Еліне қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен азамат

«Жақсылық қылсаң халқыңа, бір қайырымын аларсың», – деп бабаларымыз айтқандай халқымыз ежелден елі үшін аянбай тер төккен дара перзенттерін шама-шарқы жеткенше төбесіне көтеріп, құрметтеген. Туған елдің жүгін арқалап, қиындыққа мойымай, отан деген ұлы есімді ардақ тұтқан асыл перзенттерінің игі істері арадан сан-мыңдаған жылдар күркіреген ағын судай болып өткенімен ел жадынан ешқашан шыққан емес. Қайта бар ғұмырын елінің ертеңімен ұштастырған азаматтар бүгінде мәңгі тасқа қашалған жазудай халқының жүрегінен орын тепкен. Сонау ықылым заманның өзінде-ақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – деп нақты бағасын берген Жиренше шешеннің сөзіндей елі үшін еңбек еткен жанның ұлы есімі ел жадынан мәңгі өшпек емес. Бұл қай ғасырда да, қай елде де солай болары анық. Өйткені бүгінде көркем әдебиеттен өскелең ұрпаққа насихат етіп жүрген тұлғаларымыз осы сөзіміздің дәлелі. Халқының ертеңі үшін бүкіл саналы ғұмырын елдің дамуы мен өркендеуіне арнап, артына білікті де білімді ұрпақ қалдыратын азаматтар қашанда елдің мақтанышы. Алтай мен Атыраудың арасына созылған ұлан ғайыр атырапты мекен еткен халқымыз қай заманда болмасын осындай азаматтардан кенде болмаған.

Ғылымда өзіндік қолтаңбасын қалдырудан бөлек, артында сол дара жолдың жолағын кеңейтер білікті шәкірт тәрбиелеп, мектеп қалыптастыру кез-келгеніміздің қолымыздан келе бермейтін нәрсе. Олай болу үшін адамға үлкен жүрек қажет. Міне, осындай үлкен жүректі азаматтардың бірі, тек қазақ еліне ғана емес еңбегі алыс-жақын шетелдерге кеңінен танылған ғалым азаматтарымыздың бірі – Әбдуәлі Баешов. Бүгінде 80-нің сеңгіріне шығып, абыз ақсақал атанса да, әлі күнге ғылымнан қол үзбей химия ғылымын тың зерттеулермен толықтырып жүрген білікті ғалым. Жаңалыққа жаны құмар, қандай істе де үздік нәтижемен көрінуді өзіне серт еткен академик өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарының өзінде-ақ КСРО-ның өнертапқышы деген құрметті атақты иеленген. Ол уақыттарда бұл атақты алу кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтіні анық. Десе де, өзіне дейінгі химия саласындағы атағынан ат үркитін білікті ғалымдарды мойындату терең білімді, ұзақ ізденісті қажет ететіні айтпаса да түсінікті.  Бүгінде қазақ ғылымында өзіндік орны бар, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері деген атақты иеленген ғалым Әбдуәлі Баешовқа ұзақ ізденіспен келгенін байқауымызға болады.  Жасынан ғылым-білімге деген құштарлығы ағамыздың халық жадында қалатын үлкен азамат болып қалыптасуына ықпал етті.

1946 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған станциясында дүниеге келген Әбдуәлі ағамыздың дүние есігін ашқан кезі де ғажайып тылсымға толы. Жүйрік болар жылқының бітімі бөлек болады деп халқымыз айтқандай, дүние есігін ашардағы таңғажайып сәттер Әбдуәлі Баешовтың болашақта тегін адам болмайтынынан хабар беріп тұрғандай. Ағамыз бұл турасында өз еңбегінде мені әке-шешем «олжа бала» дейтін деп толғанған. Ондағысы оның дүние есігін ашардан бұрын үйге тақалып жиналған жусанның бырт-бырт жанған дыбысынан оянған анасы қатты қорқып әкесін дауыстап шақырыпты. Қатты айқайдан оянған үй-іші лезде әлі күш алып үлгермеген өрттің алдын алған екен. Бірақ бір қызығы содан кейін анасының құрсағында жатқан сәбидің қимыл-қозғалысы мүлдем болмай қалыпты. Мұны ауыл молдалары ішіңдегі сәби өліп қалған, ол енді шриді, өзіңді де о дүниеге бірге ала кетеді деп, онсыз да айы-күні жетсе де, ешқандай белгі бомай уайымға салған сәбиі туралы жасалған болжымы жығылғанға жұдырық болғандай күйге салыпты. Десе де, тағдырға шара бар ма деп, өзінің шарасыздығын сабырға жеңдірген анасы күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде ауылға келген аздап тәуіпшілдігі бар апасы бұл жайдан хабардар болып, сіңлісінің тамырын ұстап, баланың тірі , бірақ шошынып қалғанын айтыпты. Міне, сол бала анасының құрсағында бір жарым жылға жуық уақыт жатып дүние есігін ашқан екен. Әуелде күдер үзіп, қатты қамыққан ата-анасы содан кейін Әбдуәлі ағамызды олжа бала деп атайды екен. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып, бүлдіршін кезден-ақ табиғаттың тылсым мінездеріне, атап айтқанда: найзағай неге ойнайды, жел тұрып, қар-жаңбыр неге жауады деген сұрақтардың жауабына бас қатырғанынан-ақ кейін тегін адам болмайтынын білдіріп тұрғандай.

Әбдуәлі ағамыз тек оқу-білімге ғана емес, сонымен қатар музыкаға да өте қабілетті жан. Өзінің айтуы бойынша бала кезінде ауылға келген бір кісі домбырамен түрлі күйді тартқанда ерекше әсерге бөленеді екен. Одан бөлек үлкен ағасы Пайзлах та музыкаға әуес екен. Балаларының көңілін қимаған әкесі өз қолымен оларға домбыра жасап берген екен. Үлкен ағасының мектепте жүріп үйренген күлерін көп өтпей барлығы да үйреніп алыпты. Кейіннен мектепте музыка үйірмесіне де қатысып әуелде оркестрдің «Альт» деген қосалқы аспабында, одан кейін негізгі аспаптарының бірі болып саналатын «Трубадада» ойнаған. Міне, бұл да Әбдуәлі Баешовтың зеректігі мен алғырлығын танытып отыр. Мектеп қабырғасында жүріп, көптеген өнерді біліммен қатар меңгеріп шыққан оны кейіннен студент болар шағында ел музыкант болады деп ойлаған екен. Бірақ оның бала күннен ерекше қызыққан  мамандығы электротехника, радиотехника екен. Ағамыз өз естелігінде: «…Химия мамандығына түсуіме бірнеше себептер болды. Ол уақыттағы Кеңес Одағыны Орталық коммунистік партияның бірінші хатшысы Н.С.Хрущев химия өндірісіне үлкен назар аудара бастаған. Еліміздегі халқымыздың хал-ақуалын жақсарту үшін осы өндірісті ерекше дамыту керек деген бір жақты шешім мемлекетімізде орын алған болатын. Ол кездегі арманымыз коммунизмге жету еді ғой. 1964 жылы еліміздің басшысы Н.С.Хрущев – «Коммунизм дегеніміз – Совет үкіметі, бүкіл елді электрофикациялау және химияландыру» деген болатын. Осылардың бәрін сараптап, химия өндірісі саласының маманы болсам да, жаман болмаспын деп шештім», – деп сол жылдарды былай еске алады. Міне, әлі жоғары мектептің табалдырығын аттамаған талапкердің ертеңгі болашақтың қалай болатынын бағамдай білуінің өзі «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға, –  деген М.Шаханов ағамыздың өлең жолдарын еріксіз еске түсіреді.

Ол уақыттарда Қазақ Химия-технология институтына оқуға түсу бақыты кез-келгенге бұйыруы былай тұрсын, әсіресе, ауыл бабаларының ол институтта оқуға жүрегі даулай бермейтін. Өйткені өздеріңіз білетіндей ол уақытта қазіргідей емес, бұл мамандықтағы оқулықтың 90-95 пайызы орыс тілінде. Бұл мамандықтан дәріс-семинар жүргізетін профессорлардың көбі орыс және өзге ұлт азаматтары. Міне, сондықтан да тілдік қиындықтар кедергі болғандықтан мұндай мамандыққа кез-келген қазақ баласы келе бермейтін еді деске артық айтқандығымыз емес. Десе де, бұл кедергілерді еңсеру, сонымен қатар сол уақыттарда институтта қызмет атқарған профессорлардың назарын өзіне аудару Әбдуәлі Баешов үшін аса үлкен қиындық бола қоймайды. Тіпті ағамыздың айтуы бойынша 5 курсты бітірерде қорғалатын дипломдық жұмысты жазу үшін өндірістік практика оны Ташкент қаласындағы «Самолет жөндеу заводының» гальваникалық цехына жібереді. Әбдуәлі ағамыз сол жерде гальваникалық цехында іске асырылып жатқан электрохимиялық процестермен түгел танысып шығады. Соның нәтижесінде 1969 жылы аталған институтта дипломдық жұмысын үздік қорғап, оқуды ойдағыдай аяқтайды. КСРО-ның талабы бойынша ол жылдары оқу бітірген жас маман мемлекеттік кез-келген жеріне бағытталған жолдама бойынша қызмет атқару керек. Сондай жолдаманың бірімен академик Әбдуәлі Баевшов Петропавл қаласындағы В.В.Кубйышев атындағы машина жасау зауытында инженер-технолог болып  қызметке жіберіледі. Онда көп өтпей мұнда темірден, алюминийден, қоладан, жезден, және басқа металдан жасалған тетіктерді басқа металмен немесе лакпен қаптаудың жаңа үлгісін жасап, аз ғана уақытта басшылықтың назарына ілігеді. Сондай-ақ ол зауытта жұмысшылар айлап бой жазбай атқаратын жұмысын жеңілдетіп оңтайландырған. Нақтырақ айтқанда  Әбдуәлі ағамыз дюралюминийден жасалған өте кішкентай болт және гайкалардың бетіне электрохимиялық жолмен өз тотығын қалыптастыру мәселесінің оң шешімін ойлап тапқан. Ол үшін басшылықтың алғысына бөленіп, арнайы сыйақы да тағайындалған екен. Міне, бұл да Әбдуәлі Баешовтың үздік маман екенін тағы да бір дәлелдеп отыр. Десе де, ағамыз екі жылдан соң бұл машина жасау зауытынан кетуді жөн көреді. Өйткені оны жетелеген үлкен арман ғылыми-зерттеу жұмысымен түбегейлі шұғылдану болатын. Осы арман жетегімен көп өтпей Әбдуәлі Баешов Қарағанды қаласының Химия металлургия институтына баруға бел буады. Ол уақытта ол институтты атақты академик Е.Букетов басқарып тұрған болатын. Әбдуәлі Баешов білікті академиктің алдына жасқана кіріп, өзінің ғылыммен шұғылданғысы келетінін баяндайды. Ағамыз әуелде академик Е.Букетовты орта бойлы,  сақал-мұрты бар, қолына тростик ұстайтын, толықтау, маңғазданп сөйлейтін адам шығар, – деп оның портретін өз қиялынша сомдайды. Бұл, әрине, өзіне бұрын беймәлім болған адамның алдына барарда кез-келгеннің санасында болатын құбылыс. Бірақ академиктің қабылдауына кірген соң, оның өзі ойлағандай маңғаз емес, керісінше, кішіпейіл жан кеенін көзімен көргенде алғашқы қорқыныш сейіліп сала береді. Өзінің Оңтүстік өңірдегі Химия-технология институтын бітіргенін, кейіннен екі жыл Петорпавлдағы машина жасау зауытында қызмет атқарғанын, сол жерде жүріп никель фосфор түзіліп жатқан кездегі катод потенциалының периоды өзгеретінін зерттегені және біршама зерттеулер бойынша ғылыми басылымдарда мақаласының жарық көргенін айтып, ғылыммен шұғылдануға мүмкіндік беруін сұрайды. Әбдуәлі Баешовпен бір сағаттан астам сұхбат жүргізген академик Евней Арстанович өзінің қарамағында жұмыс жасайтын Геннадий Макаровты шақыртып онымен сөйлесіп көруді тапсырады. Ондағысы Әбдуәлі Баешовтың білімін тексеру екен. Жастайынан зерек өскен жігіт бұл сыннан да сүрінбей өтіп, өзі қалаған институтқа қызметке орналасады. Сол кездегі институт басшысы   Евней Арстановичтың ұстанымы күнделікті өзінің қарамағында жұмыс жасайтын қызметкерлерімен және аспиранттарымен сөйлесіп, олар жасап жатқан ғылыми жұмыстың нәтижелері жайында ой бөлісіп кетеді екен. Бұл көрініс Әбдуәлі ағамыздың білікті академикпен етене араласуына мүмкіндік береді. Өйткені өзінің аспиранттарымен термодинамика саласы бойынша күрделі мәселелерді талқылап отырғанда, сол жерде қызмет атқарып жүрген жас маман Әбдуәліге: «Әй, батыр, сен осы мәселені қалай шешер едің? – деп оны да бұл іске араластырады. Ондағысы білікті академиктің жас ғалымды тағы да сынақтан өткізу тәсілі болса керек. Осындай тосын сәттерде жас ғалым Әбдуәлі ағамыздың берген жауабы мен келтірген тұжырымдары академикке қатты ұнап қалады. Кейіннен «Сенің білімің жаман емес екен, ойлау және эксперимент жасау қабілетің де жеткілікті сияқты, сенімен бірге күрделі ғылыми жұмыстар жүргізуге болады екен, – деп жас маман Әбдуәлі Баешовқа ризашылығын білдіреді. Сол уақыттарда атағы дүркіреп тұрған білікті академик Евней Арстанович Букетовтың назарына іліккен жас маман сол институтта  инженер, аға инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі сияқты қызмет баспалдақтарынан абыроймен өтіп тапжылмай 21 жыл уақыт қызмет атқарады. Атақты академик Е.Букетовтың жетекшілігімен  кандидаттық және докторлық диссертациясын табысты қорғап, жаратылыстану ғылымы бағытында өзіндік жолын қалыптастыра білді. Әсіресе, өзінің ұстаздарынан үйренген парасаттылық пен биік адамгершілікті үнемі өзіне жолдас етті. соның арқасында академик Әбдуәлі Баевшов химия-металлургия саласында өзіндік жолын қалыптастыратын білікті де, білімді жастарды көптеп тәрбиеледі. Өзінің жетекшілігімен ғылымның көгіне қанат қаққан 50-ге жуық докторлар мен кандидаттар және PhD докторлары бүгінде еліміз үшін аса қажетті маман болып саналады.
Орталық Қазақстанда 21 жылға жуық қызмет атқарып, бұрын өзі жасқана барған мекенге әбден үйреніп, сол жердің тумасындай болған уақытта Әбдуәлі ағамыз үшін тағы да бір жауапты қызметті еңсеру міндеті алдында тұрды. Ол еліміз Тәуелсіздігін алған уақытта Қазақстанның рухани астанасы саналған Түркістан қаласында Қазақстан мен Түркия елінің бірлескен оқу орны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жұмысын жөнге қою болатын. Өздеріңіз білетіндей университет ашу, оның жұмысн жүйелі жүргізу аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әбдуәлі ағамыз қасиетті Түркістан жерінде енді ғана бой көтерген университеттің еліміздің басқа жоғары оқу орындарымен иық тіресетіндей дәрежеге жетуін армандаған екен. Сол жолда талай қиындыққа қарамай, сын сағаттарда университеттің жұмысын жүйелі ұйымдастырып, елдің сенімінен шығуды өзіне азаматтық борыш деп білген  Әбдуәлі Баешов осы жоқу ордасында экология факультетінің деканы, онан кейін Кентау бөлімінің вице-президенті, ректоры секілді қызметтерде абыроймен атқарады. Жаңадан ашылған оқу ордасының қарбалас жұмысында жүрсе де ғылымнан қол үзбеген ағамыз өзінің Қарағанды жерінде тәрбиелеп кеткен шәкірттерімен үнемі байланыста болып, оларға ақыл-кеңесін де беріп отырады. «Жақсы адамның артынан із қалады», демекші  бүгінде 1500-ге жуық ғылыми екбегі, оның ішінде 38 монография, оқулық және оқу құралдары жарық көрсе, аталған еңбектің 240-тан астамы еліміз бен шетелдерде атап айтқанда ТМД-дан бөлек, АҚШ, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Австрия, Голландия және Венгрия елдерінде   потенттелген.

Әбдуәлі ағамыз химия ғылымынан бөлек қазақ өнерінде де өзіндік орны бар азамат. Оның 1996 жылы «Ясауи толғауы» атты күйлер жинағы Алматыдағы баспадан шықты. Бұл күйлер жинағына «Ясауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз» және де басқа күйлері енді.  Әсіресе, ағамыздың «Ясауи толғауы» деген күйі Түркістан қаласынан жаңадан ашылғалы жатқан университет туралы ой үстінде туындаған шығармасы екен. Оны академик Әбдуәлі Баешов университеттің салтанатты ашылуында өзі алғаш орындап берген екен. Міне, бұл көріністен туған жерге деген ағамыздың перзенттік борышы екенін аңғаруға болады.  Одан бөлек «Гүл ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір-өлең», «Түркістан жастарының вальсі» және де басқа өлеңдері Оңтүстік өңірде күні бүгінге дейін жиі орындалып тұрады.

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл», – деген халық даналығын өзіне өмірлік серік еткен ағамыздың ерен еңбегі әр жылдары түрлі марапатпен арнайы марапатталып жатты. Бұл марапаттар Сіздің қажырлы еңбегіңіздің әділ бағасы деп білеміз. Сөз соңында айтарым бүгінде қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шәкірт тәрбиелеп, ғылым саласына тың бастамаларыңызды жиі ұсынып жүрген Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Мерейтойыңыз құтты болсын аға!

Хайрулла Жанбеков

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиеті жер туралы ғылымдарының докторы, профессор.

Сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде...

Басты міндет – халыққа адал қызмет

Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам»...

​Мемлекеттік тіл – мемлекеттік мүдде

​​Тіл — қай ұлтта болмасын, оның бағы мен соры,...

№20 мекемеде Абай атындағы кітапхана ұйымдастыруымен кітап көрмесі өтті

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №20 мекемеде...

Медиация: Дауды шешудің ең тиімді жолы

Қоғам дамыған сайын адамдар арасындағы қарым-қатынастар күрделене түсіп, түрлі...