Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша есеп беріп, Қазақстанда 1,3 миллион тонна әлеуметтік маңызы бар тауар барын айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Вице-министр азық-түлік қоры қажет болғанына қарай күнделікті толықтырылып отыратынын айтты.
«12 наурыздағы жағдай бойынша, республикада 1,3 миллион тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар. Оның ішінде, 144 мың тонна ұн, 90 мың тонна қант, 39,3 мың тонна күріш, 21 мың тонна макарон өнімдері және 900 мың тоннадай көкөніс бар», — деді ол.
Жеңіс Өсербай жарма, ұн және басқа да тауарларды өндіру үшін шикізат жеткілікті екенін айтты. Ет және сүт өнімдері үшін де ауыл шаруашылығында мал басы жеткілікті екенін айтты.
«Барлық дерлік тауар түрін еліміз өзі өндіріп отыр» — деді ол.
Ал жақында дүрбелең туған қант бойынша қазақстандық зауыттар республиканың қантқа сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
«Бүгінгі таңда республика бойынша қант қоры — 90 мың тонна. Сауда нысандарында, қорлар мен қойма, азық-түлік корпорациялар, мемрезервте 42 мың тонна бар. Қант зауыттарында 47 мың тоннадай бар. Елде ай сайын 44 мың тонна қант тұтынылатынын ескерсек, зауыттар 50 мың тонна өндіре алады. Зауыттар республиканың қантқа сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Азық-түлік корпорациясы қазіргі уақытта өтінім бойынша өңірлерге қант жеткізу, қабылдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазақстан кондитерлер қауымдастығының мәліметінше, кондитерлік фабрикалар да алдағы уақытқа қантпен қамтамасыз етілген», — деді ол.
Сондай-ақ, елде ақ қант пен құрақ қантын 250 мың тонна көлемінде бажсыз әкелуге құқық берілгені айтылды. «Осылайша, қорлар мен квоталарды ескере отырып, республика толығымен қантпен қамтамасыз етілген деп айтқымыз келеді» деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қантқа байланысты дүрбелең туған еді. Кейбір дүкендерде сөрелер босап, кезек пайда болған.