Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында: «Әділеттілік қағидаттарын бүкіл қоғамда кеңінен енгізу қажет, халық бірлігін қорғау – «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасының негізі» деп атап өтті.
Президент айтып өткендей, «Заң және Тәртіп» қағидаты дамыған демократияның іргетасы және құқықтық мемлекеттің негізі. Осы тұжырымдама аясында есірткі заттарының заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарға қарсы ықпал етуге қатысты кейбір сұрақтарды түсіндірген жөн. Есірткіқұмарлық қоғамды алаңдатып отырған ең көкейтесті проблемалардың бірі, ал аса қауіпті қылмыстардың қатарына есірткі сату саудасы кіреді, өйткені бұл зиянды әдетке азаматтар көптеп тартылуда, әсіресе, жастар мен балалар арасындағы жағдай алаңдаушылық тудырады. Біздің мемлекетіміз есірткіге қарсы халықаралық жобалардың көбіне қатысады, елімізде халықаралық операцияларды ұйымдастыруға, транзиттік арналарды жоюға және ұлтаралық қылмыстық топтардың жолын кесуге қажетті құқықтық құралдар құрылған. Мемлекет заңнамалық сипаттаманы қоса алғанда, бұл зұлымдықтың таралуымен тиімді күресті ұйымдастыру үшін рет-ретімен шаралар қабылдануда. Нақты айтқанда қаңтар айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Ол Президенттің 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайда айтқан есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілікті қатаңдату, ал есірткіні жасырын орналастырушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталды. Атап айтқанда ҚР Қылмыстық кодексіндегі есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымын реттейтін 297-бабына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер 6 наурыздан бастап күшіне енді. Өзгерістер қылмыстық жауапкершілікті жіктеуге бағытталған, бұл есірткі қылмысына қарсы күресті тиімдірек жүргізуге мүмкіндік береді. Енді қылмыстық заңнама заңсыз есірткі айналымына қатысушыларды олардың қылмысқа тартылу деңгейіне қарай нақты бөледі. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – есірткіні жасырын орналастырушылар үшін жаза мерзімінің төмендеуі. Аталған қылмысқа тартылғандардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болып отыр. Олар есірткіні өздері дайындамайды, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық құрығына ілініп қалады. Егер бұрын есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және сатқаны үшін мән-жайларға байланысты 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, енді бұл мерзімдер төмендетілді. Мысалы, ең төменгі жаза мерзімі 10 жылдан 8 жылға дейін, ал ең жоғары жаза мерзімі 15 жылдан 12 жылға дейін азайтылды. Дегенмен, лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылды. Егер бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, енді мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бір мезгілде жаңа 297-1-бап енгізілді, ол есірткі өндірісі мен өңдеуді жеке реттейді. Мұндай қылмыстарға енді мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, адамдар тобымен жасалса 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру секілді қатаңырақ жаза қарастырылған. Егер қылмысты лауазымды тұлға қызмет бабын пайдалана отырып жасаса, жаза 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін. Бұған қоса, заңмен есірткінің және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында басқа да шаралар қабылданды. Осы мақсатта қылмыстық топпен және аса ірі мөлшерде құрамында есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткі, прекурсорлар, улы және күшті әсер ететін заттарды өндіруге пайдаланатын заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сонымен қатар, заңда есірткі тектестер, психотроптық заттар, сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды қолдану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленді. Атап өтетін жағдай, қазіргі уақытта біздің қаламыздың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жаңа заң бойынша әрекеті сараланған 100-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Осыған орай оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 6-бабы қолданылуға жатады, сәйкесінше бұл олар үшін жаза мерзімін қысқарту, шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруды қолдану мүмкіндігін тудырады, демек мемлекет тарапынан адамгершілік әрекетті куәландырады. Қазақстан Президенті есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуді, жекелеген ұсақ орындаушыларды жазалаумен шектелмей, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға және жоюға басымдық беруді, яғни есірткі саудасының қаржылық көзін жоюды тапсырды. Бұл санаттағы қылмыстар жасырын, әккілік сипатта, сондықтан қылмыстық қудалау органдарынан, арнайы техникалық құралдармен жабдықтауды қоса алғанда, жедел-іздестіру қызметі саласында, анықтау және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу бөлігінде қылмыстық-процестік заңды жақсы білу мен дұрыс қолдануды қажет етеді. Енгізілген өзгерістер есірткінің заңсыз айналымымен күрес тиімділігінің артуына және қылмыстық әрекеттің салдарын жетік түсінбей қылмыстық қызметке бой алдырған адамдарға түзелуге мүмкіндік беруді қамтамасыз ете отырып, жаза қолданудың мейлінше әділетті жүйесін құруға алып келеді деп күтіледі.
Талғат ӘЛІБАЕВ, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары