Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда (оның ішінде ноталар немесе хаттар алмасу нысанында) екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.
Қазақстан Республикасының атынан жасалатын халықаралық шарттар мемлекетаралық шарттар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан — үкіметаралық шарттар, орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың атынан — ведомствоаралық шарттар болып табылады.
Халықаралық шарт жасасу – реттілік тәртіппен жүзеге асырылатын, халықаралық шарттың мәтінін қабылдау, халықаралық шарт мәтінінің теңтүпнұсқалығын анықтау және Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі, не Қазақстан Республикасы халықаралық шартқа қосылатын жағдайда – Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі.
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай келмейтін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе тәуелсіздігінен айырылуына әкеп соғатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейді.
Халықаралық шартты жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытындыны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі халықаралық шартты жасасу тұжырымдамасын қарау нәтижелері бойынша береді.
Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз етуде халықаралық шарттар маңызды рөл атқарады, сондықтан қажет болған жағдайларда соттар Қазақстан Республикасы юрисдикциясының шеңберінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті.
Конституцияға сәйкес белгіленген тәртіппен жасалған және Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялаған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары оның заңдарының алдында басым болады.
Азаматтардың құқықтары, бостандықтары және міндеттеріне қатысты ресми жарияланбаған халықаралық шарттар қолданылуға жатпайды.
Аян Алтынбаев.
Жалағаш аудандық сотының
Әкімші басшысы