Жастардың құқық бұзушылықтар мен қоғам тіршілігіне қатер төндіретін қылмыстардан бойын аулақ ұстауы, алкогольді ішімдіктер мен нашақорлықтан ада болуы азат әрі еркін ойлы ел тұтқасын ұстар азамат болып қалыптасуына аса зор ықпал етеді. Бұл орайда Ақмола облысында аталған мәселеге баса назар аударылған десек артық айтқандық болмас. Ақмола облысына қарасты Есіл ауданында соңғы үш жылда бірде-бір жасөспірім қылмысқа қатыспағаны мəлім болды. Бұл – жай ғана статистика емес, жүйелі, мақсатты жəне үйлесімді жұмыстың жарқын жемісі екені даусыз. Полиция мен спорттық қауымдастықтың, жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өзара серіктестігі жастарды қылмыс пен құқық бұзушылықтан қорғаудың тиімді үлгісін қалыптастырып отыр. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік етуі ғасыр дертіне айналған алкоголь мен темекі, сондай-ақ есірткі сияқты ұлт болашағына қатер төндіретін қауіптен аулақ болуға ықпал еткен. Жас буынның спортқа мойын бұруы құқық қорғаушылардың да назарын аударып, қоғам қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде өзгеге үлгі болатыны ақиқат. Айталық жақында облыстық полиция департаментінің басшылығы Есіл ауданының спорт жаттықтырушылары мен жастарын жинап кездесу ұйымдастырған. Онда заң үстемдігін жəне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен «Заң жəне тəртіп» идеологемасы жөнінде ойлар өрбіді. Кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастарды спортқа бау лып, белсенділігін арттыру мəселесі талқыланды. Жаттықтырушылар өз тəжірибесімен бөлісті. Тəртіп сақшыларының айтуынша қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде полиция мен спортсүйер жастар арасындағы байланыстың септігі зор. – Полиция мен спорт қоғамдастығы арасындағы серіктестік – бұл тек алдын алу шарасы ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың пəрменді құралы. Өйткені қылмысқа қарсы іс-қимыл – полициядан бөлек, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл орайда спортты серік еткен еркін ойлы жастардың болуы қоғам ішінде тыныштық пен қауіпсіздіктің болуына кепілдік бермек, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнəр Пинчук.
«ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ» ЖӘНЕ ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ РӨЛІ
Ақмола өңірі «Зиялы қауым» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақтың бірі. Бұл бастама қоғамның түрлі топтарын – мұғалімдерді, спортшыларды, мəдениет өкілдерін, ардагерлерді жастар тəрбиесіне жұмылдырып келеді. Есіл ауданында да бұл бағдарлама өзінің жемісін беріп отыр. Мұнда ата-аналар, ұстаздар жəне спорт жаттықтырушылары бірлесіп, жасөспірімдерді қылмыс пен жағымсыз əдеттерден алшақ ұстауға барынша үлес қосуда. Полиция, жергілікті жастар мен қауымдастық өкілдері белсене қатысқан кездесуге жекпе-жектен əлем чемпионы, ел намысын дүбірлі додаларда абыроймен асқақтатқан Идрис Бірімжанов та қатысты. Ол жас буынға өзінің өмірлік тəжірибесінен мысал келтіріп, тəртіп пен еңбектің, салауатты өмір салтының артықшылықтарын атап өтті. Оның айтуынша, спорт – тек денені шынықтыру үшін ғана емес, мінезді шыңдау, ерік-жігерді бекіту, сондай-ақ жауапкершілікке баулу үшін қажет өмір мектебі. Бүгінде Есіл ауданында бірнеше заманауи спорт кешені жұмыс істейді. Бұл – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға жəне оларды қауіпсіз ортаға тартуға аса зор мүмкіндік бермек. Сонымен бірге, полиция органының бастамасымен «Заң елшілері» атты жаңа жоба қолға алынған. Оның мəні – жас спортшылардың өз қатарластарына үлгі болуы. Бұл қоғамда заң мен тəртіпке құрметті насихаттаудың тың тəсілі.
АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫНЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
Қоғам назарын аударған кездесуде бірқатар тың бастамалар ұсынылды. Атап айтқанда, Тəуекел тобындағы жасөспірімдерге арналған турнирлер мен ювеналды полиция инспекторлары қатысатын спорттық шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, «Тəлімгер» бағдарламасы арқылы тəжірибелі спортшылар қиын жағдайда жүрген жасөспірімдерге қамқорлық жасайтын болды. Бұл бағыт тек спорттық шеберлікті дамытып қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамда белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға оң ықпал етпек.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – НӘТИЖЕГЕ АПАРАР ЖОЛ
Іс-шара соңында жергілікті ішкі істер органдары мен спорт ұйымдары арасында «Заң жəне тəртіп» қағидасы бағдарламасы шеңберінде тұрақты өзара іс-қимылды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Марапаттау рəсімінде өңірдегі спортты дамытуға, полицияға құқық бұзушылықтардың алдын алуға жəрдемдесуге жəне жас буынды тəрбиелеуге қосқан үлесі үшін ауданның спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен белсенді тəрбиеленушілері алғыс хаттармен марапатталды. Есіл ауданының тəжірибесі – қылмысқа қарсы іс-қимылда, оның ішінде мемлекеттің тəуелсіздігі мен ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қоғам өміріне аса үлкен қатер төндіріп тұрған адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, діни экстремизм мен терроризм, сыбайлас жемқорлық, нашақорлық пен есірткі бизнесі, браконьерлік сияқты аса қауіпті қылмыстарға қарсы күрес те қоғам мен биліктің бірлескен жұмысының нəтижелі болғанының айқын дəлелі. Жастарды спортқа, мəдениетке жəне білімге баулу – олардың өмір жолын дұрыс бағытқа бұратын ең сенімді тəсіл десек қателеспейміз. Есілдегі нөлдік қылмыс көрсеткіші – соның жарқын мысалы болмақ. Ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тəртіпті сақтау – тек шекара күзету немесе заңды қатаңдатумен ғана шектелмек емес. Ол – əр ауылдағы, əр аудандағы осындай игі бастамалардан бастау алады. Есілдің бүгінгі жетістігі – ертеңгі Қазақстанның қауіпсіздігі мен жарқын болашағының кепілі.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы



