Газдың жайы мәз емес

Елімізде тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, былтыр, жалпы халықтың 58 пайызына жуығы көгілдір отынға қол жеткізген екен. Алайда, газдандыру деңгейімен бірге газды тұтыну өсетінін ескерсек, әлі де осы тұрғыда шешімін күткен мәселелер аз емес.
Бұл ең алдымен Қазақстанның 2060 жылға қарай өнеркәсіп пен экономиканы көміртексіздендіру бағытымен тығыз байланысты. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2030 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі газ көлемін 25 пайызға жеткізу міндетін қоюы кездейсоқ емес.
Екіншіден, еліміздегі газды тұтынудың өсуіне біздің көптеген тау-кен және балқыту, жылу-электр стансалары мен өңдеуші кәсіпорындардың көмірден газға біртіндеп көшетіні де бұл мәселені өзектендіре түседі. Қазірдің өзінде осы бағытта жаңа жобалар қолға алынуда. Сондықтан, еліміздегі газды тұтынудың артып келе жатқанына байланысты ресурс­тық базаның айқындалып отыр­ған жеткіліксіздігі ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде Энергетика министрлігі өткізген үкімет сағатында айтылды.
Жиында Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин саладағы біраз түйткілді ортаға салған еді. Оның айтуынша, соңғы 12 жылда еліміздегі газдың жылдық тұтынуы екі еседен астам – 9-дан 18,6 млрд м3-ге дейін өсіпті.
Мұндай цифрлар газ тапшылы­ғының орын алуы туралы айтылған болжамның оптимизмге жетелемейтінін көрсетеді. Осы жайлы сөз сабақтаған Милютин мырза қазірдің өзінде Қазақстанда газ тапшылығы бар екеніне, мұны сұйытылған газ бағасының алыпсатарлық секірістерді растайтынына назар аудартты.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов өз баяндамасында Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында газ тасымалдау жүйесінің тозығы жетуі салдарынан газды нақты тасымалдау учаскелердегі рұқсат етілген қысыммен шектелетінін айта келіп, бұл жүйені жаңғырту және кеңейту үшін 500 млрд теңге сұраған болатын. Депутат бұл қаржының берілу қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда ол тұрғындар мен кәсіпорындарды газбен үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз етудің маңыздылығын, сондықтан газ тасымалдау жүйесін жаңғырту, жаңа желілерді салу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін мәлімдеді.
Сонымен қатар газ тасымалдау жүйелерінің қатты тозуының негізгі себебі жайлы да өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, құбырлар мен жабдықтардың ескіруі көбінесе тауарлық газдың сапасына байланысты. Өкінішке қарай, барлық көгілдір отын, әсіресе, күкірт құрамы бойынша белгіленген талаптарға әлі де сәйкес келмейді. Нәтижесінде газ құбырлары тез тозып, бұл тұтынушылар үшін отын бағасының көтерілуіне әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік органдар тауарлық газдың тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауы керек. Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Милютин мырза Энергетика министрлігінің тауарлық және сұйытылған мұнай газының бағасын кезең-кезеңімен көтеруге бағытталған саясатына қатысты да ойымен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстандағы және басқа да көршілес елдердегі газ бағасын салыс­тыратын болсақ, расында, мұндай саясат өзін ақтайтын сияқты. Бірақ біздің тұрғындардың бұл мәселеге өте сезімтал екенін ескере отырып, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда газ Қытайдан 8 есе, Ресейден бір жарым есе, Қырғызстаннан 4 есе арзан екені барша қазақстандықтарға белгілі болуы керек. Газ бағасының төмендігі оның өндірісінің өсуін ынталандырмайды. Өйткені өндірушілер қазіргі уақытта шығынмен жұмыс істейді және мұндай жағдайға ұзақ уақыт төтеп бере алмайды. Әлемдік тәжірибеде сұйытылған газ бағасы бензин бағасының шамамен 70 пайызын құрайтынын халық білуі керек.
Сөз алған өзге депутаттар жалпы Үкіметке мүмкіндігінше бұл саладағы тезірек барлық ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуды, ішкі нарықта тауарлық газдың көтерме бағасы көтерілген жағдайда халық үшін бөлшек сауда бағасын тежеудің қосымша тәсілдері мен тетіктерін табу қажеттігіне назар аудартты.

А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды 

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны қамауға алуға санкция берді.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың аккаунты уақытша бұғатталуы мүмкін

Олжас Бектенов 16 жасқа толмаған балалардың әлеужеліге кіруіне шектеу қоюға қатысты заң жобасының әзірленіп жатқанын айтты.

Қазақстан-Оман: Маңызды құжаттарға қол қойылады 

Оман Сұлтанының елімізге сапары аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Елімізде ауа райы күрт бұзылып, өңірлерде қар аралас жауын-шашын түседі

«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша 2026 жылғы 6-8 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Қорғаныс министрлігінің тексерісінен кейін 13 қылмыстық іс қозғалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінің ауқымды тексерісінің алғашқы нәтижелері...