Жақында Көкшетау қаласында өңірдегі Ақмола ассамблеясының бастамасымен «Еңбек пен бірлік жарасқан өңір» бірегей жобасы бастау алды. Бұл жобаның негізгі идеясы қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының байлығын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауды насихаттау, халықты ынтымаққа ғана емес, еңбекке шақыру болып табылады.
Атап өтер жайт, жүзден астам ұлт өкілдері тұратын Ақмола облысында ұлтаралық қарым-қатынас, бірлік жақсы сақталған. Оған осындай шаралардың маңызы зор екені анық.
Ақмола облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Жахина Айнұр: «Облысымыз көпұлтты болғанымен, ұлттар достығына сызат түскен емес. Қайта еңбекқор ел ретінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халықтың тезірек аяққа тұрып, еліміз дамуы үшін бірігіп қимылдап әрекет етіп келеміз. Өзге ұлттар осы өңірде тұрып жатқанына талай жыл болған соң қазақтың салт-дәстүр, ұлттық ойындары мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытады. Сондықтан осындай шараларды жиі өткізіп, еңбек арқылы бәрін жеңуге тырысамыз. Көп ұлттың басын қосқан, бірлігі жарасқан тәуелсіз елдің тұғыры әрқашан биік болады», – дейді. Фестиваль аясында арқан тарту, асық ату, қой көтеру сияқты ұлттық ойындары, ұлттық шығармашылық, қолданбалы өнер көрмесімен танысу, қазақ салт-дәстүрлерінің театрландырған қойылымы, ұлттық тағамдар дайындау шеберлік сағаты өтті. «Менің Қазақстаным» атты концерттік бағдарламада әр этнос өкілдері қазақ әндерін тамылжыта орындады. Шара барысында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдағы келісімге сүбелі үлесін қосып жүрген қала азаматтары марапатталды.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, «Заң газеті»


