– Ермек Арынханұлы, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша биыл Жетісуда қанша адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді?
– Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар көрсетіледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Қандас мәртебесін беру» бойынша мемлекеттік қызмет қазіргі уақытта «Құтты мекен» АЖ-дағы мобильдік қосымшасы немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы беріледі. Оңайлатылған тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу мақсатында қандас мәртебесін ұзарту «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады. 1991–2023 жылдар аралығында облысқа барлығы 56 709 этникалық қазақ (19 195 отбасы) келіп, «қандас» мәртебесін алды. 2023 жылы «қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет 652 этникалық қазаққа (367 отбасы) көрсетілді және (553 этникалық қазаққа (292 отбасы) «қандас» мәртебесі берілді, 99 этникалық қазаққа (75 отбасы) қандас мәртебесі ұзартылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, Жетісу облысына қоныс аударатын қандастар саны 618 адамды құрайды. Бүгінгі күнге 549 этникалық қазаққа (228 отбасы) «қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл бағдарламалық жобаның 88,8 пайызын құрайды. Олардың ішінде: Қытайдан (95,6%) 525 адам (215 отбасы), Моңғолиядан (0,4%) 2 адам (1 отбасы); Өзбекстаннан (3,1%) 17 адам (10 отбасы), Ресейден (0,7%) 4 адам (1 отбасы) , Түркиядан (0,2%) 1 адам (1 отбасы) бар.
Оның ішінде 189 адам Текелі қаласына; 127 адам Көксу ауданына; 65 адам Сарқан ауданына орналастырылды. Одан бөлек біраз отбасының Қаратал; Ескелді ауданына; Талдықорған қаласына; Панфилов; Ақсу; Кербұлақ; Алакөл ауданына қоныстануына мүмкіндік жасалды.
– Жетісу өңірінде халықты жұмыспен қамтудың қазіргі жай-күйі қандай?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шарасы қарастырылған. 2024 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыруға 10,5 млрд теңге бөлінді. Тұжырымдама аясында оқу мерзімі орта жастағы 800 адамды 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарланып, бұл мақсатқа 340,2 млн теңге бөлінді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1845 адамды оқуға жолдау, 301,3 млн теңгеге 204 грант және 1 млрд 300 млн теңге мөлшерінде жастарға арналған 260 микрокредит беру жоспарланған. Субсидияланатын жұмыс орындарына 8172 адамды жолдау жоспарлануда, бұл мақсаттарға 8,6 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда: «Жастар тәжірибесі» жобасына – 998 түлек; «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 557 адам; «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 30 адам; «Күміс жас» жобасына – 905 адам; «Қоғамдық жұмыстар» жобасына – 5180 адам; «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасына – 492 адам жіберіліп, жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Еңбекақыны субсидиялау бойынша (мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы әлеуметтік жұмыс орындары) 10 адамның өз қабілет-қарымын көрсетуіне жол ашылды. Сонымен қатар, enbek.kz порталы арқылы 2005 адамды онлайн-оқытуға жолдау жоспарланып отыр. 2024 жылдың 1 сәуіріндегі есепке сай жұмыспен қамту бойынша 8 279 адамға жәрдем көрсетілген, 7 013 адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 2 004 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын айта кетуіміз керек. Жастар тәжірибесіне – 112, әлеуметтік жұмыс орындарына – 359, қоғамдық жұмыстарға – 4066, алғашқы жұмыс орнына – 87, ұрпақтар келісімшартына – 2, күміс жасқа – 383, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға – 368, ЭЕБ порталында онлайн-оқуға – 898 адам жолданды. Бүгінгі таңда белсенді жұмыспен қамту шараларына бөлінген қаражат толық игерілді. Осы мәліметтің өзі мемлекеттің тұрғындардың жаңа кәсіп меңгеруіне, қабілетін шыңдауына, қоғамға қажет мамандықтар бойынша оқып, тұрақты жұмыс табуына қаншалықты зор көңіл бөлетінін көрсетеді. – Әлеуметтік көмекті қанша адам, қандай көлемде алады? – 2024 жылы аз қамтылған 32,2 мыңнан астам азаматқа 863,2 млн теңге мөлшерінде әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде: 142 отбасына 398,3 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй көмегі төленіп, жоспарланған қаражат толық игерілді. Үйде тәрбиеленетін және оқитын мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік көмек көрсету үшін 59,8 млн теңге бөлініп, 606 мүгедектігі бар балаға жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар аурулармен (туберкулез, ВИЧ) ауыратын азаматтарға әлуметтік көмек көрсету мақсатында 79,8 млн теңге қаражат қарастырылып, төлем жүргізілді. Қазір аймақта 7 ҰОС ардагерлері мен мүгедектері тұрады. Биыл ардагерлердің коммуналдық қызмет өтемақысына 221,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді. 667 ҰОС қатысушылары мен Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға мерекелік және атаулы күндерге бір жолғы көмек берілді. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлініп, іс жүзінде 4328 (22595 отбасы мүшелері) отбасыға 3,9 млрд теңге төленді.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санында өзгеріс бар ма?
– Бұл шын мәнінде көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін үлкен қолдау. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша жәрдемақы төлеу қарастырылған. Мұндай отбасылардың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне баратын балаларының балабақша төлемақысын өтеу мақсатында 363,7 млн теңге жоспарланып, 2024 жылы 1281 балаға 42,7 млн теңге жәрдемақы төленді. Осылайша көпбалалы отбасылар балабақша төлемінен де босатылғанын айта кеткен жөн. Ауылдық жерде тұрып, жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлеріне отын сатып алу үшін 300,3 млн теңге қарастырылды. Сондай-ақ, пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған 21 азаматқа бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Аз қамтылған отбасының және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп бітіруші түлектерге жоғары немесе арнайы оқу орнының өтемақысын төлеу мақсатында 69 студентке 31,6 млн теңге беру жоспарланды. Яғни, көпбалалы отбасылардың талапты балаларының жоғары білімді тегін алуына да кедергі жоқ.
– Мүгедектерді оңалту бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– 2024 жылы мүгедектерді оңалтуға 4,7 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша барлығы 19101 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде I топтағы мүгедектер – 1711, II топтағы мүгедектері – 7154, III топтағы мүгедектер – 6983. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 3253 адам. Облыс бойынша оңалту-техникалық құралдарының 16 жеткізушісі, жеке көмекшілердің 20 жеткізушісі, оның ішінде 3201-ден астам маман тіркелген, ымдау тілі мамандарының 7 жеткізушісі, оның ішінде 353-тен астам маман тіркелген, санаторлы-курорттық ем көрсететін 6 шипажай мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты қызмет көрсетеді. 2024 жылғы 1 сәуірде техникалық оңалту құралдарына мұқтаж мүгедектігі бар адамдардың саны 7369. Оның ішінде көмекпен қамтылғаны 5030 немесе 68,3%. Осы аралықта 409 адам шипажай-курорттық ем алса, 194 адам арнайы қозғалыс құралдарымен қамтамасыз етілді. 410 адамға протездік-ортопедиялық бұйымдар сатып алынса, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне қарай тифлотехникалық, сурдотехникалық, гигиеналық құралдармен бірқатар адам қамтылды. Бұған қоса, сырттағы адамдардың көмегін күтетін кемтар жандарға жеке көмекші қызметі үшін де мемлекет қомақты қаржы бөледі. Соның ішінде ымдау тілі мамандарының да қызметіне қаржы қарастырылған.
– Өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін қанша ұйым бар?
– Облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет (АӘҚ) көрсететін 13 мекеме жұмыс істейді. Осы орталықтардың жұмысын жолға қою үшін биылғы жылға 6 579 062 теңге бөлініп отыр. Оның ішінде Текелі қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан» жылына 374 адам қызмет алады. Аймақта бұдан бөлек 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектерге қызмет көрсететін төрт арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар («Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ – 320 орындық, «Қоғалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ – 162 орындық, «Нұр» Сарқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ – 110 орындық, «Шуақ» Алакөл арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ – 40 орындық). Биылғы жылы осы орталықтарда 663 адам қызмет алды. Сондай-ақ, «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға көмек көрсетеді. 2024 жылдың І тоқсанында 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 39 бала және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар 53 мүгедек аталған мекемеде ем алды. Жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 465 орындық жеті күндізгі орталық жұмыс істейді. Осы орталықтарда бүгінге дейін 382 бала емделіп, сауықтыру сатыларынан өткен. Облыста үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 24 бөлімше жұмыс істейді. 2024 жылға 1995 адам осы бөлімшенің қызметімен камтылды. Оның ішінде: 11 бөлімшеде 696 балаға және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар тұлғаларға және 13 бөлімшеде 1299 жалғызбасты және жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсетілді.
– Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс қаншалықты жолға қойылған?
– Үкіметтік емес ұйымдар арқылы үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін бюджеттен 122 адамға 51 033 мың теңге бөлінді. 5 ҮЕҰ-мен келісімшарт жасалды. Стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін бюджеттен 85 адамға 228 313 мың теңге бөлінді. 1 ҮЕҰ-мен келісімшарт жасалды. 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектерге жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге «Жан Шуақ-Жетісу» ҚБ-мен шарт жасалған. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға күндіз арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге ынталы 4 үкіметтік емес ұйыммен келісімге келдік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық та еліміздегі өте өзекті мәселенің бірі. Отбасында зардап шеккен шарасыз жандар бүгінде толық мемлекет қамқорлығында. Мәселен, біздің аймақта «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуі үшін қаржы бөлінген. Биылдың өзінде 36 адам осы орталықтан пана тапты. Ал «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ биылдың өзінде 116 адамға қолдау көрсеткен екен.
– Шетелдік жұмыс күшін тартуға қанша квота бөлініп отыр?
– 2024 жылға шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға 254 квота белгіленген. Биыл жыл басынан 57 адамға рұқсатберілді. Бейінді мамандықты меңгерген бұл шетелдік мамандардың бәрі Қытайдан тартылды. Олардың көбін «China Railway 12th Bureau Group Co., Ltd» ЖШҚ-ның Талдықорған қаласындағы филиалы (18 адам, оның 17-сі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде); Қазақстандағы CITIC Construction Co., LTD филиалы тартып отыр. Экономикалық қызмет түрі бойынша тартылған шетелдік жұмыс күші: Құрылыс саласында – 193 адам (65,2%); Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 16 адам (5,4%); Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 адам (0,3%); Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдарды жөндеу – 1 адам (0,3%); Өңдеуші өнеркәсіп– 79 адам (26,7%); Көлік және қоймаға жинау – 4 адам (1,4%); Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау – 1 адам (0,3%). Осы статистикаға қарап, біздің азаматтар да қай салада мамандар тапшы екеніне сараптама жасап, жаңа кәсіп меңгеруге бейімделгені жөн.
– Жеке тұлғалар еңбекке тартатын иммигранттар саны бөлек пе?
– Иә. Еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квота 8000 бірлік көлемінде. 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыс аумағында 908 (11,4%) еңбекші иммигрант еңбек етуде. Олардың 874-і Өзбекстан (96,2%), 31-і Тәжікстан (3,4%); үшеуі Әзірбайжан (0,3%) азаматы.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»