Электркар иелеріне қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін және оларға қандай тыйым бар? 

Электркар иелеріне қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін және оларға қандай тыйым бар? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Шектеулерге қарсымын — электркар иесі

Журналист Мейіржан Әуелханұлы үш айдан бері электркар тізгіндеп келе жатқанын, көлік өте тиімді екенін айтады. Алайда оның сөзінше, жаңа ереженің кесірінен Tesla айдағаны үшін мемлекетке 180 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін.

Журналист пәтердің тұрақтары мен жеке үйлерге орнатылған электрокарлардың қуаттағышына айыппұл салатын заңға қарсы. Оның пікірінше, жаңа заң – жаппай суперзаряд станциясын қойып, одан жеткілікті деңгейде пайда таба алмай қалған лоббистердің әрекеті.

«Электркары бар адам ретінде айтайын, суперчаржермен үнемі зарядтау көліктің ғұмырын қысқартады. Екіншіден, қаладағы суперчаржерлердің бағасы удай қымбат. Үшіншіден, суперчаржерлерде ұзын-сонар кезек пайда болады. Оның үстіне көп жерде электркар зарядтайтын қондырғының тұрағына жанармай көліктерін қойып кетеді. Мен ҚР азаматы және электр көлік иесі ретінде мұндай шектеулерге түбегейлі қарсымын! Бұл заң бойынша (Электр желілеріне рұқсатсыз қосылу) жеке тұлғаларға айыппұл 50 АЕК (180 мың теңге), ал бизнес иелеріне 500 АЕК (1,8 миллион теңге) айыппұл салынады екен», – деді ол.

Автосарапшы Төлеген Ахмади де Қазақстанда сапасына байланысты электркарларға деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Алайда басты мәселенің бірі – оны қуаттауға кеп тіреледі.

«Электр көліктері қарапайым батарея принципімен жұмыс істейді. Белгілі бір шақырымды жүріп өткен соң көлікті қуаттау қажет. Еліміздің ұзақ жолдары үшін арнайы станциялар қажет еді. Осыдан 5-7 жыл бұрын көлемінде мұндай станциялар болмады. Қазір арнайы станциясыз, 220 вольттық қуат көзіне арнайы көліктердің қуаттандыру бөлшектері арқылы қуаттауға болады. Ал басты мәселе – электр станцияларын орнатқан тұлғаларға айыппұл салу дұрыс емес», – дейді ол.

Энергетика министрлігі бұл заңды қалай түсіндірді?

Энергетика министрлігінің берген жауабына сүйенсек, тиісті заң аясында электр энергетикасы саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның ішінде электр желілеріне рұқсатсыз қосылуға тыйым салынған және бұл тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

  • Электр желіне рұқсат қосылу деген нені білдіреді?

«Электр желілеріне рұқсатсыз қосылу – электр энергетикасы саласындағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен техникалық шарттарды орындамай электр желілеріне қосылу. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, кейбір азаматтардың электр энергиясын ұрлауына мүмкіндік беретін жағдайлар бар. Бұл стандарт электр желісіне қандай электр қондырғысы қосылғанына қарамастан, барлық тұтынушының жауапкершілігін анықтайды», – деп жазылған жауапта.

  • Енді өз үйінде электркарларды қуаттауға тыйым салына ма?

«Үй техникалық шарттарға сәйкес электр желісіне қосылған болса, заң электрмобильдерін өз үйінде қуаттауға тыйым салмайды. Қуат жеткіліксіз болғандықтан, қосылған қуат ұлғайған жағдайда техникалық шарттарды алу қажет», – деп жазылған жауапта.

  • Тұрғын үй кешендеріне электрмен қуаттайтын станция салуға бола ма?

«Заң тұрғын үй кешендерінің тұрақтарына электрмен қуаттау станцияларын орнатуға мүмкіндік береді», – деп жазылған жауапта.

ІІМ электркар жүргізушілерге не үшін айыппұл салуы мүмкін?

Ішкі істер министрлігінің Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес электркарлардың да, басқа көліктердің де жүргізушілері электрмен көлікті зарядтайтын орындарды тұрақ ретінде пайдалана алмайды. Яғни мұндай орындарға көлікті зарядтамай қоюға тыйым салынады.

Көлігін зарядтамай қойған жағдайда 5 АЕК (ӘҚБтК 597-баптың 1-бөлігі) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл дегеніміз – 18 460 теңге.

Халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табысы артты

2026 жылдың II тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 410 088 теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14%-ға жоғары.

2027 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді: Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді 

Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бөлігі сақтандыру моделіне көшуі жалғасуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды 

Мемлекет басшысы Берлинде бизнес-форумға, ал Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады.

Үсік жүріп, тұман түседі: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы 

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 29-30 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігіне жоғары атмосфералық қысым өрісі әсер етеді.

583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды? 

2025 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүктілікке және босануға байланысты артық төленген қаражатты өндіріп алу үшін 583 алушыға қатысты сотқа талап-арыз берген.