12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі зор

Қазақтың көне заңдарында жазалауға емес, жауаптылықты арттыруға, кесім айтудан гөрі кешірім беруге көбірек ден қойылғанын байқау қиын емес. Мұның барлығы қазақтың болмысы бейбітшілікке жақын екенін, дауды дабырасыз бейбіт бітіруге бейім екенін көрсетеді.
Бабалардың сол бітімгершілік дәстүрі бүгін де үзіліп қалған жоқ. Керісінше, кейінгі жылдары тараптар арасында туындаған дауды татуластыру арқылы реттеуге, келіспеушілікті сотқа жеткізбей шешуге мейлінше ден қойылған. Осындай игілікті істің басы Қазақстанда «Медиация туралы» заңның қабылдануынан тамыр алғаны белгілі. «Ұрыстың арты – реніш, татулықтың арты – кеніш», «Татулық – табылмас бақыт» дегенді ұрпағының санасына құйып өсірген халқы­мыздың дау­кестіктен арылып, аталы сөзге тоқтайтынына соңғы жылдары жиі куә болып жүрміз.
Биылғы жылы қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы да тараптар арасындағы татулықты сақтау тетіктерін кеңейтуге бағытталған. Қолданысқа енгізілгеніне санаулы уақыт өткенімен жаңашылдықтардың жағымды нәтижелерін көпшілік қазірдің өзінде біліп, түсініп отыр. Өйткені, бұл өзгерістің мақсаты заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын мінсіз қорғау, тараптарды әуре-сарсаңнан құтқару және дауларды татуластыру тәртібімен шешуге негізделген.
Шындығында, дау туындаған жағдайда сот арқылы тартысқа түсу жолын емес, моральдық және материалдық ауыртпалық келтірмейтін татуласудың мүмкіндігін қолданған анағұрлым тиімді. Жоғарыдағы заңнаманың өзі осы түйткілді реттеуге басымдық береді. Азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту бо­йынша енгізілген өзгерістердің тиімділігі аз емес.
Азаматтық процестік кодекстегі жаңашылдықтардың орны бөлек. Соның ішінде, құжатта «сотқа дейінгі хаттама» жобасының қарастырылуы тараптарды ортақ келісімге келтіру мәселесіне заңды тұрғыда жан-жақты мән берілгенін көрсетеді. Сотқа дейінгі хаттаманың дауды бейбіт шешуден басқа да тиімді тұстары баршылық. Біріншіден, бұл хаттама тараптарға соттың қамқорлығын, құқықтық көмегін сезіндіреді. Өйткені, сотқа арыз келіп түскен соң сот тараптарды заңға сәйкес татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақырады. Сонымен бірге, тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың үлгісін ұсынады. Осы ретте судья азаматтарға дауды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерінің мүмкіндіктерінен хабардар етеді. Жаңа өзгеріске сәйкес, судья талап қою түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде құқық нормаларының жиынтығын тексеріп, талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту мәселесін шешеді. Ал татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде талап қоюды қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл тетік тараптарды сотқа дейін татулас­тыру, дұрыс шешім қабылдау үшін қосымша уақыт беру мақсатын көздейді.
Екіншіден, сотқа дейінгі хаттаманың артықшылығы дауласқан қос тараптың өз мүмкіндігін екшеп, таразылауына көмек беруінде. Хаттама келесі жақтың дәлел-дәйегімен танысқан азаматтардың ойлануына, оң шешім қабылдауына түрткі болады. Хаттамада тараптар  өз  талабының немесе қарсылығының негізін, дәлелдерін сот талқылауына дайындау сатысында ұсынуы керек.  Азаматтық процестік кодекстің 73-бабы 2-бөлігінде көрсетілгендей, сотқа дейінгі хаттаманы жасамаудың салдары бар. Мұны да тараптарға түсіндіру маңызды. Өйткені, тараптар сот отырысы барысында тек сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дәлелдемелерге сілтеме жасай алады. Егер бұл мүмкіндікті пайдаланбаса, онда сот отырысында олардың дәлелдемелерді ұсыну құқығы шектелетінін ұмытпауымыз керек.
Үшіншіден, бүгінгідей уақыттың бағасы артқан заманда «Сотқа дейінгі хаттама» тараптарға әр қадамын ойланып жасауға ықпал етеді. Егер тараптар  сотқа дейінгі хаттамасыз дауды ортақ мәмілеге келу жолымен аяқтаймыз деп шешсе, сот 10 күн ішінде істі қарауға тағайындайды. Ал дауды сотқа дейінгі хаттама толтырып, бітіммен аяқтайтын болса, сот 15 күннен кешіктірмей азаматтық істі қарауды тағайындайды.  Бұрын талап қою арызы бес жұмыс күні ішінде қабылданатын. Бұл да жаңа заңнаманың халық мүддесін қорғайтынын айғақтайды.
Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістер татуластырушы судьяның рөлін арттырды. Талап қою түскеннен бастап татуластырушы судья тараптарға «Сотқа дейінгі хаттаманы» жіберіп, құқықтық көмек көрсетуде айтарлықтай еңбек етеді. Оның міндеті – тараптарды ортақ келісімге келтіру, дауды бейбіт шешу. Мұндай ізгі ниетті, құқықтық көмекті түсініп татулас­тыру тетіктерін тиімді пайдаланып жатқандардың қатары өсіп келеді. Жаңаөзен қалалық сотында да дауды бітіммен бітіруге ынталылар көбейген. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасып, елімізде даукестік азаяды, татуласуға шешім қабылдаған тараптар көбейеді деп сенеміз.

С.Махамбетова,
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы

Маңғыстау облысы

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

Азаматтық істердің соттылық мәселесі

Бүгінгі күні барлық соттар үшін ортақ болып соттардың азаматтық...

Шарттық даулар

Шарттық даулар – тараптары ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, азаматтар бола...

Сот отырысы хатшысының жұмысы

Сот отырысының хатшысы соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде...

Әкімшілік істегі медиация

Медиация, медиатор деген ұғымдардың елімізде пайда болуына Қазақстан Республикасының...