12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕЛОРДА ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ

Қазақстан тағы да дүниежүзін рухани бірлікке, өзара сенімге, бейбітшілікке шақыратын алаңға айналмақ. Яғни, әлемдік діндер мен дәстүрлі конфессия басшыларының басын бір үстел басына қосып, мәдениеттерді және өркениеттерді жақындастырмақ. Дәстүрге айналған бұл алқалы бас қосу 14-15 қыркүйекте еліміздің бас қаласында өтеді.

Жетінші рет шақырылып отырған съездің ең басты қонағы – Рим папасы. Жалпы, халықаралық жиынға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетіні белгілі болып отыр. Олардың қатарында Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да ірі діндердің көшбасшылары бар. Форум жұмысына рухани лидерлермен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, Дүниежүзілік ислам лигасы және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады. Бүгінде әлемдік деңгейдегі бұл шара дүниенің төрт бұрышындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. Оған қатысып, ақпарат тарату үшін 200- ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілі тіркеліпті. Естеріңізге сала кетсек, діндер мен мәдениеттердің өзара үнқатып, ортақ мәмілеге келуі арқылы, әлемде бейбітшіліктің нығаюын көздейтін бұл жиынды Қазақстанда өткізу жайлы бастама 2003 жылы 13 ақпанда діндер, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыруда маңызды рөл атқарған Халықаралық бейбітшілік пен келісім конференциясында көтерілген болатын. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі әлемдегі өкілдерін бір үстел басына жинауымен бірегей оқиғаға айналды. Бұл бас қосуда діни лидерлер болашақтағы өзара сенімге құрылған үйлесімді әлемнің негізі ретінде қоғамдардағы келісім мен тұрақтылықты орнатуға қызмет ететін бірлескен іс-әрекеттер туралы декларация қабылдады. Дінаралық форумды тұрақты негізде – үш жылда бір рет өткізу, халықаралық және конфессияаралық диалогтың тұрақты органы – Съез Хатшылығын құру туралы ортақ мәмілеге келді. Осы шараға арнап Қазақстанда – Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Содан бері арада өткен 20 жыл ішінде 6 съезд шақырылды. Олардың аясында көтеріліп, өз жүйесін тапқан салмағы атан түйеге жүк боларлық шаруалар аз емес. «Діни сенім бостандығы және басқа діндерді ұстанушыларға құрмет», «Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы дін көшбасшыларының рөлі», «Толеранттылық, өзара құрмет пен ынтымақтастық әлемін құрудағы діни көшбасшылардың рөлі», «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы», «Діни көшбасшылар мен саясаткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы диалогы», «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» деген тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, бұл тұрғыдағы мәміленің, рухани бірліктің, түсіністіктің құндылығын әлем қауымдастығына жеткізді. Осы терең де сындарлы сұхбаттардың нәтижесінде бейбітшілікті, келісім және төзімділікті адам өмір сүруінің қайтпас қағидаттары ретінде бекіту, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға қарсы тұрудың тетіктері айқындалып, іске қосылды. «Дінаралық диалогтың қағидаттары» әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жаһандық тәртіпті орнатудағы рөлі мен миссиясын күшейтуге бағытталған қорытынды құжат қабылданды. Барлық конфессиялар мен этностардың өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтарға негізделген қақтығыстардың алдын алуға шақыратын бірлескен декларация да осы бас қосулардың жемісі. Сол секілді G-Global бірыңғай электронды порталы аясында жаһандық төзімділік пен сенімді қалыптастыру мен нығайтуға арналған интернет-ресурстың құрылуы да әлемдік қауымдастықтың сол алаңнан тапқан олжасы. Дін лидерлерінің биыл өтетін кезекті съезі де жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ортақ күш-жігерді біріктіруге деген ұмтылыстан туындап отыр. Бұл орайда Қазақстанның ынтасын айрықша атап өту керек. Әлемдік қоғамдастықтың да форумға деген қызығушылығы бар. Әлем тұрақсыз. Қарулы қақтығыстар да, ақпараттық, идеологиялық негізі бар «гибридті соғыстар» да орын алуда. Осындай кезеңде кез келген деңгейдегі басқосуларды, кездесулерді өткізу оңай шаруа емес. Сондықтан бұл біздің елімізге деген үлкен сенімнің белгісі деп айтуға болады. Жуырда осы шараға орай Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы, Съезд хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаевты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуының маңызды екенін, діндер съезінің бұл тұрғыда ықпалды қадам болатынын айтқан еді. Өзінің жуырда журналистерге берген арнайы сұхбатында Мәулен Сағатханұлы осы шараның маңызына, ондағы көтерілетін мәселенің өзектілігі жайлы егжей-тегжейлі айтты. Съезд хатшылығының сол әңгімесінен түйгеніміз, осы жылдар ішінде сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу және әлемдік діндер арасында өзара іс-қимыл үрдісі кеңінен байқалып отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары рухани көшбасшылар ымыралы шешімдер мен ынтымақтастықтың ортақ платформасын іздеудің үлгісін көрсетті. Осы ретте форум мәдениеттер мен өркениеттер арасында көпір қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның негізгі тарихи миссияларының бірі. Біздің халқымыз ежелден ашықтық, бейбітшілікке төзімділік қағидаларын ұстанған. Біз әрқашан басқа діндерге құрметпен қарап келеміз. Ашықтық және толеранттылық мәдениеті белгілі бір дәрежеде біздің тарихымыздың, географиямыздың және шексіз даламыздың көрінісіндей. Дәл осындай құндылықтар біздің ұлттық кодымыздың маңызды бөлігін құрайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан этникааралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырды. Ол уақыт сынынан өтіп, өзінің тұрақтылығы мен келешегі зор екенін көрсете алды. Жалпы, VII съезд дін лидерлерінің қатысуы тұрғысынан мәртебесі жоғары болмақ. Рим Папасы секілді ірі діни қайраткерлердің елімізге келуі – Қазақстан татулық пен тұрақтылықты, толеранттылықты қолдайтын ел деген көзқарасты бекемдей түседі. Сонымен қатар инвестициялық, туристік тартымдылықты арттыратыны анық. Көпшілікке белгілі, Еуропаның көптеген мемлекетінде католицизм негізгі дін. Олардың қатарында Франция, Италия, Испания, Австрия, Бельгия және тағы да басқа көптеген елдер бар. Осындай елдердің Қазақстанға назарын аудару инвестициялық тұрғыдан маңызды екені сөзсіз. Сонымен қатар, Рим Папасының сапары туралы ақпарат тарату үшін көптеген шетелдік журналистер келеді. Қазақстанда Рим Папасы көпшілікке арналған месса өткізеді. Оған бүкіл Орталық Азиядан он мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Мұның бәрі отандық туризм үшін өзіндік серпін беретіні анық. Съезд – Қазақстанның халықаралық имиджін жақсарту бастамасы. Шынын айту керек, «қаңтар оқиғасы» еліміздің имиджіне кері әсерін тигізді. Еліміз қосалқы санкцияларға ілініп кетуі мүмкін деген қауіптер де жиі айтылып жүргені белгілі. Осындай қиын кезеңде біз халықаралық беделіміз туралы шындап ойлануымыз керек. Міне, сол үшін діндер съезі үлкен мүмкіндік. Осы арқылы Қазақстан соғыссыз, бейбіт, татулыққа негізделген әлемді қолдайтынын анық көрсете алады. Мәулен Сағатханұлы назар аудартқан тағы бір мәселе съезд Ислам дінін терроризммен байланыстыру әрекетін айыптайды. Съезд Ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды десек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі, әлемде асыл дінімізді терроризммен байланыстыру әрекеті тоқтаған емес. Аталған шара қолға алынғалы бері жиынға қатысушылар дін атын жамылып жасалатын экстремизм мен терроризм әрекеттерін айыптап келеді. Барлық дін лидерлері бұл мәселеде бірлесе әрекет ету туралы келісімге келіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан бұл – мұсылман әлемі үшін, халқының дені мұсылман еліміз үшін аса қажет алаң. Сондай-ақ, съезд – рухани және моральдық тәрбиені насихаттап келе жатқан бірегей алаң. Осы мәселе үнемі айтылып жүргенімен, оған жоғары деңгейде жүйелі назар аударылып жатқан жоқ. Съезд сол олқылықтың орнын толтырып келеді. Пандемиядан кейін рухани болмыстың маңыздылығы қайтадан назарға алына бастады. Съезд әрдайым қоғамның моралдық рухани негіздерін нығайту бойынша маңызды ұсыныстар беріп келеді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта құру мәселелері төңірегінде де пікір алмасулар болғаны белгілі. Бұл мәселелер биылғы съезде де көтерілуде. Рухани, моралдық құндылықтар құлдыраған заманда мұндай талқылаулар бізге өте қажет. Бұдан басқа, жетінші съезд кезінде әлемнің көптеген елдері мен әлеуметтік топтар үшін өзекті мәселелер көтеріледі. Атап айтқанда, радикализмді, сенімсіздікті, ксенофобияны еңсеру жолында білім беру мен діни ағартуды дамытуға, әр діннің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғайтын секциялық отырыстар болады. Секциялық отырыста әйелдердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі туралы мәселе де сөз болады. Сондықтан бұл съезден әлемдік қоғамдастық, әлемдік БАҚ үлкен үміт күтіп отыр. Осы алқалы бас қосуда қабылданатын қорытынды құжат – VII съезд декларациясы съезд жұмысының нәтижесі болмақ. Онда әлемдік діндер лидерлері неғұрлым көкейтесті әлемдік проблемаларды шешудің маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдіреді. Олардың ішінде геосаяси шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты түйткілдер, әлеуметтік проблемалар және басқа да мәселелер бар. Декларация БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады. Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ, жалпы әлемдік проблемаларды еңсеруге жол ашады.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Мемлекет басшылары Тоқаев пен қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары.

Елімізде әкімдерге жаңа өкілеттіктер беріледі

Қазақстанда "ерікті" және "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" ұғымдары енгізіліп жатыр.

Болгария президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді

8-9 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Болгария президенті Румен Радев елімізге ресми сапармен келеді.

Құрбан айт мерекесі 2025: демалыс күндері қалай белгіленді?

Маусымда Қазақстанда мұсылмандардың маңызды мерекелерінің бірі - Құрбан айт атап өтіледі.