12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҮЛГІ

Биыл Жеңіске 75 жыл. Отанның ыстық екенін, идеологияның қуатты қару екенін сездірген бұл соғыстың салдары оңай болған жоқ. Бұл майданға Қазақстандағы әрбір төртінші адам аттанды. Оның 603 мыңнан астамы туған жерге қайтып оралған жоқ. Күннен күнге көмескіленіп, көзден кеткен соң көңілден де кетіп бара жатқан атаулы мереке қазір бұрынғы сән-салтанатынан ажырап барады. Өйткені, сұм соғыстың тірі куәгері болған ардагерлер тым аз. Жылдар алға жылжыған сайын олардың да қатары кеміген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 1016 ардагердің ғана қазір көзі тірі.

Оның қаншасы жеңістің 75-көктемін қарсы алатыны белгісіз. Сондықтан барды бағалай білу, батырларды ұлықтай білу міндет. Ерлік қай кезде де елге – мұра, ұрпаққа – аманат!
Ал, енді аманатқа бүгінгі ұрпақ қаншалықты адалдық танытып келе жатыр? Жастығын зұлмат жылдарға ұрлатып, күш-қайратын жеңісті жақындатуға жұмсаған ардагерлерге қаншалықты қамқор болып отырмыз? Әрине, қарттардың қолдауды ең бір қажетсінетін кезінде мемлекет сараңдық танытып отыр дей алмаймыз.
Былтырғы жылы да ардагерлерге биліктен бөлінген жәрдемақыдан бөлек, өңірлердің арнайы ақшалай көмек бергенінен, мұндай жақсы істен қалталы азаматтардың да шет қалмағанынан хабарымыз бар. Биыл да сол жақсы іс жалғасын табады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Жеңістің 75-жылдығына орай соғыс ардагерлеріне берілетін төлемақы көлемі нақтыланған. «Жеңіс күніне орайластырылған төлемақылар көлемін бірдей етпекпіз. Әкімдерге тиісті ұсыныс енгіземіз. Бұл ретте ардагерлер үшін әдетте ең төменгі төлем 300 мың теңгеден аз болмауға тиіс. Тыл еңбеккерлеріне – 30 мың
теңгеден кем болмауы керек», – деді министр.
Дегенмен бұл ардагерлерге арналған сый-сияпат осымен шектеледі деген сөз емес. Сыйақы көлемінің
көбеюі әкімдердің патша көңіліне тікелей байланысты. Әзірге жомарттықтың үлгісін Павлодар және Қарағанды облыстары көрсетіп отыр. Олар әр ардагерге миллион теңгеден үлестірмек. Қалған өңірлер де қалыс қалмай, «Көрпесіне қарай көсіліп» жатыр. Бұған қоса, ресейлік батыр-қалаларға, ТМД мемлекеттеріндегі және еліміздегі жауынгерлік даңқ нысандарына, әскери жерлеу орындарына, әскери ескерткіштерге бару үшін қазақстандық ардагерлердің 2020 жыл ішінде темір жолмен немесе ұшақпен
бір рет тегін барып-келуі қамтамасыз етіледі. Жеңіс туын желбіреткендерге деген құрмет ақшаның көлемімен өлшенбейді. Баладай аңғал қарияларға қаржыдан гөрі, көңіл қымбатырақ, жылы сөз жақынырақ. Соған орай,
ардагерлер мәртебесін айқындайтын, жеңілдіктер шеңберін кеңейтетін арнайы заң қабылдау мәселесі қоғам
ішінде жиі көтеріліп жүрген еді. Жылдар бойы шешімін таппай, сағызша созылып келген осы заң Жеңістің
75 жылдығына орай қабылданатын сыңайлы. «Ардагерлер туралы» деген атау алған заң жобасы 2007 жылы
парламентте таныстырылғаны есімізде. Бірақ, иіні қанбай, шикілігі бірден көзге түскен жобаны кейінірек Үкімет
өзіне қайтарып алып, заң шығарушыларға қайта ұсынбаған. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жауапты министрлік жаңа заңды мерейтойлық тарту ретінде ұсынуды жөн көргендей. Парламент қабырғасында қызу
талқыға түскен «Ардагерлер туралы» заң жобасының жаңалығы аз емес. Бұған дейін тек Ұлы Отан соғысының қатысушылары ғана ардагер статусын иеленетін. Кейіннен бұл қатарға Ауған соғысының 15 мыңдай ардагері қосылғанын білеміз. Жаңа жобаға сәйкес енді бұл қатарға қосылатындар қарасы көбеймек. Мәжілістің қарауынан өтіп, сенаторлар алдына жеткен заңға сәйкес, ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санаты бекітілмек. Әрине, ең алдымен бұл қатарға Ұлы Отан соғысының ардагерлері кіреді. Екіншіден, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыстарға қатысқандар да ардагерлермен теңестірілмек. Үшіншіден, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер, төртіншіден, еңбек ардагерлері; бесіншіден, заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар жаңа статусқа ие болады.
Соның ішінде тікелей соғысқа қатыспаған, бірақ, оны реттеуге тартылғандар, 1992–2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқандар, сондай-ақ, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент те ауған соғысы ардагерлерімен бірдей мәртебеге ие. Заңнама күшіне енгенде ардагер статусын иеленгендерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Сондай-ақ, медициналық қызметті пайдалануға, ауруханаға кезектен тыс емделуге, санаториялық-курорттық орындарға баруға жағдай жасалады. Жаңадан енгізілетін санат ардагерлеріне 4,8 АЕК (2020 жылы – 12 725 теңге) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ал 1988–1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар 2,13 АЕК-тен (2020 жылы 5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы 12 725 теңге) жәрдемақы алатын болады. Аз ба, көп пе? Тәубәшіл жанға бұл да бір демеу. Әлемді алаңдатқан коронавирус
індетінің жеңістің мерейлі датасын атап өтуге де көлденең болғаны жасырын емес. Әшейінде Мәскеудегі әскери шеруге жол тартатын отандастарымыз биыл мейрамды өз отбасында қарсы алуға мәжбүр. Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерді мектепке шақырып, оқу орындарында әдемі кештер ұйымдастыру жұмыстары да тоқтады. Қарттардың жас ұрпаққа қажеттігін сезіндіретін мерекенің онлайн форматқа ауысуы көңілдеріне қаяу салмай қоймайды. Сондықтан, үлкендерге деген құрметті бір мерекенің айналасына топтастырып қоймау керек. Ардагерлерге көмек беру, қол ұшын созу, қалін білу науқандық шараға айналмағаны жөн. Оларға деген құрмет 565 күн үзілмеуі қажет. Өйткені біз бүгінгі бейбіт өмір, жарқын болашағымыз үшін ардагерлерге қарыздармыз!
Нұрлан ШЫНТАЕВ

[ratings]

Прокурор Бишімбаевтың адвокатына Абайды тереңірек оқуға кеңес берді

Қуандық Бишімбаевтың сотында жарыссөз жалғасып жатыр.

Қазақстанда жеке куәлік өзгереді

Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгереді. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген.

«Сарыға» өткен көліктерге айыппұл. Қанша астаналық «ұсталды»?

Наурыздың басында Астанадағы камералар бағдаршамның сары түсіне өткен көліктерді түсіре бастады.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ертең, 4 мамырда еліміздің 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қазақстандағы су тасқыны: Атырау мен ШҚО-дағы жағдай қандай?

Шығыс Қазақстан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты елді мекендерге су тасқыны қаупі төнді.