ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖОБАЛАР ЕЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕДІ

Ел экономикасының қуатты болуы бірінші кезекте өндірісті өнеркәсіптердің сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласының дамуына тікелей байланысты болары сөзсіз. Бұл орайда елордалық облыс мәртебесіне ие – Ақмола облысында жағдай біршама тұрақталып, тіпті қарқыны еселеп артып келе жатқанын атап өткен жөн. Аграрлық аймақ қазіргі таңда индустрия саласында да едәуір алға жылжыған. Дегенмен, негізгі басымдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесінде.

Ежелден жерден нәсібін тауып диқаншылықпен айналысып, астықтың басым бөлігін өндіретін аймақта биыл ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнім көлемі 0,2 пайызға өскені байқалады. Оның ішінде, әсіресе мал шаруашылығы өнімінің үлесі артқан. Жалпы аймақта азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде 84,8 миллиард теңге сомасына 41 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Онда астық қоймаларын салу бойынша – 7, ет өндіру фермаларының құрылысына – 6, ауыл шаруашылық тауарлары өнімін қайта өңдеуге – 8, сұйық тыңайтқыштарды сақтайтын қойма құрылысына – 1, құс фабрикасы құрылысына – 1, сүтті тауар фермаларын салуға – 11, жем өндірісі бойынша 1 жоба жүзеге асырылмақ. Құзырлы басқарманың мәліметінше күні бүгінге дейін төрт жоба жүзеге асырылған. Аталған жобалар негізінен етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде алынған өнімдерді өңдеу саласына баса назар аударумен ерекшеленіпті. Облыс экономикасының аталған саласына жалпы сомасы 93,3 миллиард теңге инвестиция бөлінген. Оның 76,5 миллиард теңгесі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатқанын атап кеткен жөн. Мәселен, Біржан сал ауданында төрт түліктің төресі – жылқы басын көбейтіп, соның есебінен ет өндіру саласын алға жылжыту мақсаты қойылған. Биыл жобаның сәті түсіп Макинское шаруашылық серіктестігімен ауылда 330 миллион теңге сомасына 600 бас жылқыға арналған ет өндіру фермасының құрылысы жүзеге асырылған. Сондай-ақ дәл осы ауданда еліміздегі аса ірі құс өндіру фермасы «Қазгер құс» ЖШС-мен өндірістік қуаты 720 тоннаға дейін жететін құрама жем өңдеп шығаратын цех ашылған. Жобаға жалпы сомасы 127,2 миллион теңге жұмсалған. Елорданың тап іргесіндегі Қосшы қаласында да қуаты жылына 346 мың тоннаға дейін құс етін қайта өңдеуге қауқарлы тың жоба жүзеге асырылған. «IL Tov» ЖШС-мен жүзеге асырылған бұл жобаға жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге инвестициялық қаражат жұмсалған. Сүт өндірісімен аймақта көш бастаған Целиноград ауданына қарасты «Родина» аграрлық фирмасы жаңадан 1 мың бас ірі қара ұсталатын сүт-тауары фермасының құрылысын салуға 2,2 миллиард теңге қаржы жұмсап, жоба жұмысын сәтті аяқтаған. Аймақта индустриаландыру картасы шеңберіндегі бірқатар жобалар оң шешім таба бастаған. Аталған жобалар іске асырылса екі қолға бір күрек таппай жүрген 185 ақмолалық азамат өндіріс орындарында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Жалпы, аймақта аталған бағытта 2,3 миллиард теңге сомасына 6 бірдей іргелі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның ішінде Аршалы ауданында «Tenus» ЖШС-не тиесілі зауыттың көлемі ұлғайтылып, жылына 90 мың тоннаға дейін құрылыс қоспасын шығаратын зауыт салу жоспарланған. Аталған жобаға 750 миллион теңге қаржы құйылған. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында майлы, астықты және бұршақ дақылдарын қайта өңдеуге арналған ірі кешеннің құрылысы бой көтермек. «Garanti Export» шаруаш ы л ы қ с е р і кт е с т і г і мұрындық болған жобаға жалпы сомасы 400 миллион теңге инвестициялық қаржы бөлінді. Көзделген мақсат ойдағыдай орындалса, жылына 48 мың тоннаға дейін астық және бұршақ дақылдары қайта өңдеуден өткізіліп, өңір экономикасына сүбелі үлесін қоспақ. Аймақтың экономикалық даму қарқынын арттыру мақсатында инвестиция тартуға барынша назар аударылған. Сондықтан елдің ішкі және сыртқы аймақтарында шетелдік ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, оған іс қолдау жасау жолға қойылған. Биыл өңір экономикасының барлық саласында, әсіресе шағын және орта бизнес айналасында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы көлемі 218 миллиард теңге сомасына 187 жобаны осы биылғы жылы жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Аталған жобалар жүзеге асырылса, аймақта 1,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Биыл аса ірі жобалардың бірі Аршалы ауданында құны 32,9 миллиард теңге сомасына жалпы қуаты 69 МВт жел электр стансаларын салу, сондай-ақ Көкшетау қаласында 6 миллиард теңге сомасына сағатына 18 тонна құрама жем шығаратын зауыт, Зеренді ауданында құны 5 миллиард теңге сомасына бағаланған 1200 бас сүт-тауарлы фермасы, Көкшетауда 3,8 миллиард теңге сомасына «QAZAQ FOOD MARКЕТ» ЖШС-нің жарма шығаратын зауытын, Степногор қаласында «Целингормаш» ЖШС-мен жылына 12 мың тоннаға дейін металл бұйымдарын шығаратын өндіріс орнын жаңғырту көзделген. Жалпы биылғы жылы шағын және орта кәсіпкерлікке 10,3 миллиард теңге бөлініп отыр, – дейді Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Динара Құлтасова. Ведомство мәліметінше, мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің де қатары 2,8 пайызға артып 58,8 мыңға дейін жеткен. Өнеркәсіптік өндіріс орындарының дамуымен қатар, аймақта әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының да қарқыны еселеп артқаны байқалады. Тек соңғы үш айдың өзінде ғана аймақтағы тұрғын үй құрылысы 1,5 есеге дейін артқан. Осылайша 142 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ақмолалық 1278 отбасының қоныс тойын тойлауына мүмкіндік туды. Аймақтың әлеуметтік нысандары құрылысында да қарқын аса жоғары. Құзырлы ведомстволардың мәліметінше биыл 13,8 миллиард теңге шамасында 78 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы 67 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрмек. Мұнымен қоса, аймақтың білім беру нысандарының да қатары артып келеді. Биыл облыс орталығы – Көкшетауда №4 арнайы мектеп-интернатының құрылысы аяқталған. Біржан сал ауданының Бұланды ауылында, Сандықтау ауданының Петровка селосында, Целиноград ауданының Жаңажол ауылында, Степногор, Қосшы және Көкшетау қалаларында алты жаңа мектептің және Целиноград ауданы, Көкшетау және Қосшы қалаларында 5 балабақшаның құрылысы жалғасуда. Жалпыұлттық «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде де облыста 9 мектептің құрылысы бой көтермек. Оның жетеуі Елорданың іргесіне таяу орналасқан Целиноград ауданына қарасты ауылдарда болса, екеуі Көкшетау қаласында салынбақ. Екі мектеп биыл пайдалануға беріледі. Өңірдің экономикалық әлеуетін дамытатын жобалардың жүзеге асырылуы аймақтың дамуына да елеулі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл орайда жоғарыдағы жобалардың жүзеге асырылуы істің алға басып келе жатқанының айғағы десе де болады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады 

Депутаттар Президенттің ұсынысын қолдап, мемлекеттік наградалар туралы заңның жекелеген нормаларын жаңа редакцияда қабылдады.

Қарапайым суық тиюге ұқсайды: Дәрігерлер қауіпті инфекцияның таралып жатқанын айтты 

Инфекциясы бастапқыда суық тиюге ұқсап, кейін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Елімізде 870 мың адам баспана күтіп жүр. Биыл қанша үй салынады?

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мыңға жетті. Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифиңде айтты.

Қазақстанның АҚШ-қа экспорты күрт өсті 

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,89 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға көп.

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді: Талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр 

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.