Алматы қаласында елдің заң саласындағы сауатын көтеруге үлесін қосып жүрген, азаматтық қоғам үшін ең маңызды іс-шаралардың бірі болып табылатын — «Халық заңгері» республикалық акциясы өз жалғасын тапты. Бұл дәстүрлі акция қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғауға қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
Игі шара «Заң мен тəртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама аясында ұйымдастырылып, барша қала тұрғындарына ашық əрі қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге бағытталды. Ауқымды акция барысында азаматтар білікті заңгерлер мен адвокаттардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдерінен тегін заңгерлік кеңес ала алды. Акцияға 100-ден астам кəсіби заңгер мен адвокат, шамамен 40 мемлекеттік органның мамандары қатысып, қала тұрғындарының сауалдарына тікелей жауап берді. Бұл – халық пен билік арасындағы диалогтың нақты көрінісі. Қала тұрғындарының көтерген мəселелері банк жəне салық жүйесі, тұрғын үй қатынастары, жер мəселелері, қала құрылысы, мүлікті заңдастыру, мұрагерлік жəне басқа да əлеуметтік маңызы бар салаларға қатысты болды. Заң кеңесіне жүгінгендердің арасында жас отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, студенттер, жеке кəсіпкерлер жəне жұмыссыз азаматтар көптеп кездесті. Олардың əрқайсысы өз сұрағын ортаға салып, жеке құқықтарын қорғау жолдарын, құжат рəсімдеу тəртібін, сотқа дейінгі шешім қабылдау жолдарын жəне мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің заңды тетіктерін нақты түсінуге мүмкіндік алды.

Шараның мұндай форматта өтуі – шараның тиімділігін көрсетеді. Қала тұрғындары үшін бұл тек ақпарат алу ғана емес, мемлекеттік жүйе нің жұмысын өз көзімен көру, сенімділік орнату жəне мемлекетке деген үміт пен сенімді арттыру. 2016 жылдан бері еліміздің əр өңірінде ұйымдастырылып келе жатқан «Халық заңгері» акциясы өзінің тиімділігін дəлелдеп үлгерді. Осы жылдар аралығында 10 000-нан астам заң сарапшысы мен мемлекеттік орган өкілі жобаға қатысып, 300 000-нан астам қазақстандық тегін заңгерлік көмекке ие болды.Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді. Бұл – халықтың құқықтық сауаттылығы мен өз құқығын қорғауға деген ұмтылысының артқанының белгісі. Сондай-ақ, бұл үрдіс мемлекеттік органдар тарапынан ашықтық пен жауапкершіліктің артуына, қоғам мен билік арасындағы сенімді қарым-қатынастың дамуына жол ашып отыр. Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында еліміздегі беделді құрылымдар бар. Атап айтқанда, акцияны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі жəне Əділет министрлігі бірлесе отырып өткізді.

Дарын Ашимбаев, заңгер:
– «Халық заңгері» – бұл жай ғана шара емес, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты қадам. Қаншама азамат құқықтық қарым-қатынастарға түскенде өз құқықтарының бұзылғанын сезсе де, оларды қалай қорғайтынын білмейді. Осындай кезде дұрыс бағыт пен нақты кеңес ауадай қажет. Бұл акцияның ең басты ерекшелігі – əрбір адам өз сұрағына толыққанды, түсінікті жауап ала алады. Себебі, барлық мемлекеттік органдар мен заңгерлер бір жерде жиналып, жан-жақты құқықтық кеңес береді. Мұндай формат – бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жолындағы нақты құрал. Сонымен қатар, бұл құқықтық мемлекет құру жолында жасалып жатқан нақты əрі тиімді əрекет деп санаймын. Жастар мен азаматтарға кеңесім – Конституцияны жиі оқып тұру. Қайда барсаңыз да, өзіңізбен бірге Конституцияны алып жүруге кеңес беремін. Ол сіздің ең сенімді қорғаныңыз.
Айдана Дузелбай, Алматы қаласы Əділет департаментінің бас маманы: –
Менің ойымша, бұл акцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайту жəне заң үстемдігін қамтамасыз ету идеясын насихаттау болды. Бұл шара халықтың құқықтық мəдениетін қалыптастыруға, заң талаптарын сақтау жөніндегі түсінігін кеңейтуге бағытталған. Мұндай іс-шаралар қоғам үшін өте маңызды. Біріншіден, олар азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне көмектеседі. Екіншіден, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттырады. Үшіншіден, құқық бұзушылықтың алдын алуға əсер етіп, заңды бұзудан сақтандырушы құрал ретінде қызмет етеді. Барлық азаматтарға айтар кеңесім: Конституция мен негізгі заңдарды оқып үйреніңіздер, құқықтық семинарлар мен тренингтерге қатысқандарыңыз жөн. Сенімді дереккөздерден ақпарат алып, өз құқығыңызды қорғаудан қорықпаңыз. Қажет болған жағдайда білікті заңгерлерге жүгінуден тартынбаңыздар.
Əсел, қатысушы:
– Шынымды айтсам, осындай тегін заңгерлік көмек болады деп ойламаппын. Əдетте заңгерге бару қымбат, əрі бəрін түсіндіре бермейді. Бұл шарада бəрі түсінікті, нақты болды – сұрағыма бірден жауап алып, заңды тұрғыда не істеу керектігін біліп шықтым. Маған жер теліміне байланысты сұрақ бойынша кеңес қажет болды. Бұған дейін қайда барып, кімнен сұрарымды білмей жүрген едім. Мұнда бірден дұрыс бағыт көрсетті. Ең бастысы – заңгерлер мен мемлекеттік орган мамандары бір жерде, бəрі қолжетімді. Осындай акциялар жиі өтіп тұрса екен. Əсіресе қарапайым халық үшін, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен жастар үшін бұл – өте пайдалы. Өз құқығыңды білу – тек білім емес, бұл өзіңді қорғаудың жолы екенін түсіндім.
Аружан МАУЛЕНБАЙ,
«Заң газеті»