Бұған да биыл 21 жыл толады. Яғни, Наурызбаеваның еңбек кітапшасында екі-ақ жұмыс орны жазылған. Бұл көп адамда кездесе бермейтін сирек жағдай. Шолпан Махатқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ, ол ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», ҚР Мəдениет жəне Ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Осындай адал еңбегі, кəсіби шеберлігі арқылы өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беретін еңбекқор жандарды дəріптеу бізге міндет.

Түймегүл ИБАШОВА, журналист

Фото: Ғалия ҚАЛИЕВА

 Комплексный подход

СНИЖЕНИЕ УРОВНЯ ПРЕСТУПНОСТИ В СТРАНЕ ЯВЛЯЕТСЯ РЕЗУЛЬТАТОМ СИСТЕМНОЙ РАБОТЫ,...

Сот актілерінің орындалмағаны үшін тұлғаларды жауапкершілікке тарту тетігі

Сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі мақсаты -  азаматтар мен...

Тұғыры биік – туған тіл

Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан...

Казахский инжиниринг на китайской земле

НА ПОБЕРЕЖЬЕ ЖЕЛТОГО МОРЯ, В КИТАЙСКОМ МЕГАПОЛИСЕ ЦИНДАО, ДАН...

Временное пристанище: когда некуда идти

Центр для ресоциализации лиц, оказавшихся в трудной жизненной ситуации...