Еңбек қатынастарынан туындайтын даулар бойынша тараптар жұмыс беруші мен қызметкер болып табылады.
Сотқа азаматтар жұмысқа қайта орналастыру, жалақы өндіру, қосымша төлемдерді өндіру және тәртіптік комиссиясының шешімдерімен келіспейтін дауларымен жүгінеді.
Заң талаптары бойынша бұл даулар сотқа дейін келісім комиссияларында қаралуы тиіс. Арызданушы келісім комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда үш ай ішінде сотқа жүгінуге құқылы.
Еңбек дауларының туындауына әсер ететін себептер алуан түрлі болуы мүмкін. Мысалы, еңбек даулары ретінде қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы тікелей келіссөздермен реттелмеген, қолданыстағы заңдарды қолдану, жаңа еңбек жағдайларын белгілеу және еңбек жағдайларын өзгерту жөніндегі мәселелерге қатысты келіспеушіліктер болып танылады.
Еңбек даулары жеке және ұжымдық еңбек даулары болып бөлінеді.
Еңбек дауларын қарау мәселелері Кодекстің 15-тарауымен реттелген.
Соның ішінде жеке еңбек дауы келісу комиссиясының, ал реттелмеген мәселелер немесе келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттардың қарауына жатады.
Келісу комиссиясы жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
Келісу комиссиясы жөніндегі мәселе жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің арасындағы жазбаша келісімде не ұжымдық шартта реттеледі.
Келісу комиссиясына келіп түскен өтініш ол берілген күні тіркелуге тиіс және сол күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Келісім комиссиясының жеке еңбек дауы бойынша шешімі ол қабылданған күннен бастап үш күн мерзімде тараптарға берілуге тиіс. Ол шешім белгіленген мерзімде орындалуға жатады және мерзімінде орындалмаған жағдайда тараптар сотқа жүгінуге құқылы.
Жеке еңбек даулары бойынша келісу комиссиясына жұмысқа қайта алу туралы мәселеге қатысты еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс берушінің актісінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап бір ай, келісу комиссиясының шешімінің көшірмесін алған күннен бастап екі ай мерзімде жүгінуге болады.
Бұл орайда, аталған екі ай мерзімде реттелмеген даулар және келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайларға қатысты екенін ескеру керек.
Басқа еңбек дауларына қатысты тараптар өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл мерзімде жүгінуге болады.
Жеке еңбек даулары бойынша қызметкерді жұмысқа қайта алу туралы келісу комиссиясының не соттың шешімі дереу орындалуға жатады.
Жеке еңбек дауларына қатысты түйіндеп айтатын болсақ, жеке еңбек дауларын қарау ең алдымен келісу комиссиясында, содан соң сотта қаралады.
Қазіргі кезде еңбек дауларын сот тәртібімен шешу сирек кездеседі. Себебі, барлық еңбек шиеленістері еңбек дауына дейін жете бермейді, кей жағдайда тараптар сотқа жүгінбестен келіспеушілікті бейбіт жолмен шешіп жатады. Бұл тараптардың еңбек қатынастары бойынша туындаған дауларды өзара келісе отырып шешулеріне мүмкіндік жасайды.
Шалқар аудандық соты
әкімшісінің жетекші маманы Раушангүл Абдолмәжитқызы