Соңғы жылдары еліміз инклюзивті қоғам құру, инклюзивті білім беріп, баршаның сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөле бастады. Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Аталмыш заң нормалары білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің жұмысын реттейді. Бұл заңның оң нәтижесін де көріп келеміз. Соның дәлелі заң қабылданғалы бері мектептерде инклюзивті сыныптар ашылып, арнайы мамандар да қалыптасып үлгерді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы мамандарымыз халықаралық ғылыми қоғамдастықпен бірігіп жұмыс жасап, кәсіби біліктерін жаңартып, уақыт сұранысына сай білім беруде.
Қазіргі таңда мектептерімізде ерекше білім беруді қажет ететін оқушыға білім берудің негізгі идеялары мен бағыттары айқын қарастырылған. Біздің елімізде әсіресе «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау» жақсы жолға қойылған, яғни, заңнамада көзделгендей психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру және консультация бағдарламаларын іске асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды білім беру ортасына қосу үшін әмбебап көзқарас қарастырылған.
Осы орайда айта кетсек, инклюзивті білім беру дегеніміз – баланың физикалық, психикалық, зияткерлік, мәдени тілдік басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім беру жүйесіне қосылып, олардың мүмкіндіктері мен ерекше білім берудің қажеттіліктерін ескеріп, балаға қажетті арнайы қолдау көрсететін жалпы білім беру мекемелерінде тұрғылықты жерінде оқитын оқу процесі ұйымдастырылады.
Бұл қолдаулар баланың дамуындағы өзгерістерді, сынып жетекшісінің, педагог-психологтың, логопед-дефектологтың және ата-ананың біріге отырып, тиімді өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді.
Біздің мектебімізде де инклюзивті білім беру жұмыстары бастауыш сыныптарында жақсы қалыптасқан.
Соның дәлелі ретінде қазан айының 23-і жұлдызы күні мектебімізде «Ерекше білімді қажет ететін балалардың танымдық іс-әрекетін ойын жаттығулары арқылы дамыту»тақырыбында қалалық семинар-практикумға тоқталмақпын.
Семинар мүмкіндігі шектеулі балалардың өз өнерлерін көрсетумен басталды.
Мерекелік іс шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен басталды.
Алматы қаласы Білім басқармасы ҚББЖТҒӘО және №82 құзіреттілік орталығы ұйымдастыруымен өткен шара бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп көрсетті деп айта аламыз. №82 жалпы білім беретін мектеп құзіреттілік орталық мамандарының ұйымдастыруымен өткен шараға Алатау ауданының №14, 26, 41, 91, 114, 149, 150,151,152,156,160,164 мектептердің мамандары да қатысты. Семинарды №82 ЖББМ директоры Енсепбаева Сабиля Мырзашевна ашты. Одан соң сөз алған Алатау аудандық білім бөлімі басшысы Акмурзаева Карлыгаш Медербековна, қалалық инклюзивті ресурстық орталықтың басшысы Ағайша Амировна инклюзивті салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Семинардың ұйымдастырушысы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нуркасымова Жанат Мукатаевна орталықтағы атқарылған жұмыстарға есеп беріп өтті.
Одан соң сөз алған №82 ЖББМ педагог-психологтары Кипшакбаева Асем Сайлаубаевна мен Палимбетова Нұрайлым Оразбековна мамандармен психологиялық ахуал орнату мақсатында тренинг өткізді. «Арнайы педагогтарға арналған интерактивті стратегиялар: ойын әдістері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың танымдық белсенділігін ынталандыру құралы ретінде» тақырыбына ҚББЖТҒӘО қалалық инклюзивті ресурстық орталығының әдіскері Дарья Сергеевна тақырыбын ортаға салды. №82 ЖББМ арнайы педагог, логопеді Аружан Анарбекқызы «Эмоциялар» тақырыбына практикалық жұмыс жүргізді. Ал №160 ЖББМ логопед маманы Әсем Үсенқызы «ЕББҚ оқушыларға түйме және нүктелі сандар ойындары арқылы танымдық процесстерін арттыру» тақырыбына ой бөлісті. Басқа да жиналған мамандар тәжірибелерін ортаға салып,практикалық тұрғыда өзара білім алмасты.
Жалпы қазір ерекше балаларды дер кезінде анықтап көмек көрсету жұмыстары да жүйеленген. Мұғалім мұндай оқушыны анықтап, ПМПК-ға жібереді, содан соң ата-аналар мамандармен арнайы қорытынды жасап, бала бейімделген оқу бағдарламасы бойынша ары қарай білім алады. Егер ерекше балаларды дер кезінде анықтап қоғам қамқорлығын көрсете білсек, оларды күнделікті өмірге бейімдеу, сапалы білім алуына да дер кезінде жол ашылады. Сондықтан қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан шаралардың маңызы зор.
Бұл балалардың танымдық белсенділігі жеткіліксіз, оқу әрекетіне ынтасы жетілмеген қабілеттілік пен тәуелсіздік деңгейі төмен болғанымен жан жақты қолдау нәтижесінде белгілі бір жетістіктерге жетуіне мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан өз білім ордамызда инклюзивті оқытудың белсенді формалары мен әдістерін пайдаланып, ерекше балаларды қолдауға барынша көңіл бөліп келеміз.
Инклюзивті білім беру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал жасап, жақсы өмір сүруіне мүмкіндік қалыптастыра аламыз. Осы бағыт бойынша білім беруде оқушыларды мейірімділікке, ізгілікке, адамгершілікке және қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз деп ойлаймын. Әр бала мектеп қабырғасында білім алуға лайықты.
Дүйсембаева Динар Үрметқызы
ЖББМ №82 мектептің педагог-ассистенті