Облысымызда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы өтуде. Осыған орай Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Мақсат Беркімбаевпен сұхбаттасқан едік.
− Мақсат Сүлейменұлы, біздің облыста қанша есірткі қылмыстары анықталды?
− Өткен жылы 201 есірткі қылмысы анықталды. Олардың27-сіесірткі сату, 18-і есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 42 жағдай есірткі өсіру және 2 есірткі жарнамалау. Полиция қызметкерлерімен заңсыз айналымнан 127 кг.марихуана есірткі заты тәркіленсе, 14 мың түптен аса сора өсімдігі оқиға орнында жойылды. Есірткі қылмысымен айналысқан барлығы 137 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 52-і есірткі затын өсіргені үшін құрықталды.
− Есірткі қылмысы азаймай отыр. Алдын алу шаралары өтіп жатыр ма?
− Жыл сайын нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы профилактикалық шаралар өткізіледі. Біздің жұмыстың бір бөлігі бұл есірткінің зияндылығын насихаттау, жарнама және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болу. Осы ретте нашақорлыққа қарсы күресте атқарылған жұмыстар мен салауатты өмір салтын насихаттау шаралары республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, облыс орталығындағы Байтұрсынов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан жарық-диодты экраннан 5 түрлі бейнеролик тәулігіне әрқайсысы 192 реттен көрсетілуде. Сонымен қатар, облыс көлемінде кең масштабты акциялар, спорттық іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырылды.
− Биыл полиция қанша құқық бұзушылықты анықтады?
− Бес айда есірткіге қатысты қылмыстың 73 дерегі анықталса, оның ішінде 17есірткі сату, 5 есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау, 1жағдай есірткі жарнамалау, 45 теріс қылықтар анықталды. Заңсыз айналымнан 21 кг. 456 гр есірткі заты тәркіленді.
− Соңғы уақытта синтетика есірткісінің қара нарықтағы саудасы қызып тұр. Құқық құрығына түсіре ала ма?
− Синтетикалық есірткі таратудың жаңа тәсілі интернет желісі арқылы тапсырыс қабылдап, есірткіні белгіленген жерге жасырып қою деректері орын алуда. Тапсырысшылар курьердің көмегімен көп қабатты тұрғын үйлердің, ғимараттардың, қоршаулар мен гараждардың қабырғаларына «граффити» суреттерімен сілтемелерді жарнамалап, насихаттау арқылы әрекеттерін жүзеге асыруда. Департаментпен жүргізілген кешенді жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі тарататын сайттарды жарнамалаған Қызылорда қаласының 20 жасар азаматшасы ұсталып, оның 110 дерекке қатыстылығы анықталды. Былтырғы жылдың тамыз, қыркүйек айларында «мефедрон», «эфедрон», «PVP» синтетикалық есірткі заттарын әлеуметтік желі пайдалану арқылы таратумен айналысқан Қызылорда, Атырау, Семей қалаларының 3 тұрғыны қамақа алынып, қара нарыққа 800 граммнан аса синтетика есірткі заты таралуының жолы кесілді. Одан бөлек, ағымдағы жылдың сәуірінде синтетикалық есірткі затын Ресейден пошта арқылы тұрғылықты мекен-жайында дайындап, зертханаға айналдырған азаматша құрықталды.
− Алқаптарға жасырын есірткі еккендер ұсталып жатады. Шалғайдағы жерлерден анықтауға барлық мүмкіндіктеріңіз бар ма?
− Есірткі қылмыстарын, әсіресе, есірткі алқаптарын анықтау, түпкілікті жою мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ-нің операциялық жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап 30-қазаны аралығында «Қарасора-2022» жедел профилактикалық іс-шарасының өткізілуде. Осы ретте, Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, Ұлттық Ұланның әскери тік ұшағын пайдаланудамыз.
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»