Жыл сайын 26 маусым Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні ретінде аталып өтеді. Дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын есірткіге байланысты жаһандық қауіп-қатерге аудару мақсатында бұл күнді БҰҰ Бас ассамблеясы 1987 жылы желтоқсанда бекітті. Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес бүгінгі күні мемлекеттің нашақорлыққа қарсы саясатының басым бағытының бірі.
Атаулы күнге орай Ақмола облысында есірткіге қарсы айлықтың ашылуы бойынша брифинг өтті. Брифингте облыстық полиция департаментінің бастығы полиция подполковнигі В.Гудыменко сөз сөйледі. Жалпы ҚР Үкіметі нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес шеңберінде 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарын былтыр маусымда бекіткен еді. Бұл құжат құқық қорғау және алдын алу шараларына баса назар аудара отырып, есірткіге қарсы күрес саласындағы мемлекеттік органдар мен қоғамның іс-әрекетін айқындаған. Бұл мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – халық арасында есірткіні заңсыз тұтынуға және есірткінің заңсыз айналымына қатысуға саналы теріс көзқарасты қалыптастыру. Спикер облыста жыл басынан бері ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес бойынша ауқымды жұмыстар арқасында есірткіге қатысты 68 құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 21 сату фактісі, 7 аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтау, 2 трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, 36 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 53 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеген. Тәркіленген қауіпті заттар ішінде 4 келі 98 грамм синтетикалық есірткі, 34 келі 756 грамм гашиш және 4 келі 204 грамм марихуана бар. Бұл көрсеткіштер өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары. Демек бұл құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігінің артқанын көрсетеді. Салыстырмалы түрде өткен жылы 16 келі есірткі тәркіленген, оның ішінде 1 келі 391 грамы синтетикалық, 11 келі 427 грамы гашиш және 3 келі 334 грамы марихуана.

«Ақмола облысында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы белсенді күрес жалғасуда. Бүгінгі таңда облыста 403 нашақор есепте тұрса, оның 36-сы әйелдер, жасөспірімдер мен балалар арасында есірткіге тәуелділер жоқ. Бұл деректер нашақорлықтың қазіргі жай-күйін, қоғам мен мемлекеттік органдардың бұл мәселемен қалай күресіп жатқанын көрсетеді. 2024 жылдың төрт айында 45 жаңа нашақорлық ісі тіркелсе, оның ішінде 15 адам бірінші рет көмек сұраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, есірткіге тәуелділік көрсеткіші 100 мың тұрғынға (19 адам) шаққанда 2,4-ті құраса, 2024 жылы 100 мыңға (15 адамға) шаққанда 1,9-ға дейін төмендеді. Бір қуантарлығы, балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық дерегі тіркелмеген», – дейді В.Гудыменко.
Дегенмен, баяндамашы біршама жақсартуларға қарамастан, облыс бойынша 2024 жылдың төрт айында нашақорлықтың жалпы көрсеткіші 49,7- ден (392 адам) 52,2-ге (403 адамға) дейін өскенін ескерте кетті. Осы тұста наркологиялық стационарлардың жұмысы жайы да айтылды. Биылғы төрт айда облыстағы наркологиялық стационарларға 193 науқас түсіп, оның 167-сі жазылып кеткен екен. Қабылданғандар санына 39 нашақорлар кірді, оның 4-і әйел адам екен. Спикер мәселеге қатысты ең алдымен жастарға бағытталған нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарға үлкен мән берілетінін жеткізді. Облыста осыған байланысты жыл сайын маусым айында құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар және салауатты өмір салтын насихаттау айлығын өткізеді екен. Биыл облыс әкімінің орынбасары Елдос Мұратұлы Рамазанов нашақорлыққа қарсы іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітіп, оны маусым айында өткізу жоспарланған екен. Айлық аясында облыста 100-ден астам түрлі профилактикалық жұмыстар өткізіліп, аталған іс-шаралардың негізінде халықтың назарын есірткінің таралу және қолдану қаупіне аудартып, жастар арасында психоактивті заттарды пайдалануға теріс көзқарасты дамыту мен салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру дағдыларын қалыптастыру мақсат болып бекітілген. Есірткіге қарсы айлық әрбір азаматтың ортақ іске үлес қосуына мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері тек профилактикалық іс-шаралар кезінде ғана емес, азаматтарға кез келген уақытта көмек беруге дайын. Қоғамның назарын нашақорлық пен есірткі қылмысы мәселелеріне аударуға және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыруға бағытталған полиция жұмысы жалғаспақ. Полиция қоғамдық ұйымдармен, оқу орындарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен есірткінің зияны және олардың заңсыз айналымымен күресу қажеттігі туралы ақпарат таратуда белсенді түрде әрекет етеді. Жастарға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені олар халықтың ең осал санаты. Жағдай құқық қорғау органдарынан да, медициналық мекемелерден де тұрақты бақылау мен белсенді әрекетті талап етеді. Нашақорлықпен күрес барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген күш-жігерімен ғана мүмкін болмақ. Брифинг соңында полиция подполковнигі В.Гудыменко: «Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес – мемлекеттің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, әрбір азаматтың келісілген күш-жігерін талап ететін күрделі де көп қырлы міндет. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Жыл басынан бері жүргізілген жұмыстар Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының қабылдануы қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді. Болашақтың басты міндеті – мәселені шешуге кешенді көзқарасты жалғастыру, профилактикалық жұмыстарды, әсіресе жастар арасында күшейту, құқық қорғау шараларының тиімділігін арттыру. Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні – бұл атқарылған жұмыстарды түгендеу ғана емес, сонымен бірге күрес жалғасатынын және әрқайсысымыздың белсенді қатысуымызды талап ететінін еске салады. Бұл күресте әрбір азаматтың үлесі маңызды екенін атап өткім келеді. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз әрбір адам салауатты және қауіпсіз өмір салтын ұстанатын, өз денсаулығы мен болашағын ойлайтын есірткісіз қоғам құра аламыз», – деп аяқтады.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


