Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Бірыңғай грант операторы 2025 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) грант беру байқауын жариялады. Орта мерзімді гранттар бойынша өтінімдер 11 наурыз бен 3 сәуір аралығында қабылданады.
Байқау азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заң мен Мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында өткізіледі. Байқау аясында үкіметтік емес ұйымдар басым бағыттар бойынша жобаларды ұсына алады. Олар – Инклюзивті қоғамды дамыту; Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту; Азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі шаралар мен іс-шараларды ұйымдастыру; Төтенше жағдайлардағы және төтенше жағдай салдарын жоюдағы волонтерлікті дамыту; «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық волонтерлікті дамыту; Медицина саласындағы волонтерлікті дамыту; Тарих және мәдениет саласындағы волонтерлікті дамыту; Әлеуметтік волонтерлікті дамыту; зооволонтерлікті дамыту. Өтінімдерді қабылдайтын бірыңғай оператор саналатын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Қазақстандағы мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттесу механизмін жетілдіру бойынша жұмыс істейді.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»