Қазақстанда мерзімді әскери қызметті екі кезеңнен тұратын жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әскери жүйе қалай өзгереді?
Алғашқы алты айда әскерге шақырылғандар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді.
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева отырыста әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесі, заманауи ұрыс қимылдарын жүргізу тәсілдері және отандық мамандар ұсыныстары ескерілген әскери жүйені дамыту жоспарын таныстырды.
Жоспарда қарулы күштер құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру көзделген. Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және әскердің негізгі бөліктерін нығайту жоспарланып отыр.
Мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісінде алғашқы алты ай жауынгерлерді оқу орталықтарында даярлауға арналады. Одан кейінгі алты айда әскери қызметшілер тікелей әскери бөлімдерде болып, жауынгерлік даярлыққа және бөлімше құрамында міндеттерді орындауға басымдық береді.
Әскери қызметшілер құқығы қорғалады
Жоспарда әскери қызметшілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғауға да ерекше назар аударылған. Осы мақсатта әскери кеңесшілер мен әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру ұсынылған.
Жарғыға қайшы әрекеттерге жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қарастырылған.
«Жас айбын» жүйесі дамытылады
Әскери реформаның тағы бір бағыты — жастардың әскери-патриоттық даярлығын жетілдіру. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру жоспарланып отыр.
Ақорданың хабарлауынша, бұл өзгерістер мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту аясында жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегия қабылданып, Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмыстарының сапасы артатынын баяндады. Бұл шаралар әскердегі тәртіпті күшейтіп, қоғамның армияға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Жоспар бойынша ұйымдастыру шаралары биылғы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы іске асырылмақ. Жиында Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Президент әскери қауіпсіздік бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін атап өтіп, барлық мүдделі органның үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін ескертті.
Әскери реформа жоспары мақұлданды. Оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.


