12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Гүлзина АМАНТАЕВА, «Тарбағатай» заң кеңесшілері палатасының заңгері: «ҚЫЗЫҢ АРАҚ ІШСЕ – ҚЫЗЫҒЫҢНЫҢ, ҰЛЫҢ АРАҚ ІШСЕ – ЫРЫСЫҢНЫҢ КЕТКЕНІ»

– Гүлзина Жабықбайқызы, әңгімемізді алкогольді ішімдіктердің қоғам мен адамға тигізіп жатқан зиянынан бастасақ.

– Халқымыз «арақ – атаңнан қалған ас емес» дегенді дәл айтқан. Өйткені ішімдік адамды есінен айырып, оның бойындағы бүкіл жамандық пен қатыгездікті оятады. Соның кесірінен қаншама жанның тағдыры бүлінуде. Ең қиыны, ішкен адам өзіне ғана зиянын тигізбейді, айналасындағы жақындарына да зардап шектіріп, берекесін алады. Тәжірибеден байқап жүргеніміздей, ажырасқысы келетін қыз-келіншектердің басым көпшілігі күйеулерінің ішімдікке үйірлігін алға тартады. Әсіресе, отбасындағы балаларға қиын. Бұлай дейтінім, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының үштен екісі, бала бойындағы қатыгездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігімен байланысты болатынын статистикалық мәліметтер көрсетіп отыр. Мысалы, ғалымдар психикалық ауруы бар 1000 адамды зерттегенде, солардың 665-інің ата-анасы маскүнем екенін анықтаған. Жол-көлік апаттарының басым көпшілігін рөлге масаң күйде отырғандар жасайды. Сондай-ақ адам өмірін қию, өзіне қол жұмсаудың 50 пайызы алкогольге тәуелділіктің салдарынан орын алады. Ішімдікке салынған адамы бар отбасының мүшелері күйзелістік жағдайларға жиі ұшырайды, дәл осындай жанұялардың балаларының үйден қашып кету оқиғалары аз емес. Ішімдіктің зияны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мемлекетіміз тарапынан бұл ретте ауқымды істер жасалып жатыр. Мысалы, арақ-шарапты сатып, таратудың өз тәртібі бар, 21 жасқа жетпегендерге сатылмайды.

– Ішімдікке тәуелді жанды өзінің келісімінсіз мәжбүрлі түрде емдетуге кімдер құқылы, заңда бұл жағы қалай реттелген?

– Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды емдеу туралы заңның талабына сәйкес, маскүнемдік, сондай-ақ нашақорлық пен уытқұмарлық азаматтардың денсаулығы мен халыққа залал келтiретiн және қылмыстың өсуiне себепшi дерттер қатарына кіреді. Сондықтан маскүнемдікке шалдыққан аурулар өз еркімен емделуден бас тартқан жағдайда, олар денсаулық сақтау жүйесінің мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдарына өз еріктерінсіз жатқызылады. Ескерерлігі, мұндай науқастар емделу барысында қандай да бір еңбекке тартылады. Себебі олар – физикалық тұрғыда күш-қуаттары, яғни, жұмыс істеу қабілеттері бар адамдар. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық жасағандарға, сондай-ақ созылмалы алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емделуі керектігі анықталып, ауру деп танылса да, ерікті түрде емделуден жалтаратындарға сот шешімінің негізінде қолданылады. Азаматтық процестік кодекстің 341-бабында көрсетілгендей, оларды өздерінің келісімінсіз мәжбүрлі түрде емдету туралы арызды сотқа беруге осы адамның тұрғылықты жері бойынша медициналық қорытындылары болған жағдайда, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым өкілі, сонымен бірге науқастың жұбайы, туыстары, еңбек ұжымы, қоғамдық ұйымдар, ішкі істер, прокуратура, қорғаншылық және қамқоршылық органдары құқылы. Бұл үшін заңда көзделген негіздер көрсетіле отырып, арызға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек жасайтын ұйымның психиатрдәрігерлерінен құралған комиссияның оны психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы бар адам деп тану және оған мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттігі туралы уәжді қорытындысы қоса беріледі. Арызды қанағаттандыру туралы шешім маскүнем адамды заңда белгіленген мерзімге наркологиялық ұйымға мәжбүрлеп емдеу үшін жіберуге негіз болады.

– Тәжірибеңізде мұндай жағдай болды ма?

– Бізге азаматтар түрлі сұрақтармен келеді. Әсіресе, қыз-келіншектер басым. Жас келіншек күйеуінің ішімдікке салынғанын, соның салдарынан отбасының берекесі қашқанын, өзін балаларымен қоса ұрып-соғатынын айтты. Сонда да жолдасын қимайтынын, отбасын сақтағысы келетінін жасырмады. Күйеуін қатарға қосу үшін мәжбүрлі түрде емдетуге жәрдемдесуімді сұрады. Екі баласы бар екен, құдай қосқан қосағына жан-жүрегімен көмектескісі келіп отыр. Келіншектің көрген зәбіріне жаным ауырса да, оның жанашырлық ниеті мені ізденісі мені қуантты. Өйткені онсыз да Қазақстанда ажырасушылар көп. Бізге отбасының бүтіндігі мен тыныштығы қымбат. Сондықтан оған бұл мәселені шешуде қайда баруы, не істеуі керектігі туралы заң талабын түсіндірдім. Қажетті көмек көрсетілді. Жұмысымыз нәтижесіз болған жоқ. Қазіргі күні оның жолдасы емдеу орталығынан сауығып шықты. Жұмысын істеп, бала-шағасымен бірге өмір сүруде.

– Жақындарының дер уақытында қол ұшын соза білуі науқастың түзу жолға түсуіне ықпал етеді дейсіз ғой.

– Иә, ұлы Абай атамыз «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенді жайдан-жай айтпаған Дәл қазіргі таңда ақын сөзінің маңызы күшеймесе, кеміген жоқ. Адамның бәрі бірдей емес, осалы, мықтысы, болмашы істе сынып кететіндері бар. Сондай сәтте жаңағы келіншек сияқты қол ұшын созып, қолдайтындар қасынан табылса, мейлі ол досы, туысы, т.б. болсын, ішімдікті қойып, жаман әдеттерінен тыйылуы әбден мүмкін. Қазіргі қоғамда бір-бірімізге жанашырлық жетіспейді.

– Қоғамдық орындарға масаң күйде келгендерге қандай жаза қолданылады?

– Мұндай адамдардың жауапкершілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабында белгіленген. Мысалы, қоғамдық орындарға ішімдік ішіп келіп, өзгелердің тыныштығын бұзғандар немесе қадір-қасиетін кемсіткендерге бес айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. 18 жасқа толмаған адамның қоғамдық орындарға масаң күйде келуі немесе алкогольдік ішімдіктерді ішуі ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалатады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл аралығында сол әрекетін қайталап жасағандарға 10 АЕК айыппұл салынады не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.

– Азаматтарды араққұмарлықтан сақтаудың қандай тәсілі немесе жолы бар?

– «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» дейді халқымыз. Ұл-қызымыздың тәрбиесіне жастайынан мән беріп, олардың ішімдік, темекі, т.б. аулақ болуына қажетті шаралар дер кезінде жасалуы тиіс. Статистикалық дерекке сүйенсек, республика тұрғындарының 35 пайызы ішімдікке үйір екен. Өкініштісі, осы дерекке мектеп жасындағы балалар да іліккен. Сол себепті әрбір азамат, ата-ана, мұғалім, тіпті, тәрбиешінің өзі жас буынға балабақшадан бастап ішімдіктің зиянын ұғынықты тілмен түсіндіріп отырғаны жөн. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанудың жолдарын үйретіп, соған баулуы қажет. Зиянды заттардың қоғамда еркін таралуына мүмкіндігінше жол берілмеу керек. Тағы да бабалар сөзіне жүгінсек, «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» дейді, шын мәнінде, арақтың ақыры өз көріңе жетелейтінін жас ұрпақ санасына жеткізудің маңызы зор. Соңғы кездері еліміздің кейбір ауылдарында бүкіл тұрғындар болып алкогольді өнімдерге қарсы тұруда. Мысалы, дүкендерде арақ-шарап сатпайды. Жақында әлеуметтік желіден Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік ауылында полицияға арақтың әсерінен орын алатын заң бұзушылықтар жөнінде мүлде арыз түспейтінін оқып сүйсіндім. Ауыл халқы ішімдік ішуден де, сатудан да жаппай бас тартқан. Мұндай ауылдар Түркістанның Ордабасы, Жетісай аудандарында, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында да бар. Қандай ғажап бастама! Болашақты арақсыз көретіндер қатары көбейіп, осындай үрдісті еліміздің басқа өңірлері де іліп әкетіп жалғастырса, қанеки! Мұндай жағдайда халқымыздың денсаулығы түзеліп, берекелі отбасылардың қатары көбейер, сол арқылы ел болашағы – балапандарымыз бақытты ғұмыр кешер еді!

Әңгімеңізге рақмет!

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Pеспублика күні — тәуелсіздік пен бірліктің символы

Қазақстан Pеспубликасының күні – еліміздің тарихындағы ерекше  маңызға ие...

Защита детей от киберугроз

В современном мире интернет стал неотъемлемой частью жизни детей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Народный трибун, ученый, наставник

Вот уже пять лет нет с нами нашего наставника...

Институт следственных судей: история возникновения и развитие

В своем Послании народу Казахстана от 16.03.2022 года «Новый...