12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Елдік мәселелер шешімін тапса игі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ел Президентінің Ұлттық банк төрағалығына Ғалымжан Пірматовты тағайындауына келісім берді. Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат Парламент депутаттарының бастамасымен да­йындалған еді.

Заң жобасы халықаралық шарттарға қатысты заңнамадағы олқылықтар мен нормалардың қайшылығын жоюға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев мырза «Қабылданған заң халықаралық шарттарды жасасу тәртібінің жекелеген ережелерін нақтылайды. Сондай-ақ, халықаралық шарттарды жасасу аясында тиісті рәсімдерді жетілдіруді көздейді», – деп атап өтіп, осындай құжаттың дайындалуына түрткі болып, жүзеге асырған әріптестеріне алғыс білдірді.
Отырыста бірқатар сенатор елдегі және аймақтардағы өзекті мәселелерді көтеріп, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Соның бірі халықтың бас ауруына айналған азық-түлік қауіпсіздігіне арналды.

Импортқа тәуелділіктен қашан арыламыз?
Жиында бұл мәселеге сенатор Бауыржан Қаниев назар аудартты. Ол импорттық өнімге тә­уелділік – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп екендігін мәлімдеді. Бұл ретте ол қазір елге сүт өнімдерінің 23 пайызының, құс етінің 38 пайызының, шұжық өнімдерінің 44 пайызының импортталатынын ортаға салды. Бұл жағдайдан шығу үшін тамақ өнімдері өндірісін дамытуды қамтамасыз ету, экспорт пен импорттың теңгерімді құрылымын сақтаумен қатар азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құру қажет деген ұсыныс жасады. Өз сөзін «Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны белгілеу және сауда үстемелерін 15 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетуді және елде өндірілмейтін немесе сыртқы нарықтарда аз мөлшерде өндірілетін өнімдерді сатып алу тетігін енгізу қажет» деп түйді.
Оның әріптесі сенатор Әбдіәлі Нұралиев Үкі­мет басшысына азық-түліктің молшылығы мен қауіпсіздігі мәселесін шешу үшін шағын шаруа­шылықтарға мемлекеттік қолдауды күшейтудің маңыздылығы жөнінде сауал жолдады.

Бұл ретте ол фермерлерді тұқыммен және жеммен қамтамасыз ету, фермерлер үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді азайту, қосалқы шаруашылықтарды жүргізуге микрокредиттер беру және оларды кооперацияға ынталандыру қажеттігін атап көрсетті. Депутаттың айтуынша, өткен жылы қалыптасқан жағдай ауыл шаруашылығы саласының технологиялық тұрғыдан артта қалуын, техникалық жарақтандырудың төмен деңгейін, шаруа­шылық жүргізудің экстенсивті әдістерінің басымдылығын көрсетті, соның нәтижесінде сала қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге төтеп бере алмайтындығын байқатты», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, осы мәселелерді шешу үшін егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырумен және жемшөп, жарма, бұршақ, майлы дақылдар алқаптарын кеңейтумен айналысатын шаруашылықтарды белсенді қолдау қажет. Кооперацияны, оның ішінде қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды ынталандыру да маңызды. Агросектор субъектілеріне бөлінетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 2-3 пайызға дейін төмендету, қосалқы шаруа­шылықтар үшін көлемі 1-2 млн теңге болатын микрокредиттер спектрін кеңейту, шаруашылық науқаны кезінде мемлекеттік қаражатты жылдам алу мүмкіндігін қарастыру, нақты алынған өнімге немесе қайта өңдеуге өткізілген көлемге байланысты субсидияларды бөлу бойынша нақты шаралар көзделуі тиіс.
Дәурен Әділбеков осы орайда шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру шараларын ұсынды. Оның айтуынша, ШОБ өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары мен оны көрсетудің шарттары туралы әртүрлі бағдарлама операторларынан ақпарат алуы тиімсіз. Биз­несті мемлекеттік қолдаудың көпқұрылымды тетіктері кәсіпкерлердің уақытын алуымен қатар, түрлі кедергілер тудырады. Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметке мемлекеттік қолдау шаралары операторларының санын қысқарту және біріктіру арқылы оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру керек. Осыған орай, ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталын құру қажет. Бұл кәсіпкерлерге қажетті барлық ақпараттың бір орталықта жиналуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Дәурен Әділбеков депутаттық сауалында мемлекеттік қолдаудың кейбір бағдарламалары бір-бірін қайталайтынын айтып, Үкімет осы құжаттарға талдау жүргізіп, бизнесті қолдаудың тиімді шараларын анықтауы керектігін мәлімдеді. Өйткені, қазіргі уақытта әр министрлік яғни Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын әр жақтан басқарып отыр. Барлық салалар бойынша көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша бірде-бір мемлекеттік орган толық ақпарат бере алмайды, әрбір мемлекеттік орган тек өз саласындағы ғана ақпаратқа ие. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың қарапайым, түсінікті тетіктері бар бірыңғай қағидалар қажет.
АИТВ-ті емдеуді бәсекелес ортаға беруге әлі ерте
Жиында сонымен қатар жекелеген салаларға қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Соның бірі бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасына сәйкес АИТВ инфекциясына диагностика жасауды жеке медициналық орталықтар мен зертханаларға беру жөніндегі шешімге қатысты болды. Бұл тұжырымдама АИТВ диагностикасының бірінші кезеңінің ғана бәсекелес ортаға берілуін көздейді. Сенатор Ақмарал Әлназарова жиында осыған қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл қызметті бәсекелестік ортаға беру болашақта елдегі АИТВ-мен ауру жағдайын нашарлататын бірқатар мәселелерге алып келеді. Өйткені, бұл үрдіс талдау нәтижесі оң болған жағдайда, жұғу жолдары мен факторларын анықтау, байланыс жасаушыларды іздеу және зерттеу жөніндегі дәйекті тізбектің бұзылуына әкеледі. Өзінің бұл алаңдаушылығын Әлназарова ханым, бұрын Қазақстанда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен гепатиттерге зерттеу жүргізуді бәсекелестік ортаға беру тәжірибесі болғанын, бірақ бүгінгі таңда елде олар бойынша нақты статистика жасалмағаны және тиісінше осы инфекцияларға жауап беру бағдарламасының жоқтығымен байланыстырды. Осы ретте халықаралық тәжірибедегі келеңсіз деректерге де назар аудартты. Мәселен, көрші Ресейде де АИТВ зерттеуінің 1 кезеңі бәсекелестік ортаға берілуі аурудың тез таралуына әкеліп соққан. Нәтижесінде олар бірнеше рет АИТВ-инфекциясының диагнос­тикасын мемлекеттік медициналық мекемелерге қайтаруға мәжбүр болған. Сенатор Министрлер кабинетінің басшысына жолдаған сауалында АИТВ-инфекциясына диагностика жасауды тиісті жүйелі дайындықсыз және мәселені мұқият зерттемей тұрып бәсекелестік ортаға бермеуді өтінді.
Тапшылық тарифті өсіреді
Аймақтар жағдайы да сенаторлар назарынан тыс қалмады. Бұл орайда Көкшетау – еліміздегі жылу және электр энергиясының қазіргі заманғы көзі жоқ жалғыз облыс орталығы екендігі бір депутаттық сауалға арқау болды. Бұл қалада жылумен жабдықтау 1978 жылы пайдалануға берілген, қуаты қалаға жетіспейтін ескірген қазандықтармен жүзеге асырылады екен. Жиында осы мәселені Нұрлан Бекенов Үкімет басшысының назарына салды. Сенатордың пікірінше, қаладағы электр қуатының тарифі еліміздегі ең жоғары тариф­тердің бірі болып табылады. Электр энергиясы басқа облыс­тардың энергия өндіруші станцияларынан ондаған делдалдардың желілері арқылы қалаға келеді. Қазіргі заманғы ЖЭО салу мәселені шешуге көмектеседі, алайда оның құрылысын Министрлер кабинеті тек 2026 жылға жоспарлап отыр. Сенатор жобаны созбау және барлық бюрократиялық мәселелерді барынша жедел шешу қажеттігін атап көрсетті. Депутаттың айтуынша, Премьер-Министр бекіткен жол картасына сәйкес ЖЭО-ның бірінші кешенін пайдалануға беру, өкінішке орай, тек 2026 жылдың қазан айына жоспарланған. ЖЭО құрылысы республикалық жоба ретінде танылғанына қарамастан оның құрылысы ұзаққа созылып бара жатыр. Тек мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шартқа қол қою мерзімінің өзі 2023 жылға жоспарланған. Көкшетау қаласында электр және жылу энергиясының тапшылығы бар екенін, сондай-ақ, оларды тұтыну өсіп келе жатқанын ескере отырып, ЖЭО салу мерзімін қысқарту керек.

Полиция баспанаға мұқтаж
Сенатор Нұрлан Бекназаров полицейлерді әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуді ұсынды. Бұл ретте ол тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы ала алатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізбесін кеңейту қажеттігін айтты. Себебі, ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда, бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені, тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Соған байланысты, бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. Нұрлан Бекназаров бұл проблема кадрлардың тұрақтамауына, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының төмендеуіне тікелей әсер етеді деп есептейді. Сенатор осы мәселелерді шешу үшін Премьер-Министрден тиісті, қажет болса қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететін шаралар қабылдауды сұрады.

А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Қазақстанда асыраушысынан айырылған қанша адам бар?

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 457,1 млрд теңге жұмсалды.

Көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің қандай түрлері бар?

Жолда көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің түр-түрін көреміз. Стандартты түрден басқа, қара, көк, сары, жасыл түсті нөмірлер бар. 

Астанада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

25 қазан күні елімізде ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден аса мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" синоптиктері дүйсенбі, 21 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.