Өтеген Сейітов – Қазақстан прокуратурасының тарихында есімі алтын әріппен жазылған көрнекті заңгер әрі мемлекет және қоғам қайраткері.
1923 жылы 15 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Ақтоғай ауылында өмірге келген Өтеген Сейітов 18 жасынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қылмыстық-сот бөлімінің хатшысы болып жұмыс жасап, 1942 жылы әскерге шақырылып Ұлы отан соғысына қатысып, атқыштар взводының командирі болып үш жыл майдан парызын орындап үш рет жарақат алған.
Соғыстан кейін көп ұзамай прокуратура саласына жұмысқа қайта оралып, Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандарында тергеуші, 1949 жылы осы облыстың прокуратурасында аға тергеуші болған. Соғыстан кейін бес жылдан соң 1953 жылы Алматы заң институтын бітірген.
Одан соң 1951-1959 ж.ж. Қазақ ССР-і прокуратурасының бөлім прокуроры, Алматы қаласы Совет ауданының прокуроры, Алматы облысының прокуроры, Қазақ ССР-і прокурорының бірінші орынбасары, 1966-1984 жылдары 18 жыл бойы Қазақ ССР-нің Бас прокуроры болып абыройлы қызмет атқарған.
2023 жылы Ақтөбе өңірінде соғыс ардагері, генерал Өтеген Сейітов ағамыздың 100 жылдық мерейтойы белсенді түрде абыроймен атқарылып өтті.
Біздің саламыздың ардагерлері, белгілі генерал ағаларымыз Өтеген Сейітовтың 100 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда өздерінің естеліктерін ортаға салып, ағамыздың абыройлы, қажырлы, өте жоғары деңгейдегі үлгілі басшы болғандығын атап өткен болатын.
Қазақ ССР-ін 24 жыл басқарған — бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыз «Менің уақытым» кітабында Өтеген Сейітұлымен бірге қызмет жасағанын бөлек атап, республиканың дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайту жолында атқарған үлкен қызметін жоғары бағалап, ыстық пікірін атап өткен.
Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының ардагері, генерал-летенант бірқатар облыстарда прокурор болған, Республика Бас прокурорының бірінші орынбасары, Әділет министрі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болған Оңалсын Исламұлы Жұмабеков осы пікірлермен өз ойын бөлісіп, өмірлік жолында Өтеген Сейітұлымен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған кезендерді ыстық ықыласпен еске алып ортаға салған еді.
Ардақты соғыс ардагері Өтеген Сейітұлы туралы прокуратураның бірқатар майталман ардагерлері Әсет Әділхан, Гүлжан Қарақұлова, Алла Баринова, Ерғали Мерзадинов, Асхат Дауылбаев, Сәттібек Оңғарбаев, Қабдолла Төлегенов, Серік Темірболатов ағаларымыз бен апаларымыз Өтеген Сейітовтың қандай басшы, ұстаз болғанын, оның адами тұлғалық қасиетін ерекше дәріптеді.
Өзімнің әкем, генерал Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев 1971 жылы Қызылорда облысы прокуратура органдарына қызметке келіп, 1995 жылға дейін тергеуші, аудан-қала, облыс прокуроры болған, Бас Прокуратураның басқарма бастығы қызметін атқарған.
Өз қызметінде және отбасының ортасында генерал Өтеген Сейітұлының абыройлы өмір жолын мен жоғары адами қасиеттерін бізге үлгі ретінде жиі айтатын.
1981 жылы менің әкем Қызылорда облысының Арал ауданында прокурор болып тұрғанда, отбасылық жағдайымен Шалқарға поезбен бара жатқан Қазақ ССР-нің прокуроры Өтеген Сейітұлы ағамызды күтіп алды, әкемнің жанында жасар мен де болдым. Сол кезде атамыздың батасын алған мен сол сәтті осы күнге дейін есімде сақтап, сонымен марқайып жүрмін.
Ол мен үшін үлкен өмірлік естелік және ұрпақтар сабақтастығының өмірлі болуына өзіндік септігін тигізді деп есептеймін.
Қазіргі таңда өзім Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарамын. Ғимаратымыз Өтеген Сейітов көшесінде орналасқан, ғимараттың кіреберсінде атамыздың естілік тақтайшасы тұр, бұл да бізге мәңгі жауапкершілік.
Бүгінде Ұлы отан соғысы жеңісінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қолыма қалам алып, елдің мақтанышы, ел ағасы Өтеген Сейітұлы туралы өзімнің естелігімді осы мақала арқылы жарыққа шығаруды шәкірттік парызым деп есептедім.
Себебі, Өтеген Сейітовтың өмірі мен қызметі қазіргі заңгерлер мен құқық қорғаушылар үшін үлгі болып табылады.
Өзінің әділдігімен, адалдығымен заң саласының дамуына зор үлес қосқан ардагер, генерал атамыздың есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, қоғамда әділдік пен заңдылықтың сақталуына мәңгілік ықпал ететініне сенімім мол.

бірінші орынбасары
Талғат Айтбайұлы Әлібаев