Бойына халқымыздың ізгілігі мен іскерлігін, дарқандығы мен кеңдігін, адалдығы мен жайсаң мінезін сіңіріп өскен абзал жанның бірі – Бақыт Нұрғалиев.
Шығыс Қазақстанның тумасы 1972 жылы Қарағанды жоғары полиция мектебін бітірісімен, бірталай жылдар осы аймақта тергеуші болып кәсібилігін шыңдады. Одан кейін дәурен-дәстүрімен Қазақстан түгілі Кеңес кезінде даңқтылардың қатарынан табылған, елу жылдан астам тарихында талай тұлға мен жақсы-жайсаңға тұғыр болған қасиетті шаңырақ – ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында қалтқысыз қызмет атқарды. Мұндағы еңбек жолы қатардағы оқытушыдан бастаған ол профессор, профессорлықтан ғылыми жұмыс жөнінде орынбасар, одан әрі – академикке дейін ұласты. Әлі аттан түскен жоқ. Бақыт Молдатьяұлы 70-ке келсе де өзінің қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Өз қызметіне адал, әділеттілікті жақтаушы азамат.
Жетекші, басшы ретінде айналасына қылдай қиянат жасағанын көрмеппіз. Болған жағдайды саралап, талдап-таразылап барып бір шешімге келетін баяғы қалпы.
Бақыт Нұрғалиев «Bolashaq» академиясының күрделі бөлігі – ғылыми-зерттеу орталығының жүгін қайыспас қара нардай арқалап келеді. Еліміздің заң саласына лайықты шәкірт тәрбиелеп, оқытып, білім беріп шығаруда қосқан үлесі де шексіз. Еңбегі мәуелі жемісін беріп жүр. 5 ғылым докторын, 29 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Бұл тізім жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Біз оның ұйымдастырушылық қабілеті зор, өнегелі, білікті тұлға екеніне Қарағанды жоғары мектебінде қызмет атқарып жүрген кезден қанықпыз. Ол саналы ғұмырын ғылымға жұмсады. Заң ғылымының күрделі саласы – криминалистика мәселесін күйттеді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқаратын, қылмысты тергеу мен ашудың әдістері мен құралдарын жүйелейтін ғылымдардың келелі түрін – криминалистика ғылымының қыр-сырын адақтады. Әлемдік кеңістікте қаншама мақалаларының жыл сайын бірінен соң бірі жарық көруі соның айғағы. Біз заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақыт Молдатьяұлы Нұрғалиевті шын мәніндегі зиялы деп қабылдаймыз. Осынау 70-ке толған мерейлі шағында да ағамыздың еңбек сүйгіштігі мен мол қайрат-жігері, ұйымдастырушылық қабілеті әлі бір сүйемге де кеміген жоқ. Ол өмірдегі және қызметтегі мол тәжірибесін ұстаздық ісіне қолданумен келеді. Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» – дегені бар-ды. Ғалым, ұстаз жайындағы осы бір шағын пікіріміз сол міндетті орындаудың бір парасы ғана. Мерейлі күні өзіміз қадыр тұтатын ағамызға мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отанымыздың игілігіне еңбек ету жолында шығармашылық табыстар тілейміз.
Елеужан Серімов,
з.ғ.к., «Bolashaq» академиясы, отставкадағы полковник