Енді әріптесіңіз еңбек демалысына кетсе немесе ауырып қалып, оның жұмысын сізге тапсырса, басшылық сізге қосымша ақы төлеуге міндеттеледі. Бұл Еңбек кодексіне енгізілген негізгі өзгерістердің бірі. Заң кеңесшісі, «Астана Юрист» компаниясының аға серіктесі Арыс Данагатов BAQ.KZ тілшісіне Еңбек кодексіндегі басты өзгерісті түсіндірді.
Заңгер 8 маусымнан бастап жұмысшылардың қорғалуы күшейгенін атап өтті. Негізгі үш өзгеріс бар.
Біріншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен (ГПХ) жұмыс істеп жүрген адамдар егер олар іс жүзінде жалданып жұмыс істесе енді еңбекші деп танылуы мүмкін. Яғни жұмыс беруші бұрын «сен менің қызметкерім емессің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жұмыс істеп жүрген адамсың» деп жалтара алатын еді. Енді ондай сылтау жұмыс істемейді, — дейді заңгер.
Екіншіден, мереке немесе демалыс күндері жұмыс істеген уақыт артық жұмыс уақытына есептелмей, енді жеке төленетін болады.
Үшіншіден, бұл ең маңыздысы — басқа адамның жұмысын атқарса, қосымша ақы төлеу міндетті болады. Бұл өзгеріс туралы толығырақ айтайын. Бұрын қалай болатын? Жұмыс беруші лауазымдық нұсқаулыққа «сен демалыстағы немесе ауырған әріптесіңнің жұмысын да атқарасың» деп жазып қойып, қосымша ақы төлемейтін. Заңды жол болатын. Енді мұндай сылтау жоқ. Кімнің жұмысын атқарсаң да — ол демалыста ма, науқастанып қалды ма, жоқ па — сен қосымша жүктеме алғансың, демек қосымша ақы аласың. Мөлшерін екі жақ өзара келіседі, бірақ төлеу міндетті, — дейді заңгер.
Арыс Данагатов мұны қарапайым мысалмен түсіндірді.
Сен бухгалтерсің, бас бухгалтер демалысқа кетті, оның жұмысын атқарасың. Бұрын «ол сенің міндетіңде жазылған» деп ақы бермей кетуі мүмкін еді. Енді берілуі тиіс, — дейді маман.
Жұмыс беруші ақы төлеуден бас тартса не істеу керек?
Заңгердің сөзінше, мұндай жағдайда ең алдымен дәлелдерді жинау керек.
Дүрбелеңге түспей, біртіндеп әрекет етіңіз. Алдымен дәлелдемелерді сақтаңыз — кімнің орнын басқаныңызды растайтын бұйрық, хабарлама, телефон хаттары — бәрін сақтаңыз. Содан кейін жұмыс берушіге жазбаша өтініш беріңіз, ауызша айтудың ешқандай күші жоқ. Жазбаша сұраңыз, жазбаша бас тартсын, — дейді заңгер.
Егер бас тартса еңбек инспекциясына шағым жазыңыз.
Оны тегін, онлайн жасауға болады. Инспекция жұмыс берушіге тексеру жүргізіп, айыппұл сала алады. Ал егер инспекция да нәтиже бермесе — сотқа жүгінуге болады. Еңбек дауларында мемлекеттік баж төленбейді, яғни сот тегін. Сот арқылы қосымша ақыны, өсімпұлды және моральдық залал өтемін талап етуге болады.
Қорыта айтқанда, Арыс Данагатовтың сөзінше, заң енді қызметкердің жағында. Оны пайдалана білу керек.


