Еліміздің инвестициялық имиджін әлемдік аренада дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені, шетелдік инвесторлардың қаржысы экономиканы белсенді етумен қатар, жұмыспен қамту деңгейін көтеруге, нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыруға және аймақтардың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Ел өңірлерінің ішінде Ақмола облысының инвесторлар үшін тартымдылығы жоғары екенін сарапшылар жоққа шығармайды. Оның ең басты мүмкіншілігі облыстың географиялық орнымен байланысты.
Бұлай дейтініміз, ресми мәліметтер аталған өңірде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша инвестициялардың ең көп үлесі Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Бурабай аудандары мен Қосшы, Көкшетау қалаларына тиесілі екенін байқатады. Жоғарыда айтқанымыздай, аталған аудандар мен қалалар Елордаға жақын орналасқан. Соған орай, бұл жерлерде еңбек ресурстарының көп болуы, Көкшетау мен Астананың арасындағы автобан, көші-қонның артуы, халық саны, мұның бәрі инвестиция салуға қолайлылық туғызады. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың Президент қабылдауында мәлім еткен ақпараты бойынша бүгінде Ақмола облысының экономикасын дамытуға 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Инвестициялық портфелінде 187 жобалық бағдарламасы бар әкімдік олардың нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орнын ашуды мақсат етіп отыр. Инвестиция тартып, оның нәтижелі жүзеге асуы үшін құзырлы мекемелер тарапынан мүмкіндіктер берілуі тиіс десек, бұл ретте Ақмола облысының әкімдігі кәсіпкерлерге қажетті шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруда деуге толық негіз бар. Соның бір жарқын көрінісі ретінде биылғы шілде айында Астана қаласынан ашылған «Aqmola Invest» орталығын атауға болады. Бұл орталықтың шетелдік кәсіпкерлер үшін маңызы зор, мұнда қызмет «Бір терезе» қағидатымен көрсетіледі. Нақты айтқанда, Ақмола облысында кәсібін дөңгеленткісі келетін инвесторлар мұндағы мамандардан өзіне қажетті кеңес алып, бизнес жобаларын кедергісіз жүзеге асырады. Яғни, орталықта инвесторларға жоба идеясынан бастап, оны іске асыруға дейін қолдау көрсетіледі. Орталық ашылғалы мұнда шетелдік инвесторлармен бірнеше кездесу өткізіліп, жалпы сомасы 76 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты келісімдерге қол қойылды. Мысалы, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауытын бір жыл ішінде іске қосуды көздеп отырған қытайлық кәсіпкер жоба нәтижесінде үш жүз адамның жұмыспен қамтылатынын мәлім етті. Ал венгриялық globalia LTD компаниясы Аршалы ауданында көміртекті егіншілік негізінде ауыл шаруашылығы технологиялық паркін құруға ниетті. Сондай-ақ, Аршалы ауданында Республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды, ол бүгінде озық өндірістік алаңға айналуда. Инвестициялық жобалар қосымша жұмыс орындарын көбейтумен қатар, өңірдің экономикалық жағдайын көтеріп, бюджетін молайтары анық. Осы ретте тоқталып өтерлігі, өткен жылдың өзінде Ақмола облысына 218 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде екі мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізуде. Былтырғы инвестициялардың басым бөлігі жаңартылатын энергия көздері саласына бағытталған, бұл жағдай облыс басшыларының «жасыл экономикаға» көшудің маңыздылығына айрықша мән бергенін көрсетеді. Мемлекеттің қолдауымен «IL TOV» ЖШС 3 млрд теңге инвестициялады, бұл қаржы құс етінің жартылай фабрикаттарын шығаратын зауыттың құрылысына жұмсалады. Бұл зауыт қазіргі күні Қазақстан мен Орталық Азиядағы құс етінің жартылай фабрикаттарын дайындайтын жалғыз кәсіпорын. Ақмоланың жартылай фабрикаттарын Өзбекстан мен Ресейге экспорттау көзделуде. Ақмола облысында те міржол машина жасау саласында тағы бір ірі жоба жоспарланғанын да айта кеткен жөн. Атбасар қаласында жылына 360 локомотив секциясы бар локомотив құрастыру зауытын салуға байланысты Ақмола облысының әкімдігі мен «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Зауыттың құрылысы келер жылы басталып, 2026 жылдың соңында алғашқы локомотив шығарылмақ. Осы жобаны жүзеге асыру және оны пайдалану кезеңінде 800 адам жұмыспен қамтылады. Жеке инвестициялық жобаның құны шамамен 47 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, Аршалы ауданында жоспарланып отырған республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылысының өңір үшін маңызы зор. Бұл мақсатта инвестиция тартып, жобаларды уақытылы іске асыру шаралары нақтыланды. Мұндай игі істердің алдағы уақытта да жалғаса берері хақ. Мысалы, облыс әкімі Марат Ахметжановтың бұқаралық ақпарат өкілдері мен халықтың қатысуымен өткізілген жиында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді сатып алу, ескірген тұрғын үйлердің орнына жаңа үй салу, сондай-ақ, инвестицияларды тарту және жылыту маусымына дайындық туралы айтып «Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты міндеттер қойып, жаңа экономикалық саясат бағытын белгіледі. Бұлар өз кезегінде бюджеттік жоспарлаудың тиімділігі және оның нәтижеге бағдарлануына әсерін тигізеді. Бұл міндеттердің барлығы экономикалық тұрақтылық үшін ғана емес, сонымен қатар, әрбір тұрғынының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты нұсқаулық болып табылады», – деді. Ел Президенті жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Дәл қазіргі кезеңде әрбір күннің қадірін дұрыс түсініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жаһандық бәсекеге ілесу қиын болады» деп, жаңа инвестициялық кезеңді бастау керектігін тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы Ақмола облысында нәтижелі жүзеге асуда. Инвесторлар үшін облыс әкімдігі тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары еліміздің инвестициялық әлеуетінің толық спектрін ашуға мүмкіндік беріп, экономиканың басым салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосарына сеніміміз мол.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


