Елімізде балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі жаңарады 

Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елдегі педиатриялық учаскелер сақталады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша шамамен 1300 педиатриялық учаске жұмыс істейді және олар балаларды қабылдауды жалғастыра береді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің гибридті моделін енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа жүйеге сәйкес балаларды бақылау және емдеумен педиатрлар да, жалпы практика дәрігерлері де айналысады. Алайда олардың міндеттері нақты бөлінеді.

Педиатрлардың рөлі күшейтіледі

Жаңа модель бойынша педиатрлар нәрестелер мен ерте жастағы балалардың денсаулығын бақылауға басымдық береді. Бұл кезеңде баланың дамуын мұқият қадағалау аса маңызды болғандықтан, негізгі жауапкершілік балалар дәрігерлеріне жүктелмек.

Сондай-ақ педиатрлар күрделі жағдайлар мен созылмалы ауруларға шалдыққан балаларды емдеумен айналысады. Министрліктің пікірінше, мұндай науқастар арнайы білім мен тәжірибені қажет етеді.

Ал жалпы практика дәрігерлері емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында пациенттердің негізгі легімен жұмысын жалғастырады.

Министрдің сөзінше, мұндай тәсіл бірқатар елде қолданылып келеді және денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өзгерістер не үшін қажет?

Соңғы он жылда Қазақстандағы балалар саны 1,5 миллион адамға артқан. Қазіргі таңда елде шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл – халықтың үштен біріне жуығы.

Балалар санының көбеюі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды және дәрігерлер арасындағы жүктемені тиімді бөлуді талап етеді.

Министрлік өкілдері бұл өзгерістер педиатрларды қысқартуға бағытталмағанын атап өтті. Керісінше, балалар дәрігерлерінің рөлі олардың кәсіби біліктілігі аса қажет бағыттарда күшейтіледі.

Біз командалық жұмыс қағидатын сақтаймыз және педиатрлардың рөлін олардың құзыреті ерекше қажет болатын ерте жас кезеңі мен күрделі аурулар саласында күшейтеміз, – деді Ақмарал Әлназарова.

Педиатрларға қосымша қолдау көрсетіледі

Министрлік балалар дәрігерлерін ынталандырудың қосымша тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көтермелеу үстемақылары мен мамандарды қолдаудың өзге де механизмдері қарастырылуда.

Сонымен қатар жалпы практика дәрігерлерін даярлау жүйесін жетілдіру көзделген.

Болашақ дәрігерлерді даярлау тәсілі өзгереді

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау бағдарламасы тәжірибеге көбірек бағытталады.

Егер бұған дейін оқытудың басым бөлігі стационарлар базасында жүргізілсе, енді негізгі екпін емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жасалады. Болашақ дәрігерлер дәл осы мекемелерде балаларды қоса алғанда, пациенттермен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді.

Бұл ата-аналар үшін нені білдіреді?

Министрлік жаңа модель педиатрларды жалпы практика дәрігерлерімен алмастыруды көздемейтінін атап өтті. Керісінше, екі мамандық арасындағы міндеттер тиімді бөлінеді.

Нәтижесінде педиатрлар ең кішкентай балалар мен күрделі диагнозы бар науқастарға көбірек көңіл бөледі, ал жалпы практика дәрігерлері емханалардағы күнделікті медициналық қызметтердің кең ауқымын атқарады.

Ведомствоның пікірінше, бұл тәсіл балалар санының артуы жағдайында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Совминкада жаңа медициналық ғимараттар бой көтереді

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі аумағында жаңа медициналық ғимараттарды кезең-кезеңімен салу арқылы ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба аясында инфрақұрылымның бір бөлігін жаңарту және заманауи көпсалалы медициналық кешен құру көзделген.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сәйкес бірқатар заңдарға қол қойды 

Конституция ережелерін жүзеге асыратын жаңа конституциялық заңдар.

Мыңдаған қазақстандық не үшін шетелде жұмыс істеп жүр?

2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша 148,6 мың қазақстандық шетелде еңбек етіп жүр.

1 шілдеден бастап ипотека өзгереді: Жаңа ереже кімге тиімді, кімге тиімсіз болады? 

Жаңа талаптарға сәйкес, ипотека мөлшерлемесі азаматтың бастапқы жарна көлеміне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар қарыз алушылардың ресми табысына қойылатын талаптар күшейіп, банктер борыштық жүктемені бағалаудың қосымша көрсеткішін қолдана бастайды.