12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕЛ РУХЫ БІР КӨТЕРІЛІП ҚАЛДЫ

Халыққа қызмет етіңдер!

З. Нұрқаділов.

Кереге таулы Кеген өңірінде бұл күні аспан әлемі шайдай ашық болды. Зеңгір көкке өрмелеген алтын күн шуақты нұрын барынша төгіп, құдды Алланың шапағатына шомылдырғандай әсерге бөледі. Кеген ауылына кіре берістегі көз тойдырып, көңіл өсіретін аркада аз-кем аялдаған Алматылықтар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Мемлекет басшысының арнаулы хатына сәйкес орнатылған  ескерткіш-бюстіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Өнерімен өрлеген өрендер   

Күн шуағынан қуат алған  жұрт мәре-сәре болып, заңғар тұлғаның есімі берілген “Заманбек Нұрқаділов атындағы Кеген ауылының балалар өнер мектебін” аралады. Ғаламат. Қыл қалам ұстаған бүлдіршіндер шеберліктерімен тамсантты. Ақын жүректі тербетті. Ынта мен ықылас бірлігі балалар бойынан есіп тұрғанын ұғынған жандар өнер әлеміне бас игенінің куәсі болдық. Енді ше, мектеп директоры:  Жанар Асубаевамен бірлесе сүттей ұйыған ұжымда  47 педагог  890 оқушыға  қосымша өнер бағыттары бойынша білім береді. Нақтылай түссек, ұлттық аспаптар — домбыра, қобыз, баян. Дәстүрлі ән, эстрада вокал, Хореография. Бейнелеу өнері, мүсін, сәндік қолданбалы өнер. Ауданның бірнеше елді мекенінде филиал ретінде мектептің бөлімшелері қызмет ететіні тағы бар. Мектепке ұлттық деңгейде танылған тұлғаның есімі берілгені мектептің атын көтеріп, елге, жерге, өнерге қызмет ету маңызды екенін көрсетеді. Оқушылар республикалық, халықаралық өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Халықаралық деңгейде 38, республикалық – 176, облыстық – 158 жеңімпаз оқушы бар. Бұл мұғалімдердің  кәсіби біліктілікті арттыруда белсенділік танытып, курстардан өтіп, тәжірибе алмаса білгенінің бір жемісі емес пе?! Мектептің негізгі мақсаты — қосымша білім беру арқылы балалардың өнерге қызығушылығын ояту, шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін ұрпаққа жеткізу. Сонымен бірге, өнер мектебі ретінде балаларға өнердің түрлі салаларын ұсынып, жан жақты дамуға жағдай жасайтынының жарқын көрінісі болып табылады.

Қайраткер  қолы тиген әр зат қасиетті саналыпты

 Кеген ауылында орналасқан Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінде  Кеген ауданының бай табиғаты мен археологиялық құндылықтары, қазақ халқының тұрмыстық заттары, қолданбалы өнер туындылары, халық ақындары мен батырлары, мемлекеттік қайраткерлер, тарихи оқиғалар жайлы материалдар жинақталған музей қорымен музейдің экскурсия жетекшісі Назым Темірхан   таныстырды. Жерлес тұлғалардың жеке заттары, құжаттары таптырмас музейлік құндылық болып есептеліп, жинақталып, келушілер назарына ұсынылды. Заманбек Қалабайұлы киген  пальто, костьюм-шалбар, галстук, жейде, «Не только о себе» кітабы, өзі жиі оқитын «М.Мақатаев» кітабы, қоңыр түсті  папкасы, қаламсабы және көзілдірігі секілді  музейде орын алған экспозиция — қайраткерге деген құрметтің белгісі,  тұлғаның еңбегін ұрпаққа мұра ету  ортақ парыз екені ашық айтылды.

Ақордадан  бастау алған шара шаттандырды

Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 3-бабы, 8-тармағында «мемориалды тақта – аса көрнекті тұлға немесе айрықты оқиға туралы ақпарат қамтылатын, ғимараттар мен құрылысжайлардың қасбеттеріне орнатылатын, мәрмәрдан, граниттен, металдан немесе басқа да материалдардан жасалатын тақтайша» деп нақтыланған. Заңнамаға сәйкес, ресми түрде ашылады.Міне, сондықтан  Кеген  орта мектебінде 1951-1961 жылдары  оқып, үздік бітірген Заманбек Нұрқаділовтың есімін мектеп тарихында қалтыру мақсатында  осы білім ордасының 1982 жылғы (100 астам оқушы) түлектері атынан Кеген  орта мектебі  қабырғасына  (50*80) стандартқа сәйкес, мемориалды —  тақта (өз қаражатымызбен) орнатуға рұқсат беруді тиісті орындардан  сұрағанымызда заңнама талабына сәйкес ғимарат иесі Алматы облысының білім басқармасының Кеген ауданы бойынша білім бөлімі  келісімін берді.Алматы облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы кезекті отырысында хаттама толтырып,  «мемлекет және қоғам қайраткері Нұрқаділов Заманбек  Қалабайұлы  есімі жазылған мемориалды тақтаны орнату туралы» шешім шығарды. Бұл Кеген орта мектебінің 1982 жылғы түлектерінің күні-түні Алладан тілеген бір тілегінің орындалғаны болды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер. Алматы қаласының әкімі, Алматы облысының әкімі, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 2 дүркін депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған  Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовке: Өжек Жаңабаев атындағы  орта мектебінің (бүгінгі аты)  қас бетінде стандартқа сай орнатылған  мемориалды —  тақтаны  салтанатты түрде ашу рәсімінде  дүйім жұрттың алдына  Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев шығып:

-Еліне  еңбегі сіңген Мемлекет және қоғам қайраткері ұлт перзенті, кереге таулы Кеген өңірінің тумасы Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің есімі жазылған мемориалды -тақтаның салтанатты түрде ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай бүгінгі шара бабаларымыздың рухына тағзым ете отырып, ұрпақтарына ата тарихынан тағылым алу үшін жасалған игілікті шара деп білемін.

Заманбек Қалабайұлы – халқына қалтқысыз қызмет еткен , елі мен жерінің өркендеуіне бар саналы ғұмырын арнаған ұлы тұлға. Ол қай істе де әділдігімен, батырлығымен ел мүддесін бәрінен жоғары қойған азаматтығымен ерекшеленді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел дамуының күрделі сәттерінде ел игілігі үшін шешуші бастамаларды көтеріп, олардың жүзеге асуына ұйытқы болған қайраткерлердің бірі болды. Ұлттың болашағына бағытталған саналы шешімдер қабылдай отырып, қоғам алдындағы жауапкершілікті толық сезініп, ел үшін аянбай еңбек етті.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің туған жеріне ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта ашу ұсынысын айтқан болатын. Сол ұсыныстың негізінде Кеген ауылының балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базасы толықтырылып, заманға лайық жаңарды. Өнер мектебінің аумағында монументтік өнер құрылысы ескерткіш-бюст орнатылып салтанатты түрде ашылған еді.  Заманбек Қалабайұлының жүріп өткен жолы, халқына істеген жақсылығы әрдайым біздің жүрегімізде сақталады. Біз бүгін Заманбек Нұрқаділовтің мемориалды-тақтасын ашу арқылы оған деген құрметімізді білдіреміз. Бүгін орнатылып отырған мемориалды-тақта ел жадындағы сол ұлы еңбектің азаматтықтың, парасаттың , елге деген адалдықтың белгісі. Бұл кейінгі ұрпаққа  өнеге тарих алдындағы тағзым! Осы игі шараны ұйымдастырушы Кеген орта мектебінің 1982 жылғы түлектеріне алғысымыз шексіз!,-деді аудан әкімі.   

Мемориалдық-тақтаның  ашылу рәсімінде  ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Стақан Белгожаев тарихнамадан тағылымды сөз қозғап, құнды ойларын қысқа да нұсқа айтып өткен соң,   осы  шараны ұйымдастырушы түлектер атынан Гүлнар Таударбекова  мінбеге шығып «Заманбек Қалабайұлы нағыз талантты оқушы болғанын осы Кеген орта мектебі тарихында тұңғыш Алтын медальдің иегері болып танытты. Міне, сондықтан «Заманбектану» айдары аясында  мектепте оқудың іргетасы қалай құйылып, қалыптасып, дамытылатынын оқушылар санасына сіңірудің бір жолын ашуға талпындық.

Періште тілек, арман, талпыныс, ғалымдар ойы, түлектер ұсынысы електен өтіп, тиісті орындар назарына ұсынылады, Басты мақсат —  өзіміз білім нәрімен сусындаған мектеп оқушылары бойындағы оқуға деген құштарлықты оятуға, дамытуға себепші болуды парыз санадық. Өмір, қызмет жолдарында түсірілген  фотографияларды  көріп,  цитаталарды оқыған  әр оқушының  өзіндік ой түюіне құдды қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігіміз тиер деген үмітпен  арнайы тапсырыспен жасатып әкелген  көрнекіліктерді осы Кеген орта мектебіне 1982 жылғы түлектер атынан сыйлаймыз!» деді.

Заманбектану

Заманбек Нұрқаділовтың табаны тиіп, сан рет кіріп-шыққан мектепке оң аяқтарымен аттаған жәмиғатты осы Өжек Жаңабаев (бүгінгі аты) орта мектеп директоры Д. Жетібаева қарсы алып бір ғасырлық тарихы  бар білім ордасы туралы мағлұмат берді.

Екінші қабатқа көтерілгенде  ел сүйсінді. Заманбек Нұрқаділовке қатысты заттар ретімен тізіліпті. Көріңіз. Танысыңыз. Таныңыз. Көңілдегі көп ойды дөп басып ұқсата білген  педагог- ұйымдастырушы Айгерім  Кенжебай және оқушыларды дайындаған директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Айдана Асанғалықоваға мың алғыс! Әлбетте, мұндай еңбекті  сөз бен істі қабыстыра білген ойдың ұшқырлығы  деп бағалаған ләзім. Өз кезегінде  Кеген орта мектебінің 1982 жылғы түлегі Жеңісгүл Малдыбаева  микрофонды алып, Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80-жыл толуына орай республикалық деңгейде бастау алған  игі шара аясында мына залдың сол қанатын толтыра   Заманбек Қалабайұлының  қызмет, өмір жолдарындағы  фотографиялары, «Не только о себе» кітабынан оқуға, білімге байланысты  ғана  цитаталар алынып, ілінгенін тәптіштей түсіндірді.

Осы шарада «Заманбектану» үйіресінің оқушылары өз шығармашылығынан өлеңдер арнап оқыса, жергілікті ақын Шеризат Мекебаевтың «Заманбекке тағзым» атты өлеңін нақышына келтіріліп, мәнерлеп оқыған  10-сынып оқушылары Ақылбек Жақсылық, Жетекші Абзал, Әбікен Кемеңгер, Қасымхан Нұралидің өлең оқудағы шеберлігі мен әуезділігі келген қонақтарды тебірентіп жіберді.  Сонымен қатар, оқушылар өз зерттеуіндегі Заманбек Нұрқаділов туралы тың ақпараттарды айтып шықты. 10 сынып оқушысы Бейсенбай Сәкен Заманбектің жазу каллиграфиясын зерттегендігі, жазу үлгісінің ерекшелігін айтса, Баққожаұлы Ерасыл  сүйіп оқыған әдеби кітаптары туралы, бір оқығанда үш кітапты қатар оқитындығы туралы айтты. Ал 11-сынып оқушысы Жетекші Аян Заманбек ағаның математика пәнінің үздігі болғандығы, оның логикалық ойлауы мен тапқырлығы туралы айтып өтті. Бұл оқушыларды дайындауда осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Айдана Асанғалықованың еңбегі ерекше екенін атап өткен дұрыс. Шараның тағы  бір ерекшелігі 4 «а» сыныбымен «Заман заңғары – Заманбек Нұрқаділов» тақырыбында сынып жетекшісі А.Абдикаримова және  4 «ә» сыныбымен «Мектебімнің мақтанышы — Өжек Жаңабаев» тақырыбында сынып жетекшісі А.Әділғожа ашық сабақтар өткізді. Тәрбие сағаттары жоғары деңгейде, тәрбиелік мәні зор болды деп бағаланды.  

Сәкен:

     Салеметсіздер ме, құрметті қонақтар! Заманбек Нұрқаділов біздің мектептің түлегі және ең алғашқы Алтын белгі иегері. Ағаның жазу каллиграфиясына қатты қызықтым. Жазған хаттарын тауып,  оның жазуы анық, ірі әріптермен, өзіндік ерекше стилде болғаны байқалады.

    Кейбір әріптерді ерекше ірі етіп жазуы – назар аудартқысы келгенін, өз ойын баса көрсетуді ұнатқанын аңғартады. Жазуында тиянақталық пен жүйелілік байқалған. Әр әріпін нақты, асықпай, бір-біріне қосып емес, бөлек жазуға бейім болған. Сөз соңындағы әріптерді оюлап, әдемі үлгіде жазған. Мектептің артагер ұстаздары , ол кісінің жазуына жоғары баға беріп, көркем жазу сөресінің алғашқы қатарында болғандығын білдім. Мен Заманбек ағаның жазу үлгісі мен сауаттылығына қатты қызықтым.

Ерасыл:

 Енді ағаның кітапқа деген талғамына талдау жасап көрсек, Заманбек  аға кітапқа құрметпен қараған – өзі «кітапты қолыма алсам, оны аялап ұстаймын» деп айтқан. Жастайынан кітапқұмар – ауылдағы кітапханаға жиі барған, әдебиет арқылы ой-өрісін кеңейткен. Әсер еткен шығармалары: Н.Островский – «Құрыш қалай шынықты?» Э.М.Ремарк – «Үш жолдас». Заманбек аға бір оқығанда 3 кітапты қатар оқыған.

    Әлем әдебиетімен етене таныс бола отырып,  орыс және шетел классиктерін қатар оқып, олардың идеяларынан өмірлік сабақ алған екен.

     Ал, қазақ әдебиетінен Абай мен Қасымды қызығып оқыған. Абайдан: парасаттылық пен адам болмысына терең үңілу қасиеті. Қасымнан: өр мінез, қайсар рух, қайтпас қайраттылықты үйренген.

Абзал:

     Мен «Заманбектану» үйірмесінің мүшесімін. Осы үйірмеге қатыса отырып, Заманбек ағамыздың мектепте математика пәнін өте жақсы оқығанын білдік. Сыныптастары, замандастарының айтуынша есепке жүйрік, алғыр болған. Сол кездегі күрделі, арифметикалық есептерді жылдам әрі тез шешкен екен. Сондықтан да, Қазақ политехникалық институтының, инженер-құрылысшы мамандығын таңдаған. Кейін оны ары қарай кәсіби деңгейіде көтеріп, инженерлік салада қолдана білген.

    Ойымызды қорытындылайтын болсақ, Заманбек аға математика, әдебиет пәндерін жетік меңгерген. Осы мектептің түлегі ретінде Заманбек Нұрқаділов оқыған мектептің бүгінгі түлегі болу біз үшін мақтаныш. Біздің мақсат келешекте Заманбек  аға сияқты білікті де білгір азамат, әрі өз ісінің нағыз маманы болу.

ххх

Осынау салтанатты шараға  Бірікке Араб Әмірлігінен мына мәтіндегі жеделхат түсті.

Қымбатты жерлестер! 

Мен, Нұрқаділова Құралай Заманбекқызы, әкем – Заманбек Нұрқаділовтің рухына арналған бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған  Кеген  орта мектебінің 1982 жылғы  түлектеріне шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. 

Отбасылық жағдайға байланысты бұл маңызды жиынға жеке қатыса алмасам да, көңілім мен жүрегім сіздермен бірге. Әкемнің өмір жолы мен ел алдындағы еңбегі – мен үшін зор мақтаныш.

Заманбек Қалабайұлы – халқымыздың жүрегінде сақталған, ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлға. Оның есімін құрметпен еске алып, өзі оқыған білім шаңырағында осындай тағылымды шараны ұйымдастырғандарыңыз — үлкен рухани құндылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа әкемнің құрметіне көрсетілген ілтипаты мен қолдауы үшін  алғысымды білдіремін.

Кеген өңіріне, барша қатысушыларға және ел тұрғындарына шынайы ықыласымды, жүрекжарды сәлемімді жолдаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Ізгі ниетпен, Нұрқаділова Құралай Заманбекқызы.

БАӘ. Дубай қаласы

                                                           Түйін         

Кегендіктерге әліппеден әріп танытып, сауатын ашып, білім нәрімен сусындатқан Кеген орта мектебіне биыл 104 жыл толды. Осы мектеп тарихында тұңғыш Алтын медальдің иегері болған Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов 1951 жылы білім ордасының табалдырығын аттағанда  Анасы  мектеп еденін жуып, ол от жаққаны да ел ішінде айтылуда.

Міне, сондықтан республикамыздың әр түкпіріне тарыдай шашылған ұл-қыздарымыз  Заманбек Нұрқаділовке мемориалды —  тақта орнату туралы ұсынысты естігенде өзіндік үлестерін қосуды парыз санап, асықты.

Айналайын құрдастарым (кейбірі мүгедектігіне, емделіп жүргеніне қарамай) алды 3-5 мың теңгеден қалталы  жігіттер 100 мың теңгеден қосты. Барлығы «Заманбек ағамыздың аруағы риза болсын!» деп өз еріктерімен ақ, адал жүректерінен жіберген қаражаттарын растайтын  түбертектеріне Болат құрдасымыз  «Алла разы болсын» деген жылы да   жағымды жазбаларын майын тамыза жазып отырды. Оны  оқыған сайын құрдастарымыз рухтанып, жігерленді. Нәтижесінде өмірден ойып алынған  « көп түкірсе көл» деген даналықты біздің құрдастарымыз дәлелдеді. Тағы бір ерекше айтып, жазатын сөз —  Кеген орта мектебінің 1982 жылғы түлектері осы игілікті шараны бастаған күннен ақыл, кеңесін айтып, біздің сөзімізді, ойымызды тиісті орындарға жеткізіп, дұрыс шешім қабылдауына ықпал еткен және мемориалды — тақтадағы жазбамыздың үтір, нүктесіне дейін мұқият оқып беріп, жақсы пікірін білдірген Нұрлан аға Оразалин болды.

 Үшіншіден, төрт айдан бері Алматы – Кеген – Қонаев  араларын жалғаған күрежолға шыққан сайын құрдастарым тілеуімді тілеп отырғанын қалай ұмытайын. Қалай екені тығырыққа тірелген мәселелер де зиялылар арасындағы ілтипат пен түсіністікпен hәм  бірауыз сөзбен шешіле берді. Мұны  Заманбек Нұрқаділовтың тұла бойындағы көрінбейтін қасиеті деп топшылап, іште сақтағаныммен кезегі келгенде  ақ қағазға тізіле берді, тізіле берді! Сондықтан көрнекті мемлекет  және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовке Кеген орта мектебінің қас бетінде стандартқа сәйкес жасалып, орнатылып, ресми түрде ашылған мемориалдық тақтаның астарынан саяси мән  іздеп, бей-берекет әңгіме айту артық. Игі шараны Кеген орта мектебінің 1982 жылғы түлектерінің Заманбек Қалабайұлының аруағына тағзым етіп, Ас беріп, Құран бағыштату деп қабылдаған дұрыс.

Нұрбол Әлдібаев,

«Заң газеті

Закон и Порядок: Спикер Сената рассказал о главном принципе правового государства

Председатель Сената Маулен Ашимбаев в программе «Бетпе-бет» телеканала 24KZ...

Заң және тәртіп: Сенат Спикері құқықтық мемлекеттің басты қағидаты туралы айтты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 24KZ телеарнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасында мемлекеттің...

Открылась школа патриотизма 

В ГОРОДЕ ШЫМКЕНТЕ РЕАЛИЗОВАНА ЕЩЕ ОДНА ИНИЦИАТИВА, НАПРАВЛЕННАЯ НА...

Борьба за экобезопасность

В ВОСТОЧНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ СТАРТОВАЛО ОПЕРАТИВНОПРОФИЛАКТИЧЕСКОЕ МЕРОПРИЯТИЕ «БРАКОНЬЕР», ЦЕЛЬ КОТОРОГО...

Дипломатия и торговля 

В ЛОНДОНЕ ПРОШЕЛ ТРЕТИЙ ПО СЧЕТУ FUTURE RESILIENCE FORUM...