Алматы мәслихатының депутаты, танымал былғары қолғап шебері Ермахан Ибраимов «Асыл тас» арнасына берген сұхбатында 10 қаңтарда өткен митингте белсендінің қолындағы плакатты не үшін жұлып алғаны, өзінің ұстанымы мен саясат жайлы ойын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жуырда ғана Алматы қалалық мәслихатының депутаты атанған Ермахан Ибраимов «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Алматы қаласы бойынша төрағасы әрі қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен болған кездесуде қоғамдық спорт орындарын дамыту туралы ойларын ортаға тастағанын айтты. Сөйтіп партия өкілдері спортшыға депутаттыққа неге түспейсің деп ұсыныс жасапты. Өйткені осы мақсатта жемісті жұмыс істеуге депутаттың мүмкіндігі көбірек болады.
Былтыр праймеризден өтпей қалған спортшы оған себеп көп болғанын айтады. Бірінші кезекте 2020 жыл оңайға тимеген. Спорттағы ағасы Жақсылық Үшкемпіровтен, өзінің туған бөлесінен және бажасынан айырылған.
Сайлау күні атышулы оқиғаға қатысты Ибраимов азамат, «Нұр Отан» партиясының өкілі ретінде қандай мәселе болып жатқанын, талаптары қандай екенін білуге барғанын айтады. «Сол моментте мені суретке түсіріп алғандар болды. Боксшы ұруға келді деген оймен менен қашып, сөйлеспей, мені балағаттады. Арандатып, интрига жасай бастады. Шынымды айтсам бұл менің намысыма тиіп кетті», — деп түсіндіреді депутат.
«Ол плакатта халықты арандатушы сөздер жазылған. 30 жыл бойы дамып келе жатырмыз, Құдайға шүкір. 30 жыл бұрынғы жағдайымыз қандай еді, қазір қандай? Оған мән бере бермейді. Ойлану керек қой адам болғаннан кейін. Ал олар арамызға іріткі салып, ауызбіршілігімізді бұзып, Украина, Қырғызстан сияқты бірлікті бұзатын, соғысқа әкелетін сөздер жазған да. Қазақстанның азаматы, патриоты, талай жарыста намысы үшін күрескен, Олимпиадада туымызды көтерген адам ретінде бұл мемлекеттің быт-шытын шығарғанын қаламаймын. Ол «заказ» қай жақтан келгенін білеміз. Әбіләзовтардан, басқасынан келеді. Мен оған жол бермеймін деген сияқты, нағыз патриот сияқты өте нашар жазылған плакатты жұлып алдым да, жыртып-жыртып жерге тастағаным, азаматтық позициямды көрсеткенім рас. Оны жоққа шығармаймын. Әлеуметтік желілерде әңгіме көбейіп кетті. Оны сын ретінде дұрыс қабылдаймын. Депутат, азамат ретінде, тек халыққа жанашырмын», — деп түсіндірді сол күнгі әрекетін спортшы.
Спортшы өзіне айтылып жатқан сынның өмір сүруге құқылы екенін мойындайды. Бәлкім сол күні ашуға бой алдырмауым керек еді деген ойда. Біреуге нұқсан келсе, халықтан кешірім сұрайтынын жеткізді.
Ибраимов кез келген мәселені үстел басына отырып, конструктивті шешу керек деген пікірде. Оның пікірінше, қазір адамдар проблемаларын «ашық түрде айта алатын» жағдайда, соны «тыңдай алатын» депутаттар келді.
«Мен өзім сол бағытта жұмыс істеймін. Адал жұмыс істеймін. Мені бес жылға тағайындады. Бес жыл мен депутаттықтан айыра алмайды. Халық не айтады, соны орындауға дайынмын. «Нұр Отанға сөз келеді деп қорықпаймын. Мен халықпен болғам, боламын да. Депутаттыққа келгенім де сол себеп», — дейді ол.
«Егер саясатпен айналыспасаңыз, онда саясат сізбен айналысады» деген сөзді ұстанатын спортшы билікке де сөз тигізбей, халық үшін жұмыс істеуге болатынын айтады.