Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын-алу, өсуіне жол бермеу, оның алдын алу қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты мәселелердің бірі болып отыр.
Қазіргі кезде, кейбір ата-аналардың өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламауларынан, қадағаламауынан құқық бұзушылық пен қылмыс орын алатын жағдайлар кездесіп тұрады. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін фактор болып табылады деген сөз.
Көп жағдайда кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық пен қылмысты ішімдік, есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтыны анық. Мысалы, түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әр-түрлі құқық бұзушылыққа баратын жағдайлар жиі кездеседі.
Бәрімізге мәлім, елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқық бұзушылыққа жататынын ескеру қажет, ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай – ӘҚБтК) 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескеру қажет.
Өкінішке орай, жоғарыда айтылған ережелерді жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себептен кей жағдайларда, ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болу салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әр-қилы құқық бұзушылықтар мен қылмысқа барады.
Осы орайда статистиканы келтірсек — Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 2025 жылдың 11 айында сотқа 92 іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі 127-бабының 2 және 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау), 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша қозғалған істер екенін атап өту керек.
Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды, түсінбейді, жеткілікті ұқпайды. Сол себептен әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық түрде сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы абзал.


