12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ешкімге бұйырмаған доллар

Полицияға қаланың солтүстік бөлігіндегі тұрғын үйдің подьезінен кілемге оралған мүрде табылғандығы туралы хабар түсті. Қайтыс болған адамның осы үйдің ортаңғы қабатындағы пәтерде тұрғандығы және жеміс-жидек сататын дүкені бары белгілі болды. Белгісіз біреу жеке кәсібі бар адамды аяғынан және кеудесінен Макаров тапаншасымен атып өлтіріпті. Мүрде оралған кілемді үшінші қабаттан бірінші қабатқа түсіргеніне қарағанда қылмыскер салынғанына елу жылдай болған үйдің кіреберісіне камера орнатылмағанын білген. Ал оны ұмыт қалған кілем секілді кіреберісте қалдырып кеткені…  одан әрі сүйрелеуге шамасы келмеді ме әлде қылмыскерге подьезге кірген адамдар кедергі болды ма…ол жағы жұмбақ болып қалды.

Бұлар сарғыш сырмен сырланған қабырғасы тозыңқы, арзан плита қалдықтары төселген едені айғыздалған подьезге кіріп, үшінші қабатқа көтерілді.

  • Нингидрин шаша берейін, — деді ұзын бойлысы қолындағы резеңке қолғабын түзеп киіп.
  • Жұмысты болған соң жақын маңнан түстік ішіп келу керек. Осыны айтқан серігі ойланған күйі бөлмелерді асықпай шолып шықты.
  • Мхм…

Кәсіпкердің пәтері таза, жинақы көрінеді.  Шаң қонып үлгермеген еденге мұқият үңілген ол «Қылмыскер із қалдырмауға барын салған, еденді де жалтыратып тұрып жуып, тазалап кетіпті» деп ойлады. Реакция кезінде аммиак бөлінетіндіктен іздерді анықтауға арналған сарғыш кристал затты шашыратқаннан кейін бөлмеден шығып кету керек. Криминалист жігіттер екі квартал жүріп барып, маңдайшасындағы бір әрпі түсіп қалған кафеге кірді. Әдемі қоңыр көзі иілген қасына үйлесе біткен даяшы қызға тапсырыс беріп,  әуелі тәшкен шәйін ішіп, біраз уақыттан соң алдарына келген лағмандарын жеп болғанша бір жарым сағаттай өтті. Бұлай асықпай отырғандары – ерте барғанмен реакция баяу жүретіндіктен қылмыс орнында жеткілікті дәлелдер бірден пайда болмайды.

Үш сағат өткенде барып пәтерге қайтып келіп асүйдің терезесіндегі сарғыш жалюзді түсіріп, жарықты өшірді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы жерде бірдеңенің болар-болмас сырт еткен дыбысы шығып, артынша бөлме күлгін түске боялды. Ұзын бойлысы ультракүлгін шамды ұстап, қақ ортаға тұрған кезде люминолдың шашырай түскен жарығы  бөлменің қақ ортасына үйіріліп, ламинатқа жайылған, жан-жаққа шашыраған қан дақтарын көрсетті. Ал бастапқыда осы пәтерде кісі өлімі болды деген ой ешкімнің ойына келмес еді, қылмысты жасаған адам қан дақтарын барынша тазалап жуып шықса да нингидрин қабырғадағы қан дақтарының да, едендегі іздердің де  көп екенін көрсетті. Айқұш-ұйқыш іздердің қайсысы қылмыстық оқиғаға қатысты, қайсысын қарауылдар, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көліктері қалдырғанын анықтау өте қиын. Үрпек шаштысы суретке түсіріп, ұзын бойлысы бөлмелер мен жиһаздардың орналасу схемасын блокнотқа қолмен сызып, екеуі үн-түнсіз жүріп алды. Бұлар шыққанда күн кешкіріп кеткен екен, екеуі бірден жұмысқа тартты. Қылмыс орнынан алынған іздердің фотосуреттерін тезірек өңдеп, сандық базаға көшіру де уақыт алатын шаруа.

***

Шевцовтың бірінші әйелімен ажырасқаннан кейінгі жылдары өзі құрған құрылыс фирмасының жұмысын жүргізем деумен өтіпті. Жобалар, сызбалар, келіссөздер… жұмыс деген де бір сиқыр, үнсіз жұтыла бересің, уақыттың қалай сырғығанын да байқамайсың. Соңғы кездері шаруасына көңілі тоғайып, бұрынғыдай емес бос уақыты да көбейіп, бас құрап үйленсем деген ой да жиірек төңіректейтін болған. Ол ойдың себепшісі Наташа… жасы бұдан он бес жастай кіші келіншектің ай дидары мен сымбаты көрген жанның есін алып, ынтығын оятардай көркем ақ.

Бірінің саусақтары екіншісінікін дәл тауып, дәл қазір, тап осы сәтте өздеріне ерік берілгенін түсінгендей, ақырын, бір нәзіктікпен аймаласа бастады. Ойын бірте-бірте жанданып, еріндер де бір-бірін жаңылыспай тауып… бірте-бірте әлдеқайдан, қалтарыстағы ыстық нүктеден көтерілгендей бір ынтазарлық оянды. Осы кезде айтылуға тиіс сөздер де қараңғы жерде иесін таппай адасып қалғандай болып… одан қайтадан табылып, саусақтар шатыспастан сезім пернелерін басып, өзінің сиқырлы ырғағын тауып жатты. Осынау бақыт бір мезетте екеуін бірдей жаулап, бастарын тұмшалап тұрып алды ма ау… әйтеуір, екеуі де өздері үшін есігін айқара ашқан ләззат қақпасынан шыққысы келмейді. Олар өздерін осынау тұман арасында еріп, сіңіп, тіпті көзге көрінбес молекулаға айналып кеткендей сезінді. Олар осы сәтте ешкімнің басында қайталанбайтын ғажайып сезімнің тек өздерінің басында болып жатқанын ғана сезінген.

— Жақында шет елдердің біріне барамыз, — деді Шевцов жұмысқа жиналып жатқан күйі сүйіктісінің аққу мойнынан құшып тұрып.

  • Қайда баратынымызды өзің шеш. Дубайға ма, әлдебір аралдарға ма… Бал айын сол жақта өткіземіз.

***

Көлігі келіп, жұмысқа бара жатқанда да Шевцов есіне бірдеңе түскендей жымиып қойды. Адам махаббатсыз өмір сүре алмайтыны рас ау деп ойлады бір сәт. Оның жүзінде өмірге ризашылық бар еді. Адам ағысы тоқтаусыз осы қала да, жол үстіндегі ию-қию тірлік те, магнитоладан төгілген әуен де оған соншалықты жақын, көңіліндегі күймен үйлесім тапқандай.

Абай даңғылы мен Мұқанов көшесінің қиылысына тоқтағанда әлдене тарс еткендей болды. Бұлар мінген джиптің артқы бамперіне күміс түсті «Субару» келіп түйіскен екен. Виктор Шевцов не болғанын көрумек болған кезде «Субарудан» аса қағылез қалыпта секіріп түскен екі жігіт есін жидырмай, өздерінің ебедейсіздіктері үшін бұдан кешірім сұрай бастады.

— Жігіттер, сабыр, өзіміз жаймен шешейік, тек жол полициясын шақыртудың қажеті жоқ, — деді тұрпаты ерекше ірі жаралған қаба сақал жалынған түрмен, — кінә бізден, қателігімізді жөндейміз. Тек шығынның қанша болатынын айтсаңыздар болды.

— Олай болса, біздің кеңсеге барайық, — деді Шевцов келіскен түрмен. — Бәрін сол жерде есептейміз.

— Түсінгеніңізге рахмет, бауырым. Біз бәрін толығымен төлейміз.

Кәсіпкер салонға екі қарулы жігіт баса-көктеп кіріп отырып алған кезде де ештеңе ойлаған жоқ еді. Олар сол бойда көз ілеспес шапшаңдықпен ылдым-жылдым қимылдап, Шевцовты шопырымен бірге қалың  таспамен байлап тастады.

— Жігіттер, бұларың не? Бұлай болмайды! Босатыңдар! — деп ышқынған Шевцовтың аузына көліктің айнасын сүртетін лас шүберекті тыға салды.  Желкесі күжірейіп жайғасқан Қара Дәу рульді Бутаковка шатқалына қарай  бұрып, жолдан  тік жағалы, ұзын сұр пальто киген, қара көзілдірікті еркекті мінгізді. Оны қасындағылар бұрын қалалық сотта әлдебір елеусіздеу қызмет істегендігіне байланысты Адвокат деп атап кеткен. Оның өзіне де осы қосалқы аты ұнайтыны байқалып тұратын.

— Сен бізге төрт «лимон» бакс тауып бересің, — деді ол Шевцовың аузындағы лас шүберекті алып тастап, оның көзіне тіке қарап, — және ондай ақша жоқ деп аузыңды қу шөппен сүртуші болма. Мен сен туралы бәрін білемін, компанияңның бүкіл табысын, қайда тұратыныңды, бірінші әйеліңде қалған қызың қай мектепте оқитынын, сабақтан қай уақытта шығатынын, тіпті жақында тағы да үйленбекші екеніңді, ол әйелдің жас әрі сұлу екенін де  білеміз.

— Жігіттер, мен барын берейін, тек кішкентай қызыма тимеңдерші, — деді Шевцов.

— Бары дегенің қанша өзі? Анықтап айтсаңшы.

— Төрт миллион доллар жоқ менде, шын сөзім, менің фирмам сонша үлкен емес қой, бары екі миллиондай болып қалар.

— Бары сол ақ па?

— Сол…

— Ақымақ болмасаңшы, Витя. Мен сенің өзіңді де жоқ қылып, жалғыз қызыңды да, жас әрі әдемі қалыңдығыңды да өлтіріп тастай аламын,  менің оған түгім кетпейді. Ақша деген де қызмет секілді, қолдың кірі, бірде мол құйылып, бір қарасаң су боп ағып кетеді, одан да үшінші класта оқитын қызыңды ойласаңшы, әкесі үшін баласының жапа шеккені қайдан дұрыс болсын, көгершінім, — деп Шевцовтың телефонын оның алдына тосты.

Әкесінен ақша ала алмаған қарақшылар оның жалғыз қызын тап осылай ұрлап кетіп, тіпті қорлауы мүмкін деген ойдан дегбірі қашқан кәсіпкердің өзі басқаратын компанияның бас есепшісіне телефон шалмасқа амалы қалмады.

  • Татьяна Ивановна, мен компанияға үлкен жер аумағын сатып алуды ұйғардым. Ол үшін екі миллион доллар сома керек, қалайда тезірек сату-сатып алу келісім-шартын жасауымыз керек, — деді ол телефонмен сөйлескен кезде.

Кепілге алынған кәсіпкер кешкісін есепшісіне қайта қоңырау шалды. «Э.Г.» фирмасының бас есепшісі оған бір млн. сегіз жүз мың доллар жиналғанын хабарлады.

  • Анатолий Ярославов деген жігіт барады, ақшаны сол алып кетеді, мұқият санап беріңіз, — деп тапсырма берді Шевцов. — Сіз мені түсіндіңіз бе, Татьяна Ивановна, ешқандай түбіртек алмайсыз, қаржыға қатысты ешқандай құжаттар жасаудың да қажеті жоқ.

Осы фирмада жұмыс істегелі мұндай бұйрықты естімеген бас есепшінің таңғалысында шек жоқ еді, бірақ, бастық айтқасын не амал…

***

Орман шетінде жол талғамайтын көліктің өртеніп кеткені туралы хабар кешірек түсті. Патрульдік полиция келіп жеткенде көліктің түгі қалмаған еді. Сот-медициналық сараптама қорытындысы өртеніп кеткен көлікте екі адамның болғанын анықтады. Көліктің айналасында Макаров тапаншасынан атылған патрондар жатыр еді. Қап-қара болып күйіп кетсе де сандары анық көрінетін мемлекеттік  нөмірді базадан тексерген кезде өртенген көліктің Алматыдағы құрылыс компаниясына тіркелгені белгілі болды. Ал «Э.Г.» фирмасына тиесілі көлік ішіндегі өртеніп кеткен екі адам кім?

Ертеңінде компания басшысы мен оның жүргізушісінің жұмысқа да, үйлеріне де бармағаны, телефондарының байланыста жоқ екендігі мәлім болды. Адам сүйектерінің қалдығы елдегі жалғыз геномдық зертханаға жіберіліп, туыстарынан ДНК материалы алынған соң сарапшылар ол қалдықтардың фирма басшысы мен оның шопырына тиесілі екенін анықтады..

Тергеушінің кабинетіндегі телефон шылдырлады.

  • Бір ай бұрын қаланың солтүстік бөлігіндегі үйдің подьезінен табылған адамды Макаров тапаншасынан атып өлтіргені есіңізде ме…
  • Ал… ?
  • Джипте өртенген құрбандарды да дәл сол Макаров тапаншасынан атып өлтіріпті.
  • Тағы қандай жаңалығыңыз бар?
  • Оқиға бойынша кісі өлтіру және көлікті қасақана өртеу нұсқасы басқа сараптамамен де расталды, белгісіз адамдар автокөлікті бензин шашып  өртеген, — деді ар жақтағы дауыс.

***

Полиция курьер Анатолий Ярославовты басты күдікті деп санады. 23 жасар жігіттің жеке басы мен тұрғылықты жерін анықтау қиын болмағанымен оның өзін табу қиынға соқты. Бір айдан соң барып Алматы қаласының маңындағы жолдың оныншы шақырымындағы Жандосов кентінен жас жігіттің мәйіті табылды. Компания қызметкерлері ақшаны алуға келген, өзін Анатолий Ярославов деп таныстырған сыпайы, сымбатты да салмақты көрінетін ыздиған курьерді бірден таныды.

Мәйіт жаңа болса саусақ ізін алу оңай болады. Егер дене ұзақ уақыт жатып қалса, саусақтар құрғап, терісі біркелкі жатпайды. Жандосов кентінен табылған мүрдеге дактилоскопия жасау мамандарға оңайға түспеді. Алдымен теріні түзету үшін  саусақтың ұшына арнайы гель жақты, саусақтар жұмылып жұдырық болып түйіліп қалғандықтан тергеушінің рұқсатымен саусақтың ішкі жағынан аздап тілік жүргізген кезде бұлшық ет жазылып, дактилокарта алынды, осылай марқұмның саусақ ізін суретке түсірді. Саусақтың фалангасы арнайы бояумен боялып, дактилокартамен бірге арнайы қорапқа мұқият салынды (дәлелдерді полиэтилен пакеттерге салуға болмайды, полиэтилен іздерді «өлтіреді»). Шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнаған зертханада жұмысқа берілген маман қолына саусақ іздерін зерттеуге арналған жабысқақ таспа, ұлғайтқыш әйнек пен «ине» алып, саусақ сызықтарын дұрыс есептеп, оларды болжамды қылмыскердің немесе жәбірленушінің қолындағы өрнекпен салыстыра бастады. Оның кеудесіне екі, басына бір оқ тиген екен.

***

Баллистикалық сараптама қорытындысы мүрдесі подьезден табылған жеміс-жидек дүкенінің иесін де, құрылыс компаниясының иесі мен оның жүргізушісін де, курьер Ярославовты атқан оқтардың бір тапаншадан атылғанын анықтағаннан кейін төрт адамның өлімі бір тізбекте екенін түсінген полиция өртенген құрбандардың ұялы телефондарына түскен қоңырауларды тексере бастады. Екі нөмірге тек бір нөмірден бірнеше рет қоңырау шалынған және тексере келгенде ол нөмір Адвокатқа тиесілі болып шықты. Алайда, бұл адамды ұстау үшін жеткіліксіз еді. Енді тергеушілер күдіктінің туыстарын, достарын тергей бастады. Осылайша Адвокаттың ежелгі досы 34 жастағы Палачтың ізіне түсті. Бұрынғы спортшы, ертеректеқылмыс жасап темір тордың дәмін татқан Палач Адвокатпен жиі кездесетін болған. Бірақ, полицияның Палачты іздеуі нәтиже бермеді, ол кәсіпкерді жүргізушісімен және курьерді өлтіргеннен кейін ата-анасын, әйелі мен балаларын тастап із-түзсіз жоғалып кеткен.

Тек он ай өткенде барып Палач тауда жасырынған жерінен ұсталды. Өзінің қашып-пысып күнелткен тағы тірлігінен өзі де қажыса керек, әлде жүйкесі шаршаған ба, Қара Дәу деген атынан белгі қалмай әбден азып-тозып, арыған Палач полицияға қарсылық көрсетпеді.

***

Палачтың айтқандарын негізге ала отырып Адвокаттың үйіне тінту жүргізген кезде оның үстел тартпасынан Шевцовтың  ұялы телефонының нөмірі жазылған қағаз бен джип өртенген жердің сызбасы табылды. Полиция үшін бұл айтарлықтай олжа-дерек болатын. Тікұшақпен көтеріліп, көлік өртенген жерді суретке түсірген кезде сол аумақтың Адвокат қағазға түсірген сызбамен сәйкес екендігі анықталды. Адвокат сонда да бетбақтырмады, кәсіпкерді, оның жүргізушісін және курьерді өлтіруге өзінің қатысы барын жоққа шығарумен болды. Оның үстіне оның тартпасынан  табылған Макаров тапаншасына баллистикалық тексеру жүргізгенде қарудың төрт адамды өлтіруге еш қатысы жоқ болып шықты.

***

Әдетте «нашар» полицей бірнеше сағаттап жауап алып, «өз клиентінің» жүйкесіне тиеді. Осы жолы да тергеушінің кабинетінде жарығы өткір үстел шамы жанып тұрды. Бірнеше сағаттан соң Адвокаттың  көзінің түбі суырып, ауыра бастады. Шам кездейсоқ жанбайтынын, бұл күдіктіге жайсыздық тудыру үшін қажет екенін ол білетін. Күдікті қылмысын мойындай қоймағасын тергеушілердің ежелден ақаусыз жұмыс істейтін ескі психологиялық тәсілі қолданылып, «нашар» тергеуші «жақсы» тергеушімен ауыстырылды.

. Бүгінгі ауа райы сізге қалай есер етті, күз жылы болып тұр, тіпті әсем Алматының көшелерін бойлап жүре бергің келеді — деген  «жақсы» тергеуші жайдары қалыппен әңгімеге тартты.

— Сіздің пиджагыңыз соңғы үлгідегі ме, қазір ер адамдар осындай киетін болған ба? — деді тағы. Адвокат кейбір сұраққа жауап берсе де іштей сақтанып отырды. «Бейтарап» әңгіме кезінде ойланбай жауап беруге болатын күтпеген сұрақтар қойылуы мүмкін. (Көбіне мейірімді және жұмсақ адамға мұң шағуға деген табиғи ұмтылыс болатыны бар. Бірақ, күдіктінің ептеп болса да ішін ашқаны кейін оның өзіне қарсы қолданылады).

— Тінту кезінде  пәтеріңізден 94 мың доллар  және 300 мың теңге табылды. Бұл көп ақша қайдан келген?

— Өз ақшам.

— Соншама ақшаның бәрі өзіңіздікі ме? Неге үйде сақтағансыз, қорықпайсыз ба?

— Кімнен қорқам?

— Мысалы, ұры-қарылар бар, ақша үшін кісі қанын мойнына жүктеуден тайынбайтын қарақшылар бар…

Прокурор мырс етті.

  • Мен ешкімнен қорықпаймын.
  • Осынша мол ақшаны қалай жинадыңыз?
  • Мәскеудегі казинодан ұтып, сосын оны Қазақстанға заңсыз әкелгем.
  • Бірақ вексельдерді сараптамаға жібергенімізде кейбіреуінен былтыр орман шетінде көлікпен бірге өртеніп кеткен құрылыс компаниясының басшысы Шевцовтың фирмасында жұмыс істейтін кассирлердің саусақ іздері табылды.
  • Мен сізге ақша өзімдікі дедім ғой. Шевцов дегенді танымаймын.
  • Сол банкноттар арасынан әйелдің ұзын шашы да шықты. Ол кімнің шашы екенін білгіңіз келмей ме?

Адвокат түйіле қарады.

  • Жүргізілген генетикалық сараптама ол шашты өлтірілген кәсіпкер Шевцовтың компаниясындағы кассирдікі дейді.
  • Онда сол кассирді жауаптамайсыз ба? Адвокаттың зығырданы қайнай бастады.
  • Ал Макаров тапаншасы мен сейф ше? Ол да өзіңіздікі ме?
  • Ол да өзімдікі!
  • Жалған сөйлемеңіз. Оларды жалға алғаныңызды растайтын түбіртек те табылды. Сонымен ақша қайдан келген?
  • Өзімдікі! Тағы да айтам, Мәскеуде казинодан көп ақша ұтып алдым. Мынаның бәрі сол ақша!
  • Жоқ, олай емес, біз сіздің Мәскеудегі казинодан ағыл-тегіл мол ұтыс ұтқаныңыз туралы нұсқаңызды да тексердік. Бірақ керісінше ол жақта көп мөлшерде ұтылғаныңызды анықтадық.

Адвокат жүзі қабарып, төмен қарап отырып қалды.

Заңдарды сыбайластарына қарағанда жақсы түсінетін ол ақырында өзінің қылмысқа қатысқанын және курьерді өлтіргенін мойындады. Бірақ ол тек Палачтың бұйрықтарын ғана орындағанын айтты. «Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Палач» деп көрсетті ол. Алайда Адвокаттың таңдаған тактикасы сәтсіздікке ұшырады. Бандиттердің басшысы кінәнің көп бөлігін өздеріне аударып жатқанын білген басқа сыбайластары оған ашуланып, басшыларын өздерімен бірге «суға батыра» бастады.

***

— Алғашқы жоспарым сәтсіз болды – деді ол тергеушінің алдында отырып.

— Ол қандай жоспар еді?

— Кәсібі бар, ақшалы адамды қолға түсірмекші едім, бірақ, мен аңдыған адам байып үлгермеген біреу екен.

— Ол адамды пәтерінде атып өлтіріп, кілемге орап подьезде қалдырдыңыз.

— Ия…

— Шевцовты қалай таптыңыз?

— Ақшасы көп адамдарды жарнамадан іздей бастадым. Бір адам үлкен аумақта жер сатылатынын айтып хабарландыру беріпті. Телефоны да көрсетілген. Оны бақылап, оққағары жоқ екенін білдім.

Осылай деген күдікті әлденені есіне түсірді. Картина көз алдынан өте бастады.

Қымбат көлік ызғытып келіп Өзтүрік көшесіндегі құрылыс фирмасының кеңсесінің алдына тоқтап, салоннан ұзын бойлы, қымбат костюм киген, қара көзілдірікті адам түсті. Бұл Адвокат болатын. Ол кеңсеге кіріп, өзіне бір-екі ғимарат сатып алу туралы ойын айтты. Фирма туралы сұрақтарын да қойды. Бірақ, қолына швейцарлық сағат таққан бұл адамның ғимарат сатып алуға емес, жай бақылау жасау үшін келгенін ешкім байқамаған еді.

***

Кәсіпкердің, оның жүргізушісінің және курьердің көзін қалай жойғанын Адвокат шімірікпей баяндап берді.

—       Жігіттер, жарайсыңдар, — деді Адвокат сыбайластырың ортасында риза көңілмен қаңылтырдағы салқын сыраны сыздықтатып жұтып отырып. — Тамаша жұмыс болды бұл! Бұл үшін сендерге керемет сыйақы болады. Бірақ алдымен бұл байсымақтың жанын жаһаннамға аттандырып, өртеп жіберу керек. Сосын дүниені бір шайқап, сайранды саламыз әлі!

 

45-нші размерлі аяқ киімнің тепкісінен қалжырап қалған Шевцов бұл сойқан топ соншама көп ақшаны алған соң тынышталып жүргізушісі екеуін тірі қоя берер деп соңғы сәтке дейін үміттенген еді. Бірақ, олардың бұл екеуінің жанын өздеріне олжа қылып қалдырар ойлары жоқ екеніне көзі жете түсті.  Осымен бәрі біткені ме? Өмір дегенің бары осы ақ па? Құдай ау, есікті ашып-жапқандай-ақ екен ғой! Неге? Не жазығы бар? Адал еңбек етіп, пайда тапқаны ма… Соншама жыл тер төгіп, ақыры соның қайырын көрместен осылай айдалада ажал құшқаны ма, оның бұған сенгісі келмеді. Шевцовтың көзқарасындағы үрей ұлғайып бара жатты. Өзін шашынан сүйреп тартып батпақтан шығарғысы келгендей жанталасты, оған күші жетер ме… егер бір түрегелсе, өзіне қарай ұмтылған топтан алды-артына қарамай қашып құтылар еді деп ойлады ол. Әбден қалжыраған Шевцовтың дәл осы сәтте ісіп кеткен қабағын көтеріп, сығырайған көздерін ашқысы, күннің әрбір шапағының жылуын сезінгісі келді. Желдің үп еткен самалы әлдеқайдан бір хабар әкелуге тиіс еді… Осы кезде орман да ішін тартып тына қалғандай көрінді,  барлық дыбыстар өшіп, жел де ағаштардың бұтақтарымен ойнауды тоқтатып, ағаштар мүсіндер сияқты қимылсыз тұр.  Ормандағы таңғажайып өлі тыныштықты еңгезердей еркектердің аяқ дыбыстары бұзды. Олар Шевцовтың жүргізушісін аяусыз ұрып-соғып, тепкілеп жатты.  Бриллиант атанып кеткен жігіт бұл көріністен көзін аударып, басқа жаққа қарауға тырысты, өзің сияқты еркектің жылағанын көру қиын, ал жылау айқайға, шағымға ұласқанда осы сұмдықты көруге зауқы соқпаған ай бұлт астына тығылып, біртіндеп жоғалып кетті. Қара Дәу бұған қарай тапанша кезенгенде Шевцовтың есі-кіресілі шығасылы болатын, соңғы сәтте өз ішінде ештеңе қалмағанын, бұған дейінгі ойлары мен мақсаттарының, үмітінің бұрын-соңды болмағандай ізім-қайым жоғалғанын сезді. Кәсіпкердің басына екі рет, кеудесіне екі рет оқ атқан Палач көлікке бензин шашып жатты.

***

Адвокат 23 қаңтарда кешкі сағат он шамасында компаниядан ақша жеткізіп берген курьермен Саин мен Шаляпин көшелерінің қиылысында кездесті.

— Қала сыртына шығайық, демалайық, — деді ол жайдары кейіппен. Еңбегіңе ақыны да сол жерде аласың. Сен бізге қызмет көрсеттің, біз де жауапкершілігі мол жас жігітті сыйлап жіберсек дегеніміз ғой. Адвокат осыны айтқанда ағынан жарыла сөйлеп жатқандай еді. – Өзіміз де көптен демалмап едік. Ыстық монша, кәуап, коньяк…

— Коньяк ішпеймін, тек жақсы арақ болмаса.

— О-о, жас жігіт, айтсаңыз болды, онда арақтың ең қымбатын аламыз.

— Қыздар бола ма? – деп сұрады 23 жастағы Анатолий Ярославов қулана жымиып.

— Әрине, болады, қыздарсыз қалай енді? Саған сирағы ұзыны, терісі ағы керек пе, әлде…

— Маған етжеңдісі жарап жатыр. Сирағы ұзындардың ұстайтын ештеңесі болмайды.

— Ай, жарайсың, еркексің!

Екеуі де өз сөздеріне қарқылдай күлді. Курьер жігіт жайбарақат отырған күйі көліктің арқалығына шалқайды… Ол аздан соң кешегі қызметі үшін мың доллар алатынына сенімді болатын. «Аздан соң қызметімнің ақысын аламын, ақша болса сөйтер едім» деген ойдың өзі адамның көңілін лекілдетіп жіберетіні бар.

Көлік Алматы тас жолының үстінде зырылдап келеді. Түн ішінде жол ұзарып кеткендей. Адвокат көлікті айдап келе жатқан Көпестен (оның фамилиясы Купцов болатын) жол шетіне тоқтауды сұрады.

-Толя, артқы оң жақ доңғалаққа бірдеңе болған сияқты, сыртылдап келеді, байқаймысың? Қане, қарап көреміз бе? — деді Адвокат қаннен қаперсіз отырған курьер жігітке.

Анатолий Ярославов көліктен түсіп, дөңгелекті қарауға еңкейгенде Адвокат оның желке тұсына тапанша қойып, атып-атып жіберді. Осылайша қажетсіз куәгерден құтылды, мың доллар да қалтасында қалды…

***

Адвокатты казиноларда жақсы танитын, құмар ойындарға қолы шыққыш ол шебер ойыншы еді. Казинодан шықпайтын, бар ақшасын ойынға салатын. Ол ақшасы көбіне еселеніп қайтып келетін де. Талай рет үлкен сомада ақша ұтып кете беретін болғандықтан оны елдегі казиноларға жібермейтін болды. Ақшаны оңай тауып дәніккен адамның жұмысқа желкесінің қыры жіберуші ме еді, пластикалық терезе орнататын бірнеше компаниялар ашып, тапсырыс берушілерден әжептәуір қаражат жинап алғанымен ештеңе істегісі келмеді, ақшаны қалтаға басып қарасын жоғалтты.

Ресей астанасында оның қолы шыға қоймады. Ұтылған үстіне ұтыла берді. Қайтарып берем деп ант-су ішіп, мәскеулік досынан 200 мың доллар, алматылық досынан тағы 20 мың «жасыл» қарыз алған. Қарыз қайтаратын уақыт әлдеқашан өтті, ал Адвокаттың жолы болмай қойды. Соңғы хабарласқанда мәскеулік досының ашуға мінгені байқалған. Телефон номерін ауыстырып, қоңырауларға мүлдем жауап бермей шағын түнгі клубта тығылып отырған еді, қайдан сап ете түскенін, мәскеулік досының шетінен апайтөс, ұзын плащ киген тақырбас жігіттері келіп, бұның мойнына «есептегіш ілінгенін» ескертіп кетті. Өздері бұған дікең-дікең етеді. Егер тез арада алған қарызын қайтармаса өзінің еркін жер басып жүруі неғайбіл екенін бұл да түсінді. Мәскеулік досымен ойнауға болмайды, ол қажет болса жердің астынан да суырып алуға құдіреті жетеді және аямайды. Соңғы кездері Адвокаттан ұйқы қашты. Ақшасы бар ау деп біреуді аңдып жүріп, пәтеріне басып кіріп, аяғынан атып, ақша талап еткен тірлігінен ештеңе шықпады, жеміс-жидекпен айналысатын бейшараның жиған-тергені тиын-тебен болып шықты. Пәтерінде оққа ұшқан жеміс сатушыны кілемге орап подьезге қалдырып, әрең дегенде із жасырып үлгерді.

Не істесем екен дегенді ойлай берген адамның ақыры бір шешімге келері анық. Ол бір ойға бекінді. Оның құрған қылмыстық тобы осал болмауы керек. Қалай осал болсын, кілең іріктелген жігіттер. Ең сенімдісі ежелгі досы Палач. Жас кезінде кісі өліміне қатысы болып отырып шыққан жігіттің Серік аты қалып, Палач атанды. Осы «есімі» оған айбар беретіндей. Басқалары да өзіне лайық қосалқы ат иеленді. Бұрын валютамен айналысқан Досым деген жігітті Бриллиант, «Мен Шешенстанда болғанда» деп әңгіме айта беретін кірпі шаш Чечен… арасында Көпес те бар. Адвокат жігіттеріне Макаров тапаншасын тауып берді. Онысы да ұрлық дүние болатын.

***

  • Курьердің қанша ақша әкелгенін сыбайластырыңыздың бәрі білетін бе еді?
  • Жоқ, тек мен білдім.
  • Палачқа қаншасы берілді?
  • Палачқа екі рет кісі өлтіргені үшін жүз мың доллар сыйладым.
  • Өзгелеріне ше?
  • Кәсіпкер мен шопырын күзетіп, көлігін өртеп, дәлелдемелерді жоюға көмектескендер он бес мың доллардан алды. Қалғанын өзім алдым.
  • Істеген қылмысыңыз үшін өкінесіз бе?
  • Жоқ, деп жауап берді ол. Тек мәскеулік досыма ақшасын беруге үлгермедім.

Сот Адвокатты қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Палач 23 жылға кесілді. Қалғандары он бір және он тоғыз жылға сотталды. Сейфтен шыққан су жаңа «жасыл» ақшалар ақыры ешкімге бұйырмады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

 

[ratings]

 

 

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...