Ескерткіштер – аймақтың туристік әлеуетін арттырады

​​​​​​​​​​​​​​Елімізде туризмге тартымды аймақтардың ішінде Жамбыл облысы туристердің ерекше қызығушылығын туғызатын тарихи ескерткіштерге бай. Бұл өңірдің тарихи-мәдени мұрасы 3 510 ескерткіштен тұрады. Мұндағы бес археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар: Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені.

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Уразалиеваның айтуынша, Жамбыл облысының туристік әлеуетін кеңінен танытып, оны қарқынды дамыту мақсатында құрылған бұл орталықта 4 бөлім бойынша 17 қызметкер жұмыс жасайды. Орталықтың негізгі миссиясы – өңірдегі туризмнің дамуына серпін беріп, туристерге жанжақты ақпараттық қолдау көрсету. Олар туризм саласының өркендеуі үшін қолайлы жағдай жасап, оның басым бағыттарын анықтап, жүйелі түрде қолдауға назар аударады. Орталық қызметінің негізгі бағыттары: Жамбыл облысында туризмді дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Аймақтың туристік әлеуетін насихаттау – ақпараттық және бейнематериалдар әзірлеу, жарнамалық өнімдер жасау, туристік бағыттарды көрсететін бейнефильмдер мен роликтер шығару және тарату. Облыстың туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныту мақсатында республикалық және халықаралық туристік жәрмеңкелерге, биржаларға, форумдарға, слеттер мен көрмелерге қатысу. Туризм мамандарына, гидтерге, экскурсоводтар мен инструкторларға арналған тақырыптық оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу, сондай-ақ олардың кәсіби дайындығы мен біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру. Туризм саласына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау. Туризм саласындағы кәсіпкерлерге туристік қызметке қатысты әдістемелік және консультациялық көмек көрсету. Аймақтың туристік әлеуеті, нысандары және осы салада қызмет көрсететін тұлғалар туралы ақпарат ұсыну. Шетелдік туристерге заңдық және өзге де мәселелер бойынша көмек көрсету. Туроператорлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған жарнамалық турлар ұйымдастыру. Әуежайларда, теміржол және автовокзал ғимараттарында, сондай-ақ туристер жиі келетін орындарда үнемі жаңартылып отыратын ақпараттық пункттер орнату. Веб-сайттың мазмұнын толықтырып, барлық қажетті ақпаратпен жаңартып отыру. «Облысымыздағы туризм индустриясының көшбасшыларына түркі әлемінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің кешендері – «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» ғибадатханасы, «Көксай» каньоны, «Ақыртас» сарай кешені және басқа да көптеген туристік нысандар кіреді. Мәселен, Айша бибі мен Қарахан кесенелеріне жыл сайын 83 мыңға жуық турист келіп, олардың тартымдылығын арттырып отыр. Ал статистикалық мәліметтерге сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келіп, олардың саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 пайызға артқан. Оның ішінде ішкі туризм бойынша облысқа келген резиденттер саны 148 639 адам болса, шетелдік туристер саны 2 471 адамды құраған», – дейді Мөлдір Мұхтарқызы. «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы басшысының сөзіне қарағанда, облыс туризмінің дамуына жаңа серпін беріп отырған бұл ескерткіштермен қатар, облысымызда дәстүрлі туризм түрлерінен басқа, тарихи-мәдени, археологиялық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, экстремалды және экологиялық туризм де дамып келеді. Осыған байланысты, туризм саласына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін тарта отырып, облысымыздың туристік әлеуетін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...

Сотқа деген сенімді арттыру тетіктері

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен оған деген қоғамдық...