Қазіргі таңда еліміз құқықтық мемлекет ретінде сот жүйесінің тиімділігін арттыру, халықтың сот саласына сенімін қалыптастыру бағытында бірқатар институционалдық реформаларды жүзеге асырып келеді.
Бұл реформалардың басты мақсаты — әділ, ашық және халыққа қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз ету екенін ескеретін болсақ, өз кезігінде жасалып жатқан өзгерістердің барлығы халықтың көңілінен шығары анық.
Осы тұрғыда сот жүйесінің әрбір деңгейінің, соның ішінде кассациялық инстанция мен оны қолдайтын әкімшілік құрылымдардың жұмысын ұйымдастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Атап айта кетсек, кассациялық соттардың негізгі міндеті – сот шешімдерінің заңдылығын тексеру болғандықтан, алдағы уақытта еліміздегі азаматтардың құқығын қорғау сапалы деңгейге көтеріледі деп айта аламыз. Олар төмен тұрған сатылардағы соттардың шешімдерін құқықтық тұрғыдан бағалап, заң талаптарына сай болуын қадағалайды.
Ал барынша қадағаланып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесілген» шешім халық сеніміне лайық болары сөзсіз.
Кассациялық соттарда қабылданатын шешімдер заң нормаларын біріздендіру, сот практикасын жүйелеу және әділеттілікті қалпына келтіру бағытында ерекше маңызға ие.
Осы орайда Кассациялық соттар департаменті осы жүйенің маңызды әкімшілік буыны. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот пен оның ұйымдастырушылық, әкімшілік, техникалық-тіркеу және кадр мәселелерін үйлестіруші Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Кассациялық соттар департаменті (бұдан әрі-Департамент) толыққанды жұмыс істей бастады.
Қазақстан сот жүйесінде кассациялық кезеңді реформалау – әділеттілікке қолжетімділікті арттырып, сот актілерінің сапасына бақылауды күшейтіп, Жоғарғы Соттың институционалдық рөлін нығайтатын маңызды қадам болып табылады.
Департамент осы реформаның жүрегі ретінде сот әкімшілігінің техникалық және ұйымдастырушылық, кадрлық саясатты, жүйенің тиімді қызмет ету механизмдерін енгізіп, жаңа сот жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Кассациялық соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді Департамент құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің аумақтық органы болып табылады.
Департаменттің негізгі мақсаты — кассациялық сатыдағы сот істерінің сапалы және уақтылы қаралуын ұйымдастыру, сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуына жәрдемдесу және кассациялық сот процестерінің заң аясында жүргізілуіне әкімшілік-ұйымдастырушылық қолдау көрсету болып табылады.
Осыған дейін сот шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар мен наразылықтар көп тіркелетін. Ал соңғы өзгерістерден кейін халық наразылығының айтарлықтай төмендегені байқалады, демек өзгерістердің халық көңілінен шығып жатқанынын дәлелдейді.
Департаменттің міндеті — тәуелсіз сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті әрі жеткілікті жағдай жасау. Белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті құжаттар мен материалдарды сұратуға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың иелігіндегі қолжетімді ақпараттық деректер қорын өз құзыретінің шеңберінде пайдалануға, Сот әкімшілігінің басшысына судьялар мен қызметкерлердің еңбегін қорғау, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы.
Департаменттің басты функцияларына кассациялық сот төрағаларының, кассациялық соттардың жалпы отырыстарының жұмысын ұйымдастыру, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, Сот әкімшілігіне осы тұрғыдан кассациялық соттардың қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудің жай-күйі туралы ақпаратын дайындау, сондай-ақ кассациялық соттардың жалпы отырыстары қабылдаған шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, кассациялық соттардың жұмысында кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу, судьялар мен қызметкерлердің жеке есебін жүргізу, біліктілігін арттыру мен олардың тағылымдамадан өтуі, сот оқуы жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара ic-қимылды қамтамасыз ету және т.с.с нақты бекітілген міндеттерді атқару жатады.
Департамент өзінің қызметінде сот билігінің дербестігіне араласпай, тек ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қолдау көрсетумен айналысады сот ісін жүргізуге ықпал етпейтін, тек әкімшілік қолдаумен шектелетін, заңдылық пен ашықтықтықты құқықтық нормаларға сәйкес қамтамасыз ететін электрондық сот төрелігі жүйелерін қолдану арқылы процестерді оңтайландыру қағидаттарына сүйенеді.
Сот реформаларындағы ерекше орны бар, ол кассациялық сатыдағы сот істерінің сапалы және жүйелі түрде қаралуы еліміздің құқықтық жүйесінің сенімділігі мен әділеттілік қағидаттарының сақталуына тікелей әсер етеді.
Бұл ретте, Кассациялық соттар департаментінің ұйымдастырушылық әлеуеті мен тиімділігі құқықтық мемлекет ретінде Қазақстанның даму бағытына сәйкес келетін еліміздегі құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін маңызы зор бірден-бір құрылым. Заманауи ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуі мен сот практикасын талдауға қосқан үлесі құқықтық реформалардың табысты жүзеге асуына тікелей әсер етеді.
Болашақта оның қызметін одан әрі жетілдіру сот жүйесінің сапалы дамуына серпін беретіні сөзсіз.
И.Калилаханова, Кассациялық соттар
департаменті басшысының орынбасары


