12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Еркін ТҰҚЫМОВ,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
«Саяси жаңғыру жоқ жерде
әлеуметтік даму да жоқ»

– Осыдан біраз бұрын ел Президенті халыққа дәстүрлі жолдауын арнады. Сіз ондағы қандай мәселелерді аса өзекті деп есептейсіз?
– Мен 5 негізгі мәселені бөліп айтар едім. Біріншіден, Мемлекет басшысы бүкіл жолдаудың өзегі болған негізгі қағидатты атап өтті. Атап айтқанда: саяси реформалар экономикалық және әлеуметтік қайта құрулардың негізі болып табылады. Бұған әлемдік тәжірибе дәлел. Саяси жаңғыру жүргізілмейінше, тиімді экономикалық даму да, азаматтық қоғам құру да, сайып келгенде, тәуелсіздігімізді сақтау да мүмкін емес. Ол әлемнің барлық дамыған елдерінің табысы негізделген іргетасы – инклюзивті саясат, инклюзивті экономика мен қоғамның бастауы болады.
Екіншіден, дәл уақытында айтылғандығы. Реформалар ертең де, бір жылдан кейін де емес, бүгін, қазір керек. Әйтпесе, әлеуметтік-экономикалық дамудағы диспропорциялар мен теңсіздіктер және елдегі жағдайдың тұрақсыздануы сияқты проблемаларға тап болу қаупі өте үлкен. Жолдаудың жаңару мен үміттің бастауы саналатын Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуі өте символдық мәнге ие. Расында, Жаңа Қазақстанның негізін қалау – біздің сүйікті мерекеміз Наурыздан басталды.
Үшіншіден, бірізділік. Мемлекет басшысы өзінің саясатын Президенттік қызметінің басынан бастап дәйектілікпен жүргізіп келеді. Ұсынылып отырған саяси реформалар бағдарламасы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының және саяси, экономикалық, әлеуметтік қайта құрулардың барлық 4 пакетінің жалғасы болып табылады. Алдағы уақытта бұл бірізділік пен сабақтастық жалғасын табады. Сондай-ақ, болашақта Қазақстанның саяси дамуындағы келесі маңызды қадамдарды күтуіміз керек.
Төртіншіден, инклюзивтілік. Президент жолдауда ел үшін маңызды қайта құруларды жүзеге асыру кезінде әрбір дауысты, әрбір пікір мен ұсыныс­ты ескеру ұстанымдарына берік болды. Бұл ретте дала демократиясының байырғы дәстүрлерін ескере отырып, Қазақстанда ашық, сындарлы пікірталастарды қайтадан жандандыру керек. Инклюзивтіліктің екінші жағы – әрбір қазақстандықтың қатысуынсыз, бүкіл азаматтық қоғамның қатысуынсыз толық көлемде ешқандай реформа жүргізу мүмкін емес. Мен баршаға белгілі сөздерді қайталап айтқым келмейді, бірақ оны біршама өзгертіп, былай деу­ге болады: «Қазақстан Үкіметі бүгінгі таңда сіз үшін не істей алады деп сұрамаңыз, Сіз еліңіз үшін не істей алатыныңызды сұраңыз». Жауапкершілігіңізді түсініп, дұрыс істерді, тіпті, ұсақ-түйектерді де жасайтын кез келді. Ең болмағанда жол ережесін сақтау, көшеге қоқыс тастамау, өзгенің құқығын құрметтеу қажет. Ал егер ауқымды көлемде қарастыратын болсақ, онда ең бастысы жауапкершілікті өз мойныңыз­ға алудан қорықпай, өзіңізге және елге жағымды әрекет жасау қажет. Атап айт­қанда: жаңа нәрселерді үйрену, бизнес жасау, ғылымда жаңалықтар ашу, сайлану немесе сайлау үшін сайлауға барыңыз. Лев Толстой айтқандай: «әркім адамзатты өзгерткісі келеді, бірақ өзін қалай өзгерту керектігін ешкім ойламайды».
Бесіншісі, ауқымдылық. Мәслихаттар мен Парламент жұмысындағы өзгерістерден, жаңа аймақтар­дың құрылуынан бастап, өткен кезеңнің еңбегін ұлықтау қажеттілігі – Қапшағайдың атын Қонаев деп өзгерту ұсынысы. Президенттің шешімдер қабылдау мен жүзеге асырудағы бюрократизациялау мәселесін көтеруі өте маңызды. Президент қалам шеберлері, сіздерді, журналис­терді де ұмытқан жоқ. Бұл жерде ең бастысы, журналист-әріптестер өздерінің ықпал ету күшін ғана емес, сондай-ақ, бүгінгі ақпарат дәуіріндегі Сөздің жауапкершілік дәрежесін де дұрыс бағалауы тиіс.
– Партияны тіркеу межесін төмендеткеннен ел не ұтады? 
– Иә, қазір сұрақтар көп, мұны да түсінуге болады, біз мүлде жаңа саяси кезеңге қадам басып келеміз.Былай дейік, кез келген партияның мақсаты – Парламентке өту, билік арқылы өз сайлаушыларының өмірін жақсарту. Кезінде, Уинстон Черчилль: «Парламенттің мақсаты – жұдырықтасуды ауызша тартысқа алмастыру» деген еді. Сондықтан қоғамның өзі қанша партия қажет деп санайтын болса, сонша партия болсын, қалай болғанда да бұл процесті саяси нарық өзі реттейді. АҚШ-ты алайық. Әдетте, саясаттан алыс кез келген азамат елдегі жүйе құраушы екі партияны ғана атай алады: Демократиялық және Республикалық. Бірақ бұл елде федералды және аймақтық деңгейде ондаған басқа да партиялар бар. Сіз Делавэрдің тәуелсіз партиясы немесе Вермонттың прогрессивті партиясы сияқты партиялар туралы естімеген боларсыз? Ал бұл белсенді партиялар, тіпті, өз штаттарының заң шығарушы жиындарының мүшелері. Мұндай мысалдар дүниежүзінде өте көп. Көршіміз Ресейде 2021 жылы сайлау кезінде Мемлекеттік Думаға танымал «Единая Россия», РФКП мен РЛДП партияларымен қатар, «Жаңа адамдар» сияқты партия да өтті.
Менің ойымша, бізде де бірінші кезеңде белгілі бір мөлшердегі шағын саяси партиялардың пайда болуы орын алады. Бұл біздің қоғамның дамуына қатысты мүлдем өзгеше идеяларды топтастыруға мүмкіндік береді. Және мұндай идеялар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы.
Уақыт өте келе кішігірім партиялар дамиды, әлсіздері эволюция үдерісі барысында жойылып кетеді. Күштілері бірте-бірте саяси қозғалыстың негізгі қатысушыларына айнала отырып, одан әрі кеңею мен дамудың негізі бола алады. Уақыт өте келе мұндай партиялардың ықпалы артып, беделі нығайып, бағдарламасы түзетіледі. Қалай болғанда да, Парламентте саяси партиялардың айтарлықтай санының болуы сайлаушылардың таңдауын шынымен кеңейтіп, сол арқылы азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, мәселелерді, әртүрлі пікірлер мен ұстанымдарды ескере отырып шешуге мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл – дау­лы мәселелер мен пікірлерді бейбіт, сындарлы жолмен шешудің мүмкіндігі.
Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі де сөз болды. Бұл бағытқа қатысты сіздің ұстанымыз қандай?
– Сіз атағанның бәрі, тіпті одан да көп нәрселерді бір сөзге топтастыруға болады – орталықсыздандыру. Бірінші жағдайда, баршаға түсінікті болу үшін орталықсыздандыру сөзін – дербестік және жауапкершілік деп ауыстыруға болады.
Жүйе тек Президентпен ғана шектеліп қалмауы керек, өкілеттіктерді Парламент пен басқа да орталық органдарға ғана емес, аймақтарға да беру қажет. Жергілікті жерлерде көбірек өкілеттіктер, құралдар мен бюджеттер беріледі. Кентаудың, Арқалықтың немесе Шалқардың мәселесін астанада емес, осы елді мекендерде шешу керек. Мәселелер тез айқындалып, жер-жерде тез шешілуі керек. Қазіргі уақытта саяси мәселелердің басым бөлігі – билікке наразылық, әлеуметтік шиеленістің өсуі – жергілікті билік органдарының әлсіздігінен, жергілікті билік пен халық арасындағы тиісті байланыстың болмауынан туындап отыр. Бұл наразылық ел басшылығына, бірінші тұлғаларға экстраполяцияланады, сондықтан Президент кейбір жергілікті мәселелерді шешуге араласуға мәжбүр болады. Бұл – жергілікті биліктің тиімсіздігінің критериі.
Жергілікті мәселелер, мысалы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – жолдарды жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу орталықтан жоғарыдан төменге қарай, процестің бюрократизациялануы сөзсіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының әкімдіктен қаржылық тәуелсіздік, мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту туралы бастамасы мемлекеттік органдардың бақылануын, жауапкершілігін және халықпен байланысын арттыру тұрғысынан субъектілер арасындағы қарым-қатынастар жүйесін қайта пішімдеуге мүмкіндік беріп, жалпы әкімдіктер жұмысының тиімділігін арттырады.
Жаңа үш облыстың құрылуы осыған байланысты. Жер шалғайлығы мен бюрократиямызды ескере отырып, өзекті мәселелерді жергілікті жерлерде тиімді әрі дер кезінде шешу мүмкін емес. Мәселен, облыс орталығын соңғы жылдары көші-қон ағынын қатты бастан кешкен Жезқазған қаласына беру жергілікті экономиканы жандандырып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді. Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық жергілікті өзін-өзі басқару хартиясын ратификациялау мәселесін пысықтау міндетін кездейсоқ қойған жоқ. Варшава университетінің студенті ретінде 1990 жылдары Польшадағы жергілікті өзін-өзі басқару реформасының куәсі болдым. Дәл осы реформа социалистік кезеңнен кейінгі экономикалық дамуға айтарлықтай серпіліс берді. Тағы да саяси, экономикалық дамуға жағдай жасады.
– ҚСЗИ Президенттің реформаларына қандай қолдау көрсете алады?
– «Қолдау көрсете алады» деген дұрыс емес. Институттың аты айтып тұрғандай, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институты мемлекеттің жетекші талдау орталығы ретінде мемлекеттің сыртқы және ішкі сая­си дамуына қатысты барлық жағдайларға күнделікті талдау жасап, Мемлекет басшысы мен Президент Әкімшілігіне ұсыныстар дайындайды. Сондықтан, Мемлекеттік хатшының жедел жетекшілігімен институт Президенттің реформаларын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстарға белсене атсалысуда. Бұл жұмыста мен үш негізгі бағытты айтып бере аламын.
Ең алдымен, алдағы реформаларды сараптамалық талқылау. Жоспарлау кезеңіндегі кез келген реформа міндетті сараптамадан өтеді. Оның барысында «Өзгерістердің қажеттілігі қалай көрінеді?», «Қоғамның қандай өзгерістерге сұранысы бар?», «Жоспарланған реформалар кімдерге әсер етеді?» деген сияқты т.б. сұрақтар қойылады. Белгілі бір мәселе бойынша сараптамалық бағалауды анықтау мақсатында ҚСЗИ саяси, экономика, мәдениет және халықаралық қатынастар мәселелері бо­йынша отандық жетекші сарапшылармен тұрақты түрде сараптамалық кездесулер өткізеді. Мұндай кездесулер барысында пікір алмасу орын алып, сарапшылар қауымдастығы реформалардың орындылығына, олардың дер кезінде маңызды мәселелерді көтеріп, оларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарды бірлесіп әзірлейді. Сараптамалық кеңестердің қорытындылары бойынша барлық материалдар талданады және тиісті шешімдер қабылдау үшін ҚР Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.
Президент реформаларын қолдау аясындағы ҚСЗИ жұмысының екінші бағыты – қоғамнан «кері байланыс» алу болып табылады. Мұндағы негізгі тетік – қоғамдық пікірді білу үшін әлеу­меттану зерттеулерін жүргізу, көбіне, бұқаралық сауалнама түрінде жасалады. Халықпен жұмыстың бұл түрі оның әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін анықтауға, олардың негізгі проблемаларын айқындауға, әртүрлі топтардың саяси институттарға сенім деңгейін өлшеуге және жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты халықтың бағасын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтану сауалнамасы еліміздің барлық аймақтарын қамтиды, сауалнамалардың құрылымында мәселелердің кең ауқымы бойынша сұрақтар қамтылған. Сараптамалық кездесулерді өткізу жағдайындағы әлеуметтану сауалнамаларының барлық нәтижелері қорытындыланып, талданып, мүдделі мемлекеттік органдарға одан әрі пайдалану үшін жіберіледі.
ҚСЗИ-дың Президенттік реформаларды қолдаудың үшінші аспектісі – халыққа жоспарланған және жүргізіліп жатқан реформаларды түсіндіру бо­йынша бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу. ҚСЗИ қызметкерлері өзекті әлеуметтік мәселелердегі қоғамдық талқылауларға тұрақты түрде қатысып, елімізде және әлемде болып жатқан оқиғаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы, ҚСЗИ мықты сарапшылар тобы бар Ресей, АҚШ, ЕО, Қытайдың жетекші сараптамалық орталықтарымен халықаралық байланыстарды орнатқан беделді ұйым болса да, қазір бүкіл ел сияқты трансформация мен өзгерістер үстінде. Біз өз қызметімізде барынша ашық болуымыз қажет, мемлекет пен қоғам, сарапшылар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, әртүрлі пікірлер мен ұсыныстарды тыңдап, талдай білуіміз, проблемаларды танып, шешу жолдарын табуымыз керек.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті

Под маской локализации

В ЯНВАРЕ 2026 ГОДА ФАРМАЦЕВТИЧЕСКИЙ РЫНОК КАЗАХСТАНА ПОТРЯС ОДИН ИЗ КРУПНЕЙШИХ В ЕГО ИСТОРИИ КОРРУПЦИОННЫХ СКАНДАЛОВ.

Балалар мекемелерін санитарлық қадағалау күшейтіледі

Енді тексерулер алдын ала ескертусіз, кенеттен жүргізіледі.

Қазақстан халқының саны 20 495 975 адамға жетті

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны жайында мәліметті жариялады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бахтияр Абайұлы Мұхаметқалиев ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Қызылордадағы Ұлттық құрылтай: Президент тапсырмалары қалай жүзеге асып жатыр?

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы мазмұны мен маңызы жағынан алдыңғы жиындардан айқын ерекшеленді. Мемлекет басшысы бұл жолы өңірлік мәселелермен шектелмей, елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін энергетика, көлік-логистика, су ресурстары, цифрландыру, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты нақты міндеттер жүктеді.