12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ерден ӘРІПОВ, Қарағанды облыстық сотының төрағасы: «КӘСІБИ МЕРЕКЕ – СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІҢ БЕЛГІСІ»

– Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің белгіленгеніне де үш жыл болды. Кәсіби мерекенің маңызы неде? Бұл мереке қандай форматта өтуі керек?

– Бұған дейін Конституция күнін өзіміздің кәсіби мереке ретінде қабылдадық. Кейіннен «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданған 25 желтоқсанды судьялар мерекесі деп атап өтіп жүрдік. Алайда ресми бекітіліп, күнтізбеге енгізілмеген соң, бұл күндер кәсіби мереке ретінде мойындала қойған жоқ. Соған орай сот саласының беделі, мәртебесі үшін тынбай жұмыс істеп жүргендердің кәсібін дәріптейтін, еңбегін бағалайтын арнайы мерекенің керектігі өз ортамызда жиі айтылатын. Мұндай ұсынысты әріптестеріміз БАҚ арқылы да жазып, көпшіліктің назарын аударып жүрді. «Ештен кеш жақсы» демей ме, әріптестердің ұсыныс-тілегінің нәтижесінде «Судья және сот қызметкері күні» кәсіби мерекелер тізімінен ойып тұрып орын алды. Бұл сот жүйесіндегі айтулы жаңалықтың бірі болды. Кәсіби мереке, бір жағынан, судьялар мен сот қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, жастардың осы мамандықты таңдауына игі ықпал етеді. Екіншіден, кәсіби мереке сот саласының беделін нығайтып, судьяларға деген сенімді де еселей түсетіні анық. Кәсіби мереке тек күнтізбеге жаңа мерекелік күнді қосып, әріптестерді құттықтау дегенді білдірмейді. Мұндай күн кәсіпке деген халықтың қызығушылығын оятып, сот жұмысына қатысты оң пікірдің орнығуына септігін тигізетін іс-шаралармен айшықталғаны дұрыс. Өздеріңіз білесіздер, сот жүйесіне қатысты сын пікір көп. Оның негіздісі де, негізсізі де бар.Ал кәсіби мереке сот жүйесіндегі ісіне адал, жұмысына тиянақты қаншама әріптесімізді дәріптеу арқылы жалпы сот жүйесіне деген оң көзқарасты қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Мерекенің маңызын арттыру үшін оны атап өтудің арнайы тұжырымдамасы белгіленуі керек. Мәселен, біз кәсіби мереке белгіленген алғашқы жылы республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарынан арнайы айдар ашып, онда ардагер судьялар туралы естеліктер жаздық, бар өмірін сотқа арнап, бір ұжымда 20-30 жыл табан аудармай еңбек еткен сот қызметкерлері туралы кең көлемді мақала, сұхбаттарды жарыққа шығардық. Бүгінгі күні сот алаңында төрелік етіп жүрген судьялардың үлгілі ісін көрсетіп, тәжірибесімен бөлістік. Әсіресе, аға буын мен бүгінгі буын арасындағы әріптестік байланысты жолға қоюға ерекше ден қойып келеміз. Биыл ұйымдастырылған алқалы жиында жас судьялардың ардагер судьялармен танысып, тағылымды әңгімесін тыңдауына мүмкіндік туды. Кез келген сала ардагер аға-апалардың еңбегін ұмытпағаны, реті келгенде ұжымнан қол үзбеуіне жағдай жасауы керек. Бұл ұрпақтар сабақтастығына сына түспеуі, тәлімгерлік мектепті жандандыру, тарихты түгендеу үшін керек.

– Отыз жылдан аса уақыт отандық сотта еңбек етіп келесіз. Судьялықты бастағанда аға буынның көмегін, қолдауын қаншалықты көрдіңіз? 

– Судьялық еңбек жолымды Жезқазған қалалық сотында бастадым. Ол кезде судьяны облыстық кеңес депутаттары сайлайтын. Заң саласында білім алып, біршама тәжірибе жинақтағанмен, тараптардың алдында іс қарау, төрелік ету оңай емес. Осы тұста білмегенімді үйретіп, жол көрсеткен Қуанышбай Мәмбетов, Жұбаныш Мәсенов, Орынбасар Тастанбаев, Олег Угрюмов, Ақылтай Қасымов, Моряк Шегенов сынды ағаларымыздың мен үшін орны бөлек. Әріптес аға, тәлімгер ретінде ол кісілерге сый-құрметім ерекше. Осындай өз мамандығына шын берілген, сөзге шешен, мінезге бай, көргені мен көңілге түйгені көп ағаларымыздың тәлімін көріп, жолын жалғағанымыз біз үшін үлкен абырой.

– Сіз жұмыс бастаған кез бен қазіргі кездегі сотта айырмашылық бар ма?

– «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған. Расында, мен еңбекке араласқан кездегі сот пен қазіргі соттың айырмашылығы жер мен көктей. Себебі өмір бір орында тұрған жоқ. Заман алға жылжыған сайын, қоғамның әр саласында өзіндік өзгерістер болып жатыр. Мысалы, бұрын судьяларды таңдау, жаңа қызметке қою мәселесін сот пен әділет органының басшылығы шешетін. Ол кезде сот жұмысын материалдық-техникалық жақтан қамтамасыз ету Әділет департаментінің құзырында болатын. Басшылар қарауындағы өз ісіне мығым, білімі терең, мінезі ұстамды кадрларды сырттай байқап, көзінің қиығын салып жүріп, судья болуға ұсыныс тастайтын. Осы ұсыныс бойынша судьяларға Халық депутаттарының облыстық кеңесі дауыс беретін. Бір қызығы, сол тұста жасалған таңдауларда қателік көп бола қойған жоқ. Себебі өзіне басшылық сенім артып, жауаптылық жүктеп отырған соң, жас судьялар да сол үдеден шығуға барын салатын. Ал қазір үміткерлер үлкен іріктеуден өтіп, бірқатар сынақтарды тапсырып, Президент Жарлығымен судья болып тағайындалады. Десек те, қаншама сынақтан өткенімен, үміткердің судья болуға лайық екенін, төрелік етуге дайын екенін толық танып білу мүмкін емес. Сондықтан да салаға кездейсоқ келген мамандар бір жылға жетер-жетпес уақытта өз еріктерімен болмаса басқа да бір мәселелермен жұмыстан кетіп жатады. Бұрынғы кез бен қазіргі кездің артық-кем тұсы туралы ойланғанда, жаңа технология, онлайн сот, электрондық сервистердің артықшылығын атап өтпеуге болмайды. Бүгінде сотқа арызшағым беру үшін арнайы келудің қажеті жоқ. Арызды қабылдау, жауап беру, сұратқан құжаттарды ұсыну функцияларын онлайн алуға толық мүмкіндік жасалған. Судьялар мен сот қызметкерлері де қағазбастылықтан құтылып, білімін жетілдіріп, ізденуіне жол ашылды. Ал бұрын сот отырысына қашықтан қатыспақ түгілі, өзіміз қараған істердің хаттамасын түгелдей қолмен жазатын едік. Қағаз тапшы болғандықтан, көбінесе ақ парақтың артқы бетіне де жазуға тура келетін. Сондайда қате кетсе, жаңағы бір парақты тұтастай қолмен қайта көшіретін едік. Көп эпизодты істер бойынша жазылған үкімдер жүз бетке дейін жететін. Бірақ осы үкімді қолмен жазғаннан жаман болған жоқпыз. Соның арқасында тіл байлығымыз артты, сауатымыз кемелденді. Осындайда тергеуші жазған айыптау хаттамасын үтір-нүктесіне дейін өзгертпей көшіріп алатын жас судьялардың қателерге де мән бермейтінін көріп, көңіліміз қоңылтақсып қалатыны рас.

– Жақында ардагер судьялардың бірі Ақылтай Қасымов «Заң газетіне» сұхбат беріп, судьялардың зейнет жасына қатысты пікірін білдірді. Расында, әлемде судьяларды ерте зейнетке жіберетін біз сияқты ел аз екен. Ал сіз судьялардың зейнет жасын өзгерткен дұрыс деп ойлайыз ба?

– Судья болып қалыптасу үшін жылдар кетеді. Ал осы тәжірибесі толысып, халыққа берері мол кезде судьяларды доғарысқа шығарған жөн емес. Қайта олардың жылдар бойы жинаған тәжірибесін, әлеуетін тиімді пайдаланғанымыз дұрыс. Мысалы, кезінде біз Америка Құрама штаттарының сот жұмысымен таныстық. Ол елде жетпіс-сексендегі судьялар төрелік етіп отырады. Мұндай жаста судьялар маман ретінде жанжақты толысып қана қоймай, өзінің жылдар бойы жинаған абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Жалпы, судья егер өз міндетін сапалы атқарса, оған денсаулығы жарап тұрса, онда неге доғарысқа шығаруға асығуымыз керек? Оның үстіне, елімізде судьялар жетіспейтіні тағы бар. Сондықтан бұл мәселе бойынша оңтайлы шешім қабылданады деп ойлаймын.

– Зейнет жасына жеткен судьялардың жұмыс істеу уақытын созуда нақтылықтың жоғы байқалады. Мұндай артықшылыққа ие болғандардың не себепті жұмыс уақыты ұзартылғаны, немесе ұзартуға не себепті рұқсат берілмегені белгісіз. Бұл судьяларды іріктеудегі бүгінгі жүйеге деген күмәнді көбейтпей ме?

– «Əділдікке жығылмайтын адам жоқ» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, әділдікті барша адам мойындауы үшін ол мінсіз, күмәнсіз, нақты болуы керек. Судьялардың зейнет жасын ұзартуға қатысты да осыны айтуға болады. Ең алдымен, бұл мәселені заң жүзінде реттеу керек. Заңда кімдердің зейнеттен кейін жұмыс істеу уақытын созуға болмайтыны шегелеп, нақты көрсетілуі керек. Мәселен, жұмысындағы лайықсыз қадамдары үшін ескерту, сөгіс алған, шешім, үкімдері өзгертілген, заңды дұрыс қолданбағаны анықталған судьялардың жұмыс істеуіне шектеу қойылатыны нақты айтылғаны абзал. Сонда кейбір судьялардың өзі-ақ зейнеттен кейін жұмыс істей алмайтынын бірден түсінер еді. Біздің арамызда тәуелсіздіктің қиын тұсында да мамандығын тастамаған, сот әділдігін атқаруға өмірін арнаған адамдар баршылық. Оларды айлықтың төмендігі де, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы да саладан безіндірген жоқ. Осындай қызметіне адал судьялардың жұмысын жалғастыруы заңмен нақтыланса, нұр үстіне нұр болмақ. Қазір сол сот үздіктерінің біразы адвокат болып, заңгерлік жасап, жоғары оқу орындарында дәріс оқып, табыс тауып жүр. Олардың өзі жетік білетін, көңілі қалайтын салада жұмысын жалғастыруына неге мүмкіндік бермеске?!

– Қазір сот саласына мықты заңгерлерді, білікті адвокаттар мен прокурорларды тартуға мән берілуде. Бұл қаншалықты орынды?

– Бүгінде республика бойынша судьялардың 300 орнының бос тұрғаны белгілі. Осыны ескере отырып, сот корпусына мейлінше білімді, сауатты заңгерлерді тартуға назар аударылып жатқаны рас. Судьялыққа орта жолдан қосылғаннан кейін, олардың да кейін құрметті доғарысқа жылы толмай, мәселе туындайтыны талассыз. Ал жалпы өз басым бір жүйеге қалыптасқан адамды екінші жүйеге әкелген дұрыс деп ойламаймын. Айталық, жоғары оқу орындарынан бастап шәкірттерді белгілі бір құқық саласына бағыттап оқытады, мамандыққа бейімдейді. Мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген соң, олардың атқарған жұмысы да нәтижелі. Негізі судьялыққа күнкөрістің қамы үшін болмаса мемлекет тарапынан айқындалған мәртебеге ие болу үшін келуге болмайды. Судьялық шынайы жүрек қалауымен таңдалуы тиіс.

– Бүгінгі судьяларды қандай мәселелер мазалайды?

– Бізде қазір судьялар «шешімді қалай уақытында жазамын» деп алаңдап жүреді. Оны ақпараттық жүйеге салу да оңай емес. Өйткені техниканың өз қиындықтары бар. Осы жағын реттеу кезек күттірмейді. Сонымен бірге, судья көмекшісі лауазымын енгізу керектігі де талайдан бері сот алаңында айтылып, жазылып жүр. Қарап тұрсам, судьяға көмекшінің керек екенін мен 2006 жылы Жоғарғы Сотта өткен конференцияда көтерген екенмін. Одан біз не ұтамыз? Біріншіден, судья көмекшісі – болашақтағы дайын судья. Судьяның жанында жүріп, сот жұмысымен етене араласқан соң, ол салаға «пісіп», білімі толығып келеді. Екіншіден, сот көмекшісі судьяның жүктемесін жеңілдетіп, іс бойынша қажетті құжаттарды әзірлеуге, ұқсас үкімдерді таразылауға көмектеседі. Бірақ ақтық шешім – судьяның еншісінде. Егер сот көмекшісі өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарса, сенімді ақтап шықса, әрі қарай судья болуына мүмкіндік беру керек. Біз жұмыс барысында сот көмекшісін адам ретінде де, маман ретінде де білеміз. Жұмысқа икеміне, қабілетіне көзіміз жетеді. Сот көмекшісі тәжірибеге енгізілсе, судьяның да жүктемесі жеңілдеп, соттағы бос вакансиялар да сапалы кадрлармен толығар еді.

– Судьяларға қатысты арызшағымдардың бір бөлігі мемлекеттік тілді жетік меңгермеуге байланысты туындайды. Республикадағы судьялар саны үш мыңға жуық. Осы лауазымға екі тілді жетік білетін, қос тілде еркін сөйлейтін үміткерлерді таңдауға не кедергі?

– Орынды сұрақ. Судьялыққа екі тілді теңдей білетін үміткерлерді таңдаған дұрыс. Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Жалпы, соттағы мемлекеттік тілдің қолданысы тек біздің қалауымызға тіреліп тұрған жоқ. Біз өз тарапымыздан соттағы кіріс-шығыс құжаттарын толықтай мемлекеттік тілде жүргізуге тырысып жатырмыз. Ал сот істерінің қазақша қаралуы азаматтарға, құзырлы органдардың мемлекеттік тілді таңдауына тәуелді. Таяуда Қарағанды облыстық сотының мұрындық болуымен мемлекеттік тілдің мәселелерін анықтап, бірігіп шешу мақсатында үлкен жиын өтті. Оған облыс әкімдігінен бастап, барлық мемлекеттік мекеме, құзырлы орган өкілдері шақырылды. Сонда белгілі болғандай, біздің өңірде тіркелген алты жүзден аса адвокаттың тек он екісі ғана мемлекеттік тілде іс жүргізеді екен. Мұндай жағдайда неге істер мемлекеттік тілде қаралмайды деу қисынсыз. Себебі адвокаттар қорғауындағы азаматтар орыс тілін білмесе де, өздері білетін тілде арыз жазады. Ал Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік заңдарында арыз бен іс қай тілде жазылып, қозғалса, сот сол тілде жүргізіледі деп тайға таңба басқандай жазылған. Құқық қорғау органдары тергеушілерінің көбі ұлты қазақ болғанмен, мемлекеттік тілді жетік білмейді. Тіпті, мүлде түсінбейтіндер бар. Сол сияқты судьялардың да арасында қазақ тілін жақсы меңгермегендер кездеседі. Егер халық барлық құжатын мемлекеттік тілде жазып, істің мемлекеттік тілді қаралуын талап ететін болса, соттың тілі де бірден қазақшаға ауысар еді. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге мұндай талап қойылмай келеді.

– Қарағандылық судьяларға қатысты қандай арыз-шағымдар көп түседі?

– Азаматтар неге арызданады? Себебі сот шығарған шешім, үкімнің қос тараптың да көңілінен шығуы мүмкін емес. Сәйкесінше, риза болған тарап үнсіз қалғанымен, шешімге көңілі толмаған тарап міндетті түрде судьяның үстінен шағым түсіреді. Негізі әлемдік практикаға сай төменгі сатыдағы соттың жіберген қателігін апелляциялық саты түзетуі, апелляцияда кеткен қатені Жоғарғы Сот түзетуі керек. Мұның бәрі процестік заңмен реттеледі. Ал азаматтар осы қарапайым қағиданы білмейді, содан кейін судьяның жеке басына өтеді. Олар адвокаттардың сөзіне сеніп, бітпейтін дауды қуалап, уақыттарын текке құртады. Өйткені адвокаттар адамды негізсіз үміттендіріп, сотта жеңетінін айтады. Осы сөзге арқаланып, алдын ала жеңіске жетіп қойған азаматтарға сотта жеңіліс табу, әрине, қиын. Шағымдарды азайту үшін халықтың құқықтық сауатын көтеріп, процестік тәртіппен шағымдануға бейімдеген жөн. Бұл тетік барлық заңда бекітілген. Мысалы осы процестік тәртіптен тыс шағымданушылардың көпшілігі сот шешімімен келіспегені үшін шағым жазады. Тіпті қарапайым азаматтарды айтпағанда, заңгерлердің өзі аудандық, облыстық сот төрағасын қойып, Жоғарғы Сот Төрағасына, Президентке шағым келтіруге дағдыланған. Бұл дұрыс емес. Егер жоғарыдағыдай негізсіз шағымдарға шектеу қоймасақ, арыз ешқашан тоқтамайды. Біз осыны халықтың санасына жеткізуге тиіспіз. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай халық «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын» ұғынғаны жөн. Әрине, бұл уақыттың еншісінде. Бүгінгі күні халықтың жалпы құқықтық сауаты мен мәдениетін арттыруда әр сот сатылары төрағаларының азаматтарды қабылдаулары мен судьялардың нақты сот істері бойынша үкімдері мен шешімдерінің мәнін түсіндіруі шағымдарды азайтуға септігін тигізері сөзсіз.

– Судья әр істі жүрегінен өткізіп барып кесімін айтады. Бүгінге дейін талай күрмеуі қиын істерді қараған боларсыз. Соның ішінде ерекше есіңізде қалғаны бар ма?

– Әр істі терең бағамдап, жүрекпен зерделегендіктен болар, судьялар арасында жүрек, қан қысымымен ауыратындар баршылық. Айтуға жеңіл болғанмен, небір қатігездікті, зұлымдықты таразы басына салған соң, жастайынан сырқатқа шалдығып, мезгілінен бұрын көз жұмып жатқан әріптестеріміз де аз емес. Сондайда қараған істерді жүрекке ауыр қабылдамауға тырысамыз. Бірақ кейбір жаныңды түршіктіретін істерді уақыт та ұмыттыра алмайды. Мысалы, Жезқазған қалалық сотында жүргенде, туған бауырының қанын жүктеген әйелдің ісін қарадым. Інісі қылмыстық іске қатысты бірнеше рет сотты болған, рецидивист. Түзеу мекемесінен түзеліп шығудың орнына, түз тағысындай есіріп, еліріп шыққан. Әпкесінің сөзін тыңдамақ түгілі, анасының айтқанын елемеген. Екі шарасыз әйел болмысы өзгерген жақындарының бар талабын орындауға мәжбүр болған. Ешкім бетінен қақпаған соң, сотталушы да екі әйелді ұрыпсоққан, ақшаларын тартып алған, жинағандарын сатып ішкен. Басында бәрін жасырып, мәселені жылы жауып келген әпкесі анасының пұшайман халін көріп, зорлық жасалғанын түсінгенде, шыдап тұра алмаған. Әрі бауырының күнделікті қоқан-лоқысынан да әбден зәрезап болса керек. Ақыры, туған бауырын балталап тастайды. Одан бөлек, денесін бөлшектеп, кәрізге ағызар алдында пешке қойып етті қайнатып алуды жөн көреді. Осындай детальдарды естігенде, шынашақтай болып, бүрісіп отырған әйелдің ішіне жиналған ыза-кек, қорлықтың запыранын сезінгендей күй кешесің. Ал ана үшін бұдан артық қандай трагедия бар? Бір баласы көз жұмды, екіншісі сот үкімін күтіп отыр. Үкім шығарарда бауырының өткен өмірі, әйелдің адам ретіндегі жақсы қасиеттері ескеріліп, шама келгенше жеңіл жаза тағайындауға тырыстым. Бірақ мұндай істер бәрібір жаныңды жегідей жеп, жадыңда сақталып қалады екен.

– Сырт көз судья жұмысындағы, сот саласындағы мұндай қиындықтарды біліп, түсіне бермейді. Содан болар, сын көп, орынсыз пікір айтатындар аз емес. Осындайда сот беделін қалай көтеруге болады?

– Бедел бір күнде қалыптаспайды. Сот беделінің биік болуы судьялардың біліктілігіне, парасат-пайымына, сот реформаларының тиімділігіне тікелей байланысты. Судьяны сыйлап, бағалау үшін, оның ісін халық жақсы білуі керек. Сондықтан төраға мен судьялар елмен етене араласқаны абзал. Ал ешкім білмейтін, ешкім елемейтін судьяда қандай бедел болсын?! Олардың сөзі де өтімсіз, пікірі де құнсыз. Әсіресе, шет аудандарда, шалғай аймақтарда сот төрағасы билік өкілі ретінде ғана емес, үлкен парасат иесі ретінде көпшілікке үлгі бола білуі тиіс. Төраға сол аймақтағы елді өзінің соңынан ертетін, сөзін тыңдата алатын адам болуы керек қой. Өкінішке қарай, біздегі төрағалар мен судьяларды халық біле бермейді. Бөлмесінен шықпайтын төрағалар сот жұмысын да беріліп атқармайды. Аудандарда еңбек ететін судьялардың отбасын облыс орталығына орналастырып, өзінің аудан мен қала ортасында жүруі де көңілден шықпайды. Отбасынан алыста өмір сүрген судья демалыс күндері жақындаса тықыршып, қалаға жетуге асығады. Ал мұндай жерде қандай сапа туралы сөз болуы мүмкін? Мысалы, мына Қарқаралы – тарихи жер. Табиғаты қандай! Ал бірақ жастар ол жаққа барғысы келмейді. Бұрын судья боласың десе, жердің түбіне баратын едік.

– Жаңашылдыққа қаншалықты жақынсыз?

– Жаңа дүниені елден қалмай үйреніп, меңгерумен шектелмей, өзіміз де соны істердің басы-қасында жүруге тырысамыз. Айталық, қазір барша ел игілігін көріп жатқан онлайн сот ең алғаш рет Балқаш қалалық сотынан бастау алған еді. Сол жылы Балқашқа Мемлекет басшысы келіп, өңірдің ахуалымен танысатын болды. Соған орай әкімшілік тарапынан «осы іссапарда соттың да жұмысын көрсетсек» деген ұсыныс түсті. Ақылдаса келе, сот отырысына қашықтан қатысудың тиімділігін көрсетсек дедік. Әрине, алғашқы қадамның оңай болмайтыны түсінікті. Біздің өтінішімізге құлақ асып, техникалық мәселемізді Жоғарғы Сот толық шешіп берді. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторында отырған айыптыны сот отырысына тікелей желі арқылы қосқанда, Президент соттағы мұндай бастамалардың орынды екенін айтып, жақсы істің жалғасын табуына тілекші болды. Әрі Президент жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өз қалтасынан төлеп кетті. Осының өзі біздің қай кезде де жаңашылдықты қолдайтынымызды, жақсылыққа ұмтылатынымызды көрсетсе керек.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты, жұмысыңыз жемісті бола берсін!

Сұхбаттасқан Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар...

Мемлекеттік қызметшілердің үздік жобалары мен бастамалары бойынша конкурс өтті

2024 жылдың 20 желтоқсан күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің...

Жоспарлы тексеру аясында мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және...

Краткосрочные бесплатные курсы: новые возможности для осужденных

Осужденные часто оказываются изолированными от общества и трудового рынка,...

Қысқа мерзімді тегін курстар: сотталғандарға жаңа мүмкіндіктер

Сотталған адамдар қоғамнан және еңбек нарығынан оқшауланып, көп жағдайда...